Кафка мен Кішкентай қыз
Екі актілі шытырман
Кейіпкерлер:
Кафка- пошташы
Кішкентай қыз- ертегіге сенбейді
Дуан долы - бір қолы жоқ, айлакер сиқыршы
Доди, Тути, Пути- үш жалқау
Гүлайша- жалғыз гүл
Шал мен кемпір
Чупа-чупс- шырын сататын қыз
Марғау- Чупа чупстың досы
І акт
Кадр сыртынан дауыс:
«Ерте, ерте, ертеде. Ешкі жүні бөртеде... Ерте дегенде қатты алыс емес, осыдан бір-екі ғасыр бұрын ғана, Ғажайыптар елінде бір сиқыршы әйел өмір сүріпті. Оның үш ұлы болыпты. Ұлдары да өзі сияқты қара сиқырдың хас шеберлері боп өсіпті. Ұлдарының бұл қасиетінен қорыққан сиқыршы әйел «кейін менің тағымды тартып ала ма» деген оймен үлкен ұлын бұлтқа, ортаншы ұлын китке айналдырыпты. Сөйтіп үлкен ұлы аспанда, ортаншы ұлы суда қалқып кете барыпты. Енді кезек кенже ұлы Дуан долыға келгенде, кенже ұлы үйден қашып кетеді. Анасына ашуланған ол жай қашып кетпей, Ғажайыптар еліндегі барлық ертегіні де өзімен бірге ала кетеді. Содан бері ғажайыптар елінде ешкім ертегіге сенбейді екен. Және ешкім ертегі айтпайды. Тек Қонжықтан басқа...»
Сахнада қызыл жемпірі бар Кішкентай қыз жылап тұр. Мойнында - дорба, дорбада- түрлі-түсті асықтар. Ол алдымен жылап, сосын жан-жағына қарайды. Сосын қайта жылап, қайта қарайды. Сахнаның оң жағынан қолында таяғы, басында қара шләпасы бар Кафка шығады. Қалтасында кітап. Ол жолай өтіп бара жатқан. Кенет қыздың жанына кеп тоқтайды. Кафка бір аяғын сылтып басады.
К: Сәлеметсіз бе, кішкентай бикеш! Неге жылап тұрсыз?!
Қыз жауап бермей, жылауын жалғастыра береді.
К: Кәмпит жейсің бе?
Қыз басын шайқап жылай береді. Кафка қипақтайды.
К: Мүмкін менің мына қалпағымды киіп көрерсің?! Біле білсең, ол сиқырлы. Киген адам бірден жылауын қояды.
Қыз Кафканың қалпағына қарайды да, қайта жылай береді. Кафка одан сайын қипақтап, әрі-бері жүре бастайды. Ойланып жүр.
К: Біреу тиісті ме?
Қыз басын шайқайды.
К: Біреу жаман сөз айтты ма?
Қызын тағы басын шайқайды.
К: А-а-а! Таптым! Анаңнан адасып қалдың ба?
Қыз Кафканың жүзіне сәл назар тоқтатады да, тағы басын шайқайды.
К: Жақсы онда сенің көңіл күйіңді көтерейік. Қара! Мен билей аламын.
Кафка таяғын таянып, билей жөнеледі.
К: Міне ,былай. Хөле, хоп!
Кафка бір пируэт жасап, қайта орнына кеп тұра қалады. Қыз жылауын қойып, Кафкаға қарап қалған.
К: Саған би ұнайтынын сезгем. Биді ұнатпайтын қыз бар ма. Міне, жарайсың! Мен өзім сендей кезімде бимен де айналысқам. Керек десең «Қара жорғаны» да билеп бере аламын.
Кідіріс. Кафка қалтасынан беторамалын шығарып, терін сүртеді.
К: Ал, енді маған айтшы?! Сен кім боласың, қайдан жүрсің дегендей.
Қ[өксігін баса алмай]: Мен.. Мен ертегіге сенбейтін Кішкентай қызбын...
К[таңданып]: Рас па?! Мәссаған...!!!
Кафка қызды айналып толғанып бақылайды.
Қ: Біздің үйде ешкім ертегіге сенбейді.
К[одан сайын таң қалып]: Тіпті мамаң да ма?
Қ: Иә, мамам да. Ол маған ешқашан ертегі айтып берген емес.
К: Бұл қиын екен. Бұл өте қиын екен. Мұны жөндеу керек...[кідіріс] Айтпақшы, ал сен не үшін жыладың?
Қ: Мен.. мен.. қо-қонжығымды жоғалтып алдым...
К: Қалай жоғалтып жүрсің?!
Қ: Біл-біл-білмеймін... Сөмкем.. сөмкемде болған...
К: Бірақ сенің сөмкең арқаңда тұр ғой.
Қ(сұраулы жүзбен): А?
К(жымиып): Сөмкең, арқаңда тұр.
Қыз сөмкесін ұстайды. Сөйтіп арқасынан сөмкесін алып, жалма-жан ішінен әлдене қарай бастайды.
Қ(қайта жылап): Мұнда қонжық жоқ ғой!
К: Жақсы, жақсы жылама. Біз қонжықты табамыз. Тек жылама, жарай ма.
Қыз сабасына түседі.
К: Кәне, бірге есімізге түсірейікші. Сен соңғы рет қонжықты қайдан көрдің?
Қ: Сөмкемнен.
К: Сөмкең қайда болды?
Қ: Арқамда.
К: Бұл ойланатын дүние екен. Осы маңда болар. Қазір мен іздестіріп келемін. Күт мені осында. Ешқайда кетпе.
Қ: Иә...
Кафка сахнаны әрі-бері кезеді. Әлдене ойланып, өзімен-өзі сөйлесіп жүр.
К: Не істесем екен? Қалай тапсам екен? Не айтуға болады. Ертегіге сенбеймін дейді. Адам ертегіге қалай сенбейді, түсінбеймін. О, таптым. Қазір... Міне, былай.. дәл солай.. О тамаша! Мына ақылыммен аспанға ұшып кетпей, жер басып қалай жүрмін. Мен деген данышпан екенмін ғой. Міне, аяқталды.
Кафка қалтасынан қағаз бен қаламды шығарып, әлдене сүйкектеп жазып жатады. Сосын қайта бері қарайды. Қызға жақындайды.
К: Кішкентай ханым! Менің бір жақсы жаңалығым бар.
Қ: Қандай?
К: Қонжық әрине, табылмады. Бірақ ол сізге хат қалдырып кетіпті...
Қ(қуанып): Рас па?
К: Рас, міне... (Кафка хатты ұсынады).
Қыз хатты көріп, көздері жайнап кетеді. Кеудесіне басып, сүйіп-сүйіп алады.
Қ: Мә, оқып бер.
К: Сіз хат танымайсыз ба?
Қыз басын шайқайды. Кафка хатты алып, оқи бастайды.
К: «Құрметті менің кішкентай досым! Жылама! Мен әлемді саяхаттауға жолға шықтым. Сен ертегіге сенбеген соң, саған басқа Ғажайыптар елінен жаңа достар іздеп кеттім. Басымнан өткен қызықтарым туралы міндетті түрде жазып тұратын боламын. Ізгі ниетпен сенің досың қонжық».
Қ: Мұны шынымен қонжық жазған ба?
К: Әрине, сенбесең қара, қолын да қойыпты бадырайтып.
Қыз хатқа қарайды.
Қ: Керемет! Сонда ол саяхатқа кеткен болды ғой.
К: Және өзі жалғыз... Саған дос іздеп кеткен.
Қ: Маған жазып тұрамын депті.
К: Бәрін баяндаймын депті.
Қ: Мені ұмытпаған ғой.
К: Жоқ, қайдан ұмытсын.
Қ(мұңайып): Бірақ...
К: Не бірақ?
Қ: Оның менсіз кеткені дұрыс болмады.
К: Енді... енді... Сені мазалағысы келмеген ғой. Бәлкім сен ұйықтап жатқанда кетіп қалды ма екен.
Қыз бұртиып тұр.
К: Кәмпит жейсің бе?
Қ: Жоқ.
К: Мүмкін тағы билеп берермін.
Қ: Жоқ.
К: Мұңайма! Өмір деген тамаша емес пе?! Әлі-ақ қонжығың саған оралатын болады. Көр де тұр.
Қ: Ол келмейді.
К: Неге келмейді?
Қ: Ол алысқа кетті.
Кафка тағы ойланып, олай-бұлай жүре бастайды.
К: О, таптым! Идея! Қонжық келмесе біз оны өзіміз іздеуге шығамыз.
Қ(қуанып): Рас па?
К: Рас. Міне, былай қол ұстасып, қонжықты іздеуге аттанамыз.
Қ: Алақай. Біз саяхатқа шығамыз.
К: Кәне, онда жолға дайындал. Қонжықты қуып жетпесек, қалып қоямыз. Тез, тез!
Қыз тағы кенет тоқтай қалады.
Қ: Бірақ мамам маған бөтен адамдармен сөйлеспе деген.
К: Онда танысайық. Сенің атың кім?
Қ: Кішкентай қыз.
К[түсінбей]: Иә, кішкентай екеніңді көріп тұрмын. Бірақ атың кім?
Қ: Кішкентай қыз дедім ғой.
К(таң қалып): Кішкентаааай қыз!? Сенің атың Кішкентай қыз ба?
Қ: Иә. Анам қойған.
К[басын қасып, шалбарын көтеріп қояды]: Анаң да ат қоюға шебер ақ екен. Қалай онсыз да кішкентай қызға Кішкентай қыз деп есім қоюға болады.
Қ: Керемет есім, солай ғой.
К[өтірік жымиып]: Иә, солай десек те болады.
Қ: Мамам маған: «сен әрқашан мен үшін кішкентай қыз боп қаласың» деп, атымды Кішкентай қыз қойған.
К: Ал, мен Кафка боламын (шләпесін шешіп, ізет көрсетеді). Мен әлемді аралағысы келетін жиһангез жас достарыма жол көрсететін- жол серікпін.
Алыс жаққа аттанса,
Қиындыққа тап болса.
Мен табылам қасынан.
Ойыншығы жоғалса,
Көңіл-күйі болмаса,
Мен табылам қасынан.
Ертегіге сенбесе,
Сенгісі де келмесе,
Мен табылам қасынан.
Мені бәрі пошташы дейді.. Пошташы Кафка.
Қ: Пош-та-шыыы!?
Қ: Сонда сен хаттарды қайдан аласың?
К(ойланып): Достарымнан.
Қ: Олар кімдер?
К: Бірқазан құс есіңде ме?
Қ: Жоқ.
К: Ұсқынсыз үйрек ше?
Қ: Жоқ.
К: Алдар көсе ше?
Қыз басын шайқайды.
К: Үш жалқау ше?
Қыз үнсіз тұр.
К: Онда сенімен қалай сөйлесем [кідіріс]. Ұмытып кетіппін ғой. Сен ертегіге сенбейсің.... [пауза] Ештеңе етпейді. Есесіне мен жолда саған осының бәрін айтып беретін боламын. Реті келсе танысып та қалармыз. Ең бастысы сен бүгіннен бастап ертегіге сенетін боласың. Ертегіге сенуге дайынсың ба?
Қ: Дайынмын!
К: Ендеше не тұрыс, кеттік!
Достарыңызбен бөлісу: |