Әдебиеттер
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі, Алматы. – 1991. - 384 б.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы, 2014. - 640 б.
Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 2010. - 608 б.
Қазақ тілінің грамматикасы, 1-бөлім. – Алматы, 1967.- 264 б.
Әбуханов Ғ. Қазақ тілі. – Алматы, 1982. - 283 б.
Исаев С. Қазақ тілі. – Алматы, 1996. - 236 б.
Сауранбаев Н. Қазақ тілі. – Алматы, 1953. - 220 б.
М.МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ СИНОНИМ СӨЗДЕР
Әбдуәли Құндыз (Қытай)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: Ибраимова Ж.Т., ф.ғ.к.
Қазақ тілінің мол сөздік қорын, сөз байлығын танытатын тіліміздегі синонимдер. Ғалым Ә.Болғанбаев: "Синонимдер дегеніміз - әр түрлі айтылғанымен, мағынасы жақын, бірақ әрқайсысының өздеріне тән не мағыналық, не стильдік, не эмоциялық сәл ерекшеліктері бар бір сөз табынан болған сөздер". (1)деп анықтама береді. Синоним сөздер ақын-жазушыларымыздың шығармаларына айырықша өң беретіні сөзсіз. Мақаламызда қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаев шығармаларындағы синоним сөздерге тоқталмақпыз.
Ақын шығармаларында адамның жеке басындағы әртүрлі қасиеттерді көрсетуде зат есім синонимдер ұтымды берілген.
Мысалы:
Жөн болмас, сірә, өмірмен ұстасқаным,
Бір ғұмыр дүниенің құшпас бәрін.
Күнің шығып келеді, ей, Болашақ!
Бесінге ауып барады түскі аспаным.
Бұл шумақта "өмір - ғұмыр", "дүние - күн" сөздері мағыналық синонимдерге жатады.
"Сырласу" дейтін өлеңінде:
Аспан мен Жер,
Уақыт, заман жайлы,
Өзім жайлы,
Сен жайлы, анау жайлы,
Бүгінгі ұрпақ,
Бүгінгі Адам жайлы,
Азды-көпті алдыңда айтылған сыр,
Сотыңнан сенің сақтап қала алмайды.
Мұнда автор "уақыт - заман", "ұрпақ - адам" мағыналық синонимдерін қайталағанда, өлеңнің негізгі ойына, бүгінгі заманға, ұрпаққа баса назар аударады.
Сондай-ақ бұл жыры ақынның жан сыры, алға қойған ұлы мақсаты, бағыт-бағдары.
"Өмір дейтін" өлеңінде
Мұң мен зарға ондайда шаң қаптырып,
Кайғы деген қаншықты қан жаптырам.
Ұры-уайым тиер деп қай жағымнан.
Секем алған киіктей аңдап тұрам.
Адамның көңіліндегі жайсыздықты беру үшін мұң, зар, қайғы синонимдік қатары алған.
Мұқағалидың көп өлеңдері Отан такырыбына арналған."Туған жер тудырған ой", "Қарасаз", "Жер", "Отан", "Отаным", "Ақынның ауылы", "Қазақ жері", "Туған жерге", "Жетісу", "Туған жер сағындырды, келді есіме", "Сүйемін, өскен Отаным", "Отан туралы", "Әнеки менің Отаным", "Дөңгелек жер".
Мысалы, "Сүйемін, өскен Отаным" өлеңіндегі синонимдер
Сүйемін мен жерімнің
Топырағын, тасын да.
Сүйемін думанды елімнің,
Кәрісін және жасын да
...Сүйемін, өскен Отаным,
Жылысып өткен жылынды. Қарыздармын сондықтан Берермін талай жырымды.
"Отан", "ел", "жер" - мағыналық синонимдер.
М.Мақатаев өз ойын қайталамас үшін, "таң", "күн", "тірлік", "дүние" сияқты синонимдік қатарды қолданады. Ол арқылы автор мәңгілік қозғалысты, өмірдің жалғасын, ұрпақтың ауысымын, біздің жеріміздегі өмірлік тәртіпті көрсеткісі келген еді. "Таң атты", "күн шықты" деген жолдарда жарқын болашаққа сенімін, асыл армандардың орындалу үмітін суреттеген. "Тірлік басталды", "күрделі дүние", "тынымсыз күн" деген сөз тіркестер арқылы ауыр тұрмысты, адамның өміріндегі қиын сәттерді сипатгаған.
Тағы да, міне, таң атты,
Тағы да, міне, күн шықты,
Тағы да тірлік басталды.
Күрделі мына дүние,
Ойлантты небір бастарды...
... Тынымсыз мына тірліктің,
Тынымсыз күнін жалғады.
Осы синонимдік қатардағы сөздердің барлығына мағыналық арқау болатын сөз - күн сөзі. "Таң", "күн", "тірлік", "дүние" мағыналық синоним сөздері бірін-бірі ауыстыра бермейді, Мысалы, "таң" сөзі "басталу" сөзімен немесе "күн" сөзі "ату" сөзімен тіркестіріліп, "таң басталды, күн атты" деп айтылмайды, олай айтсақ, сөз тіркесінің мағынасы тіпті түсініксіз болар болар еді. Сондықтан әрбір синонимдердің қолданылу ерекшеліктері болады.
"Тірлік", "тынымсыз", "тағы да, міне" секілді лексикалық қайталамалар мәтіндегі уақттың барысына ықпал ете отырып, жағымды оқиғалармен толтырылған уақыттың кезін қысқартады да, жағымсыз оқиғаларға қанық сәттерді ұзартады.
Қорыта келгенде, М.Мақатаев шығармаларында зат есім, сын есім, етістіктен жасалған синонимдер жиі кездеседі. Біз солардың ішінде мақала көлеміне қарай тек зат есімнен жасалған синонимдерге ғана тоқталдық. Ақын синонимдерді орнымен жұмсап, оларды өлеңнің мазмүнын ашуға, ойды тереңдетіп беруге шебер қолданады. Суреткер синоним сөздерді қайталап, қолдану арқылы өлеңнің әсерлігін күшейте түседі, поэтикалық сөз өрнегінде сұлу да көркем бейнені жасайды, оқырманды ойландырады.
Достарыңызбен бөлісу: |