Ұзақтылық негізіндегі интонацияның уақттық көрсеткішіне қарқын жатады. Сөйлеу қарқыны белгілі бір уақыт аралығында айтылған сөз бөліктеір санымен анықталады. Мұндай сөз бөліктері ретінде интонациялық еңбектердің басым көбінде буын алынады. Әрбір адамның өзіндік сөйлеу қарқыны болады, сондықтан интонациялық зерттеулер үшін оның салыстырмалы мәндері маңызды болып табылады. Мәселен, синтагма ішіндегі бір сөздің немесе сөйлем ішіндегі бір синтагманың айтылу жылдамдығын басқаларымен салыстыра қарастыру керек. Экспериментті – фонетикалық зерттеулердің нәтижесінде қарқынның сөйлем мазмұны маңыздылығымен тығыз байланысы анықталды. Сөйлеуші мән берген сөз бөлігін – баяу, ал қалған бөліктерін жылдам қарқынмен айтады. Бұл сөз бөліктері интонациясының синтаксистік бірліктермен қатынасын зерттеушілер олардың барлық жағдайда сәкес бола бермейтінін көрсеткен. З.М.Базарбаева «негізгі сөйлемнің қарқынына қарағанда қыстырма сегменттердің қарқыны жылдам да көмескі болатынын» анықтады. Ал А.Н.Рапанович құрмалас сөйлемнің бағыныңқы компонентінің көбінесе басыңқыға қарағанда жылдам айтылатынына көңіл аударады. Дегенмен, сөйлеу қарқынының өзгерістері синтаксистік құрылымға емес, негізінен сөйлемнің жалпы мағыналық ерекшелігіне меншікті. Егер құрмаластың бағыныңқы компонентінің мазмұны сөйлеуші үшін маңызды болып табылса, онда ол басыңқыдан баяу қарқынмен айтылады.
Интонацияның бұл компонентінің тағы бір ерекшелігі – көп буыннан құралған сөз бөлігінде үдей түсіп, ал қысқа бөліктерде керісінше, баяулайтыны: «тенденция к удлинению действует с уменьшающей силой при многосложных отрезках, а наиболее яркое е проявление на отрезках из 2-3 слогов».
Сөйлеушінің көңіл-күйімен қарқынның бейнелеуші мағынасының арасында байланыс бар екені белгілі. Мәселен, қарқын өзгерісі арқылы сөз болып отырған оқиғаның, қимылдың жылдамдығын бейнелеуге болады. Сонымен бірге сөз иесі қуаныш немесе ашу үстінде салтанатты, болмаса қайғылы күйіндегіден гөрі жылдамырақ сөйлейді.
Пауза – акустика тұрғысынан дыбысталудың тоқтағанын, физиологиялық жағынан артикуляцияның тыйылғанын білдіреді. Бірақ тыңдаушы кідірісті пауза деп қабылдағанымен, дауыс ағымы үзілмейтін де жағдайлар болады. Орыс фонетикасында мұндай паузаларды «психологиялық паузалар» терминімен атау кең тараған.
Л.К.Цеплитис дыбысталудың тоқтауы интенсивтіліктің нөлдік деңгейін көрсеткендіктен, паузаны уақыттық шама ретінде қарау қате деген пікір айтады. Ол уақыт интонацияның барылқ компоненттеріне қатысты универсалды шама болғандықтан, пауза интонацияның темпралды элементтерінің бірінен саналады деп қорытады. Шешендік сөз теориясы бойынша эмоция мен қалауды білдіретін паузаларды «психологиялық» деп атау бұрыннан қалыптасқан, сол себепті автор интонацияда негізгі тон жиілігінің өзгерісі әсерінен болған паузаны бейтемпоралды, ал белгілі уақытқа созылған, нөлдік интенсивтіліктегі паузаны темпоралды деп атауды ұсынады. Сонымен қатар екі сегмент аралығындағы кідірісте сөйлемге еш қатысы жоқ дыбыстарыдң айтылуы арқылы болатын психологиялық хезитациялық паузалар да бар. Олар ауызекі тілінде сөйлеушінің ойын жеткізу үшін сөз іздеу мақсатында және оның көңіл-күйін білдіретін тәсілдің бірі ретінде қолданылады, мысалы, мен кешке ...мм... жетіде келемін.
Паузаның тілдік қызметіне келетін болсақ, алдымен оның сөз сегменттерінің жігін ажыратуға қатысатынын айту керек. Сөйлеу процесінде ритмикалық топтар, синтагмалар, сөйлемдер пауза арқылы бөлініп тұрады. Сонымен қатар ол осы бөліктер арасындағы қатынас түрін де көрсетуге қатысады. Мысалы, хабарлы сөйлем мүшелерінің мағынасы бір-біріне тейталас, қарсылықты болса, олардың арасында міндетті түрде пауза болады. Т.М.Николаева славян тілдері материалының негізінде паузаның сөйлемнің тыныс белгілеріне де байланысты болатынын анықтады: «результаты наших исследований показали, что именно пауза в первую очередь отличает регулярным образом замену знаков препинания, создавая правильные ряды « < - < : < ( )». Қазақ тілінде бұл қатынас қалай берілуі алдағы мақсаттың бірі.
Жоғарыда паузаның «интеллектуалдық», «логикалық» қызметтерін көрсеттік. Ал оның эмоциялық қызметіне сөз иесінің айтылған ойға қатысын білдіре алатыны жатады, мысалы, сөйлемнің пауза арқылы көлемі жағынан әдеттегіден қысқа болып келетін бірнеше синтагмаларға бөлшектенуі сөйлеушінің белгілі бір эмоцияның әсерінде тұрғанын көрсетеді. Мұндай паузалар интонация зерттеушісіне сөз иесінің нақты (қуаныш, реніш, ашу, ыза, т.б.) емес, жалпы эмоциялық күйінен хабар береді. Бұл жағдайда конститутивтік (синтагмаларға бөлшектейтін) және эмоциялық паузалар көбінесе қатар келіп жатады. Кейде пауза синтагма, тіпті ритмикалық топ ішінде де қолданылуы мүмкін, бірақ олар сөйлемнің жалпы интонациялық көрінісіне ешқандай әсерін тигізбейді: «если, например, вырезать эмотивную паузу из магинторфонной записи синтагмы, в остальном интонация синтагмы, как правило, не изменится, но содержание высказывания покажется менее эмоциональным». Мұндай паузаларыдң тағы бір қызметі жөнінде айта кету керек. Бұл паузалар өзінің алдындағы немесе өзінен кейін тұрған сөзге тыңдаушының назарын аудару үшін қолданылады. Эксперимент барысында осындай қызметтегі ритмикалық топ, синтагма ішінде кездескен паузаларды күшейткіш паузалар деп қарадық. Олардың екінші диктор оқылымында кездескені байқалды. Демек, бұл диктор тілдік фактілерді біріншісіне қарағанда эмоционалды түрде бергені көрінеді. Мысалы: Бұл жерде / не шөп жоқ // не / қамыс жоқ; Жүрегім / ауырлағандай болды // бірақ / үндемедім.
Сонымен, интонация компоненттерінің тілдік қызметін анықтау барысында олардың шамаларының (параметрлерінің) өзгерістері мен сөйлемнің синтаксистік және семантикалық құрылымдары арасында тығыз байланыс болатыны байқалды. Интонация компоненттерінің сөйлеушінің көңіл-күйі мен экспрессиясынан да хабар беретіні белгілі. Сондықтан интонация жөніндегі еңбектерде оның лингвистикалық қызметі интеллектуалдық, эмоциялық және экспрессиялық сияқты үш тұрғыда зерттеліп жүр. Интонацияның интеллектуалды қызметі тілдік жүйе шеңберінде берілсе, соңғы екеуі сөздік (речевой) факторлармен байланысты туындап жатады. Интонация компоненттерінің сөйлеу ситуациясы мен сөйлеушінің физиологиялық ерекшеліктеріне қатысты өзгерістеріне аса назар аударылмады, себебі жұмыстың негізгі мақсаты оның тілдік деңгейдгі көрінісі болып отыр.