I химияны оқыту әдістемесінің жалпы мәселелері


Химиядан қазақша терминдердің қалыптасуы және оқытылуы



бет26/88
Дата06.01.2022
өлшемі2,93 Mb.
#14759
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   88
1.6.3 Химиядан қазақша терминдердің қалыптасуы және оқытылуы
Қазақ мектептерінде химияны оқыту ғылыми тілі арқылы ерекшеленеді. Бұл тіл химия оқулықтарын, оқу –әдістемелік әдебиеттерін орыс тілінен аудару және қолтума еңбектер жазу үстінде қалыптасты. Химия тілінің негізгі бөлігі –қазақша химияның терминдері қазіргі дәрежесіне жеткенге дейін бірнеше кезеңнен өтті.

1920-1930 жылдарда С.Т.Сазонов, В.Н.Верховский және П.П.Лебедов жазған химия оқу құралдарын қазақ тіліне аударғанда жеті жылдық мектеп көлеміндегі химия терминдері қалыптасты. Бұл оқу құралдарының аудармасын талдай келіп, химияның тұңғыш терминдерін жасау үшін ана тіліміздің бай мүмкіншіліктері толық пайдаланылғанына көз жеткіземіз. Сол кезде қалыптасқан негіз, қышқыл, сутегі, көміртегі, көмірсутек, оттегі және осылардан туындайтын сан алуан терминдер әдеби тіліміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бұлар тілімізге орысшадан сөзбе сөз немесе мағыналық аудару арқылы келді. Кейбір терминдердің аудармалық көшірмесін жасауда орысша нұсқасына өзгеріс енгізіліп, бір адым ілгері басқанымыз байқалды. Мәселен, латынша «оксигениум» орысша «кислород» терминінің қазақша нақ көшірмесі «қышқылтегі» болу керек еді. Бастапқыда химияға француз ғалымы А.Лавуазье енгізген окигениум - оттегінің қасиеті жөнінде сыңаржақ ұғым беретін сәтсіз термин. Оттегі қышқыл ғана емес негіз де түзеді, оның үстіне құрамында оттегі болмайтын бірсыпыра қышқылдар белгілі. Сондықтан «қышқылтегінің» орнына «оттегінің» алынуы бұл терминді мағынасы жағынан жетілдіріп, оттегінің жануды қуаттайтын және жануға қатысатын негізгі қасиетін білдіріп тұр. Бұл кезеңде осындай сәтті бастамаларымызбен бірге халықаралық терминдерді жаппай қазақшалау сияқты асыра сілтеушілікке жол берілді. Элемент –тек , реакция –айқасу , тектесу , гидрат –суаң, ангидрид –қуаң, валенттілік –іліктестік деп аударылды. Аударусыз тікелей қабылданған терминдерді тілімізге үйлестіреміз деген сылтаумен фонетикалық жағынан өзгерткендіктен, олар түпнұсқаға ұқсамайтын болып шықты, мысалы: сурик –жүйрік, карборунд –гарбурант , купорос кіпіраз, кальциевая селитра -кәлісті сілтір.

1930- 1950 жылдарда В.Н. Верховский мен Л.А. Сморгонский жазған химияның тұрақты оқулықтарында бірсыпыра теориялық және технологиялық тың материалдар енгізіліп, терминдер саны бұрынғыдан анағұрлым артты. Бұларды аударуда өткен кезеңдегі тәжірибе пайдаланылды, айтылып өткен қателіктер түзетілді. Қазақ сөздерінен баламасы табылмаған интернационалдық терминдер орыс тіліндегі жазылуы мен айтылуын сақтап қабылданды. Көптеген жаңа нақ көшірмелер жасалып, қазақтың байырғы төл сөздері терминдік мағынаға ие болды. Жаңа терминдер тудыру үшін сөз қосымшалары кеңінен пайдаланылды, мысалы: қоспа, қосылыс, қосынды, HCIO4 хлор қышқылы, HCIO хлорлылау қышқыл. Бұл кезеңде химиялық терминдерді сұрыптау әдеби тілдің ғылыми терминологиясын жасаудың жалпы негізіне сай жүргізіледі. Өзге жаратылыстану ғылымдарының саласындағы терминдер қабылдау тәжірибесі ескерілді.

1950-1990 жылдарда химия мен химияны оқыту әдістемесінен орта және жоғары оқу орындарына арналған бірнеше оқулықтар мен оқу құралдары, химияның орысша –қазақша сөздіктері басылып шықты, химия тілін зерттеу жұмыстарының нәтижесі жарық көрді. Химия терминдерінің саны мен сапасы артып жоғары білімнің ауқымын қамтитын дәрежеге жетті.

Химия терминдерінің молаюы мен жетілуіне Б.А.Бірімжанов, Н.Н.Нұрахметов, Х.Д.Молдағалиев, Қ.Аханбаев сынды ғалымдардың баспадан шыққан қазақ тіліндегі химия оқулықтарының зор ықпалы тиді.

Бұл мерзімде терминдерін қабылдау негіздері, қолданылып жүрген терминдерді жетілдіру мәселелері ғылыми тұрғыдан шешімін тапты. Соңғы уақытқа дейін химия оқулықтарында кейбір әр түрлі категориядағы ұқсас ұғымдар бір ғана терминмен аударылды. Мәселен, предмет және вещество –зат, окисел және окись –тотық, смесь және примесь –қоспа, изменение және превращение вещества –заттың өзгерісі, разделение вещества және распознование вещества –затты ажырату. Осының салдарынан зат заттан тұрады, негіздік тотықтарды тотықтыру деп атайды, қоспаның ішінде қоспа бар деген таптауырын қайталаулар жасалды. Химия пәні, зат, физикалық дене, негіздік оксид, қоспа, қоспаны бөлу, заттарды қасиеттеріне қарай тану ұғымдарының мазмұны, физикалық және химиялық құбылыстардың мәні оқушыға нақтылы жетпеді. Сондықтан соңғы оқулықтар аудармасында предмет –нәрсе, вещество –зат , окисел –оксид , окись –тотық, смесь-қоспа, примесь –қосымша , изменение –өзгеріс, превращение – айналу, разделение – бөлу , распознование – ажыратып тану болып алынды. Физикалық дене мен нәрсе мәндес ұғым , екеуі де заттардан жасалады. Заттардың өзгерісі жаңа зат түзе немесе түзбей жүзеге асуы мүмкін. Айналуы – жаңа зат түзе жүретін өзгеріс. Қоспа ең кемі екі заттан тұрады, қосымша – сол екеуінің аз мөлшердегісі. Оксид – элементтердің оттегімен қосылыстарының жалпы аты.

Оқушыларды химиялық терминдермен таныстырғанда этимологиялық талдау әдісі жиі қолданылады. Химиялық терминдердің жартысына жуығы – орыс тілі арқылы кірген халықаралық терминдер. Олар тілімізге әбден сіңісіп, қазақтың төл сөзіне ұқсап кеткен. Фтор, бром, хлор, пирит және соларға ұқсас терминдердің бөтендігі бадырайып білініп тұрмайды. Оқушылар олардың бастапқы мағынасына ден қоймай қабылдауынан ірі қателіктер жібереді. Кейде оқушылардан «хлор –түссіз газ», «бром –иісі жоқ сұйықтық» деген жауаптарды есітеміз. Бром терминінің қазақша мағынасы сасық , хлордікі –жасыл екенін білетін оқушы бұлай айтпаған болар еді.

Әдетте, ат қойғанда заттың басты бір қасиетін, ұғымның мазмұнын ескеруге тырысады. Мәселен, 40-тан астам химиялық элементтің аты аса маңызды қасиеттерінен хабар береді. Азот -тіршілікке жарамсыз, фосфор – жарық тасушы, барий –ауыр, калий –күйдіргіш сілті, бериллий – тәтті, фтор – бүлдіргіш , иод – күлгін деген мағынаны білдіреді. Сондықтан этимологиялық (шығу төркінін) талдау әдісін қолдану оқушылардың химиялық терминдерді саналы қабылдауын қамтамасыз етеді. Әсіресе этимологиялық талдауды элементтің ашылу тарихымен және химиялық экспериментпен ұштастыра жүргізу тиімді. Иод термині қазақша күлгін деген мағынаны білдіретінін иодтың булану тәжірибесін көрсетумен бірге түсіндірсе, оқушылардың есінде нық қалады. Оның үстіне иодтың ашылуына оның түсі мен мысық себепші болғаны жөніндегі аңыз әңгімені оқушылар ұйып тыңдайды, ұзақ естерінде сақтайды.

Оқушылар химия терминдерін сөз ретінде емес, заттар мен құбылыстарға байланысты объективті болмыстың кең ақпаратты хабары есебінде қабылдауы тиіс. Олар терминмен қоса, ол арқылы белгіленіп отырған заттың басты – басты қасиеттерін, құбылыстың ішкі мәнін, ұғымның негізгі белгілерін біліп алуы қажет.

Оқушылар химиялық терминдерді өздеріне таныс теориялардың тұрғысынан химиялық символикамен ұштастыра меңгеруі керек. Өйткені химиялық ұғымның анықтамасын, заттың құрылысы мен қасиеттерінің сипаттамасы оқушылардың теориялық дайындығының дәрежесіне қарай өзгеріп, дамытылып отырады. Жеке зат туралы ұғым нақтылы болуы үшін басқа заттарға әсері тәжірибе жүзінде сыналады.

Химия саласындағы ғылыми ақпараттың қаулап өсуіне байланысты химия тілін ұдайы жетілдіру және оны оқытудың тиімді әдістерін іздестіру күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   88




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет