Қырым хандығы (қырымтат. Qırım Hanlığı, قرم خانلغى немесе Qırım Yurtu, قرم يورتى) — Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қырым түбегінде құрылған мемлекет (1430–1783). XIII ғасырдың аяғында Қырым түбегінде Алтын Ордаға тәуелді ерекше аймақ құрылды.
Оның орталығы — Солхат қаласы болды.
Алтын Орда билеушілерінің өзара күрес-тартыстарынан кейін Қажы Керей (1397–1466 жж.) мен оның ұлы Меңлі Гирей хан (1428–1515) 1443 жылы тәуелсіз Қырым хандығының негізін қалады. Оған Қырым түбегінен басқа Днепрдің төменгі бөлігі де кірді. Ол хандықтың астанасы Қажы Керейдің билігінен бастап Бақшасарайда болды. 1475 жылы Қырымға түрік әскерлері басып кіріп, хандық Түркияға тәуелді болды.
Қырым хандығы Ресей, Украина жерлеріне бірнеше жорықтар жасады. Қырым әскерлерінің орыс жеріне жорықтары әсіресе Ливон соғысы (1558–83) кезінде жиіледі. 16–17 ғасырларда Ресей өкіметі оңтүстік шекарасын Қырым татарларынан қорғау үшін шекара бекініс шептерін құрды.
Орыстардың 1687–89 жылдары Қырымға жасаған жорықтары нәтижесіз аяқталды. 18 ғасырдағы орыс-түрік соғысында Ресей жеңіске жетіп, Қырым хандығы әлсірей бастады.
1774 жылы Күшік-Қайнарджа бітімі бойынша Қырым хандығы Түркияның қол астынан шығып, Ресейдің қарамағындағы тәуелсіз ел болып танылды. 1783 жылы Қырым хандығы Ресей империясының құрамына кірді
Қазан Хандығы (тат. قزان خانلغی ,Qazan xanlığı, Казан ханлыгы) – Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде Еділ – Кама бұлғарларының аумағында құрылған (1438 – 1552) мемлекет.
Қазан хандары әулетінің алғашқы өкілі – Алтын Орданың ханы Ұлық Мұхаммед (1438 – 45). Оның баласы Махмұтбек 1445 ж. Қазанға орнығып, бұл хандықтың дербес болуына негіз салды.
Русьтегі бөлшектенуді, өзара қырқысуларды пайдаланып Қазан Хандығы 15 ғ-дың 1-жартысында Мәскеудің ұлы князі Василий ІІ қараңғы тұсында орыс жерінің шығыс бөліктеріне ықпал жүргізуге тырысты. Бір орталыққа бағынған Ресей мемлекеті біріккеннен кейін, Иван ІІІ Васильевич тұсында Қазан Хандығына қарсы күрес күшейді. Мәскеуліктердің тарапынан 1467 – 69 ж. Қазан мен Вяткаға жасалған шапқыншылықтарынан соң Қазан Хандығы орыс жеріне шабуылын тоқтатты, Алтын Орда құлағаннан кейін (1480), Иван ІІІ Қазан Хандығына шабуылды қайта бастады. 1487 ж. 9 маусымда орыс әскерлері Қазанды алды. Әли хан тақтан түсіріліп, оның орнына інісі Мұхаммед Әмин (Иван ІІІ-нің қол жаулығы) хан болып тағайындалды, Қазан Хандығы Ресейге 1521 жылға дейін вассалдық тәуелділікте болды. Мұхаммед Әмин өлгеннен (1518) кейін, оның орнына Қасым хандығының ханзадасы Шаһ Әли хан болып тағайындалды. Оны 1521 ж. Қырым ханының інісі Сахиб Герей құлатып, таққа өзі отырды. Оның тұсында Қазан Хандығы Қырым, Астрахан хандықтарымен, Ноғай ордасымен одақтасып, татар жұртының ауыз бірлігін сақтауға ұмтылды. Бұл бағытты Түркия қолдады. 1521 ж. Қазан Хандығы Түрік-Қырым одағына кірді.
1524 ж. Түркияның протектораттығын қабылдады. Таққа Сафа – Герей отырды (1524 – 49). Бұл одақтан қауіптеніп, одан сақтану мақсатымен Василий ІІІ Сура өзенінің сағасында Васильсурск қаласын салғызып, бекініс жасады (1523). Иван ІV нығайып алғаннан кейін Қазан Хандығына қарсы шапқыншылықты күшейтті, 1546 ж. татар ақсүйектерінің үлкен бір тобы Руське қарсы күресті тоқтатып, Иван ІV-нің жағына шықты, оның артынша Қазан Хандығынан бүкіл “тау жағы” (батыс жақтағы чуваштар) бөлініп кетті.
1545 – 52 ж. Қазан жорықтары Қазан қаласын орыс әскерлерінің басып алуымен (1552) аяқталды. Қазан Хандығы жойылып, оның бүкіл жері Ресей мемлекетінің қарамағына көшті.