I кіріспе бөлім II әдебиетке шолу


Жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы иммундеу



бет10/12
Дата07.01.2022
өлшемі77,54 Kb.
#18779
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
2.5 Жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы иммундеу

 

Жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы жасанды жолмен, яғни қолдан иммундеу белсенді және енжар әдістер арқылы іске асырылады. Белсенді иммундеу үшін вакциналар, ал енжар иммундеу үшін иммуноглобулин препараттары қолданылады.



Вакциналар тірі және өлтірілген деп аталатын екі топқа бөлінеді.

Тірі вакциналар. Тірі вакциналар ауру қоздырушыларының тіршілігін жоймаған өсіндісі болып табылады. Бұлар әлсіретілген және әлсіретілмеген деп аталатын топтарға бөлінеді. "Әлсіретілген" деген сөз қоздырушы микробтың уыттылығына қатысты айтылған. Әлсіретілген штамм деп тиісті бір ауру қоздырушы микробтың жасанды жолмен уыттылығы бәсеңдетілген түрін айтады. Уыттылығының төмендеуі микробтың ауру қоздыру қабілетін жоғалтып, иммунитет қалыптастыру қасиетін сақтайтындай дәрежеде болуы қажет. Егер микробтың бұл қасиеті тұрақты тұқым қуалап, ұрпақтан ұрпаққа берілетін болса, ондай әлсіретілген қоздырушыны вакциналық штамм ретінде, яғни вакцина даярлау үшін қолданады.

Тарихи тұрғыдан қарастырғанда адамзат алғашында вакцина ретінде өзгертілмеген уытты ауру қоздырушы микробтарды пайдаланған. Адамзат сүт ашытатын микробтарды білмей тұрып-ақ айран ұйытуды үйренгені сияқты ауру қоздырушы микробты білмей-ақ адамдар мен жануарларды жұқпалы ауруларға қарсы еге білген. Көне дәуірдің өзінде Азиялық көшпенділер адам мен малға шешекті, ешкіге кебенекті, сиырға ала өкпені егіп, аурудан сақтандыра білген. Бұл ауруларға қарсы егу үшін құрамында ауру қоздырушы микроб бар әр түрлі патологиялық материалдар пайдаланылған.

Адамға шешек егу вариолау деп аталады. Іс жүзінде бұл адамнан адамға шешекті қолдан жұқтыру еді. Ал қойдан қойға шешекті егу овиналау деп аталады. Кейін (1902 ж.) қойға егілген шешек сөлі - овина өндірістік әдіспен алына бастады. Қазір бұл дәрмектің негізінде аллюминий гидрототықты формолвакцина даярланады. 1796 ж. ағылшын дәрігері Э.Дженнер халық тәжірибесіне сүйеніп, адамға сиырдың шешегін егуді ұсынды. Бұл әдіс вакциналау (вакцинация, латынша vасса - сиыр) деп аталды да, бұдан былай жұқпалы ауруға қарсы егу әдістерінің барлық түрлері осылайша аталатын болды.

Әлсіретілмеген вакциналарды пайдалану қазіргі уақытта да қалған жоқ, Мысалы, қазір құс шешегіне қарсы вакцина ретінде тауық пен күрке тауықты егу үшін шешек вирусының көгершіннен алынған штаммы қолданылады.

Ескеретін бір жағдай әлсіретілмеген тірі вакциналарды егудің өзіндік ерекше әдістері бар. Бүл дәрмектер әдеттегіден тыс микробтың денеге табиғи жолмен енуіне керағар организмдегі белгілі бір орындарға егіледі. Мысалы, овинаны қойдың құйрығының жүнсіз тақыр жеріне тері ішіне, ала өкпе сөлін сиырдың құйыршығының ұшының сырт жағына, кебенек сөлін ешкінің маңдайына, құс шешегін құстың балақ қауырсынының ұясына (фолликуласына) жібереді. Вакцинаны бұлай еккенде орны шектелген патологиялық процесс өрбіп, ақыры сәтті аяқталып, ауруға қарсы иммунитет қалыптасады.

Соңғы уақытта әлсіретілмеген тірі вакциналарды қолданудың тағы бір әдісі пайдаланыла бастады. Бұл - гетерологиялық иммунитетті (гетероиммунитет) пайдалану нәтижесі. Бұндай иммунитетті айқыш иммунитет деп те атайды, оның негізінде микробтардың антигендік ұқсастығы жатыр. Ортақ антигендері бар микробтардың біріне қарсы иммунитет екінші ұқсас микробқа да қарсы әсер етеді. Жоғарыда көгершін шешегінің вирусын тауық шешегіне қарсы вакцина ретінде қолданылатындығы айтылды. Сол сияқты күрке тауықтың герпес вирусын Марек ауруына қарсы, Роус вирусын тауық лейкозына қарсы, Шоуп фибромасының вирусын үй қоянының миксоматозына қарсы, балалардың қызылшасының вирусын ит обасына қарсы, шошқа обасының вирусын сиырдың вирустық диареясына қарсы, бактериялық обаның вакцинасын теңіз тышқанының псевдотуберкулезіне қарсы пайдалануға болады.

Қазіргі заманда әлсіретілмеген микроб вакцина ретінде өте сирек қолданылып, керісінше уыты әлсіретілген микроб штаммдарынан даярланған вакциналар кеңінен пайдалатынатын болды.

Әлсіретілген вакциналар ауру қоздырушы микробтың уыттылығы төмендеген штамының өсіндісі болып табылады. Бұл штамм өзіне тән уыттылығын белгілі мөлшерде төмендетіп, иммунитет тудыратын қасиетін мейлінше сақтауы қажет. Екінші сөзбен айтканда иммуногендігі толық сақталып, тек қана аз мөлшерде қалдық уыттылығы болуы керек. Вакциналық штамм организмге енгізілгеңде онда өсіп-өніп, өзіне тән ауру қоздырмауы керек. Бұл жағдайда организмде болатын құбылыс вакциналық процесс деп аталады. Оның нәтижесінде сол ауру қоздырушысына қарсы телімді иммунитет қалыптасады. Қазіргі көзқарас бойынша вакциналық процесс ауруға, тіпті оның жасырын түріне де жатпайтын дербес процесс. Вакциналық процесс кезінде организмде болатын өзгерістер зиянды патологиялық емес, керісінше пайдалы иммуно-морфологиялық болып табылады.

Әлсіретілген вакциналық штамм - ауру қоздырушының сапалық жағынан басқа биологиялық қасиеттерге ие болған жаңа бір қалпы деп есептеген жөн. Вакциналық штамм ретінде әлсіреген микробтың табиғи жағдайда пайда болған немесе эксперимент нәтижесінде жасанды жолмен алынған жаңа бір тармағы (клоны) пайдаланылады. Бұндай клондарды табу үшін ауру жануарлардан бөлінген микробтың көптеген штаммдарының арасынан сұрыптау жұмысын жүргізеді. Ал жасанды жолмен алу үшін ұзақ уақыт қоректік ортада өсіреді немесе әр түрлі жануарлардың денесі арқылы өткізеді , не болмаса әр түрлі  мутогендік факторлармен әсер  етеді.  Мұндай жасанды мутанттар алудың әдістерін үш топқа бөлуге болады:

1.Химиялық әдістер: азот қышқылы, т.б. химиялық заттармен әсер ету. 2.Физикалық әдістер: ультракүлгін сәуле, температура, радиация, т.б.

3. Биологиялық әдістер: бактериофагтар, антибиотиктер, жануар организмі арқылы пассаж, т.б.

Әлсіретілген тірі вакциналардың алыну тарихына аздап шолу жасасақ, бұл әдістің негізін қалаған Л.Пастер топалаң микробын жоғары температурада (42,5-43° С) өсіру арқылы оның уыттылығын төмендетті. Жануарлар арқылы пассаж жасау да Л.Пастер тапқан әдіс. Ол құтырық вирусын үй қояны арқылы үздіксіз пассаж жасау арқылы вакциналық штамм вирус-фикс (fiхе - бекіту) алды..

Аталған әдіс вирустық инфекцияларға қарсы вакцина алу үшін кеңінен пайдаланылады. Алынған вакциналық штамдар пассаж жасау үшін пайдаланған жануарлардың түріне қарап әр түрлі атауларға ие болды. Мысалы, үй қояны арқылы пассаж жасалса, ондай штамм лапинделген (lаріnus - үй қояны), құс арқылы болса авинделген (avis - құс) деп аталады. Ал ұлпа өсіндісіне өсірілуге бейімделген штамм өсіндік, ал құс эмбрионында өсуге бейімделсе эмбриондық вакцина деп атау қалыптасты.

Соңғы кезде микроорганизмдердің вакциналық штаммдарын алу үшін генноинженерлік әдістер пайдаланыла бастады. Вакцинаны гендік инженерлік әдіспен синтездеу (құрастыру) үшін ауру қоздырушысының антигендік детерминанты үшін жауапты ДНҚ сегментін прокариот немесе эукариот жасуша жүйесіне енгізеді. Бұл әдіспен әр түрлі ауру қоздырушы микробтардың антигендік құрамын өзгертуге, не болмаса ауру қоздырмайтын сапрофитті микробка ауру қоздыратын микробтың антигенін көшіріп қондыруға болады.

Өлтірілген вакциналар. Өлтірілген вакциналарды тиісті ауру қоздырушы микробтарды әр түрлі әдістермен өлтіру арқылы даярлайды. Ол үшін бактерияларды тығыз немесе сұйық қоректік ортада өсіреді. Биологиялық өндіріс орындарында микроорганизмдерді арнаулы танкерлерде өсірудің кең тарауына байланысты көбінде сұйық қоректік орта пайдаланылады. Алынған микробтарды өлтіру үшін әдетте формалин, фенол, мертиолат (тиомерсал), ацетон, ал кей жағдайда жоғары температура, ультракүлгін сәуле, ультрадыбыс пайдаланылады. Осыдан келіп формолвакцина, фенол вакцина, мертиолат вакцина (тиомерсал вакцина), қыздырылған вакцина, дезинтеграциаланган (улътрадыбыспен талқандалған) вакцина, т.т. атаулар пайда болған. Осы аталған заттардың ішінде формалиннің әсері ерекше. Ол микробты өлтіріп қана қоймай, оның токсиндерінің улық қасиетін бейтараптайды. Формалинмен, бейтараптанған токсин анатоксин деп аталады, ол иммуногендік қасиетін толық сақтайды. Француз ғалымы Г.Рамон ашқан бұл жаңалық сіреспеге, дифтерияға қарсы вакциналар даярлауға мүмкіндік берді. Мұлдай вакциналар анатоксин вакциналар немесе анавакциналар деп аталады. Өлтірілген вакциналар тірі вакциналарға қарағанда иммуногендік қасиеті жағынан анағұрлым төмен. Бұл кемшіліктің аз да болса орнын толтыруға адъюванттардың көмегі бар. Адъюванттарды да Г. Рамон (1925) ұсынған болатын. Бірталай заттар: аллюминий гидрототығы, ашудастар (квасцы), өсімдік майлары, ланолин, лецитин, хлорлы кальций антигендердің иммуногендік қасиетін арттырады. Адъювантпен араластырылған антиген кіргізілген орында қабынған түйіршік (гранулема) түзіледі, соның нәтижесінде антигеннің организмге сіңуі баяулап, ыдырайтын және әсер ететін мерзімі ұзарады. Сондықтан мұндай вакциналарды деполандырылған (депо - қойма) деп те атайды. Лимфалық элементтердің молынан шоғырлануына байланысты қабынған түйіршіктерде антиденелердің 80% дейіні түзіледі. Адъюванттардың мутогендік қасиеті бар. Олардың әсерінен маңындағы және алыстағы сөл түйіндерінде, көк бауырда көптеген бұдырмақтар пайда болады. Бұл бұдырмақтар - белсендірілген лимфоциттердің шоғыры.

Микроорганизмдердің құрамында көптеген антигендер болады. Ауруға қарсы иммунитет пайда болуы үшін олардың барлығының маңызы бірдей емес. Тек қана протективті (қорғаушы) деп аталатын антигендер ауруға қарсы иммунитет тудыра алады. Энтербактериялардың протективті антигендеріне Vі-антиген, ішек таяқшасында К-антиген жатады. Осындай тазартылған протективті антигеннен даярланған вакциналар химиялық вакциналар деп аталады. Мұндай вакциналар организмде жайсыз реакциялар тудырмайды, ондай препараттардың болашағы зор.

Жануарларды иммундеу әдістері. Иммундеудің нәтижесі қолданылатын дәрмектің иммуногендік қасиетіне ғана емес, оны қолдану әдісіне де байланысты. Сонымен қатар жануарларды жаппай иммундеу оларды ауруға тексеру (аллергиялық тексеру, қан алу) сияқты көп еңбекті қажет етеді.

Жануарларды негізінен екі түрлі жолмен: жекелей және жаппай иммундеуге болады. Дара иммундеу жануарлардың әрқайсысына жеке-жеке вакцина жіберу арқылы, ал топтап иммундеу жануарлардың тұтас бір тобына вакцинамен бірден әсер ету арқылы іске асырылады. Жекелей иммундеу кезінде вакцинаны бұлшық етке, тері астына, тері ішіне, тері үстіне жібереді. Бүл әдістерді парентеральдық деп атайды (ішекке соқпай, яғни ішек арқылы емес, деген мағынада). Парентеральдық жолға көк тамырға енгізу де жатады, бірақ бұл әдіспен іс жүзінде ешбір вакцина жіберілмейді. Энтеральдық жолмен яғни ішек арқылы, дәлірек айтқанда ауыз арқылы, яғни пероральдық жолмен, вакциналау әдісі кеңінен қолданылады. Сонымен қатар вакцинаны әр түрлі кілегейлі қабықтар арқылы да (танау қуысына, көз конъюнктивасына, клоакаға, емшек үрпіне) денеге енгізуге болады.

Вакцинаны денеге енгізу жолын таңдағанда ол дәрмектің антигендік физикалық және химиялық қасиеттері және тиісті аурудың ерекшеліктері ескеріледі. Мысалы, тері астына топалаңның және құтырықтың, бұлшық етке қысаға мен лептоспироздың, тері үстіне шешектің, танау қуысына парагрипптің, емшек үрпіне (интрацистернальдық немесе диалетикалық жолмен) колибактериоз бен қылаудың вакциналары жіберіледі.

Топтап вакциналау екі түрлі жолмен: ауыз арқылы (энтеральдық немесе пероральдық әдіс) және аэрозольдік (аэрогендік немесе аспирациялық) әдіспен іске асырылады. Бұл әдістер еңбек өнімділігін шұғыл арттырып, вакцинациялау жұмысын көп жеңілдетеді. Пероральдық әдіспен алиментарлық жолмен жұғатын, ал аэрозольдік әдіспен респираторлық жолмен жұғатын ауруларға қарсы егу жақсы нәтиже береді. Бірақ бұл заңдылық бұлжымайтын қағида емес. Іс жүзінде жаппай егетін әдістің екеуін де, аурудың табиғи жұғу жолы қандай болмасын (алиментарлық, аэрогендік, трансмиссивтік немесе жанасу арқылы) пайдалана беруге болады. Әйтсе де респираторлық инфекциялар кезінде аэрозольдік, ал алиментарлық инфекциялар кезінде пероральдік егу әдісі жақсы нәтиже береді. Өйткені организмді жұқпалы аурудан сақтандырғанда жалпы иммунитетпен қатар, орны шектелген иммунитет те үлкен рөл атқарады.

Аэрозольдік әдіспен құстарды, шошқаны, қойды, сиырды, терісі бағалы андарды иммундеу жөнінде біраз тәжірибе жинақталған. Құсты Ньюкасл ауруына, шешекке қарсы егу туралы ұсыныстар жасалған. Иммундеу нәтижесі аэрозольдің көлеміне байланысты. Ірі аэрбзольдер жоғарғы тыныс жолдарында шөгеді де, өте майда аэрозольдер өкпенің ең тереңгі бронхиолалары мен альвеолаларына өтеді. Аэрогендік әдіспен иммундеу үшін вакцинаны құрғақ немесе сұйық күйінде де пайдалануға болды. Әйтседе бірдей нәтижеге жету үшін сұйық вакцинаға қарағанда құрғақ вакцина анағүрлым көп мөлшерде қажет болады. Иммундеудің нәтижесі тірі вакцинаның аэрозоль күйінде тіршілігін сақтауына байланысты. Бүркілген вакцина штаммы жылдам кебуінің салдырынан тез өле бастайды. Оның тіршілігін сақтауы табиғатына, ортаның температурасы мен ылғалдығына байланысты. Аэрозольдік жолмен иммундеу үшін тірі вакциналар тиімді. Олардың ауада тіршілігін ұзақ уақыт сақтау үшін әр түрлі тұрақтандырушы қоспалар пайдаланылады. Ондай қоспалар ретінде қолданылатын кептірілген сүт, глицерин аэрозоль бөлшектерінің ылғалын сақтауға көмектеседі.

Аэрозольдік вакцина ретінде аз уақыт ішінде (1-3 тәулікте) иммунитет қалыптастыратын штаммдарды пайдаланған тиімді. Ондай вакцина адам мен жануарлар үшін қауіпсіз болуы керек. Аэрозольдік әдіс тез арада ауруды дауалауға мүмкіндік береді. Бірақ герметикаландырылған қора-жайды, тиісті аэрозольдік генераторлар мен бүріккіштерді керек етеді.

Пероральді иммундеу ең қарапайым және денеге бөгде заттың енетін табиғи жолы болып табылады. Бүл әдісті 1930-жылдары Безредка бактериялық ішек инфекциялары (дизентерия, іш сүзегі) кезінде жан-жақты зерттеген болатын. Бірақ ол кездегі вакциналардың жарамсыздығынан іске аспай қалды. Кейінірек бұл әдіс медицинада пайдаланыла бастады да, кейбір ауруға, мысалы полимиелитке қарсы егуде негізгі әдіске айналды. Ветеринарияда Ньюкасл ауруының ВІ және Ла-Сота штамдарынан даярланған вакциналарды тауыққа суға қосып ішкізеді.

Энтеральдік вакциналарды даярлағанда оларға қарын сөлінің қолайсыз әсері ескеріліп, таблетка жасағанда сыртын қышқылға төзімді қоспамен қорғайды немесе май, балауыз, смола сияқты қосындылармен толықтырады.

Пероральді иммундеу кезінде антиген ішекке жетпей, тіпті ауыз қуысында сіңіріле бастайды, мысалы, шешек вирусы мен аденовирустар. Жалпы ішек-қарын жолынан антигендік заттар қан мен сөлге өтіп, сөл түйіндері мен көкбауырда іркіледі. Мұндай жолмен иммундегенде гуморальдік, жасушалық және орны шектелген барлық иммунитет реакциялары іске қосылады. Ерекше атап өтетін жағдай антиденелер қанда ғана емес, секреттік А иммуноглобулин ретінде сілекейге, ішек сөліне, капроглобулин ретінде нәжіске шығады. Мұндай антиденелер ішекке тән жас төлдің инфекцияларынан қорғауда маңызды рөл атқарады.

Пероральді вакциналаудың тиімділігін шошқаның тілмесіне қарсы тірі вакцинаны қолданғанда Кулеско (1961) анықтаған. Өте жақсы нәтиже бұзауды колибактериозға иммундеуде алынды. Бұл үшін Сидоров пен Курашвили (1981) колипротектан деп аталатын дәрмек ұсынды. Торайларға колиэнтеро-токсемияға қарсы вакцинаны сумен ішкізу жақсы нәтиже береді. Диктиокаулез гельминтінің балапан құрттарына рентген сәулесімен әсер етіп, пероральдік жолмен иммундеу үшін пайдалануға болатындығы анықталды. Пероральдік әдіс жабайы жануарларды, мысалы қасқырға құтырықтың вакцинасын етке қосып беру арқылы, иммундеудің бірден-бір қолайлы жолы болып табылады.

Жануарларды жаппай иммундеуді жеңілдету мақсатында бірнеше вакцинаны бір мезгілде егуге болады. Бұл әдіс кешенді вакциналау деп аталады. Кешенді иммундеу кезінде әрбір вакцина жеке-жеке егіледі. Әр түрлі вакцинаны даярлаған кезінде араластырып қоспа (ассоциацияланган) вакцина даярлау биология өндірісінде жолға қойылып, дамытылып келеді.

 Жануарларды клиникалық тексеру жалпы, арнаулы және лабораториялық әдістерді пайдаланып жүргізіледі. Жалпы әдістерге жататындар: тіркеу. анамнез, қарау және бақылау, дененің ыстығын өлшеу, пальпация, перкуссия. аускультация. Арнаулы әдістер: зондтау, катетерлеу, эндоскопия, ультрадыбыспен зерттеу, рентгеноскопия, графикалық әдістер (ЭКГ, ринография, пневмография, гастрография, сфигмография, флегмография, рентгенография).

Лабораториялық әдістер: несептің, нәжістің, ликвордың т.б. анализдері.

Клиникалық зерттеу нозологиялық диагноз қоюмен қатар аурудың біліну түрлерін де айқындауға мүмкіндік береді.  Аурудың клиникалық түрлері әдеттегі (кәдімгі), әдеттегінден тыс, аса жіті, жіті, жітіден төмен, созылмалы, үзікті, зілді, зілсіз, орны шектелген, жайылған, т.б. Аурудың мұндай түрлерін айқындаудың емдеу үшін маңызы аса зор.

Патологиялық-анатомиялық балау әдісі. Патологоанатомиялық әдістің жұқпалы ауруларға диагноз қою үшін көмегі зор. Жұқпалы ауруды балау үшін үш түрлі патологиялық-анатомиялық өзгерістерді ескеру қажет.

1.  Инфекция қоздырушысының денеге енген жерінде болатын өзгерістер.

2. Инфекциялық процестерге тән денедегі жалпы патологиялық-анатомиялық өзгерістер.

3.  Жекелеген жұқпалы аурудың өзіне тән телімді өзгерістері.
Жұқпалы аурудың қоздырушысы денеге енген инфекция қақпасында әдетте бастапқы ошақ немесе бастапқы эффект пайда болады. Мысалы, өкпедегі немесе ішектегі туберкулез ошағы, аусыл кезіндегі бастапқы апта , топалаң кезіндегі терідегі карбункул. Бастапқы ошақты толық және толық емес бастапқы кешен деп атайды.

Бастапқы толық кешен деп тиісті мүше мен оның маңындағы сөл түйіні бірдей зақымдануын атайды. Егер микроб енген жерде ақау болмай тек қана маңындағы сөл түйіні ғана зақымданса, онда ол толық емес бастапқы кешен болып табылады. Егер бастапқы ошақ бір ғана емес бірнеше мүшелерде болса, ондай ошақ күрделі бастапқы кешен деп аталады. Мысалы туберкулез кезінде өкпе мен ішек қатарынан зақымдануы мүмкін.

Инфекциялық процестерге тән денедегі жалпы өзгерістерге мыналар жатады:

қан және сөл айналымының бұзылуы;

торшаларының көбеюі;

ішкі ағзалардағы дистрофиялық өліеттену құбылыстары;

кілегейлі қабықтар мен терінің зақымдануы.

Қан және сөл айналымының бұзылуы - ауру қоздырушысының және оның уларының қан тамырына және қан айналу орталығына әсер етуінің және аллергиялық реакциялардың нәтижесі. Геморрагия (қанталау) ауруды балау кезінде ескерілетін негізгі бір ерекшелік, бұндай құбылыс барлық жіті өтетін және бірталай созылмалы жұқпалы ауруларда кездеседі. Геморрагиямен қатар тері асты шелінің домбығуы жиі байқалады. Аллергиялық процестер кезінде қан тамырларының қабырғасында фибринозды өліеттену кездеседі. Жүректің кызметінің бұзылуы тоқырау құбылыстарын тудырып, оның нәтижесінде тері асты шелі қабынып, сірілі қуыстарда транссудат жиналады.

Жұқпалы ауруларды балау кезінде лимфоидты мүшелерде болатын өзгерістерге ерекше көңіл бөлінеді. Көкбауыр мен сөл түйіндерінің гиперплазия (ұлғаюы) жұқпалы ауруларға тән заңды құбылыс. Көкбауыр әсіресе жіті өтетін өлі тиген жұқпалы аурулар кезінде (мысалы, топалаң) өте зор өзгерістерге ұшырайды. Сондықтан да өлітиген көкбауыр деп бұл ағзаның шектен тыс ұлғайып, оның ұлпасының жұмсарып, кескен кезде қоймалжыңдануын айтады. Созылмалы аурулар кезінде (мысалы, жұқпалы анемия) көк-бауыр аздап қана ұлғайып консистенциясы нығыздалып, кескен кезде бозарыңқы болады. Жаңа туған және көтерем болған жануарларда көкбауыр өзгеріске аз ұшырайды.

Дистрофиялық өліеттену процестері де ауру қоздырушысы мен оның уларының әсерінен болады. Бұлар көбінесе өлітиген инфекциялар, токсико ифекциялар және сенсибилизация (сезімталдану) кезінде байқалады.

Жұқпалы ауруларды балау үшін гистологиялық зерттеулердің маңызы зор. Оның нәтижесінде төмендегі құбылыстарды анықтауға болады:

инфекциялық патологиялық процестердің өршуі;

иммунологиялық қорғаныс процестерінің дамуы;

әрбір ауруға тән өзгерістердің білінуі, әсіресе вирустық аурулар кез

байқалатын жасуша ішіндегі денешіктер (тельца-включения). Ішкергі денешіктерді табу вирустық ауруларға түпкілікті   диагноз қоюға негіз болады. Олар цитоплазмалық және ядролық болып бөлінеді. Цитоплазмада болатын денешіктер құтырық (Бабеш-Негри денешіктері), шешек (Болингер денешіктері), грипп, парагрипп, сиыр обасы, пситтакоз кезінде кездеседі. Ядрода болатын денешіктер Борн ауруы, сиыр ринотрахеиті, жылқы ринопневмониясы, везикулярлық стоматит, құс ларинготрахеиті кезінде байқалады.

Жұқпалы ауруларды балаудың арнайы әдістері. Індеттанулық, клиникалық және патологоанатомиялық әдістердің көмегімен кейбір жекелеген жұқпалы ауруларға ғана диагноз қою мүмкін. Көбінде бұл зерттеулердің нәтижесінде белгілі бір ауруға күдіктенуге болады. Бұл арнаулы әдістер аурудын өзіне тән қоздырушысын немесе оған қарсы жануар денесіндегі

өзгеше иммунологиялық құбылыстарды айқындауға негізделген. Мұндай арнаулы әдістерге микробиологиялық (бактериологиялық, вирусологиялық), серологиялық және аллергиялық зерттеулер жатады.

Бактериологиялық зерттеу. Бактериологиялық балау әдісі жұқпалы ауруларға шалдыққан жануардың денесінен ауру қоздырушы зардапты микробты табуға негізделген. Микробты табу "индикация" оның қай түрге жататындығын айқындау "идентификация" деп аталады. Бактериологиялық зерттеу үш түрлі буыннан тұрады. Олар: микроскоппен көру яғни микроскопия (микроскоптау), бактерияны қоректік ортада өсіріп өсін алу және лабораториялық жануарларға жұқтырып биосынама қою.

Бактериологиялық зерттеу оң нәтиже берген жағдайда іс жүзінде тұжырымды диагноз қоюға болады. Тек кейбір шартты түрдегі зардапты микробтар (сальмонеллалар, пастереллалар, эшерихиялар) табылған кезде басқа балау әдістерінің көмегімен ауру немесе микроб алып жүру екенін ажыратуға тура келеді. Енді бір жағдайда табылған микробтың індеттік штамм немесе вакциналық штамм екенін айқындау қажет болады. Қазіргі замандағы әдістер бұл қиындықтарды жеңуге толық мүмкіндік береді.

Вирусологиялық зерттеу. Вирусологиялық әдістің бактериологиялық зерттеулерден біршама өзгешеліктері бар. Вирус жасуша ішінде тіршілік ететіндіктен вирионды босатып алу үшін ең әуелі патматериалды мұқият ұнтақтап, суспензия дайындайды. Вирусты бөліп алу үшін суспензияны тауық эмбрионына немесе ұлпа өсініне енгізеді, болмаса лабораториялық немесе табиғи бейім жануарларға жұқтырады. Жұқтырудың нәтижесі оң болған жағдайда өсіп-өнген вирусты айқындау үшін әр түрлі серологиялық реакциялар пайдаланылады.

Аллергиялық зерттеу. Жүқпалы ауруларды аллергиялық әдістермен балау баяу типті сезімталдыққа негізделген. Бұндай зерттеулер ауру қоздырушы микробтардың антигендерінен даярланатын аллергендердің көмегімен іске асырылады. Аллергиялық балау туберкулез, паратуберкулез, бруцеллез, маңқа, топалаңның созылмалы түрі (шошқада) сияқты аурулар кезінде пайдаланылады.

Аллергенді негізінен орны .шектелген реакция үшін тері ішіне, қабақ астына, көздің конъюнктивасына жібереді.

Орны шектелген реакция аллерген енгізген жердің қабынуы арқылы білінеді. Соның нәтижесінде тері қыртысы қалыңдайды, қабақ асты бүлтияды, ал көздің қасаң қабығы қабынып, ірің аралас жас ағады.

Кей жағдайда, орны шектелген реакцияның нәтижесі дүдәмал болса немесе бұндай зерттеуді жүргізу мүмкін болмаса, организмнің жалпы реакциясын анықтайтын зерттеулер жүргізеді. Бұндай жағдайда аллергенді вена ішіне немесе тері астына жібереді Орны шектелген реакциядан гөрі жалпы реакцияны анықтау мейлінше дәлірек мәлімет береді.

Серологиялық зерттеу. Жұқпалы ауруларды балауға серологиялық реакциялар кеңінен пайдаланылады. Серологиялық реакциялар антиген мен антиденелердің организмнен тыс іn vіtго өзара әрекеттесуінің нәтижесінен туындайды. Антиген

мен антидененің қатысуынсыз ешбір серологиялық реакция жүрмейді. Сондықтан оларды серологиялық реакциялардың негізгі факторлары деп атайды. Көптеген серологиялық реакцияларда антиген мен антиденеден басқа қосымша факторлар деп аталған комплемент, конглютинин, антиглобулин, т.б. пайдаланылады. Серологиялық реакциялардың компоненттері өзгермеген (табиғи қалпындағы), алып жүруші негізге (эритроцит, латекс, декстран, т.б.) жабыстырылған және радиоактивті изотоп, люминисцентті бояу немесе тағы басқалармен таңбаланған болуы мүмкін. Антиген мен антидене қосылғанда белгілі бір құбылыс байқалады. Мысалы, антигендер жабысып іріміктенеді (агглютинация, преципитация) немесе ериді (лизис). Осы құбылыстарды тікелей бақылаумен қатар, бір тектес қос компонентті жарыстырып, бірінің әсерін екіншісі тежеуі арқылы да серологиялық реакцияның нәтижесін бақылауға болады. Мұндай реакциялардың бірінші түрі тікелей жүретін реакциялар да, екінші түрі - тежелінген реакциялар. Сонымен біздің пайымдауымызша (Т.Сайдулдин, 1982) серологиялық реакциялар негізгі екі жікке бөлінеді: қосымша факторлары жоқ реакциялар және қосымша факторлары бар реакциялар. Бұлардың әрқайсысы компонентерінің ерекшеліктеріне байланысты компоненттері өзгермеген, компоненттері жабыстырылған және компоненттері таңбаланған деп аталатын үш топқа бөлінеді.

Серологиялық реакцияларда антигенді, не болмаса антиденені айқындауға болады. Антигенді айқындау үшін алдын ала белгілі, құрамында сол антигенге қарсы антиденелер бар қан сарысу немесе иммунологлобулиндес пайдаланылады. Керісінше антиденелерді айқындау үшін алдын ала белгілі стандартты антиген қажет.

Антигенді айқындау мақсатымен серологиялық зерттеу үшін қоздырушы микроб немесе оның антигені бар-ау деген патматериалды пайдаланады. Мысалы, бұл мақсатпен құтырыққа ауырған жануардың миын, топалаңға малдың терісін тексереді. Патматериалда антигеннің табылуы диагностикалық маңызы жағынан сол аурудың қоздырушысының табылуымен пара-пар болып есептеледі.

Серологиялық реакциялардың көмегімен бөлініп алынған ауру қоздырушысын да тексеріп, оның түрін, тіпті серологиялық вариант (серовар) деп аталатын қоздырушының айрықша жекелеген топтарын айқындауға болады. Сондықтан серологиялық реакциялар бактериологиялық және вирусологиялық зерттеулердің басым көпшілігінің құрама бөлігі болып табылады.

Серологиялық әдіспен ауру қоздырушысына қарсы антиденелерді айқындау үшін негізінен қан сарысуы тексеріледі. Бұл жолмен жұқпалы ауруларға диагноз қойғанда мынандай жайттарды ескеру қажет. Антидене жануарлардың қанында ауру нәтижесінде ғана емес вакцинамен иммундеу себепті болуы да мүмкін. Денесінде әр түрлі микробтардың ортақ антигендері болуы нәтижесінде ауырмаған және вакцинамен егілмеген организмде қалыпты (нормадағы) мөлшерде антиденелер кездеседі. Сондықтан антиденелердің диагностикалық титрі деген үғым қалыптасқан. Мысалы, сиырдың қан сарысуында бруцеллезге қарсы антидененің агглютинация реакциясындағы титрі 1:100-ден жоғары болғанда зерттеудің нәтижесі оң, яғни мал ауру деп есептеледі. Титрі 1:50 болса, зерттеудің нәтижесі дүдәмал, ал 1:25 және одан төмен болса реакцияның нәтижесі теріс, яғни мал сау деп есептеледі.

Антиденелерді айқындау арқылы жұқпалы ауруларға серологиялық диагноз қойғанда кей жағдайда жұп сарысу әдісі қолданылады. Бұл әдісті қолдану үшін тексеретін малдан арасына екі аптадай үзіліс салып екі мәрте қан алады. Егер соңғы зерттеу кезіңде алдыңғысымен салыстырғанда, антидененің титрі 4 есе немесе одан да жоғары артса, диагноз қойылды деп есептелінеді. Егер титрі бұрынғы мөлшерде сақталса немесе 2 есе ғана артса, зерттеудің нәтижесі дүдәмал болып есептеледі. Ал титрдің төмендеуі оның бұрынғы аурудан, әлде вакцина егуден немесе айқыш иммунитеттен қалған анемнездік жадылық реакция ретінде бағаланады. Бұл айтылғандар көпшілік жағдайға ортақ жалпы заңдылық, ал кейбір жануарларда зерттеу нәтижесі бұл ережемен сәйкеспеуі мүмкін.

Індеттанулық балау. Жоғарыда қарастырылған ауруды балаудың жолдары нозологиялық диагноз қоюға бағытталған. Нозологиялық балау үшін негізінен бір ғана ауырған жануарды немесе одан алынған материалды зерттеу жеткілікті. Ал індеттанулық балау тұтас бір территорияда індет процесінің дамуы мен індеттік жағдайдың қалыптасуын анықтауды қажет етеді. Ол үшін сол территориядағы жануарлар арасында жұқпалы аурудың таралуы, қоршаған ортадағы жұғу факторлары мен инфекция қоздырушыларының тасымалдаушылары және тағы басқа да індеттенуге қатысты жәйттер мұқият  тексеріледі. Нозологиялық диагноз қою үшін іңдеттанулық балау әдісі қолданылады. Одан індеттанулық балаудың айырмашылығы: біріншісі зерттеу әдісі болса, соңғысы зерттеудің қорытындысы. Індеттанулық балау әдісі ауруға диагноз қою үшін індеттенуге қатысты кейбір мағлұматтарды ғана қамтыса,індеттанулық балау індет процесі мен індет ошағы туралы керекті мәліметтердің тұжырымдалған қорытындысы болып табылады. Індеттанулық балау әдісі ауруға диагноз қою үшін қызмет етсе, індеттанулық балау іңдетке қарсы нақтылы шараларды іске асырудың жолдарын көрсетеді. Нозологиялық диагноз қойғанда індеттанулық әдістер арқылы ауру қоздырушысының бастауы және оның берілу тетіктерінің немесе індет ошағының бар-жоғы анықталса, індеттанулық балау кезінде бұл аталғандар егжей-тегежейлі сипатталуы керек. Мысалы, инфекция қоздырушысының бастаулары түгелдей анықталып, олар басқа жануарлардан оқшаулануы керек. Сондай-ақ аурудың берілу тетіктері де түгелдей нақтыланып, жойылуы қажет. Іңдет ошағы туралы да бар" немесе "жоқ" деген мәліметпен шектелмей, оның шекарасы нақтыланып, сол арқылы карантин немесе тежеу межесі жүргізілуі қажет. Қорыта келгенде, індеттанулық балаусыз іңдетке қарсы шараларды дұрыс ұйымдастыру мүмкін болмайды.

 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет