Алдын ала тергеу сатысы.Бұл әр қылмыстық істі тез және толық ашып, айыпты адамды қылмыстық жауапқа тарту мақсатында қолданылатын және заңмен реттелген тергеуші мен анықтама органдарының қызмет жүйесі болып табылады. Қылмыстық істерді тергеу екі түрде жүзеге асырылады: 1) анықтама; 2) алдын ала тергеу. Заңға сәйкес қылмыстардың басым көшпілігі бойынша алдын ала тергеу жүргізіледі. Сондықтан алдын ала тергеу - қылмыстық істерді тергеудің негізгі түрі болып саналады. Ал заңда арнайы көрсетілген ауыр емес қылмыстар бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті емес және оның орнына анықтама жүргізіледі. Алдын ала тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ішкі істер және салық полициясы органдарының тергеушілері жүргізеді. Қылмыстық істер бойынша анықтама жүргізетін органдар да заңда көрсетілген (ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік органдары, салық полициясы органдары, кеден органдары, әскери полиция органдары, әділет органдары, шекара бөлімдерінің командирлері және т. б.). Анықтама органдарының жүргізуіне жататын қылмыстар бойынша анықтау қызметін атқаратын лауазымды адам анықтаушы деп аталады.
Бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу стадиясы. Қылмыстық іс айыптау қорытындысымен прокурордың 1-сатының сотына келіп түскен соң жаңа стадия басталады. Алдымен бұл кезде соттың төрағасы немесе оның тапсыруы бойынша басқа судья істі осы сотта қарауға қабылдау мәселесін шешеді. Ол үшін судья қылмыстық істің материалдарымен мұқият, толық көлемде оқып танысуы қажет. Егер де алдын ала тергеу немесе анықтама жүргізу кезінде кылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер істі сот отырысында қарап шешуге жеткілікті болса, онда судья басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады. Бұдан кейін осы қаулыға сәйкес басты сот талқылауы жүргізіледі. Сөйтіп, бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу екі кезеңнен тұрады: 1) басты сот талқылауын тағайындау; 2) басты сот талқылауын жүргізу.
Кассациялық (апеяляциялық) сатыда іс жүргізу стадиясы. Бұл стадияның негізгі мақсаты - заңды күшіне енбеген бірінші сатының соттары шығарған үкімдер мен қаулылары дұрыстығын (заңдылығын, дәлелдігін) екінші саты сотының тез арада тексеріп, онда қателіктер жіберілген болса, ол қателіктерді уақытында жою болып табылады. Осындай мақсатпен іс жүргізуге қатысушы адамдардың (сотталған, ақталған адамдар, олардың қорғаушылары, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері) шағым беру, ал прокурордың наразылық білдіру құқығы заңда көзделген. Бұл аталған іске қатысатын адамдар шағымды немесе прокурор наразылығы үкім жарияланған күннен бастап он тәулік ішінде, ал қамаудағы сотталған адам оған үкім көшірмесі табыс етілген күннен бастап нақ сол мерзімде бере алады.