76. Қазақ тілін оқытудың құралдары мен әдістерін түсіндіріңіз Ана тілін оқыту әдістемесі ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннен басталды десек, бүгінгі деңгейге жету жолында, басқа да бірқатар ғалымдар бұған елеулі үлес қосты. Қазақ балаларына ана тілінің оқыту жолын, принциптерін, қағидасын, маңызын, жолдарын көрсеткен ұстаз А.Байтұрсынов болды. 1905 жылы 26 шілдеде А.Б бастаған бір топ қазақ зиялылары Ресей Империялық Министрлер Советінің Председателіне петиция жазды. Онда қойылған басты талаптар:
- Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын;
- Ауыл балалары мектепте сауатын қазақ тілінде ашсын;
- Оқу ана тілінде жүргізілсін.
Осы талаптарды жүзеге асыруда А.Байтұрсынов 1912 жылы «Қазақша оқу құралы», 1914-16 жылы фонетикаға, морфология, синтаксиске арналған «Тіл құралы», 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрін жазып шығарды. Қазақ тілін оқытып, онда оқушыларды дамытуда тілді дыбысқа бөліп оқыту арқылы сауаттандыру әдісінің негізін қалады. Бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 жылы Қазанда «Баяншы» деген атпен методикалық кітапша шығарды.
А.Байтұрсынұлы бастап берген ізбен Қ.Жұбанов бастауыш мектепке арналған тіл мен әдебиет пәндері бойынша «Әліппе», «Оқулық» еңбектерін жазып шығарса, А.Сәдуақасов «Қазақ тілінен әдістемелік құрал», С.Жиенбаев «Қазақ тілінің оқыту әдістемесі» еңбектерін жазды. Одан соң, Р.Әміров, Ғ.Бегалиев, Қ.Бозжанова қазақ тілін оқытудағы әдіс-тәсілдерді саралап, ғылыми еңбектері жарық көрді.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі — педагогиканың күрделі саласының бірі — дидактика тарауында қаралады. Дидактика (оқыту теориясы) гректің didaktikos — оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оқу үрдісінің заңдылықтарын, принциптерін және оқытудың тиімді әдістемелерін көрсетеді. Қазақ балаларын оқытуда Ы.Алтынсарин өте жоғары талап қоя білген: «... әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру, өз оқулығында («Қырғыз хрестоматиясы») тақырыптарға сәйкес суреттеу, сурет арқылы беру сияқты, көркем жазуды, әріптердің формасын дұрыс түсінуге, дағдыландыруды үйрету ...шәкірттердің барлық сезім мүшелерінің - көз, қол, есту қабілетін, тілді, зейінді дағдыландыру, баланың барлық қабілеттерін жаттықтыру арқылы және оған өз бетімен жұмыс істеу керек» - деген әдістемелік нұсқау қалдырды. Ы.Алтынсарин оқыту принциптеріне: түсініктілік, көрнекілік, жаттығу, өз бетінше оқыту – саналылық принципін ұсынған. Ғасырлар бойына жақыннан алысқа, нақтыдан абстрактыға қарай түсініп оқыту мәселесі өмір сүріп келеді. Қазіргі заман талабына сай қазақ тілін оқыту принциптерін 7 топқа бағдарлау қажет:
1. Қазақ тілін оқытудың ғылымилық принципі.
2. Оқытудың шамаға лайық жүйелілік принципі.
3. Оқытудың белсенділік, саналылық принципі.
4. Жеке тұлғаны дамыта отырып, даралап, саралап оқыту принципі.
5. Қазақ тілінен берілетін теориялық білімді ұлттық рухани тәрбиемен, өмірмен байланыстыру принципі.
6. Көрнекілік принципі.
7. Оқушының білімге құмарлығын арттыру, өз бетінше жұмыс істеу принипі.
Осы жеті қағидаға сүйене отырып, қазақ тілі жүйелілікпен оқытуы тиіс.
Ал қазақ тілінен оқушыларға білім беру кезінде — оқыту әдістері жоғарыда айтылған заңдылықтар мен принциптерге негізделеді.
Оқушылардың қазақ тілі сабағына деген қызығушылығын ояту үшін, мұғалім әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданғаны жөн, бірақ бұл әдіс-тәсілдер төмендегідей талаптарға сай болуы тиіс: 1. Әдіс-тәсілдер арқылы өзін-өзі еркін сезіну үшін жағымды атмосфера жасап, оқушы қызығушылығын ынталандыру керек, тілді практикада қолдануға деген қажеттілігін тудыру қажет.
2. Оқушы тұлғасын толығымен оқу процесіне тарту керек, оның эмоциялары, сезімдері оның қажеттіліктеріменбайланысты болуы керек.
3. Оның тілдік шығармашылық қасиеттерін ынталандыру керек.
4. Оқушыны оқу процесінің басты тұлғасы ретінде белсенді етіп, басқа оқушылармен тығыз байланыстыру керек;
5.Оқушыға өз физиологиялық, интеллектуалдық, психологиялық ерекшеліктеріне байланысты өз бетімен жұмыс істей алуына көмектесу керек;
6. Түрлі жұмыс түрлерін жеке, жұппен, топпен, сыныппен және тағы басқа жұмыс түрлерін қолдану қажет.