I химияны оқыту әдістемесінің жалпы мәселелері



бет45/88
Дата06.01.2022
өлшемі2,93 Mb.
#14759
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   88
Байланысты:
Химияны оқыту әдістемесі Оқулық !!!!!!

Оқу экспериментінің көп түрлілігі

Педагогикалық процесте алатын орнына, ұйымдастыру формасына байланысты оқу эксперименті келесідей болып жіктеледі: а) демонстрациялық, ә) зертханалық, б) оқушылардың сарамандық сабақтары.

Органикалық химияны оқыту орталау мектепте 9сыныптың соңында бейорганикалық химиядан кейін қысқаша, 11сыныпта толық оқытылатынын білеміз. Яғни химияны аяқтау органикалық химияның үлесіне тиеді. Оқушылар органикалық химияны оқыған кезде эксперимент жүргізу икемділіктері біршама деңгейде дамыған болады. Сондықтан бұл этапта эксперименттің негізгі түрі болып мұғалім эксперименті мен зертханалық жұмыстар есептеледі.

Кейде мұғалім эксперименті химияны оқытудың бастапқы кезеңінде қолданылған дұрыс себебі ол пайымдауды жүзеге асырады, ал сарамандық сабақтар білімді қолдану мен сарамандық дағдыны қалыптастырады деп айтады.

Дегенмен осы пікірді түгелдей дұрыс деуге болмайды. Себебі мұғалім демонстрациясы химияны оқытудың бастапқы кезеңінде ғана емес, пайымдау, тұжырымдап, қорытындылау кезінде, болжамды растауда қолдануға тиімді. Мұғалім эксперименті кезінде оқушының білімін қолдану мүмкіндігі де жүзеге асады. Сарамандық сабақтарда да білімді іс жүзінде қолданумен қатар, жаңаны қабылдап, түйсіну, тұжырымдау, болжамды тексеру сияқты элементтер кездеседі.

Демонстрациялық эксперимент химиялық эксперименттің алдында тұрған барлық негізгі міндеттерді белгілі бір дәрежеде шешеді. Ол оқытылатын заттар мен құбылыстарды көрнекі түрде қабылдауға мүмкіндік беріп, теориялық тұжырымдар мен қорытындыларға негіз болады; ғылымның практикалық қолданысын суреттейді, оның өмірмен, өндіріспен байланысын ашады, оқушылардың логикалық ойлауының дамуына жағдай жасайды, оқушылардың сарамандық дағдысының қалыптасуына мүмкіндік береді. Мұғалімнің қол астында болғандықтан демонстрациялық эксперимент барлық міндеттерді уақытпен санағанда тиімді, әдістемелік және техникалық жағынан дұрыс шешуге жағдай туғызады.

Зертханалық жұмыстар органикалық химиядан жаңа материалды өту кезінде жүргізіледі. Бірақ оның қолданылуы бейорганикалық химияға қарағанда біраз шектеулерді қажет етеді. Органикалық хмияның көпшілік тәжрибелері сабақтың көп уақытын алатындықтан, сабақтың негізгі мақсатынын қашықтатып, оқытудың теориялық деңгейін төмендетеді.

Бастапқы кезде зертханалық жұмыстар маңызды орын алу керек. Кейіннен органикалық химияны әрі қарай оқыту барысында мұғалім демонстрациясы арқылы қабылдануы мүмкін болмайтындарын ғана қалтырамыз.

Педагогикалық психология заңдылығы бойынша құбылыстар әр түрлі сезім мүшелерінің көмегімен қабылданады. Демонстрациялық столдағы құбылыстар тек көру мүшесі көмегімен жүзеге асырылады. Сондықтан да кейбір заттар мен құбылыстар демонстрациялық столдан оқушыларға нашар көрінеді (натрийдің спиртпен әрекеттесуі, қышқыл мен спирт ерітіндісі үстінде эфир қабатының пайда болуы, глицериннің гигроскопиялық қасиеті, полимер жіптерін созу т.б.). Кейде жаңа заттардың пайда болуы иісі бойынша анықталады, оны да демонстрациялық столдан сезіну қиындық туғызады. Осындай тәжірибелерді оқушыға жақындатып сабақ барысында зертханалық жұмыс түрінде қою керек болады.

Органикалық химияны сабақ үстінде зертханалық жұмыстарды көп қолданбай жүргізу мектептегі сабақтардың әдістемесін арнайы орта және жоғары оқу орындарындағы сабақтарға жақындатуға мүмкіндік береді де оқушылардың әрі қарай оқуына жағдай жасайды.

Сарамандық сабақтар - оқушылардың химиялық тәжрибелерді орындауы сабақтың негізгі мазмұны болып табылатын оқу жұмысының формасы. Сарамандық сабақтар әдетте бір немесе бірнеше тақырыпты қорытындылау кезінде өткізіледі. Сарамандық сабақтардың мақсаттары:

Көбірек маңызды тәжрибелерді оқушылардың өз бетімен эксперименттік жолмен орындауы арқылы химиядан білімдерін бекітуде қолданылады. Кейбір тақырыптар соңында өтетін сарамандық сабақтар эксперименттік және теориялық материалдарды біріктіріуге мүмкіндік береді. Оны сабақ үстінде үнемі іске асыру мүмкін емес. Мысалы «Спирттер» тақырыбын өткенде олардың қасиеті толық өтілмейді (мысалы, тотығу, этерификация және т.б.), оқушыларда спирттердің қасиеттері туралы толық мағлұмат қалыптаспауы мүмкін; қышқылдарды өтіп болғаннан кейін оқушылар спирттермен сарамандық жұмыс жасай отырып олардың химиялық қасиетін көрсететін тәжрибелерді қайталау арқылы білімдеріндегі олқылықтарды толықтырады.

Зертханалық икемділіктер мен химиялық экспериментті жүргізу техникасын меңгеру. Мысалы көмірсутектермен жұмыс істегенде оқушылар газдарды жинау техникасын дамытады. Сол сияқты басқа тәжрибелерді жүргізу кезінде сұйықтарды айдау, экстракциялау, араласпайтын сұйықтарды бөлі сияқты жұмыс түрлерін меңгереді.

Есептерді эксперименттік жолмен шығаруда және сарамандық сұрақтарды шешуде білімді шығармашылықпен қолдану. Мұндай жұмыс барысында олар ғылыми білімнің шынайылығына көздерін жеткізеді.

Демонстрациялық тәжрибелер, сарамандық сабақтар, зерханалық жұмыстар эксперименттің сыныптық формасы болып табылады. Сонымен қатар мектептерде химиядан сыныптан тыс жұмыс формасы көп таралған. Олар көбінесе химиялық үйірме түрінде болады да онда экспериментке көп көңіл бөлінеді.

Химиялық үйірмелер оқушылардың білім негіздерін терең игеруіне, пәнге деген қызығушылығын артыруға, оларды өзбетімен жұмыс орындауға машықтандыруға және көп түрлі зертханалық тәжрибелерді дұрыс орындай білуге икемдеуге мүмкіндік береді. Оқушы химиялық үйірмеде алған теориялық білімін сынақтан өткізе алады.

Үйірме жұмысының мазмұны келесідей бағыттардың бірін қабылдауы мүмкін:


  • Сабақты қандай да бір себептермен орындалмаған тәжрибелерді орындау. Сыныптағы тәжрибелерді қайталап, қосымша жұмыстар орындау;

  • Химия өндірісін, химияның адам өмірінде қолдануын сипаттайтын, экологиялық мәні бар жаңа тәжрибелер қою;

  • Сабақта қойылатын күрделі тәжрибелерді әзірлеу;

  • Мектеп зертханасында жоқ заттарды синтездеу.

Көпшілік жағдайда үйірмедегі жұмыстар сыныптпғы жұмыстардың жалғасы болып келеді.

Сыныптан тыс жұмыс ретінде мұғалім оқушыларға үйге эксперименттік жұмыстар беруіне болады. Ондай тапсырмалар екі түрлі болып келеді: а) үйдегі химиялық зертханадағы жұмыс; ә) ешқандай зертханалық құралсыз үйде қол астында бар заттармен құралдарды қолдану арқылы жүргізілетін жұмыс.

Осының бірінші типі аса көп қолданыс таппайды. Ал екінші типін кеңінен қолдануға болады. Кейбір күрделі емес құралдар мен кей заттар мектептен берілуі мүмкін. Жұмыстың бұл түрі оқушыларды көп қызықтырып, пәнге деген қызығушылығын, үлгірім сапасын арттырады.

Ондай үй жұмыстарының мысалына келсідей тапсырмаларды келтіруге болады: мектеп зертханасы үшін шалшықтан метан жинау, шараптағы спиртті анықтау, крахмалдан сірне алу, қымыздықта, лимонда, піспеген жемістерде қышқылдың барын анықтау, құмырысқа илеуінде құмырысқалардаң бөлетін құмырысқа қышқылын анықтау, тамақ өнімдеріндегі крахмал мен ақуыздың бар екендігін (картоп, ет, сүт, жемістер) анықтау, мата мен жүнді бояу, дақтарды кетіру жолдарын іздестіру, табиғи индикаторлар алу т.б.

Химиялық экспериментті жүргізетін тәжрибенің масштабына байланысты да жіктейді. Микро, жартылаймикро және макроэксперимент деп бөлінеді.

Микроэксперимент (микроәдіс) тамшылы реакция және тұнбаларды микроскопиялық зерттеу түрінде аналитикалық әдіс болып табылады. Оның өзіне тән даусыз артықшылық жақтары бар, біріншіден анализ жолы қысқарады, соңғы нәтиже тез алынады, реактив аз кетеді, сезгіштігі жоғары. Мектептерде микроәдісті қолдануға әжептәуір шектеулер бар. Мектептегі қолданылатын микроәдісті көбінесе «аз мөлшерлі реактивпен тәжрибе» деп атайды.

Бұл әдістің артықшылық жағымен қатар кемшілік жағы да бар. Мектеп оқушылары эксперимент нәтижесінде тек заттарды алып қана қоймай оны зерттеулері керек. Ал аз мөлшерде алынған зат әрі қарай анализдеуге жеткіліксіз. Сондықтан алғашқы бақылауға арналған тәжрибелер жеткілікті масштабта жасалғаны дұрыс. Оқушыларға құбылыс таныс болғанда ғана олар микроәдісті қолдануына болады. Мысалы крахмалды йодпен анықтау, анилинге хлорлы ізбеспен әсер ету т.б. Сондықтан зертханалық жұмыстарды кәдімгі әдіспен, ал сарамандық сабақтарды тамшылы әдіспен өткізген қолайлы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   88




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет