92. Еліктеу сөз, түрлері, жасалу ерекшеліктеріне тоқталыңыз
Еліктеу сөздер — табиғат құбылыстары мен жан-жануарларда болатын әр алуан дыбыстарға және олардың сын-сипат, қимыл-әрекеттеріне еліктеуден туған сөздер.
Еліктеу сөзінің шығу тарихына келетін болсақ, ең алғашқы адамдар тілі осы еліктеу сөздерінен барып шыққан деп ХVІІІ ғ. тілші-ғалымдар дəлелдеуге тырысса, ал, керісінше, қазіргі таңдағы батыс лингвистері олардың нақты лексикалық мағынасы жоқтығын алға тартып, оларды тілдегі сөз жүйесіне қосқылары келмейді. А.М. Щербак өзінің «Очерки по сравнительной морфологии тюркских языков» атты еңбегінде: «Еліктеу сөздер ерекше сөздер, олар да тілдік қатынас құралына жатады» десе, К.Құсайынов «Звукоизобразительность номинации в казахском языке» атты диссертациялық еңбегінде ары қарай нақтылай түседі.
Дионис Фракийский сөз таптарын сегізге бөлген. Осы қағидаға сүйене отырып, өзге елдің ғалымдары да орта ғасырларға дейін сөз табын сегіз деп келді. Оның ішінде еліктеу сөз табы болған жоқ. ХХ ғ. 20-жылдарына дейін еш зерттеле қоймаған еліктеу сөздерді көне түркі тілдерінің чуваш тілінде алғаш зерттеген Н.И.Ашмарин болды. Оны түркологиядағы еліктеу сөздің атасы деп таниды. Одан кейін Н.И. Ашмариннің салып кеткен жолын ары қарай зерттеп жүйелеген Н.К. Дмитриев болды. Ол оғыз тіліндегі еліктеу сөздерді зерттеді. Ары қарай Ресей мен Орталық Азия республикалары ғалымдары зерттеу нəтижесінде қомақты зерттеулер жарық көрді. Бірақ еліктеу сөздерді үндіеуропалық тілдердегідей 1950 жылдарға дейін түркі тілдерінде де бірде одағайлардың, бірде үстеулердің қатарында қарап келді. Қазақ тіліндегі еліктеу сөздермен ең алғаш А.Ысқақов, содан кейін Ш.Сарыбаев, А.Қайдаров, К.Құсайынов, Б.Катембаева, тағы басқалар зерттеген. Ал М.Жұбанова жəне А.Ислам ағылшын жəне қазақ тілінің еліктеу сөздерін кандидаттық диссертацияларында өзге тілдермен салғастырып қарастырған.
1948 жылы қазақ тіліндегі еліктеу сөзінің атасы ретінде тануға болатын А.Ысқақов осы мəселеге байланысты жазылған мақалаларында қазақ тілінде тағы бір сөз табын кіргізуді ұсына келе көптеген зерттеулер нəтижесінде 1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» еңбегінде еліктеу сөзді 9-шы сөз табы ретінді кіргізіп, қазақ тіл біліміне өзгерістер енгізді. Содан бері еліктеуіш жəне бейнелеуіш сөздер кеңінен зерттеліп, жеке дара сөз табы ретінде тілдік категория болып есептелінді.
«Еліктеуіш сөздер семантикалық жағынан алғанда, біріншіден, табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-бірімен қақтығысу я соқтығысуларынан тұратын, сондай-ақ неше түрлі жан-жануарлардың дыбыстау мүшелерінен шығатын, əр түрлі қимыл əрекеттерінен туатын, əрқилы дыбыстарға еліктеуден пайда болған түсініктерді білдірсе, екіншіден, сол табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың жəне түрлі жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаты мен қимыл-əрекеттерінің қилы-қилы көріністерінен пайда болған түсініктерді білдіреді» деген анықтама берілді.
Семантикалық тұрғыдан еліктеу сөздер екіге бөлінеді:
1. Елiктеуiш (еліктеме) сөздер дегенiмiз - өзiне тән лексика-семантикалық мағынасы адамның есту мүшесі құлақ арқылы дыбысқа еліктеу ұғымын білдіретін еліктеу сөздердің бір мағыналық түрі.
Адамның тыныс мүшесі арқылы шығарылатын дыбыстау мағынасын білдіретін еліктеуіш сөздер тілімізде көп. Мәселен, бір ғана ұйықтауға байланысты еліктеу сөздер ішкі мағыналық реңіне қарай «қор-қор, пыс-пыс, быр –быр» сияқты сөздермен беріледі.
Адамның көңіл-күйіне қатысты күлудің он бес түріне Ш.Сарыбаев мына еліктеу сөздерді атайды: «ду күлу, жырқ-жырқ күлу, кеңк-кеңк күлу, қарқ-қарқ күлу, мыңқ-мыңқ күлу, мырс етіп күлу, сақ-сақ күлу, солқ-солқ күлу, сық-сық күлу, сылқ-сылқ күлу, сыңғыр-сыңғыр күлу, таңқ-таңқ күлу, тарқ-тарқ күлу, шаңқ-шаңқ күлу, ырқ-ырқ күлу, т.б.» (47.) келтіреді.
Түрлі жан-жануарлар, хайуан, аң-құстардың дауыстарына еліктеуден пайда болған түрлі еліктеуіш (еліктеме) сөздер де бар. Мысалы, : «Бақ-бақ еткен текені, қар жауғанда көрерміз...» деген сөйлем ішінде келген «бақ» еліктеуіш сөзі еркек жынысты ешкі малы шығаратын дыбыс мағынасын білдірсе, «Құлындар шіңгір-шіңгір кісінесіп, ойнақтап тұяғымен көтерді шаң» деген өлең жолындағы «шіңгір-шіңгір», жылқы малының құлына тән кісінегенде шығаратын дыбысқа еліктеуден туған еліктеуіш сөз.
Адам организмінде болатын алуан түрлі сезім құбылыстары су-су, дүрс-дүрс, зырқ-зырқ, лүп-лүп, лып-лып, дір-дір, зу-зу, зың-зың, зырқ-зырқ, даң-дұң, әңкі-тәңкі, шың-шың, дың-дың, астан-кестен, ың-жың, мең-зең, алай-түлей, ұйқы-тұйқы, алау-жалау, сап-сап, әлем-жалам сияқты еліктеме сөздер арқылы беріледі.
Еліктеуіш сөздер тілде қолданылған жеріне әрдайым әсемдік, ықшамдылық сипат беріп, шығарма тілін көріктендіріп тұрады. Мысалы: Бермеймін демеймін-ау, салдыр-гүлдір жүрісіңнен қорқамын. Аюкеме оңашалана бергенде, күңк етіп қалып едім, шоқ басқандай зыр ете түсті.
2. Бейнелеуiш сөздер - табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет қимылдарын көру мүшесі –көз арқылы қабылданған бейне-көрiнiстердiң атаулары. Бейнелеуіш сөздер адамның, не түрлі заттардың қимыл-әрекетінің бейнелі еліктеу мағынасын білдіреді. Мысалы, «Саусақтары бұлың-бұлың етті де кетті», «Аттар борт-борт желіді»; «Бұланбай мен Алшағырдың үй іштері көшіп келіп, абыр-сабыр болып қалды»- деген сөйлемдерде адам саусағының, аттың жүрісінің, адамдардың түрлі қимыл әрекетінің көрініс бейнелері «бұлың-бұлың, борт-борт, абыр-сабыр» бейнелеуіш (бейнелеме) сөздерінің мағынасы арқылы берілген.
1. Адам мен хайуанаттардың, құстардың жүрістерінің бейне-сипатын білдіретін бейнелеуіш сөздер тобына «алшаң-алшаң, тайраң-тайраң, апыл-тапыл, қаз-қаз, қақшаң-қақшаң, митың-митың, байпаң-байпаң, күйбең-күйбең, талтаң-талтаң, маң-маң, қойқаң-қойқаң, тепең-тепең, шоқаң-шоқаң» т.с.с. сөздер жатады.
2. Адамдар мен хайуанаттардың, құстардың қимыл, іс-әрекеттерінің сырт тұлға көріністерін бейнелейтін сөздерге «қылт-қылт, қылтың-қылтың, елбек-елбек, елең-елең, еңкең-еңкең, мықшың-мықшың, қыбжың-қыбжың, қутың-қутың, елбек-елбек, сылқ-сылқ, былқ-былқ, қалт-құлт, ербең-ербең, шыбжың-шыбжың, қаужаң-қаужаң, шошаң-шошаң» сияқты сөздер жатады.
3. Көру сезімі арқылы танылатын әр қилы заттардың құбылып көрінуі және адамның бет пішінінде болатын қуаныш, реніш сияқты реңктердің, құбылыстардың бейнелерін білдіретін сөздер тобына «жарқ-жұрқ, жалт-жұлт, мөлт-мөлт, жымың-жымың, лау-лау, лап-лап, лып-лып, алау-жалау, жылт-жылт, алай-түлей, бұлдыр-бұлдыр, ұйқы-тұйқы, бұрқ-бұрқ, алай-түлей, елең-алаң, апақ-сапақ, қылаң-қылаң, жалба-жұлба, тоз-тоз, құж-құж, ығы-жығы, айқыш-ұйқыш, олпы-солпы» тағы осы сияқты мағынадағы бейнелеуіш сөздер жатады.
4. Ойламаған жерден, қапылыстан, кенеттен шұғыл істелетін қимылдың көрінісін, құбылысын бейнелеу мағынасын білдіретін сөздерге «сау-сау, сумаң-сумаң, қылп-қылп, зып-зып, қылт-қылт» сияқты сөздер жатады.
5. Қимыл процестің тәртіпсіз, жүйесіз астан-кестен, үсті-үстіне болған қалпын білдіретін бейнелеуіш сөздер мағынасын «жапыр-жұпыр, астан-кестен, абыр-сабыр, ойран-топыр, қапыл-құпыл, опыр-топыр, бұлан-талан, ұмар-жұмар» бейнелеуіш сөздері білдіреді.
Бейнелеуіш сөздердің көпшілігі ауыспалы мағынада жиі қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |