3-тарау. Халықтың инфекциялық, паразиттік аурулары және (немесе) улануы оқиғаларын тергеп-тексеру тәртібі 15. Кодекстің 105-бабының 4-тармағына сәйкес АИТВ инфекциясын жұқтыру оқиғаларын тергеп-тексеруді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің мамандары жүргізетін АИТВ оқиғаларын қоспағанда, инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) халықтың улану оқиғаларын аумақтық бөлімшелер тергеп-тексереді. 16. Аумақтық бөлімше шұғыл хабархат келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 7 күннің ішінде инфекциялық, паразиттік аурулар, халықтың улануы оқиғаларына эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізеді. 17. Карантиндік және аса қауіпті аурулар тіркелген кезде эпидемиологиялық тепгеп-тексеру шұғыл хабархат берілген сәттен бастап үш сағаттың ішінде жүргізіледі. Өлім оқиғалары, сондай-ақ өзара байланысты және бір инкубациялық кезеңде тіркелген инфекциялық, паразиттік аурулардың және (немесе) уланулар үш және одан да көп оқиғалары тіркелген кезінде эпидемиологиялық тергеп-тексеру соңғы шұғыл хабархат берілген күннен бастап бір тәуліктің (24 сағат) ішінде жүргізіледі. 18. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын тергеп-тексеру барысында инфекция көзін анықтау мақсатында байланыста болған адамдарға және инфекцияның таралуына қатысы болуы мүмкін адамдарға зертханалық тексеру жүргізіледі. 19. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру барысында эпидемиолог-дәрігер (паразитолог) науқастың медициналық құжаттамасының мәліметін талдайды, оған медициналық көмекті көрсеткен дәрігерлерімен әңгімелеседі, науқастар мен байланыста болған адамдардан сұрау алады, қолда бар зертханалық деректерді талдайды және санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін ошақтан сынама іріктеуді жүргізеді. Инфекция көзін (бактериологиялық, вирусологиялық, серологиялық, молекулярлық-биологиялық (полимаразды тізбекті реакция әдісі) іздеу мақсатында байланыста болған адамдарды зертханалық тексеруді ұйымдастырады. 20. Аумақтық бөлімше зертхана қызметкерлерімен бірлесіп зертханалық диагностиканың дұрыстығын мынадай өлшемшарттар бойынша бағалайды: 1) зертхананың техникалық жарақтандырылуы, өлшеу аспаптарын уақтылы тексеру; 2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосы бекіткен және (немесе) мемлекеттік өлшем жүйесінің тізіліміне енгізілген зертханалық зерттеулер жүргізу әдістемелерін сақтау; 3) қолданылатын ортаның, агглютинациялайтын сарысулардың, диагностикумдардың, тест-жүйелердің сапасына (жарамдылық мерзімі, сақтау талаптарын сақтау, өсу сапасы); 4) зертханаішілік бақылау жүргізудің толықтығы мен сапасы; 5) зертханалардың жұмыс істейтін персоналының кәсіби деңгейі. Диагнозды этиологиялық декодтау үшін науқастардан алынған материал зерттеледі. Зерттеу көрсеткіштері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының ұйымдарының зертханаларында жүргізіледі, бөлінген патогендік өсірінділер тиісті референс-зертханаға сәйкестендіруге жіберіледі. 21. Эпидемиологиялық анамнездің және халықтың инфекциялық, паразиттік аурулары және (немесе) улануы оқиғаларын тергеп-тексеру барысында аумақтық бөлімше алған науқастарды сұрау деректерінің, сондай-ақ науқастарды қарап-тексеру кезінде алынған клиникалық және зертханалық деректердің негізінде медициналық ұйым түпкілікті диагнозды белгілейді. 22. Науқас пен байланыста болған адамдардан сұрау алу кезінде маман-эпидемиолог (паразитолог) мыналарды анықтайды: 1) инкубациялық кезең ішінде байланыста болған аурудың ұқсас белгілері бар адамдар тобы; 2) тегі, аты, туған күні, тұрғылықты жері, байланыс телефондары, жұмыс және (немесе) оқу орны; 3) аурудың басталған күні (қысқа инкубациялық кезеңі бар аурулар үшін аурудың басталуының нақты уақыты), емдеуге жатқызылған күні, емдеуге жатқызылған орны, аурудың негізгі белгілері; 4) инфекцияның болжамды көздері, факторлары және берілу жолдары туралы мәліметтер; 5) ұйымдастырылған ұжымға соңғы бару, елді мекеннен, облыстан, елден тыс жерлерге шығу күні; 6) алынған профилактикалық егулер туралы мәліметтер. 23. Инфекциялық, паразиттік аурулардың және (немесе) уланулардың әкелінген оқиғаларын тіркеу кезінде нақтылайды: 1) науқастың эндемиялық елге соңғы 3 жылдағы бару мерзімдері; 2) науқас ауырған кезден бастап эпидемиологиялық маусымда диагноз қойылғанға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының және республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстың, ауданның аумағы бойынша орын ауыстырған жағдайда; 3) соңғы 3 жылда генезі түсініксіз қызба ауруларының болуы және соңғы 3 күнде қызбаның болуы; 4) соңғы 3 айда қан құю фактілерінің болуы; 5) халықтың үлкен топтарының (маусымдық жұмысшылар, қоныс аударушылар) арасында паразит тасымалдаушылар немесе қоздырғыштардың көздері болуы мүмкін зооноздық және карантиндік аурулар оқиғалары тіркелген елді мекенге келу фактілерінің болуы. 24. Карантиндік инфекциялар, аса қауіпті аурулар, сондай-ақ топтық аурулар тіркелген кезде аумақтық бөлімше аулаларды аралауды ұйымдастырады. 25. Науқас ұйымдасқан ұжымға немесе эпидемиологиялық маңызы бар объектіге (инфекцияның одан әрі таралуы мүмкін жерде) барған кезде инкубациялық кезең және (немесе) ауру кезінде шұғыл хабархат берілген сәттен бастап күнтізбелік 7 күн мерзімде аумақтық бөлімше Кодекстің 9-бабының 2) тармақшасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін нысан бойынша кейіннен санитариялық-эпидемиологиялық тексеру актісін ресімдей отырып, объектіні тексеруді, аурудың одан әрі таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырады және жүргізеді. 26. Декреттелген контингент арасында инфекция көзіне (және) күдік туған кезде инфекциялық, паразиттік аурулар және(немесе) улану оқиғаларын тергеп-тексеру барысында объект басшысының бұйрығымен немесе аумақтық бөлімшенің қаулысымен соңғылары зертханалық зерттеулердің нәтижелері алынғанға және халық үшін қауіп жойылғанға дейін жұмыстан шеттетіледі. 27. Басқа өңірлерден (күдікті өнім немесе шикізат) келіп түскен, улануға себеп болған инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) инфекция көздерінен туындаған халықтың улану оқиғаларын тергеп-тексеру барысында сол жерде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында денсаулық сақтау ұйымының ауру туралы хабарламаны аумақтық бөлімшеге уақтылы жіберуі тексеріледі. 28. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру нәтижелері Кодекстің 9-бабының 2) тармақшасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін нысан бойынша инфекциялық ауру ошағын эпидемиологиялық тексеру картасына енгізіледі.