42. Шалкиіз жырау толғауларындағы Би Темір бейнесі
Қазақтың төл әдебиетінің бастапқы дәуірінде өмір сүріп, жыраулар поэзиясының мазмұндық жағынан тереңдей өрістеуіне, дүние сырына дендей үңілу тұрғысынан кемелдене түсуіне зор ықпал еткен жырау – Шалкиіз Тіленшіұлы. Жыраудың өмір жолын зерделеген белгілі әдебиеттанушы М.Мағауин болып табылады.
Шалкиіз жыраудың біраз уағы ноғай ордасының әміршісі Темір бидің төңірегінде өткен. Сондықтан оның көптеген толғаулары Би Темірге арналып, соның бейнесін ашады.
Едігенің немересі Тенсібайдан туған Темір би—батыс тарихшыларына да, шығыс таришыларына да белгілі адам. Анонимді «Шейбани-намадан» оның Астраханьды билеген Қасым сұлтанның іргелі бектерінің бірі эмирь-эль-умера, яғни әскербасы болғанын көреміз.
Шалкиіз жыраудың Темірге арнай айтқан екі толғауы сақталған.«Аспанды бұлт құрсайды»( “Би Темірге айтқаны”) және «Қара бас күспен шалдырып»( “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны”). Бұл шығармалары алғаш 19 ғасырдан қағаз бетіне түсе бастады.Қазан төңкерісіне дейін орыс және қазақ тілдерінде 1875 жылы “Записки Оренбурского отдела Императорского Русского географического общества” жинағында жарияланған.Кейін аталған жинақта,“Астраханский вестник” газетінде,Ы.Алтынсариннің “Қырғыз хрестоматиясында, т.б. жинақтарда, ал Кеңес дәуірінде “Ертедегі әдебиет нұсқалары”,“Алдаспан” “15 — 18 ғасырлар қазақ поэзиясы”,“Бес ғасыр жырлайды” жинақтарында жарық көрді.
Би Темірге арнаған екі толғауы арқылы, Би Темір бейнесін ашып көрсетсем:
“Би Темірге айтқаны” толғауында жырау Темір биге деген өкпе-ызасын, оның маңындағы жандайшаптарға деген кекті һәм сілтілі сөздерін бірден лақ еткізбей, алыстан орағыта, өз халін табиғат құбылыстарына ұқсата, жұптастыра, салыстыра толғайды. Шалкиіз нөсер алдындағы түнерген аспанды, көкшілден соққы жеген құс еркесі қудың қайғылы халін тектен-тек айтып отырған жоқ.
Көп ішінде бір жалғыз,
Көп мұңайып жылайды.
Күйбеңдеген көп жаман,
Сөзі тигенге ұқсайды.
Міне, алғашқы шумақтың соңғы төрт жолының өзінде де жанама хабар айтқандай, жай жорамалмен, меңзей толғайды. Ал, екінші шумақта өзі үшін Темір би кім еді, үшіншіде — өзі Темір үшін кім еді, — соны жырлайды. Осы үш шумақтың қай-қайсысында да Темір алдында “Көбең семіз торыңмын, көп құлыңның бірімін” деп, “бетегеден биік, жусаннан аласа” күйінде иба, инабатпен кішік көңілде толғап отырған жырау бірте-бірте қызынғандай шарт сынып, шамырқана түседі, тең сөйлесер тепсінген ер мінезбен өкпе-ызасын батыл айтады:
Жақсыңнан мені кем көрдің,
Жаманыңмен тең көрдің,
Жаманыңмен тең көрсең,
Ұялы бөрікке қос артып,
Сен есенде, мен сауда,
Ырысымды сындайын,
Сегіз қиыр шартараптан іздермін.
Төртінші шумақта жырау дауылпаздай даңқты Темірге жүрегі шіміркенбестен “Сен кім едің” дегендей өктем тіл қатады.
Тебінгінің астынан,
Ала балта суырысып.
Тепсінісіп келгенде,
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті.Кемел ақыл, кенен ой, бұлтартпас билік, тепсінген тегеурінмен Темір биді тізгіндеп жуасытып алған жырау кейінгі бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы шумақтарында ақыл, ғибратқа көшеді. Шалкиіз бұл тұста “шамаңды біл, жасық жима, асыл жи” дегендей. Тек толғау соңында ғана тағы да бәсік көңілмен үшінші шумақта айтқан Темірге ақ-адалдығын дамыта, тереңдете түседі.Демек,Темір- Шалкиіздің жебеушісі, қамқоры болса, Шалкиіз – Темірдің мәртебесін өсіріп, жұртты аузына қаратқан жалынды тілі, аузы дуалы абызы. Міне, осындай сыбайлас, қадірлес өскен Темір би кейін сарай маңындағылардың шағыстыруымен Шалкиізді сыртқа тепсе де,жырау оны ұлы етіп суреттейді.Мұның өзі Темір- Шалкиіз арасындағы ренішті жуып-шаюға елеулі әсер еткен.
Шалкиіз “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауында Темірді халықтың басын құраған елдің береке-құты, әділ әміршісі деп суреттейді.Жырау Темірді қисынды пікірлермен, өрісті ақыл, парасатымен иландырар сөз айтып қана хажы сапарынан тоқтатады :
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жығылғанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі кебені,
Сұлтан ием, қарсы алдыңнан жасапты !
Бас иіп жығыла жырлаған Шалкиіз осының өзінде астарлап болса да көптен жүрегін кернеген әділ де ащы сөздерін айта алған. Қартайған шақта иман іздеп, күнәдан арылмақ болса ел кезіп қағба бармай – ақ әділетке жүгін, қағба-әділет дегендей.
Яғни, жырау Темірді «Әр ісінде тура жұрт иесі» әділ әмірші деп есептейді. Шалкиіздің пікірінше, Темір—жұрт тірегі, елдің берекесі.
Достарыңызбен бөлісу: |