Қылмыстық процестегі жедел-іздестіру



бет31/35
Дата21.04.2022
өлшемі487 Kb.
#31711
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   35
Байланысты:
Дип.-ҚЫЛМЫСТЫҚ-ПРОЦЕСТЕГІ-ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ-ӘРЕКЕТТЕРІ-1

ІІІ-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІН ЖҮРГІЗУ БАРЫСЫНДА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫН САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕЛУІН ЖЕТІЛДІРУ
Қазақстан Республикасында Конституцияның 12 бабына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және кепілдік беріледі.

А.С. Байкенжеевтің пікірінше, «Қазіргі таңда Қазақстанның құқықтық дамуының ең басты өзекті мәселесі – заңнаманың жетілмеуінде. Адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның ұлттық заңнамасын халықаралық нормалармен сәйкестендіру. Қазақстанның қазіргі таңдағы заңнамасының анализі әлемдік стандартқа тек Қазақстан Республикасының Конституциясы ғана сәйкес. Ал қалған заңнама қайта қаралуға жатады».27

Жедел-іздестіру қызметі қылмыстылықпен және шетелдік арнайы қызметтер мен халықаралық ұйымдардың сыртқы экспансиясымен күресте табылмас құрал болып табылады.28 Оны жүргізу барысында азаматтардың жеке өміріне, ұйым, мекеме, кәсіпорындардың мүдделері бұзылмай қоймайтындығы сөзсіз. Сондықтан да заңшығарушы Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңда заңмен көзделмеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды жүргізу барысында алынған хабарламаларды пайдалануға жол берілмейді деп көрсеткен.29 Мысалы, жедел-іздестіру қызметінің құралдары мен әдістерін туыстық және таныстық байланыстарды, құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы жоқ тұлғаларды тексеру үшін қолдануға, оларға қатысты мәліметер жинауға тыйым салынады. Алынған мәліметтерді бопсалау немесе насихаттау мақсатында қолдануға, өзге заң бұзушылықтар жіберуге, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін шектеуге тыйым салынады.

Жасырын түрінде жүргізілген жедел-іздестіру жұмысының әдістерінде, әрине билікті теріс пайдалану және адам құқықтарының бұзылу қаупі бар. Алайда демократиялық мемлекет проблемасы осы әдістерді заңдылықты және адамның негізгі құқықтарын бұзбай пайдаланудан тұрады. Жедел-іздесіру қызметін жүзеге асырушы органның іс-әрекеті жөнінде жоғары тұрған органға, не прокурорға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Қылмыстық процестегі жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу кезінде заңдылықты қорғаудың бірнеше деңгейлері іске қосылады:


  1. Азаматтық құқықтар мен бостандықтарды жариялайтын және кепілдік беретін Қазақстан Республикасы Контитуциясының ережелері (1995ж.);

  2. Мемлекеттік қызметтің осы түрін анық реттейтін Қазақстан Республикасының «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңы;

  3. Дәлелдемелер ұғымдарын, дәлелдемелер алу құралдарының толық тізбесін беретін олардың дерек көздерін және т.б. анықтайтын қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормалары;

  4. Билік шегінен шығу және заңдылықтың өзге бұзушылығы үшін қылмыстық жауапкершілкті белгілейтін қылмыстық заңдардың нормалары;

  5. Алдын ала анықтау мен алдын ала тергеуге ғана емес, жедел-іздестіру қызметіне де прокурорлық қадағалау;

  6. Сот бақылауы: а) сот мәжілісін белгілеу мүмкіндігі жөніндегі мәселені шешу кезінде (ҚІЖК-нің 300б. 4т.); б) істің алдын ала тыңдалуы барысында (ҚІЖК-нің 301б. 6т.); в) басты сот талқылауын белгілеу кезінде (ҚІЖК-нің 302б. 1т.); г) сот тергеуі барысында, дәлелдемелердің қатыстылығы мен жеткіліктілігі жөнінде мәселенің шешілуі кезінде.

Заңдылықтың бұзылуынан қорғаудың объективті факторлары қатарына біз заң білімінің және арнайы білімнің болуын жатқызамыз.

Сонымен бірге маңызды, анықтаушы факторлар жедел-іздестіру қызметі субъектісінің жеке қасиеттері: кәсібиліктің жоғары деңгейі және оның ар-ожданы болып табылады. Кәсіби тұлға өнегелі өзін-өзі бақылауды жүзеге асыруға, өзі үшін тұтас адамгершілікті және құқықтық міндеттерді өз бетінше тұжырымдауға, өзінен олардың орындалуын талап етіп, істелінген қылықтарына баға беруге қабілетті болғанда жедел-іздестіру қызметінің заңдылығына кепілдіктер, әсіресе жасырын әрекеттерді өткізу кезінде айтарлықтай жоғары болады.

Көрсетілген факторды заңдылықтың аса маңызды кепілдіктерінің бірі ретінде атап көрсетіп, оны қоғамның өнегелі жай-күйінен тыс көрсетуге болмайды, өйткені тұлғаны сипаттайды, өйткені тұлғаны сипаттайтын әлеуметтік маңызы бар белгілердің тұрақты жүйесі қоғамның шынайы жағдайында қалыптасады.

Жедел-іздестіру әрекеттерін жүзеге асырудың заңдылығы ведомстволық бақылаумен және прокурорлық қадағалаумен қамтамасыз етіледі.

Жедел-іздестіру әрекеттерін ұйымдастыру және жүргізу кезіндегі ведомстволық бақылауды осы әрекеттерді жүзеге асыратын орган басшылары тікелей қамтамасыз етеді. Бұл ішкі бақылау секілді.

Сонымен бірге, жоғары тұрған ведомстволық органдар да оларға бағынышты органдардың жедел-іздестіру қызметін бақылауды қамтамасыз етеді. Бақылаудың осы түрін шартты түрде сыртқы деп атауға болады.

Мысалы, аудандық ішкі істер бөлімшесінің жедел-іздестіру аппаратының басшысы өзіне бағынышты қызметкерлерінің жедел-іздестіру әрекеттерін өткізу үстінен бақылауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Аудандық ішкі істер бөлімінің жедел-іздестіру қызметі үстінен бақылауды Аудандық ішкі істер бөлімі бағынатын Ішкі істер басқармасының жедел-іздестіру аппараты да жүргізеді. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы өзге де органдар жүйесіндегі ведомстволық бақылау да осыған ұқсас ұйымдастырылған.

Жедел-іздестіру қызметіндегі заңдардың орындалуы үстінен қадағалауды Қазақтан Республикасының Бас прокуроры мен оған бағынышты прокурорлар заңдармен белгіленген құзырет шегінде жүзеге асырады.

Осыған орай 1995 жылы 21 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы туралы» Заңының IV тарауына жүгіну қажет.

Жедел-іздестіру қызметінің үстінен прокурорлық қадағалаудың пәні:


  1. көрсетілген қызметті жүзеге асыру барысында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы;

  2. жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу;

  3. жедел-іздестіру әрекеттерін жүзеге асыруға өкілетті органдар мен лауазымды адамдардың актілері мен іс-әрекетерінің заңдылығы.30

Прокурордың жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттігі жоғарыда аталған Заңның 35-бабымен реттелген. Прокурорға берілген өкілеттіктер айтарлықтай кең, сондықтан қадағалау қызметін тиімді атқару үшін жедел-іздестіру қызметін терең білуін талап етеді.

Жедел-іздестіру қызметіне қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурор:



  1. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардан жедел-іздестіру қызметінің барысы туралы жедел істерді, материалдарды, құжаттар мен мен өзге қажетті мәліметтерді тексеріс үшін алады.Бірақ прокурор жедел-іздестіру қызметін жасырын негізде жүзеге асыратын органдарда қызмет ететін немесе қызмет еткен азаматтардың жеке басы туралы мәліметтерді талап етуге және алуға құқылы емес.

  2. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың арнайы жедел-іздестіру әрекеттерін өткізу заңдылығын тексереді. Олардың кейбіреулері не тиісті дәрежедегі прокурордың рұқсатымен, не соңынан прокурорды хабардар ету арқылы жүргізілуі тиіс екенін еске сала кетейік.

  3. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдар мен арыздарды қарайды. Мұндай шағымдар қатарына Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңының ынтымақтастық жасау еркіндігі жөніндегі талабына қарамастан азаматтарды жасырын ынтымақтастық жасауға мәжбүрлеу туралы шағымдар жатқызылуы мүмкін.

  4. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар шығарған жедел-іздестіру әрекеттерін ұйымдастыру мен өткізу тактикасын реттейтін Конституцияға, заңдарға және республика Президентінің актілеріне қайшы келетін нормативтік сипаттағы актілерге наразылық жасайды. Әрине, жедел-іздестіру әрекеттерінің тактикасына қатысты нормативтік актілердің бірқатары мемлекеттік немесе өзге заңмен қорғалатын құпияны сақтаумен кездеседі, сондықтан да жариялауға тиесілі емес және ашық баспасөз жарияланбайды. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың орталық аппаратының нормативтік сипаттағы ведомстволық актілерді дайындауы, әрине Конституциямен және басқа да құқықтық нормалармен келісіледі. Жедел-іздестіру әрекеттерін ұйымдастыру және жүргізілу тактикасына қатысты ведомстволық нормативтік актілерді жариялау Қазақстан Республикасының Бас прокурорымен немесе оған бағынышты прокурорлармен келісіледі. Егер де қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурор жариялау кезінде прокурормен келісілуін қажет етпеген және заңнамаға қатысты қайшылықтардан тұратын жедел-іздестіру қызметіне қатысты ведомстволық нормативтік актілерді анықтаса, мұндай актілерге шапшаң наразылық білдіруге міндетті.

  5. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырған кезде заңның, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылғаны анықталған жағдайда өзінің қаулысымен жедел-іздестіру әрекеттерін тоқтатады. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын орган жетекшісі белгіленген тәртіпте прокурордың шешіміне шағым беруге құқылы, бірақ сонымен бірге жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілуін тоқтатуға міндетті.

  6. Жедел-іздестіру әрекеттерін жүзеге асырған кезде құқыққа қарсы әрекеттерге жол берген қызметкерлерге қатысты:

    • қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерін анықтап, қылмыстық іс қозғау туралы;

    • тәртіптік теріс қылық белгілері орын алған кезде тәртіптік іс қозғау туралы қаулы шығарады.

  7. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырған кезде заңды бұзудың анықталған фактілері бойынша өзінің құзыретіне кіретін прокурорлық қадағалаудың өзге де актілерін шығарады.

  8. Заңсыз ұсталған адамдарды босатады.

  9. Қажет болған кезде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар басшыларынан заң бұзушылықты жою мақсатында өздеріне бағынышты органдарда тексеріс жүргізуді талап етеді.

  10. Заңдарда белгіленген жағдайларда жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге санкция береді.31

Қылмыстарды әзірледі немесе жасады деген кінәсі заңмен белгіленген тәртіпте дәлелденбеген адам жедел-іздестіру қызметін жүргізуші органнан өзін тексеру үшін негіз болған мәліметтерді талап етуге құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 18 бабының 3 тармағында көрініс тапқан. Онда мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті делінген. Конституцияның 39 бабының 1 тармағы бойынша адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін. Міне сондықтан да жедел-іздестіру қызметінің субъектілерінен жоғары білікті және мінсіз жұмыс істеу талап етіледі.

Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның арызданушыға қажетті мағлүматтарды беруден бас тартуы туралы шешімін негізсіз деп таныған ретте, судья өзінің ұйғарымымен, ал прокурор – ескертумен аталған органды мағлұматтарға беруге міндеттей алады.

Жедел-іздестіру қызметінің нәтижесінде алынған адамның жеке өміріне, ар-ожданы мен қадір-қасиетіне қатысты мәліметтер, егер оларда заңмен тыйым салынған іс-әрекеттер жасағаны туралы хабарлама болмаса, сақталмайды және жойылуға тиіс. Өмірге, ар-ождан мен қадір-қасиетке қатысты мәліметтер – адамда бар ең басты, маңызды, оның жеке өміріндегі, тұрмысындағы, психологиясындағы құндылық туралы міліметтер. Ол мәліметтер адамның тұлға болып қалыптасу және өзін ұстаудағы фундаментальды процесінде орныққан. Бұл құбылыстарды әрбір адам маңызды жеке құндылығы деп санайды және өзгелер үшін олар жабық болып табылады. Егер оны жария етіп берсең адамның жаны ауырып, ұзақ психикалық жүйке ауытқуларына, депрессияға ұшырауы мүмкін.32

Сонымен бірге, жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуді құқықтық реттеудің де мәселелері бар екен. Жедел-іздестіру әрекеттерін құқықтық реттеу дегеніміз - жедел-іздестіру қызметінің туындаған, жалғасып жатқан және тоқтаған қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында мемлекеттің нормативтік-биліктік әсері.

Жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуді құқықтық реттеудің мәселелерінің бірі – Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметінің сыртқы барлау қызметін қамтуында. Ресейде сыртқы барлау қызметі арнайы дербес заңмен реттеледі, жедел-іздестіру қызметі сыртқы барлау қызметінен бөлек қызмет болып табылады. Оның өзі бір уақытта жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың сыртқы барлау қызметін жүзеге асыруына әкеп соғып отыр. Солардың бірі болып табылатын ҚР ҰҚК сияқты органдардың мемлекеттік аппараты күшеюі кезінде оның саяси мақсаттарда өз азаматтарына қатысты қылмысты іс-әрекеттер жасау құралына айналуы мүмкін. Себебі сыртқы барлау қызметін жүзеге асыру ешқашанда ешбір мемлекетте жариялануға жатпайтын нормативтік актілерге сүйенеді. Сыртқы барлау қызметі мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында адамдарды өлтіруге, олардың денсаулығына зиян келтіруге, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге жол береді. Мұның өзі республикада адам құқықтары мен бостандықтары екінші орынға ысырылып қалғандығын көрсетеді, оларды сақтауда, қорғауда кепіл бола алмайды.

Сондықтан жедел-іздестіру қызметінен заң дәрежесінде сыртқы барлау қызметін бөліп шығару қажет және оны реттейтін «Сыртқы барлау қызметі туралы» арнайы заң шығару қажет. Сонда ғана Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына толық кепіл болады.

Тағы бір айта кететін жағдай – заңмен қорғалатын жеке өмірге тиіспеушілік, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары мен пошта жөнелтілімдері құпиясын, сондай-ақ тұрғын үйді қол сұғудан қорғау құқығын қозғайтын жасырын (арнайы) жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізудің шекті мерзімдерінің заңмен белгіленбеуінде. Әрине, ондай мерзімдер құпия ведомстволық нормативтік актілермен белгіленуі мүмкін, бірақ олар заңмен қорғалатын жеке өмірге тиіспеушілік, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары мен пошта жөнелтілімдері құпиясы, сондай-ақ тұрғын үйді қол сұғудан қорғау құқығы бұзылған азаматтар үшін ол жабық, қол жетерліктей емес. Байқау, тұрғын жайларды, ғимараттарды, жер учаскелерін және көлік құралдарына кіру және тексеру; пошта жөнелтілімдерін бақылау; телефонмен және өзге де сөйлесулерді тыңдау; байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен және өзге техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау сияқты жасырын жедел-іздестіру әрекеттері азаматтардың жеке өміріне тиіспеушілік, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары мен пошта жөнелтілімдері құпиясы, тұрғын үйді қол сұғудан қорғау конституциялық құқықтарын шектеуге әкеліп соғатыны белгілі. Осының өзі мұндай әрекеттерді жүргізудің мерзімдерін шектемеу жоғарыда аталған азаматтардың конституциялық құқықтарының шектелуінің жүйелі түрге айналуына әкеп соғуда. Мысалы, 1995 жылғы 12 тамыздағы №144-ФЗ «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Ресей Федерациясының Федералдық Заңымен азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын жедел-іздестіру әрекеттері 6 айға дейін жүргізілуі мүмкін. Бұл азаматтардың конституциялық құқықтарының жүйелі түрде бұзылмауының кепілі. Сондықтан, азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын жасырын жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізудің шекті мерзімдерін жедел-іздестіру заңында белгілеу керек.

Қазақстандық жедел-іздестіру заңнамасының тағы бір кемшілігі – заңда жекелеген жедел-іздестіру әрекеттеріне анықтама берілмегендіктен, аталған жедел-іздестіру әрекеттерін әр қалай түсінуге әкеп соғып отыр. Мысалыға, Беларусь Республикасының «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңында жедел-іздестіру әрекеттерінің әрқайсысына анықтама берілген. Бұл жедел-іздестіру әрекеттерін әр қалай түсіндіруді туғызбайды. Сондықтан, қазақстандық жедел-іздестіру заңында тізімі заңмен бекітілген жедел-іздестіру әрекеттеріне анықтама беру арқылы әр қалай түсінушілік мәселесін жоямыз. Әрине, мұнда жедел-іздестіру әрекеттерінің әрқайсысына анықтама беретін болсақ, жедел-іздестіру қызметін жүргізуші органдардың әрекет ету аясын тым тар қылып жібермейміз бе деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол үшін әрбір жедел-іздестіру әрекетінің анықтамасын кең шеңберде барлық жасалуы мүмкін әрекеттерді көрсете отырып жазу керек. Ол жедел-іздестіру қызметкерінің жедел-іздестіру әрекетін жүргізу үшін бағыт-бағдар ретінде қалыптасады.

Қазақстан Республикасының құқықтық саясат Концепиясында: «Қолданыстағы заңнама нормаларын жетілдіру келесі шараларды қолдану арқылы жүзеге асырылады:


  • Құқықтық реттеудегі кемшіліктер орнын толтыру және қоғамдық қатынастардың ішіндегі ең маңызды аяға терең көңіл бөлу;

  • Заңпроектілерінің, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне сәйкес пәндердің ғылыми сараптамасын жүргізу тәжірибесін жалғастыру және кеңейту;

  • Заңнаманы унификациялау мақсатында мемлекеттік және орыс тілінде бірыңғай қолданылатын терминдер тізімін қалыптастыру.33

Г.У. Дауленбаеваның пікірінше, жедел-іздестіру қызметінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қолсұғатын мәліметтер алу, жинау процессуалдық сипатқа ие болуы тиіс, яғни процессуалдық нормалармен реттелуге жатады, ол тек Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңда ғана емес, сондай-ақ Қылмыстық істер жүргізу кодексінде де кқрініс табуы тиіс.34



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет