Италияның музыкалық фольклорының алғашқы ноталық үлгілері 13 – 14 ғасырда жазылған. Италия халық музыкасының ерекшелігі әуенінің саздылығы мен би ырғақтарының алуан түрлілігінде. Италия – опера, оратория, кантата, дербес оркестрлік музыканың, орган үшін жазылған пьесалардың, увертюралар мен симфониялардың, кончерто гроссо, соната, т.б. жанрлардың отаны. Алғашқы невмадан бастап, осы күнгі нота жазу үлгісі (Гвидо д’Ареццо, 992 – 1050) де Италияда пайда болды. О.Петруччи (1466 – 1539) нотаны алғаш басып шығарса, Б.Кристофори (1655 – 1731) фортепьяноны ойлап тауып, Дж.Царлино (1517 – 1590) гармония ғылымының негізін қалыптастырды. 16 – 18 ғасырларда дүние жүзіндегі ең жақсы скрипкалар (Амати, Гварнери әулеттері, А.Страдивари) осы елде жасалды. Алғашқы консерваториялар мен музыкалық академиялар Италияда пайда болды. 7 ғасырда Римде шіркеу әуендері бір жүйеге салынып, Григориан хоралына заңдастырылды, кейін ол бүкіл Батыс Еуропа діни музыкасының негізіне айналды. Фольклор негізінде тұрмыс-салт әндері (баркарола, гондольера, т.б.), Қайта өркендеу дәуірінде вокальдік ансамбльдер (вилланелла, фроттола), билер (гальярда, сицилиана) ерекше өріс алды. Қала мәдениетінің өсуіне байланысты 14 ғасырда Арс Нова (жаңа өнер) деген атпен прогресшіл музыкалық бағыт қалыптасты; мадригал, баллада, качча сияқты вокальдік жанрлар және аспаптық музыка дамыды. К.Монтеверди (1567 – 1643) – операның тұңғыш классигі, әрі 17 ғасырдағы Венеция опера мектебінің негізін салушы. 17 ғасырда италиялықтар орган музыкасын жаңа белеске көтерді, камералық музыка жанрын, скрипкалық музыка мен ансамбльдік оркестр музыкасын дамытты. 18 ғасырда Аполитан опера мектебінің негізі салынды, бельканто өнері гүлденді. 18 ғасырдағы Италия А.Вивальди, Д.Скарлатти (1685 – 1757), Л.Боккерини (1743 – 1805), Дж.Саммартини (1701 – 1775), т.б. композиторлардың, ұлы скрипкашы Н.Паганини және фортепьянолық сонаталар мен этюдтардың авторы М.Клементидің (1752 – 1832) шығармашылығы әлемге танылды. 19 ғасырда Дж.Россини, В.Беллини (1801 – 1835), Г.Доницетти (1797 – 1848), Дж.Верди сынды композиторлар опералық шығарманың атақты шеберлері атанды. 19 ғасырдың аяғында Италия операсында веризм ағымы пайда болды.