92. Еліктеу сөз, түрлері, жасалу ерекшеліктеріне тоқталыңыз Еліктеу сөздер — табиғат құбылыстары мен жан-жануарларда болатын әр алуан дыбыстарға және олардың сын-сипат, қимыл-әрекеттеріне еліктеуден туған сөздер.
Еліктеу сөзінің шығу тарихына келетін болсақ, ең алғашқы адамдар тілі осы еліктеу сөздерінен барып шыққан деп ХVІІІ ғ. тілші-ғалымдар дəлелдеуге тырысса, ал, керісінше, қазіргі таңдағы батыс лингвистері олардың нақты лексикалық мағынасы жоқтығын алға тартып, оларды тілдегі сөз жүйесіне қосқылары келмейді. А.М. Щербак өзінің «Очерки по сравнительной морфологии тюркских языков» атты еңбегінде: «Еліктеу сөздер ерекше сөздер, олар да тілдік қатынас құралына жатады» десе, К.Құсайынов «Звукоизобразительность номинации в казахском языке» атты диссертациялық еңбегінде ары қарай нақтылай түседі.
Дионис Фракийский сөз таптарын сегізге бөлген. Осы қағидаға сүйене отырып, өзге елдің ғалымдары да орта ғасырларға дейін сөз табын сегіз деп келді. Оның ішінде еліктеу сөз табы болған жоқ. ХХ ғ. 20-жылдарына дейін еш зерттеле қоймаған еліктеу сөздерді көне түркі тілдерінің чуваш тілінде алғаш зерттеген Н.И.Ашмарин болды. Оны түркологиядағы еліктеу сөздің атасы деп таниды. Одан кейін Н.И. Ашмариннің салып кеткен жолын ары қарай зерттеп жүйелеген Н.К. Дмитриев болды. Ол оғыз тіліндегі еліктеу сөздерді зерттеді. Ары қарай Ресей мен Орталық Азия республикалары ғалымдары зерттеу нəтижесінде қомақты зерттеулер жарық көрді. Бірақ еліктеу сөздерді үндіеуропалық тілдердегідей 1950 жылдарға дейін түркі тілдерінде де бірде одағайлардың, бірде үстеулердің қатарында қарап келді. Қазақ тіліндегі еліктеу сөздермен ең алғаш А.Ысқақов, содан кейін Ш.Сарыбаев, А.Қайдаров, К.Құсайынов, Б.Катембаева, тағы басқалар зерттеген. Ал М.Жұбанова жəне А.Ислам ағылшын жəне қазақ тілінің еліктеу сөздерін кандидаттық диссертацияларында өзге тілдермен салғастырып қарастырған.
1948 жылы қазақ тіліндегі еліктеу сөзінің атасы ретінде тануға болатын А.Ысқақов осы мəселеге байланысты жазылған мақалаларында қазақ тілінде тағы бір сөз табын кіргізуді ұсына келе көптеген зерттеулер нəтижесінде 1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» еңбегінде еліктеу сөзді 9-шы сөз табы ретінді кіргізіп, қазақ тіл біліміне өзгерістер енгізді. Содан бері еліктеуіш жəне бейнелеуіш сөздер кеңінен зерттеліп, жеке дара сөз табы ретінде тілдік категория болып есептелінді.
«Еліктеуіш сөздер семантикалық жағынан алғанда, біріншіден, табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-бірімен қақтығысу я соқтығысуларынан тұратын, сондай-ақ неше түрлі жан-жануарлардың дыбыстау мүшелерінен шығатын, əр түрлі қимыл əрекеттерінен туатын, əрқилы дыбыстарға еліктеуден пайда болған түсініктерді білдірсе, екіншіден, сол табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың жəне түрлі жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаты мен қимыл-əрекеттерінің қилы-қилы көріністерінен пайда болған түсініктерді білдіреді» деген анықтама берілді.