Елімізде 1927 жылы әуелі Ташкентте, сосын Қызылордада өткен конференцияларда араб графикасын жақтағандар: А. Байтұрсынов, І. Ахметов, Е. Омаров, Ә. Байтасов, ал Ә.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермеков тағы басқа оқығандар латын әліпбиін қолдады. Араб жазуын қолдағандар мынадай дәлелдер келтірді:
1) Араб әліпбиі қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере алады;
2) араб әліпбиі оқуға, жазуға, сауат ашуға қолайлы;
3) өнер құралдарына орнатуға қолайлы;
4) көзге көркем көрінеді;
5) араб әрпімен жазғанда қол сағат тілінің бағытымен бірдей оңнан солға қарай жүреді;
6) жазу машинасына, баспа машиналарына орнатуға араб әліпбиінің жаңасы латындікінен анағұрлым артық».
Ал, олардың қарсыластары «араб әрпі сауат ашуға, оқуға, жазуға қиын, себебі:
1) бір әріптің 4 түрі бар;
2) араб әрпінің көбі бір түсті; бас әріп жоқ;
3) жазу оңнан солға қарай, ал цифрлар солдан оңға қарай жазылады. Бұл жазуда да, баспа жұмысында да қиыншылық тудырады;
4) ғылыми кітаптарда (алгебра, геометрия, физика т.б.) пән белгілері латын әрпімен жазылды, араб әрпі бұған жарамайды;
5) араб әрпі нотаны жазуға жарамайды;
6) араб әрпі баспахана жұмысында көп қиыншылық туғызады: теру, басу, жөнінде қымбатқа түседі» .
Міне, осы айқастан соң туатын қорытынды алаш зияларының басты мақсаты орыс жазуына жоламау болатын. Екі жақтың да ұстанған ұстанымдары қалай болса да кириллицаға көшпеу болатын. Екі әліпбиді ұстанған екі тараптың басты ұстанымы фонетикалық принципті орфографияға негіздеу болатын.