44. Асан қайғы толғауларындағы жерұйық идеясы
Кейінгі ұрпақ əулие танып, аты аңызға айналған, Шоқан Уəлиханов «көшпелілер философы» атаған Асан қайғы ХV ғасырда өмір сүрген. Өз заманының үлкен ойшылы болған.
Асан жасынан жұртының мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлаумен, болжап толғанумен боп, шерменде бола беріпті. Осыдан жұрт оны, «қайғы» деген лақап есім қосып, Асан қайғы деп атап кеткен.
Қазіргі таңда Асан қайғы туралы екі түрлі болжам бар. Бірі — оны аңыздардың жиынтығы ретіндегі бейне десе, екіншісі — Хасан Сəбитұлы — қазақ халқының мемлекет қайраткері, ақын, жырау, философ екендігі. Қазіргі ғалымдарымыз мен тарихшыларымыздың зерттеулері екінші болжамның дұрыстығына саяды. Себебі Асан қайғының қазақ жеріндегі Жерұйықты іздегенін, оның табаны тимеген жер біздің Отанымызда жоққа тəн екендігін өткен ғасырларда да ақын-жыраулар өз еңбектерінде айтып кеткен. Тіпті, Асан қайғы есімі туыстас халықтарға да (қарақалпақ, қырғыз, т.б.) кеңінен таныс
Асан қайғының «Жерұйықты іздеуі». Асан Қайғы елдің кешіп отырған тұрмысына қанағаттанбайды, мекен еткен қоныстарын жерсінбейді:халықтың болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін жұмақ бар, оның аты «Жерұйық».Бұл-кісісі жүзге келмей өлмеген, малы екі қайтара төлдеген, елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін мекен. Бұл-шөбі шүйгін, суы мол,шаруаға жайлы қоныс. Адамы қайғы дегеннің, қастандық дегеннің не екенін білмейтін, ертеңім не болады деп ойламайтын, елге ырыс жер. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы жоқ, ағайын арасы тату. Бірліктің, ырыстың, бақ-дәулетті, тыныш, бейбіт тұрмыстың белгісі ретінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды. Міне, осы жерге қоныстану керек. Бірақ оған жету оңай емес,ұзақ, азапты сапарға жылдар бойы әзірлену керек. Мал төлден тыйылуға, ер төсегінен безінуі тиіс. Соншалық төзім,шыдамды бастан өткерген соң ғана «Жерұйыққа» сапар шегуге болады. Жол ауыр: шөлстан бар, аптап ыстық бар. Соның бәріне сабырмен, шыдамдылықпен төзген, жолда кездесетін барлық қиыншылықтарды көтере алатын, бақыт дегеннің, бақытқа жету жолындағы күрес дегеннңғ не екенін білетін ел ғана «Жерұйыққа» қоныстанбақ.
Асан қайғы мал біткеннің жүрдегі, әрі шыдамдысы желмаяға мініп алып, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Бірақ оған арман болған «Жерұйық» табылмайды. Халқына мәңгі еркіндік, тозбас бақыт сыйламақ Асан өксіп келіп Ұлытаудың басына жеткенде дүниеден көшеді.
Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көгорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді. «Елді сол жерге қоныстандырсам!» — деп, арман етеді. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріп отырады. Түркістанның қасында ескі қорған қала Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ — түбі тұрақты қала бола алмас», — деген екен. Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. Асанның екі баласы: «Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?» — дегенде, Асан қайғы: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», — депті. Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының басы сайын жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», — депті. Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», — деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.Қаратал өзенінің өлкесін көргенде: «Ей, сарқырап аққан Қаратал, артың кең, алдың тар-ау!» — депті. Өйткені бұл өзен құмға сіңіп жатады екен.
Осы күнгі Мерке ауданындағы Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!» — деп жүріп кетіпті. Шу өлкесін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты! Тегінде бір шулағаның болмаса, ну қамысың еліңді жұтқа бермес», — депті. Шудың аяғында Сарысу елі шөп жимай, Шудың қамысын қыстап, жаз Арқаны жайлайды екен. Әулие-Атаның (қазіргі Тараз қаласы) шығысынан аққан Талас, батысынан аққан — Келес дейтін өзендерді көргенде, малға жайлы екенін біліп: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес. Жері де жайылған малға жұт болмас!» — деген екен. Жуалы жеріндегі Ауан дейтін қара топырақты, егістік аймақты көргенде: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, кәдіріңді егін салған ел білер», — депті.
Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) тұсындағы Сыр өлкесін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен, әр бұтаның түбінде кесек етің бар екен! Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!» — депті. Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан түз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басыңа байлық қонар, жұртың ашықпас!» — деп жүріп кетіпті. Нарын — Самар аймағын көргенде: «Е, Нарын, тайың
Айғырдай, тайлағың бурадай екен! Қысың ұзақ: шаруаңа сақ бол!» — депті. Шыңғырлау өзенін көргенде, түсе қалып, Желмаясын оттатып: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің!» — деп, қонып кетіпті. Бірақ Асан ол кезде шұрайлы, қоныс, нулы өлке таба алмапты. Ол Ұлытау жаққа келіп өліпті.
Десе де, Асан Қайғының алты жыл жүріп бармаған жері қалмады. Әрбір жердің артықшылықтарымен қоса кемшіліктері де болды. «Көп ақылдан-көп қайғы» демекші, осыны ойлап Асан Қайғы мұңға батты. Бұл жерден біз өз жұртына деген сүйіспеншілікті және халқыма қалай көмек қылсам деген тілекті көре аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |