Қаршыға мен Шеге ақындар да жағымды, ақылды, ақындық қасиеттерімен көрінген.
Қаршыға - Сырлыбай ханның ақылшысы, көмекшісі, уәзірі әрі от ауызды, орақ тілді шешен, ақын.
Жырда оны «осы келген Қаршыға, тобынан асқан ер еді» деп сипаттайды. Ол екі жастың қосылуына қолынан келгенінің бәрін, ақылын да, шешендігін де жұмсайды. Жырда ол осындай үлкен адамгершілігімен, жан ізгілігімен бой көрсетеді.
Дастанда Қаршыға сияқты әрі ақын, әрі парасат иесі Шеге де бар адамгершілік, ерлік бітімімен көрінген.
Сансызбай Шегені аға тұтып, аса қатты бағалаған. Сондықтан алыс сапарға басшығып ала кеткен.
Ағасын Бекежан деген қарақшының атып өлтіргенін естігенде, Сансызбай көз жасын бұлап:
Падиша туған көкешім,
Бұ дүниеден өтіпсің,
Шын дүниеге жетіпсін,
Мен - мүсәпір ініңді
Қасіретке тастап кетіпсің, -
деп, көз жасын тыя алмай тұрғанында: «Жасын тыйғын көзінің, жыламағын, шырағым... Төлеген сынды ағаның, жұмақтан жазсын тұрағын», «ноқталы басқа бір өлім», «өкініш қылма», - деп тоқтау айтып, Сансызбайды жұбататын да Шеге ақын. Жібек пен Сансызбайға басшы болып, Төлегеннің еліне әкелетін де Шеге ақын. Төлегеннің ата-анасын қуантып, Жібекті Сансызбайға қосуға себепкер болған да Шеге ақын. Ол адамгершілік, үлкен парасат иесі, ақындық бейнесімен көрінген.
Жырда Жібек Сансызбайға қосылады. Ал бұл әмеңгерлік салтқа байланысты ма? Егер жыр өрнегіне сүйен-сек, біріншіден, Төлегеннің «Жібекті еш жаманға қор қылма» деп інісіне тапсырған аманаты болса, екіншіден, Жібек Хорен қалмаққа өлмей тимек емес, текті тек тектіге жар болуға тиіс, үшіншіден, Жібек: «Сол елде сері жігіт жоқ па тәңірі, жесірін іздеп неге алмайды», — деп, Төлеген еліне баруды, жарының аманатын орындауды өзіне міндет, парыз санайды.
Жібектің Сансызбайға қосылуының түп тамыры, міне, осында сияқты.
Достарыңызбен бөлісу: |