Лингвистикалық фактор. Үнемдеу заңын тудырушы факторлардың ішіндегі ең өнімдісі де осы – лингвистикалық фактор. Тілдің әр саласына қатысты көрінетін үнемдеу заңы фонетикада, лексикада, морфонологияда, морфологияда және синтаксисте көп байқалады. Осы тіл деңгейлеріндегі көріністер лингвистикалық фактор аясында қарастырылады.
Үнемдеудің табиғаты күрделі болғандықтан, қазақ тіл білімінде ғалымдар өз зерттеулерінде тіл салаларының əр қырынан сөз еткен.
Қазақ лингвистерінің бір қатары, атап айтсақ, С. Аманжолов, М. Балақаев, І.Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, М. Томанов, А. Ысқақов, А. Айғабылов, Б. Сағындықұлы, К.Аханов, С. Мырзабектен, Р. Əмір, Ғ. Қалиев үнемдеу заңы əсерінен пайда болған өзгерістер туралы жазған құнды пікірлермен белгілі. Сөйлем мүшелерінің қызметінің жеңілдеуі мақсатында дыбыстардың түсіріліп айтылуы, яғни фонетикада үнемдеу құбылысы тілдің басқа салаларына қарағанда кеңінен зерттелді.
Фонетиканы зерттеген С. Мырзабектен «дыбыстық үнем сөздің құрамындағы жеке буын, дыбысты, дыбыстар тіркесін айтпау, үнемдеу болып табылады, басқаша айтқанда, сөзді ықшамдау деген сөз» дейді. Фонетикадағы үнемдеу құбылысын редукция, элизия, апакопа, синкопа, гаплология, т.б сияқты құбылыстар арқылы түсіндіруге болады. Редукцияның үнемдеу заңына қатыс дəрежесін қарастырып көрелік. Белгілі фонетист ғалым С. Мырзабектенің «Қазақ тілі фонетикасы» деген оқулығында: «Редукция бұл дауыстыларға байланысты құбылыс. Сөз ішіндегі дауыстының көмескіленуі», деген анықтама береді. Мысалы, бара алмадытіркесін айтылуда баралмады деп қысқартып қолданамыз.
Ғалым Б. Қалиев дауысты дыбыстардың түсіп қалу себептерін зерттегенде, барлық пікірлерді ескеріп, дауыстылардың үнемделуінің табиғатын толық ашуға тырысқан. Ғалым өзінің «Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың редукциясы» атты еңбегінде қысаң дауыстылардың түсіп қалу жағдайының түрлерін саралап көрсетеді. Олар: 1) қысаң дауыстылардың өз сапасы, 2) көршілес дауыссыздардың əсері, 3) екпінсіздік, 4) сөздердің морфологиялық түрленуі (дауысты дыбыстан басталатын қосымшаның жалғануы), 5) түркі тілдеріне ортақ байырғы сөздер жəне олардың қолданылу жиілігі.
Фонетикадағы үнемдеу жайын сөз еткенде морфонологияны зерттеген ғалым А. Айғабылұлының көңілге қонымды пікірлерінен айналып өту мүмкін емес. Ғалым былай дейді «...редукцияны екпінмен байланыстырушылар екпінсіз буынның редукцияланбайтынын жұмбақ ретінде атап отырды. Шындығына келгенде, егер екпіннің бары рас болса, ол қазақ тілінде сөздің соңғы буынында тұрса, дауыссыздан басталған қосымша жалғанғанда да, буынды жылжытып, екпінсіз буындағы дауысты редукцияланса керек еді» дей келіп, редукциялануға қолайлы жағдай туғызатын буын үлгісін былай көрсетеді: Қазақ тіліндегі дауысты дыбыс редукциясының себебін түсіну үшін үш мəселені атап көрсетеді: 1) буындардың сөзде қатарласа ашық түрде келуі (са-ғы-ну – сағну); 2) түсіріп айтылатын дауысты дыбыстың алды-артындағы дауыссыздардың өзара тіркесу мүмкіндігі 3) дауысты дыбыс редукциясының мағынаға нұқсан келтірмейтіндігі
Апакопа – сөз соңындағы дыбыстың түсіріліп қолдануы. Ғалым Б. Сағындықұлы сары сөзінің алғашқы формасы сарығ болғанын, яғни тілдің даму барысында ғ дыбысы түсіп қалып қолданысқа енгенін айтқан. Сол сияқты «Ұлық болсаң, кішік бол» мақалындағы ұлық, кішік сөздері қазірде соңғы дыбыстарынсыз айтылып кеткен. Тілдік үнем лингвистикалық өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылады да, коммуникация қажеттілігіне орай ерекше сəтті үйлесім табатын, қолдануға ыңғайлы сөздерді енгізеді. Соның бір жемісі деп гаплологияны айта аламыз.
Сіңісу, жылысу, ығысу құбылыстары да - үнемдеу заңының көріністері. К.Аханов еңбегінде: «Жіктеу есімдіктері мен сілтеу есімдіктеріне жалғанатын ілік септік жалғауының алғашқы түрі -ың, -ің түрінде болған. Бұл бастапқы форма (-ың, -ің) менің, сенің, оның есімдіктерінің құрамында сақталған. Тілдің даму барысынада морфологиялық жылысу процесінің нəтижесінде есімдіктерінің соңындағы н дыбысы жалғауға ауысқан да ілік септіктің жалғауы ұлғайып, (бір дыбыс қосылып) –ның, нің түрінде айтылып қалыптасқан».
Қарлығаш (қара ала құс), бел бау(белбеу), алып кел(əкел), алып кет(əкет), сегіз он (сексен), тоғыз он (тоқсан), олай еткені (өйткені) сияқты күрделі сөздер құрамындағы əуелгі компоненттері өзінің дыбыстық құрамын ықшамдаған, екіншіден, компоненттердің екеуі де бірдей, я біреуі дыбыстық жағынан əрі өзгеріп, əрі өздіөзіне тəн екпіндерінен айырылып, бір ғана екпінге ие болып, тұтасымен бір бүтін дыбыстық тұлға ретінде қалыптасқан.
Ежелгі түбірлердің сан мыңдаған жылдар да түрін адам танығысыз дəрежеде өзгертіп, кейде өлі түбірлерге айналғандығын зерттеуші Ж.Манкеева ажыратып көрсеткен. Қазақ тіл білімінде біршама жалғау мен жұрнақтардың шығу тегі жайында басы ашылған қорытындылыр кездеседі. Оған мысал ретінде көмектес септік жалғауының бірлə шылауынан жасалғанын айтып өтсек болады. Бұны да үнемдеу заңының əсерінен болған өзгеріс десек қателеспейміз. Ықшамдалған сөздердің мағынасы кейде көмескіленсе, кейде көмескіленбеуі де мүмкін. Ғ.Мұсабаев былай деп жазады: «Сөздің ішкі мағынасы сақталып, дыбысталу түрі өзгеретін де жағдайы болады. Мысалы, лақ деген сөздің бастапқы түрі оғуллақ болған, ол бірте-бірте мына сияқты өзгеріске түскен: оғуллақ→ оғу-лақ → оғы-лақ → оғ-лақ → о-лақ →ұлақ→ы-лақ →лақ. Сөйтіп, түбір жойылған да, бұрынғы түбірдегі мағына жұрнаққа ауысып, жұрнақ сақталып қалған». Зерттеуші Б.Сағындықұлы сөздердің этимологиясын жіті зерттегенде көптеген формалардың ықшамдалып кеткенін байқауымызға жəне оларды түрлі принциптермен қайта қалпына келтіргенде атабабамыз дүниені қалай қабылдап, түсінгенін білуімізге болатынын айтқан. Сөздердің бұрынғы формаларын тарихи ескерткіштерден кездестіруге болады. Б.Сағындықұлы нысанға алынған сөзді əр кезеңге жататын ескеркіштердегі нұсқаларымен өзара салыстыра отырып, мынадай факті келтіреді: «...қазақ тіліндегі «у» (тірі организмге əсер еткенде қалыпты тіршілік əрекеттерін күрт өзгертетін, не өлімге душар ететін химиялық зат) «Құдатғу билиг» əдеби мұрасында «урағун» (заһар, у): солындин урағун оңындин шакар (сол қолында – заһар, оң қолында шекер); «Хусрау уа Ширин» ескерткішінде «ағу» (уланатын зат, у): аңламас ағу йутар (аңдамаған у ішер). Сонда бұл сөздің даму схемасы былай бейнеленеді: урағун → ағун → ағу → ығу →ұу».
Синтаксистегі үнемдеу заңының көрсеткіштерінің бірі – толымсыз сөйлемдер. Толымсыз сөйлемдердің құрамы толық болмағанымен, тыңдаушыға айтайын деген ой толық жетіп, екі жақты түсінік орнайды.
Үнемдеу заңы жайында құнды пікірлерімен белгілі Б.Сағындықұлы метонимияны лексикадағы үнемдеу құбылысы қатарында қарастырады да, мынадай мысал келтіреді: «Жүйрік тоқтығын, жомарт жоқтығын білдірмес». Мұнда «ат, кісі» атаулары жəне екі рет қайталанатын «білдірмес» етістігінің біреуі қысқартылған. Бұл жерде мақалдың мазмұнына нұқсан келіп тұрған жоқ, қайта өткірлене түскен» - дейді.
Сонымен үнемдеу заңы – тіл атаулыға ортақ әмбебаптығымен, тіл деңгейлердің барлығын қамтитын жүйелілігімен, пайда болу себептерінің әр алуандығымен, тұрақтылыққа негізделетін нормалық сипатымен ерекшеленетін айырықша заң.