І. Тыңдап-түсінуге үйрету
Ауызша сөз негізгі екі сыңардан тұрады: оның бірі ауызша айтылған сөзді тыңдап – түсіну, екіншісі – сөйлеу. Ауызша сөздің бұл екі компоненті бір– бірімен тығыз байланысты. Ауызша сөзді игеру үшін сөйлей білсе жеткілікті. Ал ауызша айтылған сөзді тыңдап-түсіну –– сөйлеудің серігі. Сөйлей білген адамға тыңдап-түсінуге арнайы дағдыланудың қажеті жоқ. Ол дағдылар өз-өзінен қалыптасады. Басты дағды –– сөйлеу дағдысы. Бір тілде сөйлей білген адам сол тілде айтылған ауызша сөзді тыңдап-түсіне алады. Мұндай көзқарастың қате екенін психологиялық зерттеулер де, шетел тілдерін оқыту теориясы мен практикасы да дәлелдеп беріп отыр.
Психологиялық зерттеулер бұл екі әрекет (тыңдап-түсіну және сөйлеу) бір-бірімен тығыз байланысты болғанмен, олардың әрқайсысы мүлде басқа іскерліктер негізінде қалыптасатынын көрсетіп берді. Сөйлеуші де тыңдаушы да тілді қолдана отырып, қатынас жасайды. Бірақ олардың әр қайсысы тілді әр – түрлі жолмен қолданады. Сөйлеу үстінде адам белгілі бір ойдан шығады, яғни әуелі сөйлеушінің санасында белгілі бір ой туады да, ол сол ойды басқаларға жеткізу үшін тілдік форманы пайдаланады. Демек сөйлеу процесінде сөздің мазмұны алдын–ала берілген, сол мазмұнды сөйлеуші тілдік форма арқылы өзгелерге жеткізеді. Сөйлеуші белгілі мазмұннан шығарып, оны тілдің әртүрлі элементтерін қолдану арқылы басқаларға жеткізеді. Іс-әрекет бағыты: мазмұннан тілдік формаға қарай. Тыңдаупроцесінде іс-әрекет бағыты мүлде басқа. Мұнда тыңдаушыға әуелі берілген тілдік форма. Соны қабылдау арқылы тыңдаушы тілдік формада кодталған мазмұнды ашады. Мұндағы іс-эрекет бағыты: тілдік формадан мазмұнға қарай. Ауызша сөздің бұл екі компонентін бір-бірінен ажыратудың маңызы өте зор. Бұлар сөз әрекетінің әртүрлі фармаларына жатады: сөйлеу экспрессивтік формаға жатса, тыңдау импрессивтік формаға жатады. Бұлардың әрқайсын әр түрлі жолмен оқытып, үйрету керек.
Ауызша айтылған сөзді қабылдау мен түсіну өте күрделі психикалық әрекет екені белгілі. Қабылдау мәселелерімен шұғылданып жүрген еліміздің психологтары екі процесті ажырату қажеттігін атап көрсетеді. а) бейнені қалыптастыру процесі, яғни объектінің маңызды даралау белгілерін және олардың өзара байланысын анықтау және сол белгіерді игеру процесі, ә)қалыптасқан бейнені эталонмен салыстыру нәтижесінде объектіні тану процесі. Бұл екі процесс бір-бірімен тығыз байланысты. Бейнені қалыптастыру барысында оны тану процесі саналы түрде өтуі мүмкін. Ал материалмен танысқаннан кейін тану процесі өте тез, қас пен көздің арасында өтуге тиіс. Тіл арқылы қарым-қатынас жасау процесінде тану бір мезгілде өтеді. Мұнда логикалық операцияның қатысу-қатыспауы түсінудің түріне байланысты: дискурсивтік жолмен түсіну және тікелей түсіну.Тікелей түсіну кезінде ішкі сөзде болып жататын ойлау процесі барынша қысқартылған түрде өтеді. Қабылдаудың осы аталған екі процесіне байланысты сөзді есту қабілетінің екі механизмі бар екенін Е. И. Исенина атап көрсетеді: ажырату және тану механизмдері, Ажырату барысында мынадай процестер болады:
1.Есте бейнесі қалыптаспаған объектіні қабылдағанда, адам оның бейнелері қалыптасқан объектілерден өзгеше екенін ұғынады. Мысалы, таныс емес сөзді естігенде, оның өзіміз білетін сөздерден өзгеше екенін аңғарамыз.
Бұл объектінін даралау ерекшеліктері бейнелері есте қалыптасқан басқа объектілермен салыстыру арқылы немесе сол белгілерді тану арқылы аңықталады. Мысалы, (d)дыбысы таныс болмаса, оны өзімізге таныс (t) дыбысымен салыстыру арқылы (d) дыбысының даралау белгісін (ұяңдығын) анықтаймыз. Ал ағылшын тілінің фонемалары бізге таныс болып, неміс тілінің fаһrеn деген сөзі таныс болмаса, оның даралау белгілерін — фонемаларын танимыз.
Даралау белгілерінің өзара қарым-қатынасы аныкталады. Мысалы, бір сөздің бейнесін қалыптастыру үшін оның барлық даралау белгілерін анықтаумен қатар, сол белгілерінің тіркесу ретін де анықтау керек.
Тану процесі объектінің есте қалыптасқан бейнесіне сүйенеді. Жалпы алғанда ауызша сөзді қабылдау барысында тану акустикалық белгілерді талдау-жинақтау тәсілімен өңдеуге, анықталған белгілерді есте сақтаулы тұрған бейнемен салыстыруға және оларға мән беруге саяды.
Қабылдау бірлігі жеке сөздермен тікелей байланысты. Ал жеке сөздерді қабылдау үшін оқушылардын санасында фонематикалық есту қабілетін қалыптастыру керек. Фонематикалык есту қабілеті дегеніміз — сөздегі дыбыстарды ажырату және оларды тиісті фонемалармен ұштастыру. Ал қабылдау бірлігіндегі фразаны оған кіретін сөздерді талдап, сосын оларды жинақтау арқылы емес, информативтік белгілерді тану арқылы түсінеміз. Фразаны түсіну үшін ең басты информативтік белгі интонация. Сондықтан оқушылардың санасында фонематикалық есту қабілетімен қатар интонациялық есту қабілетін де қалыптастыру керек. Интонациялық есіту қабілеті сөйлемдердің коммуникативтік типтерін (хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты сөйлем) ажыратуға, фраза бөлшектерінің байланысын анықтауға, сөйтіп оның мазмұнын түсінуге көмектеседі.
Тыңдап-түсіну қысқа мерзімдік және ұзақ мерзімдік еске байланысты. Қысқа мерзімдік ес келіп түскен хабарды қабылдаудың барлық сатыларында сақтап, оны ұзақ мерзімдік еске жөнелтеді.
Ұзақ мерзімдік ес сөздердің, сөз тіркестерінің синтаксистік құрылымдардың есіту артикуляторлық бейнелердің және олардың бір-бірімен тіркесу ережелері мен схемаларын сақтайды. Соның нәтижесінде сөйлемнің фразалық құрылымы мен коммуникативтік типін ажыратуға мүмкіндік. туады.
Тыңдап-түсіну сөз әрекетінің басқа түрлерімен тығыз байланысты. Тыңдап-түсіну де, сөйлеу де сөз әрекетінің ауызекі түріне жатады. Ауызша сөзді қабылдай отырып, тыңдаушы моторлы анализатордың көмегімен дыбыстық бейнелерді артикуляциялық бейнелерге айналдырады. Сөйтіп, моторлы (сөз қозғау) анализатор мен есту анализаторы арасында берік функционалдық байланыс пайда болады. Осыған орай, тыңдап-түсіну ішкі сөзбен де тығыз байланысты. Дыбыстық бейнелерді артикуляциялық бейнелерге айналдыру арқылы тыңдаушы естігенін ішкі сөзде қайталап отырады. Соның нәтижесінде ол естігенін түсінеді. Демек тыңдағанды түсіну үшін ішкі сөздің маңызы зор.
Тыңдап-түсіну процесіне көру анализаторы да қатысады. Жалпы көру анализаторы сыртқы дүние туралы хабар алуда барлық басқа анализаторлардан артық. Тыңдап-түсіну барысында көру анализаторы тыңдаған сөздің мағынасын түсінуге көп жеңілдік тудырады. Сөйлеу органдары, қимыл-қозғалыс сияқты көру белгілері тыңдауды, естігенін ішкі сөзде қайталауды жеңілдетеді. Демек сөйлеушінің сөйлеу органдарының қозғалысын әр түрлі қимылдары мен ымын бақылау тыңдаушыға естігенін түсінуді жеңілдетеді.
Естігенін түсінуді жеңілдетуде көру анализаторының тағы бір көмегі мынада: егер тыңдаушы тыңдап отырған мәтінінің (текстің) жазбаша нұсқасын көріп отырса, онда ол естігенін әлдеқайда жеңіл түсінеді. Бұдан тыңдап-түсінудің оқумен тығыз байланысы көрінеді. Оның үстіне тыңдап-түсіну мен оқу сөз әрекетінің импрессивтік түріне жатады. Яғни екеуі де сөзді қабылдап, оны түсіну болып табылады. Тек тыңдап-түсінуде ауызша айтылған сөзді қабылдап, түсіну керек болса, оқуда жазбаша сөзді қабылдап, түсіну керек. Сонымен тыңдап-түсіну сөйлеумен де, оқумен де, жазумен де байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |