Әдебиеттер
Құдайбердиев Ш. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. – Алматы.
Аманжолов Қасым. Өлең-жырлар. – Алматы: Жазушы, 2003. – 527 бет
Сыздық Р. Сөз құдіретті. – Алматы: Санат, 1997. – 224 б.
Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы, 1969. – 221 б.
Серғалиев М. Сөз сарасы. – АлматыгЖазушы, 1989. – 138.
Мақатаев М. Шығармаларының толық жинағы: Төрт томдық. – Алматы: Жалын, 2001. – 448 б.
7. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М. Қазақ тілінің стилистикасы. – Алматы, 1974. – 199 б.
ІІ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
ТӘУЕКЕЛ ХАН
Адал Разия (Қытай)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: Арыстанбекова Қ.Д.
Хақназар хан қайтыс болғаннан кейін билік басына оның немере інісі Шығай келеді (1580–1582). Оның әкесі Жәдік, анасы қалмақ қызы Абайқан-бегім еді. Шығай 80 жылдай өмір сүргенімен ол туралы тарихи деректер мүлдем мардымсыз. Десек те, Қазақ хандығын Хақназардан кейін қолға алған Шығай ханға қысқаша тоқталып өткенді жөн көрдік.
Шығай хан Қазақ хандығының сыртқы істерінде негізінен Хақназардың ұстанған бағытына сүйенеді. Ал онымен бірге жас та болса бас болып баласы Тәуекел де ел ісіне араласа бастайды. Ол 1581 жылдан бастап Шығаймен бірге Мауереннахр билеушісі Абдолла (Абдаллах) ханмен одақтасады да, іс-әрекеттері Абдолланың қарсыласы болып табылатын жауы Баба сұлтанға қарсы бағытталады. Тарихи деректерде Шығайдың Абдоллаға кетуі жайлы бірнеше түсіндірмелер бар, соның бірі сол уақытта Абдолланың күшейіп, ал өзінің дәрменсіздігін сезінуі оны Мауераннахрға алып барды дейді; ал екіншісі Талас өзені бойында болған шайқаста жеңіліс тауып, сыртқы саяси аренада әлсіз жағынан көрінуін алға тартады. Және оған себеп болған жағдай Шағатай ұрпақтары мен Баба сұлтанның қауіп төндіруі деп есептейді. Дегенмен де Қазақстан тарихы 2-томындағы «ХVІ–ХVІІ ғасырлардағы Орта Азия Шайбанилерімен және Аштарханилерімен қарым-қатынастары. Тәуекел хан. Ресеймен жақындасудың жолдарын қарастыру» атты тақырыпта бұл жайында былай дейді: «Шынына келгенде, Шығайдың Абдаллах ханға кетуіне бірнеше себептер болған және қазақ ханының бұл саяси қадамын сол себептерді кешенді түрде алғанда ғана түсіндіріп бере алады. Бұл себептер мейлінше елеулі болуға тиіс. Біз ХV ғасырдың аяғы – ХVІ ғасырда Шайбани ұрпақтары мен қазақ хандарының Дешті Қыпшақ даласында әскери үстемдік үшін және сайып келгенде, Дешті Қыпшақтың көшпелілеріне жоғарғы билік жүргізу үшін өліспей беріспейтін күрес жүргізгенін естен шығармауға тиіспіз. Сондықтан Шығайдың Шайбани ұрпағына саяси жағынан бағынбақшы болған шешімі, сырттай қарағанда, ақылға сыймастай болып көрінеді. Бұдан бұрын біз ХVІ ғасырда далада қазақтар үшін мейлінше қолайсыз жағдай қалыптасқаны туралы жазғанбыз: орыстардың Сібірге және Еділ бойымен Астраханьға дейін өңмеңдеуі, көшпелі ноғайлар (маңғыттар) қоныстарының Ертіске дейінгі бүкіл дерлік қазақ даласына таралуы, башқұрттардың оңтүстікке ойысуы, ойраттардың шығыстан батысқа қарай қарсы қозғалуы, оңтүстіктен Шағатай ұрпақтарынан тарайтын моғол хандарының қысым жасауы, Шайбани ұрпақтарының Түркістанды билеп-төстеуі және қырғыздардың тәуелсіздікке ұмтылуы – осының бәрі жинақтала келіп, қазақтарды Жетісуға ығыстырды. Орын алған жағдай өзара қырқыс туғызды, оларға сыртқы саяси қиыншылықтар қосылды. Қазақ әміршілері орын алған жағдайдан шығар жол іздеуге мәжбүр болды да, олар Орта Азия жағына көз тікті». Шығайды Абдолла өзінің оң қанаттағы қосынына алады, одан кейін Тәуекелді де осы оң қанаттағы алдыңғы қосынға тағайындаған. Және 1582 жылғы Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы бағытталған күресте Тәуекел Баба сұлтанның басын алып, оны Абдоллаға табыстайды. Баба сұлтан ризашылығын Ходжент жерін ихта ретінде берумен білдіреді. Бұл жорық Шығай хан үшін соңғы жорық болып, оның өзі осы жорық үстінде қайтыс болады.
Шығай хан қайтыс болғаннан кейін орнына мұрагері Тәуекел таққа ие болып қалады.
Бізге Тәуекел жайында жеткен тарихи деректердің бірі Тәуекел хан заманында жасасқан қазақ-орыс елшілігінің құжаттары болып табылады. Сонымен қатар Қадырғали Жалайырдың «Тарихи шежіре» атты еңбегін айтуға болады. Алайда 1626 жылғы өте үлкен өрт кезінде көптеген маңызды деген құжаттар Хақназар, Қасым хандар тұсында жасасқан дипломатиялық байланыстардың құжаттарымен бірге жанып кеткен. Орыс тарихы осы өртке дейін және өрттен кейін деп бөлінетіні белгілі. Бұл шежіре өртке дейінгі тарихи дерек болып табылады. Бірақ құжаттардың бәрі бірдей жоғалып кетті деуге келмейді, себебі сол кездегі көшірмешілердің арқасында Қадырғали Жалайыр қолжазбасының бір данасы сақталып қалған-ды. Оны 1819 жылы татар ғалымы Ибрагим Хальфин Қазан университеті кітапханасына табыс етеді.
Тәуекел ханның басты еңбегін Орыс елімен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған іс-әрекетімен байланыстырамыз. Оған себеп көрші елдерден сақтанудың алдын алу үшін от қаруын пайдалануға сұрау болатын. Сонымен қатар сол уақытқа дейін орыс елінде саяси тұтқын болып отырған інісі Ораз-Мұхамедті босатып еліне қайтару еді.
Тәуекел ханның Абдолла ханмен байланысы өзінің Әндіжан мен Ферғана жеріне жорық жасап, елге ораларда одан сезіктеніп, өзінің ата қонысы Дешті Қыпшаққа кетуді ұйғаруымен байланысты үзіледі.
Тәуекелдің Абдолла ханнан күдіктенуінің себебі оның бұған дейін берген уәдесінде тұрмауы еді. Ол Түркістаннан қазақтарға төрт қала беруге уәде етіп, оны өз қарсыластарынының көзін жойғаннан кейін де орындамағаны мәлім. Сондай-ақ Абдолла ханның билік басына мұрагерлік жолмен емес, өзінің дипломатиялық қарым-қатынастарды еркін шешумен және өзіне қарсы тұрар бақталастарының басын алып хан болған еді. Енді осы жолда Тәуекелге де кезек келгендей көрінсе керек. Себебі Тәуекелдің де Жошы ұрпағы болғандықтан Орта Азияда билік етуге құқығы бар еді.
Тәуекел хан 1586 жылы Ташкентке қарсы көтеріліс бастайды. Ол қарсы жақ әскерін талқандайды, алайда оған қарсы Абдолланың інісі Убайдуллах қол бастап келе жатқанын естігеннен кейін әскерін кері шегіндіріп алып кетеді.
1596 жылы Тәуекелдің хан атағы болғанымен ол оны заңды негізде алмаған еді.
Жоғарыда айтқанымыздай Тәуекел Федор патшаға Құл-Мұхаммедті төмендегідей мәселелерді шешуге елшілікке жібереді:
1580 жылы Көшіммен болған соғыста тұтқынға түскен Ораз-Мұхаммедті босату;
Абдоллаға қарсы күресте Ресей елінен көмек алуға қол жеткізу болатын (яғни от қару мәселесі жөнінде).
Ресей елшілігі Сауран қаласында қабылданды. 1595 жылы наурыз айында патшаның жауап грамотасы тілмаш Вельямин Степанов арқылы тапсырылады. Онда «біздің қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұхара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар» деген талап қояды. Және орыс патшасы Тәуекелге оқ ататын қару беруге уәде етеді. Бірақ Ораз-Мұхамедті хан өзінің бір баласын аманатқа жіберген жағдайда ғана босататындығын айтады, себебі от қарудың қыр-сырын білетін Ораз-Мұхамедті жібере салу орыс патшалығы үшін оңай шаруа емес еді.
Дипломатиялық қарым-қатынас нәтижесі керуен саудасының құлаш жайып кеңеюіне айтарлықтай мүмкіндік ашты. Қазақтар сауда базарларына малдарын және одан алынатын түрлі өнімдерін салды.
1598 жылы Абдолланың мұрагері, баласы Абд әл-Мүминнің әкесімен арадағы тартысы Тәуекелдің оған қарсы шығуына мүмкіндік тудырады. Бірақ Абдолла Тәуекелді өзінің тең қарсыласы ретінде санамай, бұл соғысқа әміршілері мен сұлтандарының әскерлері мен өз әскерінің бір бөлігін ғана аттандырады. Алайда қанша қарсылас санамаса да, Тәуекел ханға қарсы бұл соғыста Абдолла жағы ойсырай жеңіліске ұшырайды. Жеңіліске ұшыраған Абдолланың қайта әскер жинап, оны өзі басқарып шығуына тура келді.
Бұл жөнінде «Тарих-и Кипчакиде» былайша келтірілген: «Когда казахские султаны получили известие о распре между отцом и сыном [между Абдаллах-ханом и Абд ал-Мумин ханом], то подняли мятеж, и Таваккул-хан с огромным войском решил овладеть Бухарой. Абдаллах-хан вывел на битву группу [своих] полководцев. В том бою были убиты большинство знаменитых узбеков. Войско, обращенное в бегство, пришло в Бухару. Это событие стало дополнительным огорчением [для хана]. Собрав войско, он выступил в поход в сторону Самарканда для подготовки [отражения] казахов. В этот период [его] правления в зеркале его сердце такие непрерывные поражения получили изображение, что он печали и огорчения он занемог и в году тысяча седьмом препоручил остаток своей временной жизни принимающему души [ангелу смерти Азраилу]». Бұл шапқыншылық жайы Ескендір Мұңшының «Тарих-и аламара-ий Аббаси» атты еңбегінде жан-жақты жазылған «Құлбаба келіп, жауынгерлер жиналғаннан кейін Абдаллах хан Тәуекел ханның көзін жойып, одан кек алу үшін Самарқанд бағытына беттеді, алайда оған баласының араздығы мен бағынбауы, сондай-ақ қазақтардың өжеттігі келтірген реніші салдарынан оның денсаулығы нашарлап, ол көп кешікпей қайтыс болды». Абдолла хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына баласы Абд әл-Мүмин отырады. Бірақ оның басқару жағдайы тұрақсыз болады, міне осылайша Шайбани әулеті Абд әл-Мүминнің өлімімен тарих сахнасынан кетеді деп есептелінеді, бірақ, жоғарыда аталған «Тарих-и Кипчакиде» Мауреннахр билігі Абд ал-Муминнен кейін билікті қолға алған Пір-Мұхаммедтің тұсында аяқталатыны айтылған. Ол 1601–1602 жылдарға сәйкес келеді.
1598 жылы Тәуекел шайбанилерге қарсы ұрыс қимылына шығып, Ахси, Әндіжан, т.б. жерлерді өзіне қаратып алып, Бұхараны бағындыру мақсатымен одан әрі қарай жорыққа аттанады. Ұрысқа жарамды әскер санының Тәуекел әскерімен сәйкес келмеуіне байланысты Бұхара ханы тікелей қарсылыққа шықпай, іште қорғанын нығайтуға көңіл бөледі. Тәуекел басқарған әскер Бұхараны 11 күн бойы қоршап тұрады, он екінші күн дегенде екі жақ арасында шайқас болып өтеді. Міне, осы шайқаста қазақтар жағы жеңіліске ұшырап, Тәуекелдің кері шегінуіне тура келеді. Артынан келген Пір-Мұхаммед пен Бақи сұлтанның қолымен Ұзынсақал деген жерде кездесіп, сол жерде тағы да соғыс басталады. Осы шайқаста Тәуекел жараланып, Ташкентке кетеді де, сол жерде қайтыс болады.
1598 жылғы Тәуекел ханның жүргізген жорықтарынан кейін Түркістан, Ташкент пен Ферғана Қазақ хандығының құрамына кіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |