Ыбырай мен абай шығармаларындағы ескендір бейнесі



бет3/3
Дата19.10.2023
өлшемі27,36 Kb.
#119696
1   2   3
Байланысты:
Мақала. Абжалова Д. Ыбырай мен Абай шығармаларындағы Ескендір бейнесі

Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз [4, 88] – деп бастап, жастарға әр күніңе шүкіршілік пен қанағат етуге, бір-біріңе мейірімді болып, әрқашан қол ұшын созуға дайын болуға, қанша жерден даңқың жоғары болып тұрса да, бәріміздің барар жеріміз қара жердің қойнауы және Алла алдында барша адамзат дәрежесінің бірдей екендігін үлгі-насихат ретінде жеткізеді. Әрі қарай дүниені дүр сілкіндірген әйгілі Ескендір патша туралы ой қозғап, оның қалай патша болғанын, қалай әлемді жаулағанын, қалай өлмеуді арман еткенін бейнелеп көрсетеді. Ел арасында «мәңгі суды ішкен адам – мәңгі өлмейді» деген сыбыс тарап, Ескендірдің сол мәңгі суды іздеуге аттанғандығы туралы былай баяндайды:
Ескендір патша болып дүниені алған,
Қалмаған бұл жалғанда ешбір арман.
Жалғыз-ақ өлмеске айла табамын деп,
Ізденіп мәңгі суын соған барған. [4, 89]
Мәңгі суды іздеп шыққан қолбасшы жанына сарбаздарын және уәзірлерінің басшысы Қыдыр Ілиясты ертіп алады. Суды тапқанда уәзірі Қыдыр Ілиясты мәңгі судан бір кесе су алып келуге жұмсайды. Уәзірі суға барып, өзі су ішіп, патшаға бір кесе су алып жатқан кезде бір мұңайып отырған адамды көреді. Оның жөнін сұрағанда, әлгі адам:
«Мен-дағы бір патша едім еш күмәнсіз.
Өлмеске мен де осындай талап еттім,
Бір күні осы суға келіп жеттім.
Әрбір іс уақытында қызық екен.
Ақыры өз басыма азап еттім.
Бір заман әлек болды барша елім,
Қалмады қыдырмаған ешбір жерім.
Кемдіктің неше түрлі бәрін көріп.
Ах енді өлім болса маған дедім.
Дүниені неше айналып неше кездім,
Өз жаным мен денемнен өзім бездім.
Маған өлім бермеді құдай тағала,
Енді тастап дүниені мұнда келдім» [4, 90] – деп өзінің мүңын шертеді. Бұны естіген Қыдыр Ілияс «аһ» деп қана қойып, қолына суын алып, өз жөнімен кете барады. Бір кесе суын Ескендірге әкеліп, оны патша ішейін деп ұмтылғанда, мәңгі су аузына бармай қояды. Шығармада Ыбырай Алтынсарин бұның себебін былай түсіндіреді:
Тағында тақ Сүлеймен нағылмады,
Өмірін соңындағы шағындады.
Нушеруан діні кәпір әділ өтті,
Дозаққа соның үшін жағылмады.
Бұзбаңыз әділдікті бұл мал үшін,
Жиясыз оны-дағы бір жан үшін.
Әз-әзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкәппарлық қылған үшін?
Аюпты сегіз жылдай мың құрт жеді,
Болыпты бөлек - бөлек соның тәні... [4, 90]
Осы үзінді жолдарда автор Ескендір бейнесін тәкаппар, қанағатсыз, әділетсіз, ниеті жаман адам ретінде бейнелейді. Сондықтан мәңгі су оның аузына бармауының себебі – осы.
Абай мұраларын зерттеуге жол салып беріп, «Абайтану» ғылымының бастаушысы болған жазушы М.Әуезов: «Жалпы композициялық құрылымы жағынан алғанда, «Ескендір» – Абайдың ең жақсы поэмасы» [5, 102] – деген пікірге тоқталады. Абайдың «Ескендір» поэмасының мазмұнына келер болсақ, автор поэманың басында ең алдымен оқырманнан Ескендір туралы біле ме екен деп сұрап алып, содан соң оның кім екені, оның жайы туралы түсініктеме беріп, әрі қарай жалғастырып кетеді. Абай Ескендірдің Македондық патша Филипп ІІ ұлы екендігін айтып, оның қызғаншақ адам болғанын былай бастап жазады:
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен. [6, 64]
Бұдан әрі қарай Ескендірдің әкесінің қайтыс болуы туралы жазып, Ескендірдің өз жерін аз көріп, көрші елдерге қарсы жорықтарға шығуын, жазасыз халықтарды қыруын, олардың елдерін бодан қылуын, тек қана бір елді ғана жауламай бүкіл әлемді жаулап алуға деген ашкөздігі ашылғанын, әлемді жаулап жүрген кезде сусыз бір шөлге жеткендігін, ішейін десе суы таусылғанын мазмұндайды да, содан соң:
Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге
Патшаның ат үстінде көзі түсті,
Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ,
Таспадай бейне арықтан шыққан құлап, [6, 65] – деп әрі қарай жалғастырады. Ескендір сол бұлақтан суға қанып алып, осындай шөлді аймақта судың бар болғанына тамсанып, жанындағыларға былай дейді:
«Бұл салқын, тәтті суға қаныңыздар,
Шақ келер маған жан жоқ, наныңыздар.
Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп,
Талқан қылып, шаһарын алыңыздар!» [6, 65]. Осы жерде біз Ескендірдің тойымсыздығы соншалық, шөл даладағы бір тамшы суды да қалдырғысы келмей, су беріп отырған байдың шаһарын бұзуға ұмтылған ашкөз бейнесін көре аламыз. Содан кейін байдың шаһарына барғанда, есігін ашпағаны үшін үлкен дау көтеріп:
«– Білмесең, мен Ескендір патша деген,
Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген.
Қақпаңды аш, хабарыңды айт, білдір маған,
Қорлығым өзім туып, өзім көрмеген» [6, 66] – деген сөзінен Ескендірдің өзінің қаншама жерді жаулап алғандағы мақтаныш сезімін, қалаған, айтқан істерінің барлығы болатындығына үйренгенін, өз нәпсісін тия алмайтындығын көреміз.
Оқиғаның шарықтау шегіне келер болсақ, тек жұрттан алуға үйреніп қалған Ескендір шаһар күзетшісінен сыйлық беруін сұрайды. Сонда патшаға күзетші «бір орамал» лақтырып жіберіп:
«... Сыйым – осы, падиша, мынаны ал!
Ішінде бір нәрсе бар ақыл берер,
Апар дағы ойланып, көзіңді сал!» [6, 66] – дейді. Оның ішінде Ескендір бағалы сыйлық бар деп ойлап, қуанышпен ашса, ішінен бір ғана қу сүйек шығады. Патша бұл сыйлыққа ашуланып:
«... Ең болмаса білмеді сый бермекті.
Осы менің теңім бе?» [6, 66] – деп ақырып, сүйекті лақтырып жібереді. Осыдан Ескендірдің жанындағылардың сөздерін елемей, істің байыбына бармай жатып, ашуға тез берілетіндігін, өзін басқалардан жоғары санайтын өзімшіл әрі ашушаң бейнесін көре аламыз.
Ескендірдің тұла бойын ашу кернегенде, өз ақылын айтып, оны сабырға шақыратын ұстазы Аристотель осы кезде лақтырған сүйекті қолына алып:
«Қасиет бар бұл сүйекте,
Көзіңе көрсетейін, хабардар бол.
Таразыны әпкел де, сүйекті сал,
Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!» [6, 67] – деген кеңес береді. Ұстазының айтқан сөзін тыңдап, ортаға таразыны алдырып, бір жағына қанша алтынды күміске толы қазынасын салса да, қу сүйекті аудара алмайды. Бұған аң-таң болған Ескендір хәкім Аристотельден «осы сүйекті басатын нәрсе бар ма, бар болса шешімін тапшы» деп ақыл сұрайды. Содан ойшыл Аристотель жерден бір уыс топырақ алып, сүйектің үстіне шашып жібереді. Сонда ғана таразының бір басы жерге түсіп, сүйек басы жоғары көтеріледі. Осындағы қарапайым күзетшінің айтпағын Аристотель:
«– Бұл – адам көз сүйегі,
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда» [6, 67] – деп патшаға түсіндіреді. Осыдан Ескендір ғибрат алып, өзінің іс-әрекеттерін бекерлік деп санап, сарбаздарын алып, жұртына қайтады.
Хәкім Абайдың «Ескендір» поэмасы – философиялық ойларға толы тағылымы таудай биіктікке жетелейтін шығарма екендігі, оқырман мән беріп оқитын болса ғана байқалады. Автор поэма соңында:
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.
Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш қадам қақпасын деп.
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?! [6, 68] – деп жастарды мансапқорлықтан, өзімшілдіктен, ашкөздіктен, қанағатсыздықтан сақтануға шақырады.
Ыбырайдың «Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым» (өсиет өлең) өлеңі мен Абайдың «Ескендір» поэмасы Ескендір патша туралы тарихи аңыздарға сүйеніп, оның жағымсыз бейнесін ашу арқылы болашақ ұрпаққа қандай қасиеттерден аулақ болу керектігін насихаттайды. Екеуінің шығармаларының ұқсастығы бұл – Ескендір бейнесін тойымсыз, ашкөз, барға қанағат, жоққа сабыр етпейтін жағымсыз кейіпкер ретінде көрсететіндігі. Ағартушы Ыбырайдың шығармасында оқиға сюжеті қысқа қайырылса, ал Хәкім Абай поэмасында оқиға сюжеті өз шарықтау шегіне жетеді. Тағы бір айырмашылығы Ыбырай өз өсиет өлеңінде Ислам діні мен қазақ фольклорындағы кейіпкерлерді Ескендірмен байланыстыра отырып, адам өмірі тез өткінші екендігін айтып, сол өмірде жақсы қасиеттерге толы адам болып өту керектігін жеткізгісі келді. Ал Абай болса, Шығыс философы Низамидің «Ескендірнамесін» негізге ала отырып, оның сюжетін пайдаланып, адам қанын судай шашқан тойымсыз патшаның озбырлық әрекеттері арқылы адам баласына адамгершілік қасиеттерін жоғалтпауға, ешкімнің ала жібін аттамауға шақырады. Сонымен қатар, Ыбырай Ескендірдің ақылшысы ретінде, кейбір дінтанушы ғалымдардың айтуынша ислам дініндегі пайғамбар болып саналатын Қыдыр Ілиясты алса, ал Абай Ескендірдің ақылшысы ретінде шын өмірден алысқа кетпей, оның ұстазы ойшыл Аристотельді алған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, кіндік қаны тамған жерлерін, халықтарын, сол замандағы отарлау саясаттың езгісінен құтқаруға тырысқан, сауатсыз қара халықты білім көкжиегіне жетелеген, басқа елдер сияқты өркениеттерінің дамуына үлес қосқан Ыбырай мен Абай өз шығармаларында тарихтан ойып орын алған, даңқы бүкіл әлемге белгілі жаулап алушы – Ескендір Зұлқарнайын бейнесін, адамгершілік тұрғысынан барынша толық ашуға тырысып, бізге үлгі-өнеге ретінде насихаттай білді деп нық сеніммен айта аламын.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Тұрсынқұлов Қ.Қ. Қазығұрт: аңыз бен ақиқат. Астана: Фолиант баспасы, 2009. – 416 б.
2. Гаибов В.А.Судьбы сатрапов Востока. Александр Македонский. Москва, 2007. – 220 с.
3. Бойназаров Ф.А. Проблемы традиции и современности /образ и личность Александра Македонмкого. Мәскеу: Наука, 1990. – 269 с.
4. Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. Алматы: Білім, 2007. – 112 б.
5. Әуезов М.О. Абай Құнанбаев “Монография. Мақалалар, зерттеулер”. Алматы: Санат, 1995. – 318 б.
6. Қошым-Ноғай Б.С. Абай Құнанбайұлы шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т2: өлеңдері мен аудармалары. Алматы: Жазушы, 2004. – 296 б.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет