Ii оқушы бойындағы шығармашылықты қалыптастырудың педагогикалық негіздері


Шығармашылық қабілетті дамытудың жолдары



бет4/8
Дата13.06.2023
өлшемі69,82 Kb.
#100942
1   2   3   4   5   6   7   8
1.3. Шығармашылық қабілетті дамытудың жолдары

Оқушылардың шығармашылық әрекеті мен танымдық қабілеттерін арттыруда мәтіннің алатын орыны ерекше. Әдеби шығарманы оқып — үйренуде оқушы өзінің шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, сол оқыған туындысы негізінде ой — тұжырымдар, дұрыс пайымдаулар, тың қорытындылар жасауға ұмтылады. Мәтіндерді оқу, талдау барысында оқушылардың оқиғаға қатысты өз ойларын жеткізулеріне, әңгіме кейіпкерінің қылықтарын бағалай білуіне, автордың оқиғаға қатысы, көзқарасы қандай екендігін анықтай алуына назар аударылуы тиіс.


Жаттығулар мақсатына қарай тіл дамыту, тіл ұстарту, сөз мәдениеті құралдарын қолдану жаттығулары деп, ал тапсырмалар сипатына қарай ізденімдік, проблемалық және шығармашылық болып бөлінеді. [7]
Проблемалық және шығармашылық тапсырмалар оқушылардың ойлау, танымдық, қатысымдық қабілеттерін дамытуға бағытталады. Бұл жұмыстарда мәтіндерді редакциялау, мәтін бойынша өзгеше нұсқа құру, эссе, шағын шығарма жаздыру секілді жұмыстармен қатар жоба жасау, проблемалық жағдаяттарды шешу, сөзжұмбақтар және т.б. әрекеттер қамтылады. Жазба жұмыстарының ішінде оқушылардың өзіндік ойын, тілін қалыптастырудағы жұмыс түрі шығарма болып табылады. Ол- оқушылардың шығармашылық еңбегі. Оқушыға шығарма жазғызудағы мақсат - оның ойын, пікірін әдеби тілмен жатық, сауатты жаза білуге және шығармашылық ізденіске баулу, логикалық ой өрісін кеңейтуге машықтандыру. Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі -мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер, бейнелі сөздер оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін сөздер мен сөйлемдерді бір — бірімен байланыстыруға жаттығады. Мазмұндама жаздыру- оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігі мен мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең бастысы - қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынадай түрлерін жүргізуге болады: дайын мәтін бойынша мазмұндама, сурет бойынша мазмұндама, аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама. Жазба жұмыстары оқушылардың танымдық белсенділіктерін, ойлау жүйесін арттыруға көмектеседі. Жазба жұмыстарынан әр баланың өзіндік көзқарасы, эстетикалық және адамгершілік танымы, эмоциясы, пікірі, талдау, қорытындылау, салыстыра білу және одан қорытынды жасау қасиеттері байқалып тұруы қажет.
Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Олар:
1.Шығармашылық қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;
2.Жүйелі түрде шығармашылық әрекет жағдайында болу;
3.Шығармашылық іс- іс-әрекетке жағдай туғызу.
Шығармашылыққа баулудың, өзіндік іс-әрекетін ұйымдастырудың төменде-гідей түрлері бар:
*Тақырыпты мазмұнына сай жинақтау
*Арнайы бір тақырыпқа пікірталас тудыру
*Шығарма, шағын әңгіме құру
*Сөзжұмбақ құру, шешу
*Қиялдау арқылы сурет салу.
Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы талант көзін ашып тілін байыту қиялын ұштаумен өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді. Қазіргі кезеңде білім беру саласындағы әлемдік білім кеңістігіне ұмтылу - мектеп оқушыларының дербестігін, ізденімпаздығын, белсенділігі мен шығарма-шылық мүмкіндіктерін дамытуды талапетеді. Сондықтан оқушылардың мектепте оқыпжүрген кезінде олардың ойлау белсенділігін дамытып, білімі мен біліктерін өмірдің жаңа жағдайында пайдалана білуге үйрету қажеттілігі туындайды. Бұлміндеттердің жүзеге асуы оқушылардың шығармашылық іс-әрекеттерін оңтайлы ұйымдастыруға тікелей байланысты.
Шығармашылық — танымдық іс-әрекет нәтижесі болып табылады. Осы жерде шығармашылық ұғымына тоқтала кетейік. Шығармашылық дегеніміз— өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін өнім алуға мүмкіндік жасайтын жеке тұлғаның бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктіліктің, түрткінің (мотивтік) болуы. [8]
Көптеген зерттеулерді талдау нәтижесінде шығармашылық іс-әрекет нәтижелері оқушының жеке тұлғасына, біліктерінің жетілуіне, психологиялық тетіктер аркылы оң әсерлері баррефлексия нәтижесінде өз әрекетіне және соләрекеттің бірлескен іс-әрекет мазмұны мен түрінесәйкес көзқарастары қалыптасатыны анықталыпотыр.
Оқу үрдісінде танымдық тапсырмаларды орындау шығармашылықты, ізденімпаздықты талап етеді, сондықтан мұндай тапсырмаларды орындау: өзекті мәселені табу, мақсаты мен міндеттерін айқындау, зерттеу әдіс-тәсілдерін белгілеу, болжам құру, болжамды тексеру, нәтиже, іс-әрекет рефлекциясы кезеңдерімен жүзеге асады.Оқу жұмысына шығармашылық мақсат қою, оныжоспарлау оқушыдан зеректік, ізденімпаздық, енбеққорлық, шабыт, мақсаткерлік, белсенділік, қызығушылық, өмірлік белсенді ұстаным сияқты көптеген касиеттерді талап етеді. Мұғалім оқушылардың танымдық іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру біліктерін дамытуы кажет.Оқушылардың шығармашылық іс-әрекетін жетілдіру бағыты танымдық біліктерінің қалыптасу белгілеріне, танымдық тапсырмаларды орындау мүмкіндіктеріне қарай оларды шартты түрде мынадай 3 топқа бөлуге болады.
Бірінші топ— танымдық іс-әрекетте табанды, міндеттері мен мақсатын біледі; ізденімпаз, пән бойынша дербес шығармашылық жұмыстарға белсене қатысуымен ерекшеленеді.
Екінші топ – ізденіске ұмтылады, бірақ шығармашылық тапсырмаларды орындауға барлық уақытта бірдей бейімділік көрсете бермейді. Танымдық тапсырмаларды орындау әдіс-тәсілдерін табуға құлшыныс білдіреді; тапсырма-ларды орындауда мұғалім көмегін кажет етеді.
Үшінші топ— шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды орындауға құлықсыз; белсенділігі төмен; репродуктивті сипаттағы тапсырмаларды ұнатады; жұмысты орындауда үлгіні кажет етеді, оны орындауда көмекті қажетсінеді. Сонымен, шығармашылық іс-әрекет талаптарын, сондай-ақ оларды мектепте ұйымдастыру жолдарын зерттеу — мәселені дамытып, жетілдіру тетігін анықтауға және мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді:

  1. оқушылардың шығармашылық дербестігін дамыту арқылы оның жеке тұлғасын қалыптастыруға болады;

  2. танымдық іс-әрекет түрлері төменнен жоғарықарай, кезекті түрде, белгілі бір ретпен, жүйемен жүргізілуі нәтижесінде шығармашылығы дамиды;

  3. танымдық іс-әрекетті дұрыс ұйымдастыру біліктері мен ізденімпаздықтың қалыптасуы оқушыларды шығармашылыққа баулиды;

Оқушыларды танымдық тапсырмаларды орындау мүмкіндіктеріне қарай топтарға бөліп, сәйкес жұмыстүрлерін таңдап, жүйелі жұмыс жүргізудің маңызы зор. Танымдық іс-әрекетте дәстүрлі емес әдіс-тәсілдерді пайдалану зияткерлік қабілеттерін дамытып, оқу-танымдық және ғылыми ізденістер жасауға талаптандырады. Оқушылардың танымдық ізденімпаздығын қалыптастыруға бағытталған шақтар түрлері төртке бөлінеді: «танымдық, коммуникативтік, шығармашылық, әдіснамалық».
Оқушылардың танымдық ізденімпаздығын арттыруда шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін өткізудің маңызы зор.Мұндай түрдегі сабақтардағы түрлі оқу жұмыстары оқушының шындық белсенділігін арттырып, оқу мен ойлау әрекетінің тиімді амал-тәсілдерін, яғни материалының негізгі ұғымдары мен тұжырымдарын айыру, жаңа материалды өткен материалмен салыстыру оларды белгілі жүйеге топтастырады және қортындылау жасау сияқты амалдарды дайындауға үйренеді. Шығармашылық сабақтардың жоспарын жасауда оқушының шығармашылық әрекетінің бағдарына сәйкестендіріп, олардың қабілеттері ескерілуі тиіс. Оқушылардың шығармашылық әрекетін тудыратын сабақтарды өткізу жоспары мен кезеңдерін қарастырамыз. Шығармашылық сипаттағы сабақтардың жоспарын жасау үшін тақырыбы, мақсаты, әрекет түрі және нәтижелері бір-біріне жуық байланысты сабақтарды топтастырып, таңдап алуға болады. Жалпы бағдарламада көрсетілген пәндік сабақтардың әр тарауында жететін жетістіктері негізінде оқушылар білім алуда нәтижеге жетеді. Оқушылардың шығармашылық әлеуетін көтеруді мұғалім алдына мақсат етіп қояды. Мұғалім оқушы күйіне кіріп, олардың тақырыпқа қатынас әрекетін ойлайды, өтілетін сабақтың проблемасына қажет жағдайда жоспарланған сабақ мазмұны мен оқыту әдістеріне түзетулер енгізеді.Сабақ тақырыбы бойынша мұғалім оқулықтар, кітаптар, әдістемелік кітаптар, басқа да материалдармен танысады. Мұғалім өзіне, оқушыларға қызықты болатын мәселелерді іздестіреді. Осы мәселелер жөнінде көптеген материалдарды қарастырып, мамандардың пікірлерін ескере отырып, табу қажет. Әр оқушының пән бойынша ізденімпаздық деңгейлері анықталады. Сонымен қатар пәнге қабілеттілігі, қызығушылығы анықталады. Шығармашылық — әр оқушының жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерінің, танымдық іс-әрекеттері мен дағдыларының дәрежесін көрсетіп береді.
Шығармашылық дегеніміздің өзі ізденімпаздықтан туады.Баланың өзіне деген сенімін туғызу, өзінен шығармашылық қасиет іздете білу. Шығармашылыққа баулу, қалыптастыру процесі нақ мектепте басталады. Кез-келген оқушы мұғалімнің басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады.
Оқушы шығармашылығын дамытуды ұйымдастыру, балаға ақыл-ойәрекетін меңгеруге жағдай жасау деп қарастыру қажет. Дамыта оқыту сабақтағы ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекеттерді ұйымдастыра тын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана баланың интеллектісінің көзін ашып, шығармашылық қабілетін дамытады.Шығармашылық тұлғаны дамытуды ең алдымен шығармашылық ойлаудан бастау керек. Ал шығармашылық ойлауды дамыту үшін не істеу керек? Ол үшін әр түрлі жаңа технологияларды сабақта үнемі пайдалана отырып, жаңа нәтижеге жету қажет. Шығармашылық ойлауды дамытуға жетелейтін тапсырмалар жаңа буын оқулықтарында орын алған. Оқушының шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін осы тапсырмаларды түрлендіріп және жаңа технологиялардың түрлі әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану жолдарын үнемі іздестіріп отырамын. Мысалы, Қазақ тілі оқулығында С.Сейфуллиннің «Туған ел» өлеңін өткен кезде ТРИЗ бағдарламасы бойынша бақылау сұрақтарын пайдалана отырып «Туған жер» тақырыбында шығарма жұмысын алдым.
1. Туған жер деген сөзді естігенде сен қандай сезімде боласың? 2. Көз алдыңа нелер елестейді? 3. Мұрныңа қандай иіс келгендей болады? 4. Туған жеріңе қандай жақсылықтар жасағың келеді? Бақылау сұрақтарын түрлендіре отырып түрлі тақырыпта ертегілер жазғыздым. Оқушылар бақылау сұрақтары арқылы өз ойларын еркін, бүкпесіз жеткізе білді. Оқу мен жазу арқылысын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы да оқушыны шығармашылдыққа жетелейді. Оның «Синквейн», «Венн диаграммасы», «Еркін жазу», «Ассоциация» т.б. әдістерін пайдаланып отырамын. Ал «Ақыл-ой Одиссеясы» технологиясы да оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға зор үлес қосады. Шығармашылық қабілеттер шығармашылық елес, шығармашылық ойлау арқылы қалыптасатындықтан, ойдың жылдамдығы, икемділігі, тапқырлығы, дәлдігі маңызды рөл атқарады. «Ақыл-ой Одиссеясы» бағдарламасының теориялық негізі ретінде жоғарыда аталған әлемдік деңгейдегі ғалымдардың тұжырымдамаларымен бірге Д. Гилфорд, Е. Торренс, А.Осборн сияқты шығармашылық теориясын жасаған ғалымдар еңбегі алынады. Бағдарламаның құрылымы 2 бөлімнен тұрады. Лезде шешілетін тапсырмалар және ұзақ мерзімді тапсырмалар. Лезде шешілетін тапсырмаларды тілдік, яғни сөзбен айтуға, тілмен жеткізуге арналған, манипуляциялық (заттарды құрастыру) және аралас (сөзбен әрі іспен, әрекетпен шешу) болып үшке бөлінеді. Лезде шешілетін тапсырмалар мен ұзақ мерзімді тапсырмалардытүрлендіре отырып,әсіресе тіл сабақтарында қолданған өте қолайлы.Осындай тапсырмаларды қазақ тілінен сөз таптарын өткенде былайша қолдандым. Сын есім тақырыбын өткен кезде ауызша тез арада қызықты ертегі құрастырдық.Әр оқушы оқиға желісін байланыстыра отырып бір сөйлемнен құрастыруы тиіс және ол сөйлемдердің ішіне сын есімді қатыстыруы керек. Мысалы, «Ертеде бір қызыл түлкі болыпты. Бірде ол серуендеп келе жатса, аддынан аппақ көжек шыға келіпті. Түлкі одан: -Сенің тоның өткенде ғана сұр сияқты еді ғой,-деп сұрапты. Көжек оған өзінің сиқыршы көжек екенін айтыпты. Қызыл түлкі одан қорқып тиіспей кетіп қалыпты. Тапқыр көжек осылайша аман құтылыпты» деген ертегі құрап шығарды.Бұлайша шапшаң ертегі құрастыру оқушылардың ертегі құрауға деген қызығушылықтарын арттырды. Қорыта айтқанда, жаңа технологиялардың әдіс-тәсілдерін сабақта және кластан тыс жұмыстарда үнемі түрлендіріп, тиімді пайдалану, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытудың бірден-бір жолы. Соның негізінде ғана тіл байлығы мол, сауатты да шығармашыл, елінің ертеңін ойлар жас жеткіншектерді тәрбиелей аламыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет