2.6 Студент жастардың әлеуметтік-тұлғалық мәселелері
Жастық өз уақытын білмейді.
Р. Хорезми
Студент жастарды тəрбиелеу мен оларға білім берудегі маңызды бағыт олармен жүргізілетін психологиялық жəне педагогикалық жұмыс. Жастардың арасында нашақорлық, ішімдікке салынушылық, жасөспірімдердің жезөкшелікке салынуы, бақылаусыз қалған жəне тастанды балалардың саны өсуі, қоғамның мəдени-моральдық бастауларын бұрмалау мен елемеу, мінез-құлықтың қоғам тəртібіне мүлдем сай болмауы, яғни жастардың әлеуметтік-тұлғалық мәселелері соңғы кезде өршіп барады. Бұның барлығы ұрлыққа, тонауға, бұзақылыққа жəне т.с.с. заң бұзушылықтарына əкеледі.
Мінез-құлық жеке тұлғаның іс-әрекеті мен қарым-қатынасынан көрінетін, тұрақты жеке-дара белгілерінің жиынтығы ретінде қарастырылады. Мінез-құлық адам темпераменті мен тәрбие жағдайларының өзара әрекетттерінің нәтижесі болып табылады. Темпераменттің негізгі қасиеттері базасында қалыптасса да, мінез-құлықты темперамент анықтамайды. Мінез-құлықтағы қалыптасатын моральды, интеллектуалды, эстетикалық даму деңгейлеріне, тәрбиенің қосар үлесі мол.
Мінез-құлық пен жеке тұлға арасындағы айырмашылықтың мәнін Ю.Б.Гиппенрейтер былай түсіндіреді: «...мінез-құлық белгілері, адамның қалай әрекет ететінін көрсетеді, ал тұлғалық белгілер, адамның не үшін әрекет ететінін көрсетеді. Мұнда адамның өзін-өзі ұстау әдістері мен тұлғалық бағыты, біріне-бірі тәуелді еместігі: бір ғана әдістің көмегімен, әртүрлі мақсаттарға жетуге болады және керісінше, бір мақсатқа жету жолында, әртүрлі әдістерді қолдануға болады».
Мінез-құлық типі, адамның дұрыс әлеуметтендірілуіне тікелей әсер етеді, ол әлеуметтік-психологиялық бейімделудің әртүрлі формаларында байқалады, оған патогендік формалар да жатады. Жеке тұлғалық дамудың әртүрлі дисгармониялық типтері туралы айтқанда, қалыпты тұлғалық дамудан ауытқу дәрежесі сөз болады, яғни мінез-құлықтың патологиялық типтері сипатталады. Қазіргі кезде, адамның әлеуметтендірілу қиындығын туғызатын мінез-құлыққа, негізінен девиантты мінез-құлықты және психопатияны жатқызады. Ал акцентуация, әлеуметтік-қарым-қатынас қиындықтарын туғызуы ықтимал, уақытша күйлер болып табылады.
Қазіргі кезде девиантты мінез-құлықты зерттеу екі бағытта қарастырылады: біріншісі — психикалық денсаулық нормасынан ауытқыған мінез-құлық ретінде (жүйке аурулары, психосоматикалық бұзылулар, патологиялық күй жəне т.б.); екіншісі — «əлеуметтендіру — дезадаптация — оқшаулау» құқықтық, мəдени жəне əлеуметтік нормаларды бұзуымен байланысты əлеуметтікке қарсы мінез-құлық. Девиацияның ең айқын көрінісіне делинквентті (құқыққа қарсы) жəне криминалды (қылмыстық) мінез-құлық жатады. Психологиялық сөздікте девиантты мінез-құлық «адамның белгілі бір қоғамда бекітілген немесе қалыптасқан нормалар мен үміттерге сай келмейтін іс-əрекеті, қылығы» деген мағынада берілген. Сондықтан да ауытқыған мінез-құлық психология, педагогика, психиатрия секілді ғылымдардың зерттеу нысаны болса, əлеуметтік құбылыс ретінде əлеуметтану, құқық, əлеуметтік психология ғылымдарының зерттеу пəні болып табылады. С.А.Беличева девиантты мінез-құлықтағы əлеуметтік ауытқуды былайша топтастырады:
пайдакүнемдік бағыттар: материалдық, қаржылық, мүліктік пайда табуға ұмтылумен байланысты заң бұзушылық, теріс қылық. Бұлар: ұрлық, тонау, алыпсатарлық, алаяқтық жəне т.б.;
қастандық бағыттар: жеке тұлғаға қарсы бағытталған əрекеттер: тіл тигізу, бұзақылық, ұрып соғу, өлтіру, зорлау жəне т.б.;
əлеуметтік енжар түрлері: белсенді өмір салтынан қашқақтау, азаматтық міндеттерден бас тарту, жеке жəне əлеуметтік мəселелерді шешуге құлықсыз болу. Бұл топқа жұмыстан, оқудан бас тарту, кезбелік, маскүнемдік, нашақорлық, токсикомания, өз-өзіне қол жұмсау жəне т.б. жатады.
Девиация – (ауытқу, яғни, қалыптан ауытқыған мінез-құлық. Девиантты мінез-құлық – адамның мінез-құлқы мен тәртібіндегі теріс, деструктивті құбылыстар (нашақорлар, қылмыскерлік, жезөкшлік, өзіне-өзі қол жұмсау жіне т.б.).
Девиантты мінез-құлықтың себептеріне отбасындағы қолайсыздықтар, ата-ана ажырасуы, маскүнемдігі және ата-ананың қаражатпен қамтамасыз ету немесе жеке тұлғалық тәрбиелеуге қабілетсіздігі жатады. Сонымен бірге, оқушының жасқа сай дағдарыс кезеңі, жалғыздығы, мінезінің түсініксіздігі мен оқудағы сәтсіздітер, нашар үлгерім – міне, мұның барлығы, мінез-құлықтың ауытқуына әкеп соқтырады.
А.Г.Абрумова мен Л.Я. Жезлова дивиантты мінез-құлықты 4 бөліп қарастырады:
Достарыңызбен бөлісу: |