Салаластың құрамындағы жай сөйлемдер өзара екі түрлі жолмен байланысады: 1) Іргелес тұрып, ұласпалы интонация арқылы байланысады. Мысалы: Жалпақ балуан оқ бойы алда отырды, астындағы сары қасқа ат киіктей орғып келеді.
2) Салаластың құрамындағы жай сөйлемдер жалғаулық шылаулар арқылы байланысады. Салалас құрмалас сөйлемдерді байланыстыратын жалғаулық шылаулар: 1) да, де, та, те әрі және деген ыңғайлас мәнді жалғаулық шылаулар арқылы; 2) бірақ, алайда, дегенмен, сонда да, әйтсе де деген қарсылық мәнді жалғаулық шылаулар арқылы; 3) өйткені, себебі, сондықтан, сол себепті, неге десеңіз деген себеп-салдар мәнді жалғаулық шылаулар арқылы; 4) не, немесе, я, яки, не (я) болмаса, болмаса, әлде деген талғаулық мәнді жалғаулық шылаулар арқылы; 5) кейде, бірде, біресе деген кезектес мәнді жалғаулық шылаулар арқылы.
Құрамындағы жай сөйлемдерінің мағыналық қарым-қатынасына қарай салалас құрмалас сөйлем алты түрге бөлінеді: 1) ыңғайлас салалас, 2) себеп-салдар салалас; 3) қарсылықты салалас, 4) кезектес салалас, 5) түсіндірмелі салалас; 6) талғаулы салалас.
1. Ыңғайлас салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің бірінде айтылған ой мен екіншісіндегі ой мезгілдес, бағыттас, ыңғайлас мәнде айтылады. Мысалы: Төлеутай әскерге кетті де, содан қайтып оралмады. Ыңғайлас салалас құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдер да, де, та, те, және, әрі деген ыңғайлас мәнді жалғаулық шылаулар арқылы байланысса, жалғаулықты ыңғайлас салалас деп аталады. Мысалы: Жанай балуан қайратты әрі үнемі қол бастайтын болат жүректі адам еді. Өзі ешкімге соқтықпайды және ит баласына жібімейді. Бір мезгілде қу шөмшектер дыбысы келді де, бірдеме қасына тасырлатып жетіп келді.
Ыңғайлас салалас құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдер бір мезгілде қатар болатын не болған істі білдіріп, баяндауыштары бір шақта айтылса, жалғаулықсыз ыңғайлас салалас деп аталады. Мысалы: Ертеңіне жат иістер шықты, алыстан әлдеқандай дабырлаған дауыстар естілді.Бір күні ауданнан қос ат жеккен шана келді, Мыңбұлақтың сақшысындай болып тұрған Байшынарға қарай беттеді.
Әрі шылауы ыңғайлас салаластың әрқайсысымен қайталанып келгенде, жай сөйлемдердің арасына үтір қойылады. Мысалы: Әншінің әрі дауысы да жағымды, әрі әні де сазды екен. Ал қайталанбай бір-ақ рет келсе, жай сөйлемдердің арасына үтір қойылмайды. Мысалы: Құрылыс жұмысы басталды әрі құрылысшыларды орналастыру керек.
Және жалғаулық шылауымен байланысқан ыңғайлас салаластардың арасына үтір қойылмайды. Мен өзімді-өзім ұмыттым және көңілім шалықтап әлдеқайда алып-ұшып кеткен сияқты.
2. Себеп-салдар салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің алдыңғысы соңғысының, соңғысы алдыңғысының себебін білдіріп тұрады. Мысалы: Көмекші жігіт қойларды ерте айдап әкеліпті, себебі күннің арты бұзылып келе жатқанын байқайды.
Себеп-салдар салалас құрмаластар жалғаулықты және жалғаулықсыз болып бөлінеді. Себеп-салдар салаласты байланыстыратын жалғаулық шылаулар: себебі, өйткені, сондықтан, сол себепті, неге десеңіз.
Салалас құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдердің байланысуы:
1.Себеп мәнді сондықтан 2. Салдар мәнді
жай сөйлем сол себепті жай сөйлем
1. Салдар мәнді өйткені, себебі 2. Себеп мәнді жай сөйлем неге десеңіз жай сөйлем
Себеп-салдар салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің орындарын ауыстырып айта беруге болады. Мысалы: Мен сұлап жатқан орнымнан тұра алмадым, себебі Тортай мінер ақ боз ат менің тақымымда кеткендей еді. Тортай мінер ақ боз ат менің тақымымда кеткендей еді, сондықтан мен сұлап жатқан орнымнан тұра алмадым.
Жалғаулықсыз себеп мәнді сөйлем салдар мәндіден бұрын тұрса, арасына үтір қойылады. Мысалы: Үлкендер көрші ауылға кеткен еді, сондықтан жастар кешкілік сауық-сайран құрмақ болады.
Жалғаулықсыз салдар мәнді сөйлем себеп мәндіден бұрын тұрса, арасына қос нүкте қойылады. Мысалы: Жастар кешкілік сауық-сайран құрмақ болады: өйткені үлкендер көрші ауылға кеткен еді.
3. Қарсылықты салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің біріндегі іс-оқиға екіншісіндегі іс-оқиғаға қарама-қарсы болады. Қарсылықты салаластың құрамындағы жай сөйлемдер бірақ, алайда, дегенмен, сонда да, әйтсе де деген шылаулар арқылы байланысса, жалғаулықты қарсылықты салалас деп аталады. Мысалы: Ауырғанда жаным көзіме көрініп барады, бірақ анамды қинағым келмейді. Жалғаулықты салалас құрмаластардың арасына үтір қойылады.
Қарсылықты салалас құрмалас сөйлем жалғаулық шылаусыз іргелес тұрып байланысса, жалғаулықсыз қарсылықты салалас деп аталады. Мысалы: Балықшылар ауды бірнеше рет салды, – балдырдан басқа ештеме ілінбеді. Жалғаулықсыз қарсылықты салалас сөйлемнің баяндауыштары көбіне антоним сөздерден және болымды-болымсыз формадағы сөздерден жасалады. Мысалы: Атаның баласы болма, – адамның баласы бол. Жалғаулықсыз қарсылықты салаластың аражігі үтір мен сызықша арқылы ажыратылады. Мысалы: Көктем шықты, – ауада суық ызғар бар.
4. Құрамындағы жай сөйлемдердің алдыңғысы соңғысын нұсқап, ал соңғысы алдыңғы сөйлемнің мағынасын ашып, түсіндіріп тұратын құрмаластың түрі түсіндірмелі салалас деп аталады. Түсіндірмелі салаластың құрамындағы жай сөйлемдер жалғаулық шылаусыз, іргелес тұрып байланысады да, арасына қос нүкте қойылады. Мысалы: Ернеудің бір айналма тұсында із екі айырылды: бірі ернеуді бойлап ілгері кетті, екіншісі төмен қарай түскен.
Түсіндірмелі салаластың бірінші жай сөйлемінің баяндауышының құрамына сол, сонша, соншалық, сондай деген сілтеу есімдіктері қатысса, екі жай сөйлемнің аражігіне сызықша қойылады. Мысалы: Тасқынның қаттылығы сонша – жолындағының бәрін жапырып кетті.
5. Құрамындағы жай сөйлемдерде айтылған іс-әрекеттің біреуі ғана жүзеге асатынын білдіретін саласатың түрі талғаулы салалас деп аталады. Талғаулықты салаластың құрамындағы жай сөйлемдер тек жалғаулықты шылаулар арқылы байланысады да, арасына үтір қойылады. Талғаулықты салаластың құрамындағы жай сөйлемдер не, немесе, я, яки, не болмаса, я болмаса, болмаса, әйтпесе, әлде деген талғаулық мәнді жалғаулық шылаулар арқылы байланысады. Мысалы: Бұл жолы құрбысымен не ит жығыс түседі, не болмаса оны жеңуге тырысады.
6. Кезектес салаластың құрамындағы жай сөйлемдері айтылған іс-әрекеттің кезектесіп жүзеге асуын көрсетеді. Кезектес салаластың құрамындағы жай сөйлемдер бірде, біресе, кейде деген кезектес мәнді жалғаулық шылаулар арқылы тек салаласа байланысады да, араларына үтір қойылады. Мысалы: Бірде желбіреген ақ сәулелі дала кездеседі, кейде қызыл бұйра тобылғылы адырлар ұшырасады, біресе көкала қамысты көлдер кездеседі.