Поэтическое искусство слова в древнетюркских поэмах-жырах
В статье исследована сущность поэтического искусства слова в древнетюркских поэмах-жырах, напи-
санных на каменных памятниках. Рассмотрены поэтическая функция лексических единств и способы
преобразования слов в художественном мире жыров. Произведен сопоставительный анализ образной
характеристики словесного искусства, конкретного и образного представления поэтической мысли и
чувств в древнетюркских жырах.
U.Zhetibayuly, Zh.Smagulov
Poetic arts of the word in the ancient Turkic poems-zhyr
As the main object of consideration in article research of essence of poetic art of the word in the ancient Tur-
kic the poems-zhyr written on stone monuments is taken. Poetic function of lexical unities and ways of trans-
formation of words in creation of the literary art world in texts of fats are considered. With a support on it the
comparative analysis of the figurative characteristic of verbal art, concrete and figurative representation of
poetic thought and feelings.
Ежелгі түркі бітіктас …
Серия «Филология». № 2(82)/2016
15
References
1 Kabdolov Z. Art of the word, Almaty: Mektep, 1976, 374 р.
2 Gyn Shy Min. Gravestone monument old-tyurk language, Beijing: University of the central nations, 2005, 208 р.
3 Syzdykova R. Word of expression of Abay, Almaty: Sanat, 1995, 210 р.
4 Ensegenuly T. Ancient Turkic runic record of poetry, Almaty: Bilim, 2008, 409 р.
5 Dictionary of terms of literary criticism, Almaty: Ana tіli, 1996, 240 p.
6 Kirshikbayev A. History of the Kazakh literature, 2, Urumqi: Shinzha national publ., 1998, 410 р.
16
Вестник Карагандинского университета
ƏОЖ 821.512.122
Ж.Қ.Смағұлов, Н.Б.Жанұзақов, Т.С.Смақова
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(E-mail: zhanuzakov.n@mail.ru)
Ғалым Жайлыбайдың табиғат лирикасы
Мақалада Ғалым Жайлыбайдың табиғат лирикасы туралы шығармалары қарастырылған. Табиғат
лирикасы — лирика жанрының бір түрі, ақынның ішкі жан дүниесін табиғат құбылыстарын сезінуі,
бейнелеп суреттеуі арқылы танылатын өлең-жырлар. Біреулер табиғаттың пейзаждық суреттерін
жасаса, енді бір ақындар сол табиғат арқылы қоғамдық өмірді, адамның ішкі көңіл-күйін астастыра
жырлаған. Заманын жырға қосқан Ғалым шығармаларында елеулі орынды азаматтық лирика құраса,
осы азаматтық лирикасының ішінде экология тақырыбы ерекше бас көтереді. Темірді қызған кезінде
соғып отырған ұлт тағдырын экологиялық мүшкіл халмен сабақтастыра отырып, оқырманға үлкен ой
тастайды.
Кілт сөздер: табиғат лирикасы, азаматтық лирика, жыр, жанр, фольклор, поэзия, экология,
философиялық түйін, иірім, көкжиек.
Табиғат лирикасын айтқанда, ұлы Абайды еске аламыз. Оның жылдың төрт мезгіліне арнап
жазған өлеңдері осы уақытқа дейін оқушысын тамсандырып келеді.
Абайдан соң қазақ ақындары да табиғат лирикасын көптеп жазды. С.Сейфуллин, М.Жұмабай,
І.Жансүгір творчествосы бұл сөзге дəлел. Ал бүгінде табиғат туралы жазбаған ақындарды кездестіру
қиын. Демек, табиғат лирикасы өзінің мəңгілік жырлана беретін тақырып екенін айғақтайды [1; 313].
Лирикадағы уақыт мезетінің суреттелуінің өзі түрлі бейнелеу тəсілдерімен іске асатынына арғы-
бергі кезеңдегі поэзиялық туындылардан көп мысалдар келтіруге болады. Адам мен табиғат — күллі
өнер туындысының нысаны. Əсіресе сыршыл жанр лирикада уақыттың əрбір сəті түрлі тəсілмен
жырланып, өзгеше бітімді көркем бейнеге айналады.
«Өнердің ең сезімтал түрі — поэзиялық туындыларда басты нысан болып табиғат алынса,
табиғатқа телінетін адами əрекеттің де түбін əрдайым мифологиялық ойлау жүйесінен іздейміз» [2; 15].
«Қазақтың халық поэзиясында табиғат суреті, жаратылыс көріністері үлкен орын алады. Сахара-
да көшіп жүрген, күнделікті өмірі жазда, күзде, тіпті жыл бойы дерлік кең далада, төңкерілген ашық
аспан астында, өзен-судың жағасында өтетін елдің өзін ұдайы табиғаттың аясында, құшағында
отырғандай сезінуі таң қаларлық нəрсе емес», — дейді теоретик ғалым З.Ахметов [3; 39].
Заманын жырға қосқан Ғалым шығармаларында елеулі орынды азаматтық лирика құраса, осы
азаматтық лирикасының ішінде экология тақырыбы ерекше бас көтереді. Темірді қызған кезінде
соғып отырған ұлт тағдырын экологиялық мүшкіл халмен сабақтастыра отырып, оқырманға үлкен ой
тастайды.
Киіктің көзіндегі жұмбақ жазу —
Бақ пен сор,
Ақ-қараның Ұлы өлеңі...
Өлең тармақтарында терең философиялық түйін жатыр. Ақын табиғат пен адам арасындағы тар-
тысты өмірдегі жауабы жоқ ақ пен қараның тартысына теңейді. Адамзат игілігіне жаратылған
табиғатты аяусыз сынаққа салу, улау жылы жүрек иесінен шығатын əрекет емес. Табиғатқа жасаған
бір қастандық адам баласына екі есе зардабын əкелетінін уақыт көрсетіп отыр.
Соңғы кезде қолға еріксіз қалам алғызып, жүректен шер болып төгілген тақырыптардың бірі —
тұнығы шайқалған табиғат. Ақын Ғалым Жайлыбай да бұл мазмұны терең, өзекті тақырыпты айна-
лып өтпейді.
Ғасырдың нұр сыйласа Нұр өткелі,
Жаныңа жетем жаннан гүл еккелі.
Сарғайтқан сарыбелі сағынышты –
Жезқазған!
Жерұйығым жүректегі... [4; 16], —
деп тебіренген Жезқазғанның бір бөлшегіне протон құлап, табиғаттың тұнығы шайқалып жатқанда
ақынның жүрегі қарс айрылады:
Ғалым Жайлыбайдың табиғат …
Серия «Филология». № 2(82)/2016
17
Айдарынан жел еспей кекілдінің,
Еңку шалды еңіске екінді күн.
Протонның уынан енесі өлген –
Көлеңкеде жылайды жетім құлын [4; 16].
Жанына ең қымбаты — баласын «құлыным» деп еркелетін қазақ халқы үшін бұл — қастерлі
ұғым. Сондай-ақ отбасы берекесін алға қоятын қазақ үшін шаңырақтың күйреуінен асқан қасірет жоқ.
Міне, «Жетім құлынды» биік поэзия қылып тұрған да осы екі ұғымның таңдалуы.
Жетім құлын жетіліп –
Тарлан ашып
Арғымаққа айнала ма? [4; 16]
Жетімдік көрген жасық құлынның жұлқынған арғымаққа айналуы неғайбыл. Бұл —
арғымақтардың жоғалуы, ұрпақтың азғындауы, асыл тектің жоғалуы. Ақын кекілі таралмаған
құлынды, сол жетім құлынның иесі жесір əйелдің аянышты халдерін жанарларына жас үйірген
сəттерін бейнелеу арқылы береді. Оқырманның да көзіне жас келеді...
Адамдар кезінде табиғатты аямап еді. Енді, міне, табиғат адамдардан соның кегін алып жатқанға
ұқсайды. Соны жанымен сезінген Ғалымның қай пернесін басып қалсаң да, жүрегінен запыран
төгіледі.
Тартылып біткен Аралым,
Су алып кеткен жанарым.
Қағынан безген құландай
Арқаға көшіп барамын [5; 28].
«Жеті атасы жатқан зираттарды» жұртқа тастап, жылы орнын суытып, қопарыла көше жөнелген
Алмасбектің жан айқайын естіген де естен танбай тұрмайсың. Арқада оның нағашы жұрты күтіп
отырмағанын сезіп, жаның жəне күйзеледі. Көгінен улы темірдің сынығы жауып, құм бораны
ышқынып суырған өңсіз өңірде оны ешқандай жақсылық күтіп тұрған жоқ-ты. Олай болса, болашағы
тұманға айналған Алмасбектің бір қатерден қашқанмен, одан да қауіпті бір қатерге жолықпасына кім
кепіл. Қазақтың «Пəлен жерде алтын бар, барсаң — бақыр да жоқ» дегені, міне, осы.
Бірақ кім-кімге де өзінің туған жері ыстық, туған жері жұмақ көрінетіні заңды. Ендеше, Алмас-
бек суы тартылып апаттың аймағына айналған Аралын қимай көзінің жасын көл етіп неге егілмесін.
«Кемтар боп туған екі ұлын, Айналып саған соға ма?..» деп күңіренген де сай-сүйегің сырқырап қоя
береді. «Анаға жатқан қансырап, Қайырылмай кеткен ұлдаймын» деп ұлығанда көкірегің запыранға
толып, айға қарап, сенің де ұлып кеткің келеді.
Осының бəрін жүрегінен өткізген ақынның жаны шырқырап неге күйзелмесін. Өзегін өкініш
өртегенде жазған жырының жанарынан неге жас тамбасын, жүрегінен неге қан сорғаламасын. Бірақ
ақынның «Ресейдің құламаса екен зымыран тасығыштары» деп жалынышты тілек еткеннен басқа
қолынан не келеді. Зұлымдыққа қарсы семсер сілтеп, ақырып теңдік сұрап, айдын асырып атқа қонса,
«тасадан атылған оқтан» мүлдем кетпесіне кім кепіл. Ұлыдан гөрі ұрысын сыйлаған елде ақынның
қай сөзі алдаспан болып жарқылдап еді, қай тілегі қабыл болып еді. Тірісінде күн көрсетпей қорлап,
өлген соң төбесінен құс ұшырмай дəріптеп, таудан тас құлатқандай дүрілдетіп ала жөнелетіні өтірік
пе бұл қазақтың?!
Бұрын Арқада қыс қатты болып, жылы өңірге жосылып арқар ауатын еді. Ендігі мезетте адам қолы
жасаған зұлматқа шыдамай Сарыарқадан арқар, ақбөкен, киік қашатын болған. Осы қайғылы көріністі
тереңнен толғап, жеріне жеткізе суреттеген Ғалымның «Киікқашқан» толғауы — бейопа дүниенің
жалғандығы ғана емес, сонымен бірге бұл адамзат баласының кісіліктің кемесінде тербетілмей, ар-
ожданнан безіп, азып-тозып, жыртқышқа айналған қасіреті болатын. Адамзат баласы дүниені қорғау
үшін алдымен сұлулықты жанын салып қорғауы керек еді. Бірақ олар қомағайлық пен ашкөздікке
бойын билетіп алды. Ендеше, табиғат тозып, даладан — сұлулық, адамнан — рух неге қашпасын. Қас-
қағым сəтте Арқаның ақбөкенін өрісінен бездіріп, қызығын тонап, құлазыған қу далаға айналдырып,
түр-түсі жат қатерлі зұлым күштің сені де жұтқалы төніп келе жатқандай жаның сұмдық түршігеді.
Бүгін Арқадан арқар ауса, ертеңгі күндері бұл өңірден қара орман елдің сыңсып ауа көшпесіне кім
кепіл. Екі күннің бірінде көктен улы темір ажал жауып тұрғанда құдайына құлшылық айтып, қол
қусырып омалып отыра бермек пе сонда! Көкжиектің тулақтай бұлт көрсе, ақырып атқа қонатын егеулі
найза ер қайда бұрынғы?! Оның бəрі бүгінде аруаққа айналған. Сосын сайын далада рухын жоғалтқан
елде қайдан өжеттік болсын. Ендеше, «тағдырдың тасадағы тасы тисе, бізден де қашады əлі киік жалған»
деп, ақын айтпақшы, шарасыздық кейіп танытып, арзан қиял кешпеске амал қайсы.
Ж.Қ.Смағұлов, Н.Б.Жанұзақов, Т.С.Смақова
18
Вестник Карагандинского университета
Ақын — өзі өмір сүрген дəуірдің үнін жеткізетін ғасыр перзенті. Əрине, біздің қоғамда
заманның қайғы-қасіретін көрседе көрмегенсіп, естісе де естімегенсіп, билікке жағыну үшін «Көк
байрағым желбіреп тұр» деп кеткен ақындар да аз емес. Ғалым ондай «ақындардың» санатынан емес.
Керісінше, ол өз ұлтының мұңына көбірек құлақ түріп, қазақтың көз жасын өлең — орамалмен
сүртіп, жан жылуымен жұбатқысы келіп тұратын жыр перзенті. Сондықтан да ол елінің, жерінің
тағдырына қамығып жыр жазады, ұлтының көкірегіндегі шер-шеменді тарқатқысы келіп, жан сырын
ақ параққа ақтарады. Жүректің сөзін сөйлеген ақ параққа төгілген ақынның сыры оқырманды бейжай
қалдырмай, тылсым табиғатпен бірге сіздің де жаныңыз тұншыққандай болады. Əсіресе аққулардың
қырылып, ақбөкендердің ауып, қазақ даласының азып-тозып бара жатқаны ақындық мінезі табиғатқа
етене жақын Ғалымның жанын мұздай тондырып, шоқтай күйдіреді. Осыдан соң теледидар хабары-
нан Ақтөбенің Алға ауданында мұнай қалдығы төгілген көлде аққулардың қырылып қалғандығын
естіген ақынның қайғы жамылып, қобыздай күңіренген зарын шын түсінгендейсің:
... Аққулар-ай, Ардам-ай,
Шер күйім боп шертілген.
Жалғаны көп Жалған-ай,
Өлмесімді өлтірген [6; 36].
Аққулар емес, ол мұнай қалдығының астында қаймана қазақтың жаны тұншығып жатқан іспетті
өне бойыңыз түршігіп сала береді. Қандай қорқынышты əрі қасіретті сурет. Табиғат–ананы аялай
алмағанымыздан сұлулықтың символы, пəк махаббаттың жыршысы тəріздес, дүние–жалғанға көрік
беріп тұрған аққулардың қырылып жатқанын көру қазақы рухтың өліп бара жатқанын көзбен
көргенмен бірдей. Ең ауыры, сол зауалдың табиғаттың алапат күшімен емес, жұмыр басты пенденің
қолымен жасалып жатқанын жəне мұның келешекте де жалғаса беретінін сезінгенде шыбын жаның
мұз құрсанады. Міне, осындай өрескел сұмдықты көріп, запыран құсып, зар қаққан ақын құрайдай
сарнап, ботадай боздайды. Қалайша боздамасын?! Мына жалғанның наласына күйінбей тұра ала ма?
Қайда қанат қақтыңдар,
Мұнар күннің мұңды əні?
Алғадағы аққулар –
Арсыздықтың құрбаны [6; 65].
Ғалым қоғам қатігездігін, уақыт қателігін жырлағанда орынсыз дауыс көтеріп, айқайлап
кетпейді. Таяз судың сарқырап ағатынын жақсы біледі. Нені айтса да, жүрегіңді əлдилеп, көңіліңді
тербеп, шертпе күйдің күмбірімен əсерлі жеткізеді.
Ғалым Жайлыбай жырларының табиғатын көкірегінде қордаланып қалған шер мен шеменді
қопарып тастайтын адуын күшке емес, сол шер мен шеменді сипалап отырып сылып алатын сиқырлы
күшке ие шертпе күйге теңейміз.
Ғалым Жайлыбай есімі жыр сүйер қауымға өзі түлеп өскен Түгіскен өңірінің қадір-қасиетін
танытатын тырнақалды туындылары арқылы танылып үлгерген еді. «Жасынан ойыннан гөрі, көбірек
ойға шомып отыратын момақан мінезді Ғалым табиғат теңіздің тулаған толқынындай дария дарын,
талабы таудай талант, қиялына шырқап ұшар қырандарға ғана жарасатын талмайтын қанат сыйлапты.
Содан да болар ақын өзін түлетіп ұшырған ыстық ұясының жылуы əр өлеңінен сезіліп тұрады.
Талантының тамыры туған жерінің топырығынан нəр алып, жапырақ жайып, жайқалып тұрған
бəйтерек тəрізді. Ол өлеңді емес, өлең оны іздеп жүргендей əсер қалдырады. Турасын айтсақ,
Ғалымның ақын болмасқа хақы да жоқ еді. Оның туып-өскен ортасы Түгіскен (түгі өскен) Жаңаарқа
өңірінде əн мен жырдың бесігіне айналған, елге қоныс, малға өріс болған, адамдары шырайлы,
алқаптары шұрайлы берекесі мен мерекесі жарасқан жер», — деп баяндайды Т.Əлжантегі [7].
«Қызыл іңір Қызылжар», «Есіл ағады», «Хантəңірі», «Жасыбай көлі», «Ескі жұрт» т.б.
өлеңдерінде ақынның туған жерге деген шексіз махаббаты, қазақ жерінде туғаны үшін асқақ сезінуі
көрінеді.
Белгісі жоқ картада,
Глобуста,
біздің ауыл Арқада,
Тым алыста.
Қасіретіне жетеміз көңіл айтып,
Тілек айтып келеміз қуанышқа [5; 92].
Ғалым Жайлыбайдың табиғат …
Серия «Филология». № 2(82)/2016
19
Картадан емес, жүрегінен орын алған ауылын өз үйіндей көретін ақын еркелігін де «жасыра
алмай қалады»:
Шумағымның берілсе шуағы ұлға,
Кездесуге келемін,
Қуануға.
Ардакүрең ақынмын Алашыма –
Жайлыбайдың Ғалымымын ...
Бір ауылға [5; 92].
Енді бірде ақын Қазанғаптың күйі «Жұртта қалғанды» өз тілінде сөйлетеді:
Ей, еңсесі биік ақ Орда,
Еңсесі биік ақ Орда –
Байтағымның байрағы,
Намысымның қайрағы –
Бетегелі белдерім [5; 92].
Қынжылса да нəзік қынжылатын ақын бейнесін мүлде басқа тұрғыдан көреміз. Ақынның
лирикалық мені жыраулар тұлғасында кездесетін өршілдікке, асқақтыққа бой ұрып, батыл шешім ай-
тар, кеңес айтар ел ағасы бейнесінде көрінеді.
Ғалым — патриот ақын, бірақ өзі туған өңірдің қазығын айнала беруді жаны хош көрмейді:
Туған екем Мұзарттағы мұзбалақ,
Мұқағали ағамызбен бір күнде [8; 25], —
деп, «бұлтқа салған ұясын» (Д.Бабатайұлы) қырандай самғап қиядағыны шалады. Қазақстан
топонимдері ақындық жүрекпен зікір салғандай сүйіп жырланады. Бір ерекшелігі, ол Көкшетау,
Ұлытау, Алатау, т.б. бедерлі-берекелі мекенге арнап өлең жазуды місе тұтпайды. Сол елдің ерке
баласындай айтулы, қабырғалы, дара озған ақындары арқылы жерін жырлайды.
Ұлытау — ұлар ұшқан ұлар мекен,
Жезқазған — жанымдағы мөлдір өлең, —
деп өзі жырлағандай, жер мен ақын бір тектес, бір туған.
Сырлы өзен едің,
Сен де бір
Сырағам талай толғаған.
Бұл — Тобыл өзені.
Шал ақынның ауылы шайыр дескен...[9; 69]
Өлеңнің əр жолы діндар таспиық тартқандай, адасқандардың теріс жолына түсіре көрме деп
Аллаға жалбарынғандай əсері бар. Əділетті аңсағанда қайыңдарды сағыну əлемді көркемдік сақтап
қалады деген сенімге тең.
Есіл ағады,
Есіл ағады,
Мағжанның жүйрік жырындай [6; 162].
Есіл — ер Мағжанның рухы, Мағжандай шашы толқынданған Сергей Есенин қоса елес беретін
тəрізді. Қыршын кеткен ақындардың бейнесін перизат-мұң толқытып шығарады.
Аққуларды ұйықтатып дариға жыр,
Армандарын айтыпты ақ қайыңға ...
Мұқағали дегенің мұқалмайтын
Төрт аяғын тең басқан пырақ — өлең [6; 163].
Бұл — «Қарасазда қара өлең ...». Жер атауы — Қарасаз, ақыны — Мұқағали болғанмен,
ақындыққа бітер жалғыздық зары мен меңіреу һəм мекерленіп құбылып шыға келетін бұл фəниде
қорғансыздығын ассоциация ойға байланыстырады. Егер тоғайдағы аққайың сырласы болса, түбінде
ақын күйіктен өлді дей бер. Егер ақын шын бақытты болса, аққайыңнан сүйгенін танып, белі
бұралған көркін жырға қосып, масаттана масайрап отырар ма еді?..
Жанымды айырбастайын деп аққайыңға зарлап шер төгу неткен бөлек күй. Соның үшін Ғалым
ғибадат қылып тілейтін сияқты:
Ақынына Алашын лайық қыл.
Көкейіндегі күйікті жасыруға дəрмені жетпей қалғаны үшін айып көрмейміз. Өмірден өткен
талай хас жақсының мехнатты өмір жолы, қайғылы тағдыр-талайы осылай дегізбей қоймайды. Соның
үшін мынау дүлей тіршілікте ақын арқаланып еңсесін тіктеу керек.
Бір шығаршы басыңа,
Ерейментау!
Еңселім ... [6; 151].
Ж.Қ.Смағұлов, Н.Б.Жанұзақов, Т.С.Смақова
20
Вестник Карагандинского университета
Иманжүсіптен екі мəрте эпиграф алу — бабалар кешкен кең, салт-дəстүрлі сері ғұмырды аңсап,
артқа қарайлай беру. Бұл — қанның қасиеті, өзгеше ұғу қиын. Құлагер құлаған тұста Ақанның
жоқтау зары тұнып қалған, ол жадынан өшпес ұлы шерге айналды. Өткен күннің елесі қымбат,
қайғысы сағынышқа оранды.
Мұңын ұғар ақынның,
Аққу қашқан көлдері.
Еріп бара жатырмын —
Ерейменді көргелі [6; 151].
Ақын Арқаны емірене, төгіле жырлайды, Жерұйық санайды, бұл — адамды қор қылмайтын
генетикалық жадының тілі. Сол себепті ол табиғи бояулардың қапа-мұңынан қашып құтылуға
ынтықпайды. Ғалым əуелі Абайды пір тұтқан. Ақын мен оның туған жері қосарлана жырлануы,
«Атажұртта Арыңның қазығы бар» болған соң, Шыңғыстау — Абайлы һəм Мұхтарлы мекен, Бөрілі —
Жидебай сарыны азаматтық лириканы айқындайды. Арзу мен нала, Құдайдан қорқу, заман сүреңі —
экологиялық сұмдық апаттар, техногендік зорлықтан арылмау залалы тиген ұрпақ тағдырына ашыну
болып табылады. «Жаңғырық» — бұл өлең, жер мен елдің қырық жылғы күйігі.
Аймалап өстік Күн, Айды,
Көкейде көктеп көп өлең.
Жаңғырық шықса — жылайды
Абыралы, Мыржық, Дегелең... [6; 118].
Бұл дүниежүзілік геосаясатқа қарғыс, бірақ іш қазандай қайнағанмен, күресерге дəрмен жоқ.
Ақынға айту парыз, əйтпесе сөздің атасы өледі.
... Түсінші, жыр Меккесі — Жидебайым,
Ұсыншы зəмзəміңді, Қасқабұлақ! [6; 115].
Ақтанберді — Абай — Дулат — Мұхтар — Шəкəрім туған өлкенің қасиетті, киесі қашпай,
оңалар ма деген ақ көз үміт бар. «Ей, Шыңғыстаудың баласы» — бұл Абай, ақын Абай мен Құнанбай
қажыға арнаған циклді өлеңдерінде рухтану, ірілікті көксеумен қиналған жанын жұбатары сөзсіз.
Ғалым бұлай жырлайтыны, өзі де жыр бəйгеге иісі қазаққа белгілі тегімен, терең түптамырымен келіп
қосылған.
...Сəкен туған ауылдың баласы едім,
Ақбоз аттың дүбірін тыңда, ағайын! [6; 117]
«Бір түп емен», «Киікқашқан», «Ескі жұрт», «Біздің ауыл» — азаматтық лирика, қазақ көкірегіне
дұғадай естіледі. Көнеріп тозған, іргесі сөгіліп, құты қашқан ауылдың жабыққан кейпі, алтын бесігін
ескіліктің қалдығы санап, жадынан лақтыруға аласұрған мына ашкөз дəуірдің шындығы суреттелген.
...Жүрегімнің жаутаң көз жасы жаңбыр.
Жалаң аяқ жүгірген балалықтың
Сыйпап қайтқым келіп жүр басынан бір.
Өткен өмір мұнша аяулы болар ма! [4; 87].
Табиғат сүйіспеншілік сезімінің ең биігін талап етеді. Қиялы ұшқыр, фантазиясы бай ақынның
табиғат тақырыбындағы лирикалық өлеңдері — эстетикалық талғамы жоғары өлеңдер.
Ғалымның табиғат лирикаларының тақырыбы əр алуан, бояу нақышы, бейнелеу машықтары,
поэтикалық ізденістері де басқа ақындар шығармасына ұқсай бермейді. Ғ.Жайлыбай — қазақ
поэзиясында айрықша өнімді еңбек еткен, жемісті жырлар жазған талант. Өлеңнің поэтикалық күш
қуаты, өлең тамырының бүлк-бүлк соғысы оқушысын эстетикалық əсер құшағына баурап, оқиға
ішіне енгізіп жіберетіндей. Тосын да тың бейнелеулер ойды ажарлы ете түседі.
Шынында да, Ғалым Жайлыбай шығармалары — бүгінгі қазақ өлеңіндегі шертпе күй! Егіліп
отырып ет-жүрегіңді елжіретіп, шым-шымдап сыр төгіп отырып сүйегіңді үгетін оның
жырларындағы баппен қадағалап, байыппен шертілетін əуенге құлақ қойсаңыз, олай демеске лажың
қалмайды.
Шөлейттеу жердің шөбі едім,
Шөліркеп əлі келемін.
Ақ жаңбыр мінез өлеңім,
Кезертпей еріндерімді,
Құйып бір өтсе деп едім [4; 26].
Ғалым Жайлыбайдың табиғат …
Серия «Филология». № 2(82)/2016
21
Мұндай өлеңді «Шөлейттеу жердің шөбі» болып өскен ақын ғана жаза алса керек. Ақын жаны
тұншыққандай боп құмығып шығатын күмбірге, ерінін тақаса-ақ жүрегіңді елжіретіп қоя беретін
құпияға толы күбір мен сыбарға, үзіліп кетердей боп үздігіп сыр айтатын дірілге неткен бай еді! Бұл
жыр мынау өткінші өмірдің өзегінде жатқан өкінішіңді оятып, сарша тамыздың шұғыла жіптерімен
дұл жүрегіңнің үстіне келістіріп кесте төгіп, ботадай боздап тұрған сазымен көңіліңнің түбінде
көміліп қалған қай-қайдағыны қоламтадай қозғап, алақандай боп баяу төгіліп жататын
сағынышыңның сарала жапырақтарын бір сəтте бүйіріп ұйтқытып, сазыңды наздай, назыңды саздай
ерінге түсіріп қырық құбылтып, қырық құйқылжытып кетері сөзсіз. Өйткені адам қамшының
сабындай ғана қысқа ғұмырында көбіне-көп тапқаны жоғалтумен өтеді. Жалаңаяқ, жалаңбас құм
кешіп шапқылап жүріп — күндердің күнінде балалығын жоғалтып алады, маңдайына түскен кекілін
шалқасынан қайырып үлгермей алғашқы махаббатынан, «қалқа қыздан» көз жазып қалады, тіккен
қосынан көшуге, тапқан досынан кетісуге тура келеді.
«Бақыттың соңы... Өкіндіреді», — дейді Ғалым ақын. Жоқ, олай емес дей алмайсың. Өйткені
төбесінен алтын құйылып, табаныңың астына күміс төгіліп жатқан адамның да жан-жүрегін сызда-
тып мұң еміп, қабырғасын қақыратып, қайғы қаусатып кететін сəттер аз болмайды. Өкінішсіз ғұмыр
жоқ. Адам өмірінде татқан дəмінің татусыз, тапқан бағының тұрлаусыз болатын тұстары жетерлік.
Əрине, жұмыр басты пенде өкінем деп өмір сүрмейді. Бірақ бұл дүние қайбір сенің айтқаныңа көніп,
айдауыңа жүріп тұр? Бұл дүние қайбір шөңге мен тікен кірмесін деп табаныңның астына түбіт төсеп,
күн өтпесін деп төбеңе ақша бұлт іліп қойыпты? Бұл қатыбас, кісəпір дүниенің түбіріне омақаса
сүрінбеуін, арқанына ілінбеуің мүмкін емес қой.
Ақынға көрінген нəрсені жіпке тізіп шұбыртып жаза беру міндет емес. Өзінің асылдай таза жа-
ратылысымен адам жанын əлдилеп, ғажайып нұрлы шуағымен жаңа ғасыр айдынына еркін енген
қазақтың біртуар ұлы, сезімтал жүректі, ақ, адал ниетті, жан дүниесі əрдайым ағынан жарылып
ақтарылып тұратын азамат ақын Ғалым Жайлыбай туралы да кең көлемде сыр шертетін уақыт
жетпейтін тəрізді.
Əдебиеттер тізімі
1 Ахметов З.А., Шаңбаев Т.Қ. Əдебиеттану: терминдер сөздігі. — 1-бас. — Алматы: Ана тілі, 1998. — 384 б.
2 Əскербекқызы Ж.А. Көркемдік өріс: Есенғали Раушанов поэзиясы негізінде: ғыл. зерттеу. — 1-бас. — Алматы:
Таймс, 2008. — 296 б.
3 Ахметов 3.А. Поэзия шыңы — даналық. — 1-бас. — Астана: Фолиант, 2002. — 408 б.
4 Жайлыбай Ғ.Ж. Қарашығымдағы қара өлең. — 1-бас. — Алматы: Жазушы, 2004. — 210-б.
5 Жайлыбай Ғ.Ж. Ардакүрең. — 1-бас. — Алматы: Қайнар, 2008. — 288 б.
6 Жайлыбай Ғ.Ж. Тағдырымның тамыры: мақалалар мен сұхбаттар. — 1-бас. – Астана: Фолиант, 2008. — 248-б.
7 Əлжантегі Т.Қ. Сегіз сері // Орталық Қазақстан. — 2008. — 9 ақп.
8 Жайлыбай Ғ.Ж. Жанымның жапырақтары. — 1-бас. — Алматы: Жазушы, 1988. — 210 б.
9 Жайлыбай Ғ.Ж. Жүрегімнің жұлдызы. — 1-бас. — Алматы: Жазушы, 1996. – 211 б.
Ж.К.Смагулов, Н.Б.Жанузаков, Т.С.Смакова
Достарыңызбен бөлісу: |