...
Негізгі түсініктер: басқару, басқару психологиясы, басқару деңгейлері, басқару функциялары, басқару субъектісі, басқару объектісі, басқару әдістері, басқару табыстылығы
Басқару психологиясы адамдар мен адамдар тобын басқарудың психологиялық заңдылықтарын зерттейді.
Басқару психологиясы басқару теориялары мен психология ғылымының тоғысында пайда болды. Басқарудың жалпы теориясы кибернетика мен жүйелер теориясының негізінде қалыптаса бастады [Бандура және т.б., 1998]. Кибернетика – биологиялық, техникалық және кешенді жүйелердегі ақпаратты өңдеу, байланыстыру және басқару жайындағы ғылым. Осылайша, бастапқыда басқару нақты ақпаратты басқару ретінде қарастырылды. Бүгінгі таңда, негізгі екпін адам жүріс–тұрысын (мінез–құлығын) басқаруға қойылады. Менеджментте басқару кең мағынада, әлеуметтік орта мен өндірістік саланы реттеу мен үйлестіру бойынша қызмет ретінде түсіндіріледі [Вачугов және т.б., 2001]. Басқару объектілеріне: инновациялар, өндіріс, қаржы, нарық, ақпарат, жабдықтаулар мен кадрлар жатады. Сәйкесінше қаржыны басқару, инновацияны басқару т.б. жекелей қарастырылады. Дегенмен, әлеуметтік-психологиялық бағдар тұрғысынан барлық өндірістік үрдістер адамдар арқылы – мекеме қызметкерлері көмегімен іске асады, яғни аталған үрдістерді басқару да аталған адамдардың жүріс-тұрысымен (мінез-құлығымен) тікелей байланысты.
Басқару мәселелерімен информатика, құқықтану, философия, психология, педагогика, эрганомика, әлеуметтану сынды ғылым салалары айналысады. Бұлардың ішінде психология жетекші мәнге ие болып табылады. Әлеуметтік психология, еңбек психологиясы, тұлға психологиясымен қоса, өзге де жалпы психологияның негізгі салалары басқару психологиясының теориялық негізін құрайды. Басқару психологиясын әлеуметтік психологияның қолданбалы саласы ретінде қарастыруға болады [Андреева, 2000].
Басқару – бұл өзге адамдардың күшінің көмегімен мақсатқа жету үрдісі [Ладанов, 1997]. Яғни, басқару үрдісінде қызметтің құрамдас бөліктері оның қатысушылары арасында бөліп беріледі: мақсатты бір адам қояды, ал оның іске асуына бағытталған әрекеттер мен операцияларды өзге мүшелер атқарады. Осыған орай, басқарудың негізгі мәселесі туындайды: адамдардың таныс емес мақсатқа сай әрекет жасауларына қалай әсер етуге болады?
Басқару деңгейлері
Ұйымдастыруда әдетте басқарудың бірнеше деңгейі болады. Мұнда жоғары шектегі басшы төменгі шектегі басшылардың жұмысын үйлестіріп отырады. Лауазым атауы әдетте, басшы отырған басқару деңгейімен сәйкес келеді. Басқару деңгейлерінің саны ұйым көлеміне байланысты. Барлық басқару деңгейлері негізгі үш категорияға бөлінеді.
1. Институционалдық деңгей – басқарудың жоғарғы деңгейі (жоғары буынды басқару, топ-менеджмент) – ең көп кездесетін: бұл компания президенттері мен вице-президенттері, министрлер, оқу орындарының ректорлары және т.б.
2. Басқарушылық деңгей – басқарудың ортаңғы деңгейі. Мұндағы басшылар жоғарғы буынның басшыларына бағынышты және төменгі буындағы басшылардың жұмысын үйлестірумен, қадағалаумен айналысады. Егер ұйым басқарудың бірнеше деңгейлерінен тұрса, онда орта деңгей бірнеше қосымша деңгейлерге бөлінеді. Мұндай деңгейлер бөлім меңгерушілері, декандар, сектор меңгерушілері болуы мүмкін.
3. Техникалық деңгей – басқарудың төменгі деңгейі – тапсырманың тікелей орындалуына бақылау жасайды (шеберлер, бригадирлер және т.б.)
Басқару функциялары
Басқарудың келесі функциялары бөліп қарастырылады:
1. Жоспарлау – өзге функциялардың іске асуын қамтамасыз ететін, ең маңызды функциялардың бірі. Негізгі мәні ұйымның мақсатына жету жолында қажетті құралдар мен бағыттарды жасап шығару болып табылады.
2. Ұйымдастыру – адамдардың, идеялардың және үрдістердің өзара әрекетін қамтамасыз ететін, мақсатқа бағытталған басшының әрекеті.
3. Мотивация – басшы құзырындағылардың бұйрықты нәтижелі орындауы үшін стимулдарды іске қосу мен пайдалану.
4. Бақылау – мақсатқа бағытталған әрекеттер нәтижелерінің мониторингі. Бұл функцияның мазмұнына әрекетті талдау, яғни: әрекетті бақылау, оның параметрлерін эталонмен (үлгімен) салыстыру, әрекеттің сандық және сапалық бағасы, ауытқуларды анықтау, әрекетті іске асырудың ең тиімді жолдарын анықтау және т.б. кіреді.
Басқару құрылымы:
Басқару құрылымы 1 суретте көрсетілген.
Басқару субъектісі – басқару іс-әрекетін іске асыратын және басқару лауазымына ие басшы.
Басқару объектісі – басқару субъектісінің жоспарлы, жүйеленген және ұйымдасқан әсер етуі бағытталған адамдар немесе топтар.
Басқарушылық ықпал немесе басқару әдістері – басқару объектісіне әсер ету үшін басқару субъектісі қолданатын шаралар жүйесі.
Мақсат – әсер ету объектісінің болашақтағы күтілетін жағдайы немесе оның іс-әрекетінің нәтижесі. Ол басқару субъектісімен тұжырымдалып немесе сырттан берілуі мүмкін (жоғары шектегі басшы тұрғысынан).
1 сурет. Басқару элементтерінің арақатынасы үрдісі. (басқару құрылымы)
Мақсаттың төмендегідей түрлері болуы мүмкін:
стратегиялық (қашықтықтағы);
тактикалық (аралық).
Стратегиялық мақсаттар тактикалық мақсаттарды анықтаса, олар өз кезегінде басқару міндеттерін анықтайды. Мақсатқа жетуге бағытталған нақты сұрақтар басқару міндеттері ретінде қарастырылады. Басқару субъектісі өзара қарым-қатынас мақсатын анықтап алса және басқару объектісі оны іске асыруға қауқарлы болған жағдайда басқарудың сәтті болу ықтималдығы жоғарылайды.
Сәтті басқару үшін:
басқару субъектісінде – басқару мотивациясы мен мүмкіндігі;
басқару объектісінде – міндеттерді орындауға деген мотивациялары мен қабілеттері болуы тиіс.
Басқару субъектісі мен басқару объектісінің элементтерін бөліп көрсету басқарудағы екінші мәселе - басқарушылық әрекеттегі манипуляцияны тудырады. Әсер ету объектісі ретінде бағынушы тараптың қабылдануы басқарушылық өзара әрекетте манипуляцияға әкелетіні сөзсіз. Аталған мәселені «ұйымдағы қарым-қатынас» бөлімінде толығырақ қарастырамыз.
Шындығында, басқарылатын адамдар да (ұйымдар да) белсенді субъект болып табылады. Бұл басқарушылық әрекет адамдардағы түрлі реакциялардың тууына әкеледі. Аталған фактіге (адами факторға) жеткіліксіз назар аудармау көбінесе басқарудың әдіс-тәсілдерін таңдау барысында бағынушы тараптың индивидуалды ерекшеліктері есепке алынбай қалады. Нәтижесінде, күтілетін нәтиже шындықпен сәйкес келмей, іс-әрекет мақсаты орындалмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |