7243
Зейнел-Ғаби
Иманбаев
балаларға
арналған
қызықты
әңгімелер
Издательство
«Северный Казахстан»
Зейнел-Ғаби
Иманбаев
балаларға
арналған
қызықты
әңгімелер
УДК 834 (321)
ББК 84.7 Рус-Каз 5-2
И 37
И 37 Балаларға арналған қызықты әңгімелер. Зейнел-Ғаби Иманбаев /
г. Петропавловск, Издательство «Северный Казахстан», 2013 г. - 52 б.
ISBN 978-601-7247-39-1
«Балаларға арналған қызықты әңгімелер» жинағын құрастырушы -
Марал Зейнел-Ғабиқызы Оспанова 1951 жылы 23-шілдеде жазушы
Зейнел-Ғаби Иманбаевтың отбасында өмірге келген. Дәрігер, журна-
лист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын. «Қызылжа-
рым», «Сырлы сезім» өлеңдер жинағының, «Жақсының аты өшпес»
- жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев туралы кітаптің авторы.
УДК 834 (321)
ББК 84.7 Рус-Каз 5-2
ISBN 978-601-7247-39-1
© З. Иманбаев, 2013
© Издательство «Северный Казахстан», 2013
5
Құрметті
оҚырман Қауым!
Бұл кітап кішкентай бала-
ларға арналады. Солтүстік
Қазақстан облысы, Шал
ақын ауданы, Ортақкөл
ауылының тумасы, КСРО
Жазушылар одағының мү-
шесі, қазақ жазушысы Зей-
нел-Ғаби Иманбаев бала-
ларға арнап талай қызық
шығармалар жазған. Оның
жазғандары республиканың
балалар басылымдарында
сонау 1959 жылдан жарық
көре бастады. «Пионер», «Балдырған» журнал-
дары және одақ көлеміндегі балалар журнал-
дарында басылып тұрды. Жазушы балалардың
мінез-құлқын, балаға ғана тән ерекшеліктерін,
тәтті қылықтарын, бал тілдерін, кіршіксіз
көңілдерін, әр нәрсеге таңдана қарап, бәрін
біліп-көруге құштарлықтарын аңғарып, өзінің
әр бір шығармасына арқау ете білген. Балалар-
ды табиғатты сүюге, еңбекқорлыққа, үлкен-
ді сыйлауға, өнер-білімге жақын болуға шақы-
рады. Өзінің көзі тірісінде балаларға арнаған
кітабын жарыққа шығаруға үлгермеді. 2014
жылы жазушының туғанына 90 жыл толмақ,
соған арнап осы жинақты балалардың назары-
на ұсынамын.
Марал Зейнел-Ғабиқызы -
журналист,
Қазақстан журналистер
одағының мүшесі, ақын, дәрігер.
6
ЗеЙнеЛ-ҒабИ
Иманбаев /1924-1987/
1924 жылы 2-қаңтар күнi Сол-
түстiк Қазақстан облысының Прес-
нов ауданына қарасты (қазіргі Шал
ақын ауданы) Ортақкөл ауылында
туған. 1941 жылы Баян орта мек-
тебiн бiтiредi де, денсаулығына
байланысты, одан әрi қарай оқуын
жалғастыра алмайды. Колхозда
есепшi болып iстейдi. Бiрақ өздi-
гiнен оқып бiлiмiн көтередi, үнемi
iздену, талаптану үстiнде болады.
Өлең жазады. Алғашқы өлеңдері
облыстық «Ленин туы» газетiнде
/1940/ жарық көредi. З. Иманбаев-
тың тұңғыш әңгiмесi - «Қанатты
өмiр» 1953 жылы республикалық
«Әдебиет және искусство» /қазiргi
«Жұлдыз»/ журналында басыла-
ды. Содан былай қарай облыстық,
республикалық газет-журналдар-
да әңгiмелерi, очерктерi, пове-
стерi үнемi жарияланып тұрады.
Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев
22-қараша 1960 жылы Кеңес үкіметі
Жазушылар Одағына мүшелікке
қабылданды, әдеби псевдонимі -
Қаражігітов. Алғашқы әңгiмелер
жинағы - «Бастама» деген атпен Қа-
зақтың мемлекеттiк көркем әдеби-
ет баспасынан 1959 жылы басылып
7
шықты. Одан кейiн «Сырымбет»
/1960/, «Арлан» /1961/, «Дала көк-
темi» /1962/, «Жирен сақал» /1963/,
«Кiшкене малшы» /1964/, «Кең
аймақ» /1965/, «Жас шыбықтар»
/1966/, «Солмайтын гүл» /1968/,
«Нажағайлы түнде» /1970/, «Кiре-
уке мерген» /1973/, «Айналайын,
адамдар» /1975/, «Қыран түлегi»
/1977/, «Дала әңгiмелерi» /1979/,
«Құстар қайтып оралғанда» /1981/,
«Ауыл түтiнi» /1985/, «Солмайтын
гүл» /1988/ атты повестерi, әңгiме-
лерi мен очерктерi жеке кiтап бо-
лып басылып шықты.
Зейнел-Ғаби Иманбаев өмiрден
оқыған жазушы. Әр қаламгер өмiр
сырына өз көзiмен қарап, содан
өзiнше ой түйетiнi белгiлi. Осы
тұрғыда нағыз шындықтан жаза
баспауға тырысатын Зейнел-Ға-
би Иманбаевтың тақырып шең-
берi де ауқымды. Ол өзiнiң әңгiме,
очерк, повестерiнде ауыл өмiрiн,
тың және тыңайған жерлердi иге-
ру кезiндегi адамдардың қажырлы
еңбегiн, Ұлы Отан соғысы кезiн-
дегi тылдағы ауыртпалық, қиын-
дықтар, әр түрлi мамандық иелерi
жайлы сөз қозғайды.
Зейнел-Ғаби Иманбаев өмiрдегi
елеусiз құбылыстардың өзiнен тар-
тымды әңгiме тудырып, тереңнен
ой толғай бiлетiн, тiлге бай сөзге
тапқыр жазушы.
Зейнел-Ғаби Иманбаев бала-
ларға арналып жазылған көпте-
ген әңгiме, повестердiң авторы.
Шығармаларының негiзгi тақыры-
бы - туған жердiң тамаша табиға-
ты, бала бойындағы кiршiксiз таза
сезiм, олардың аңқау да адал көңiл-
дерiнен туындап жатқан жайттар.
Жазушы қай тақырыпта болмасын
жас буынды Отанды сүюге, туған
жер табиғатын қорғауға, батыл-
дыққа, ержүректiкке, еңбекте та-
банды болуға шақырады, достық,
кiшiпейiлдiк, тапқырлық, батыл-
дық жайлы сөз болады.
Зейнел-Ғаби Иманбаев «1941-
1945 жылдардағы Ұлы Отан соғы-
сындағы ерлiк еңбегi үшiн» ме-
далiмен, Қазақ ССР Жоғарғы
Советiнiң Грамотасымен;
«Тың жерлердi игергенi үшiн»;
«Ерлiк еңбегi үшiн», В.И. Ленин-
нiң туғанына 100 жыл толуы құр-
метiне; «1941-1945 жылдардағы
Ұлы Отан соғысы жеңiсiнiң отыз
жылдығы»; «1941-1945 жылдар-
дағы Ұлы Отан соғысы жеңiсiнiң
қырық жылдығы» медальдарымен
наградталған.
1987 жылы ұзаққа созылған ау-
рудан қайтыс болды.
Жазушы қайтыс болғаннан
соң да еңбектері жарық көруде,
2011жылы Алматыда «Қос қайың»
атты әңгімелер мен повестер жи-
нағы жарық көрді.
8
бұЛ көктемде боЛҒан
(Әңгіме)
Қаншық қасқыр емшектері са-
лаң-салаң етіп жортып келеді.
Маужыраған көктем түні, айнала
тым-тырыс. Алыста мотор үні ғана
болмашы ызыңдайды. Түнгі ас-
панда үзік-үзік қоңыр бұлттардың
арасымен толған ай қалқып бара-
ды. Ойпаң жерлерге тұрған қақтар
жалтырайды. Орман арасында әлі
де қардың кірлеген қалдықтары
жатыр.
Денесі арса-арса болып түлеген,
арықтаған, бұратылған аш қаншық
тоқтап тұрып тың тыңдайды. Жер-
ге тұмсығын тосып ұзақ иіскелей-
ді. Әлде қайдан желмен араласып
көң иісі мұрынына келеді. Ол құй-
ымшақ тұсының қопсыған жүнін
тістелеп қасынды да, құйрығын
бұлаң еткізіп ілгері жортып кетті.
Қайда бармақ, мағынасыз жорту,
бағыма қарай әлденелер кездесер
деген бұлдыр үміт қана бар. Нәр
татпағалы көп күндер болып бара-
ды. Өзі дүниеге келтірген кішке-
не күшіктерден әбден запы шекті.
Олар есейген сайын борпылдата
сорып мазасын кетірді, әлсіретіп
жіберді. Кейде ызаланып, сығып
тастамақ болып ар ете түседі. Қи-
майды, қайтадан керіліп жата ке-
теді. Тұмсықтары жыбырлап ауыр-
сынады, сыңсиды... Арланы сол
бойы оралмай кетті. Ол барда қоян,
еліктің еті сияқты азықтардан ауы-
здары құр болмайтын еді. Қаншық
арланға өшігулі, келе қалса сы-
бағасын бермек болып, азуларын
9
сақылдатып бірнеше күн тосты.
Серігін аңшылардың тоспалап
атып алғанын білмейтін.
Елсізбен әлі жүріп келеді. Алы-
сырақта, дөң үстінде ауылдың
оттары көрінеді. Самсаған өткір
жарықтар кірпік қақпай күзет-
те тұрғандай. Далада гүрілдеген
тракторлар жосып жүр. Көздері қа-
раңғы түнді тіміскілейді. Ауа темір
мен қоңырсы иіске толы. Қараңғы
далада адам даусы талып еетіледі.
Құйрығын қысып алып кейін қарай
қаша жөнелді, хауіпті жерден ұзап
алды. Үңгірге қайтқысы келеді,
бірақ онда ашыққан күшіктері бас
салып, жүрегін суырып жатқандай
азаптайды.
Жолы болмаған, дәрменсіз қан-
шық шоқайып отырып алып ұлып
берді. Зарлы үні өз маңынан да
ұзамайды. Мұңын тыңдап үн қосар
ешкім жоқ. Егеудей ысқаяқтанған
тілімен жаланып алып жүріп кетті.
Тағы бір белестен асты, ертеректе
жүріп өткен адам аяғының бол-
машы ізі қалыпты, қайталап иіскеп
көрді. Оған қоса тағы бір иісті -
қойдың шайыр иісін сезді. Аштық
қолқасын суырып азап шеккен
қасқыр танауын көтеріп жорта жө-
нелді.
Демалыс күні шопанның бала-
лары Әбілқайыр мен Қабдыраш
қозылы қойларды Көкшеге жайып
қайтпақ болды. Шуақ күн, аспанда
мақтадай ақ бұлттар қалқып тұр.
Жап-жасыл қырларда жыбыр қағып
сағым ойнайды. Жүзге жақын қо-
зылы қойды ауыл сыртындағы
еңіске беттеткен балалар қозылар-
дың сарғалдақтарды қуалай жү-
гіргеніне тамашалай қарайды. Жас
төлдер көк майсаға, рахат дүниесі-
не қуанғандай кішкене тұмсықта-
рын көтеріп ойнақ салады.
Әбілқайыр татар кескіндес, көк-
шіл көз, сары бала, ал інісі Қабды-
раш жалпақ бет, бадырақ көз, қара-
торы болатын. Мектеп есігін өткен
жылы ашқан кішкене Қабдыраш
екі жас үлкен ағасынан өзін ақыл-
сыз санамайтын. Ол кейде атасы-
ның даусына салып Әбілқайырға
ұрсып алғысы да келеді.
- Сен баққан қозылардың бәрі
маубас, күтімі нашар болды, - дей-
ді ол қабақ шытып.
- Оны қайдан білдің? - деп сұра-
ды ағасы.
- Менің баққан қозыларым ойнақ
салады, сенікі тұмсығын көтереді
де қояды.
Әбілқайыр күліп жіберді.
- Солай ма, жас төлшілер клу-
бынан сыйлық алған сен бе, мен
бе?
Бұл тұста Қабдыраш үндемей қал-
ды. Шындыққа дау айта алмады.
Әбілқайыр сағымды далаға қа-
рап ұзақ тым-тырыс жатты. Жа-
нына қисайған інісі де өзімен өзі
болып әлде неге күлімсірейді.
Тұмсық астында балғын шөп пен
жер иісі аңқиды. Созылған кең да-
лада, қарауытқан егіс даласында
сұрғылт шаңдағын ерткен трактор-
лар көрінеді. Олар мың құбылған
сағымға оранып бірде сопайып
биіктеп кетеді де, бірде ортасынан
үзіліп жаңқадай қалқиды. Көгіл-
дір орман су ортасындағы селдір
құрақтай қалтырайды.
Айналада торғайлар аспанға ке-
зектесе көтеріліп тынымсыз ән-
детеді. Көрікті көктем әуеніндей
естілген осы үн бір сәтке тына қал-
ды. Бозторғай біткен көде арасына
бұғып, айнала тым-тырыс болды.
Кішкене ғана тарғыл құс қанатта-
ры суылдап балалардың үстінде,
төмендеп ұшып тіміскілеп жүр.
10
- Әне-әне... Қуып кетті, ұстай-
ды-ау енді!
- Ойбай, Әбілқайыр, ананы жеп
қоя ма?!
Балалар сабырсыздана қарайды.
Қырғи көде арасынан тұрғызып
алған бозторғайды өкшелей қуып
екі рет қағып ілектіре алмайды.
Торғай бұға жалтаруды қойып,
көкке тік атылып биіктеп кетті.
Қуғыншысы да шырлады, бірін-
бірі қақпақылдап шексіз аспанға
ұзап берді.
- Айлакерін-ай!
- Түу, мына торғай қалай ақыл-
ды еді!
- Ұстатпаса жарар еді!
Көзді ашып - жұмғанша қайта-
дан төмен құлдырады, бұлардың
төбесіне қарай зымырап келеді.
Қырғи қайта- қайта жайқап өтсе
де, торғай жалтара ұшып төмендеп
қалды.
- Бері қарай ұш, біз сені аман
сақтаймыз. Бері-бері...
Балаларға қол созым қалғанда
тарғыл кұс кішкене сары аяқта-
рымен қағып алып ұшып кетті,
шырылдап барады. Бұрқыраған
қауырсындары тымық ауада қал-
балақтай жөнелді. Сүйкімді құ-
стың өлім алдындағы аянышты
даусы жыртқыш ұзағанша естіліп
тұрды.
Қабдыраш жасқа толы көзімен
ұзатып салып,«өлтірді, жеп қой-
ды!» - деп еңіреп жылап жіберді.
- Әу, саған жол болсын, торғай
үшін де жылағаның ба? Жүр, одан
да саршұнақ аулайық, - деп ағасы
орнынан тұрды.
...Балалар ондаған саршұнақты
өлтіріп ауылға қайтқанда күн кеш-
кіріп қалған еді. Көкмайсаға жай-
ылған қозылы койлар біртіндеп
ауылға беттеп бара жатты.
Ағайынды екі бала демалыс
күндерін қызықты өткізгеніне
шексіз қуанышты еді. Бірақ, үйге
келгенде үлкен көңілсіздіктің үсті-
нен шықты. Төлшілер малды түнгі
орынға жайғастыра келіп, сарқұлақ
қозының жоқтығын айтқанда
Әбілқайырдың жаны түршігіп кет-
ті. Жақында туған жас қозы мал-
дан қалып қойыпты. Қалай аңғар-
мады екен? Бағына қарай, атасы
үйде жоқ болатын. Әбілқайыр мал
өрісіне қарай жүгіре жөнелді, жан
ұшырып келеді. Кешкі салқын са-
мал жел құлақ түбінен зу-зу етеді,
денесі қалтырап тоңазығандай бо-
лады. Көңілінің хоштығы жоқ, іші
әлем-жәлем, ұяттың жалынына
шарпылған.
- Енді не болды, балалардың да,
үлкендердің де бетіне қарағысыз
болдым-ау! Ертең ғой балалар ма-
зақтап күледі. Ұят- ай.Ұят-ай!
Күн әлдеқашан батып кеткен.
Батыс көкжиек бұлтсыз. Шыңы-
рау аспандағы өркеш-өркеш қоңыр
бұлттардың жоғарғы қабаты қанға
малғандай қызарып тұр. Алы-
ста, түнерген көкжиекте нажағай
оты жылт ете қалады. Бала жүдеу
көңілмен осылардың барлығына
жалтақтай қарайды. Еңсені басқан
мына қатпар қара бұлттардың та-
пжылмай тұрғанын көрмеймісің.
Олар жұлма-жұлма болып әр түске
ауысады. Кейде бақабас сүзеген
бұқа кейіпіне келеді. Кейде шө-
гіп жатқан қара нарға ұқсайды.
Қорқып келеді, жылап келеді.
Бозалаң аспанда күміс жұлды-
здар көріне бастады. Әбілқайыр
өрістегі бар бұта, төмпешіктің ара-
сын түгел сүзіп жүр. Сарқұлақ қозы
зым-зия жоқ. Қараңғылық қоюла-
на түсті. Осынау қырдың астынан
болса керек, аш қасқырдың өлім-
11
сіреген мұңды даусы естіледі. Түн
кезген жалғыз бала қорқып қал-
тырап кетті. «Енді қайттім, үйге
кетіп отырсам ба екен? Жоқ, олай
ете алмаймын. Қалайда табуым ке-
рек» деді, Әбілқайыр қайраттанып.
Айналаға құлақ түріп аз тұрды.
Қозыны шақырып қайта-қайта ай-
ғайлады. «Әлдеқайдан түн құстары
ысқырып жауап қатады. Қасқыр үні
де басылды. Күндізгі қой жайған
сай алыста артта қалды. Алда көл-
денең дөң жатыр. Дөң үстіне шар-
пы бұлттарға сүңгіген айдың көме-
скі сәулесі түсіп тұр еді. Шұбалған
ақ ит жөнеле берді, арқасында өң-
геріп алғаны бар. Әбілқайыр ай-
ғайлап тұра ұмтылғанда, ит аңы-
рып, аз бөгелді. Арқасындағы зат
қозғалып, маңырағандай болды.
- Қасқыр қозыны әкетіп барады!
- деген ол күшін жинап соңынан
жүгірді. Буындары құрып, болды-
рып келеді.
Аштықтан әлсіреген қаншық
қасқыр бірде аяңдап, бірде бүкең-
дейді. Кішкене қуғыншыдан онша
қысылмайтын сияқты. Өлсе де
жемін тастағысы келмейді. Ұры
ай астымен ұзай түсті. Баланың
кішкене кеудесі қысылып, дәрмені
қалмады. Ол ақырғы күшін сарқып
әудем жер жүгірді де, алқынып
отыра кетті. Орнынан тұра алмай
қалды. Әлден уақытта зар қағып
маңыраған жас қозының даусы
естілгендей еді...
...Қаншық қасқыр бұлқынған
қозының аяқтарын қапсыра тісте-
ген бойы жата ғaп тобылғы арасы-
на кірді. Аузындағы қозының си-
рағын сол бойы шайнамай жұтып
жіберсе, көптік қылмайтын си-
яқты. Қабысқан қарны ашып, сіле-
кейі шұбырып келеді. Бұлқынтып
әуре қылғанша жартысын қылғып
жібергісі келеді. Оған қаншықтың
батылы жетпейді. Ұядағы күшік-
теріне тірідей апарып жемді қалай
ұстауды көрсету керек.
Жыртқыш аузы ырсиып қуа-
нып келеді, жүрген сайын шо-
лақ құйрығын бұлаңдата түседі.
Қуғыншының да даусы талмаусы-
рап барып өшіп қалды. Мекеніне
тез жетіп, мына балдай тәтті қо-
зының қызығын көруге асығады.
Сарқұлақ қозы қаннен қаперсіз көк
шуда жонда сұлап жатыр.
Қасқыр тобылғы арасымен
аяңдап келе жатты. Алда қарауы-
тып орман көрінеді. Ол енді кеп
ұзамай өз мекенінде болады. Ол
кенет аяқ астынан шақ-шақ еткен
көп дауыстардан сескене қалды.
Тобылғы арасынан мысықтай сары
аңдар тап бола кеткен еді. Олар
қоршап алып шақылдап тұр. Атта-
уға жол жоқ, жемін тастағысы кел-
мейді, аузынан босатса мыналар
тартып кетер деп қорқады.
Қаншық сәл аңырып тұрды да,
кимелей жөнелді. Оқтаудай жа-
раған үлкен қызыл сарысы оқтай
атылып жармаса түсті де, аяғы-
ның асықтай бұлшық етін жұлып
алды. Күзендер қаншыққа жа-
была түскенде, босанып кеткен
қозы талтақтап қаша жөнелді. Ал
аш қасқыр да күзендердің екеуін
сығып лақтырып жіберді. Үшін-
шісі ұртына жармасып сүлікше қа-
далып қалды. Ұртына жабысқанды
соққылап жатқанда, үлкен қы-
зыл сары арқасына атқып шығып,
мойнына жабысып алды. Арық
желкесін өткір тістерімен қиғы-
лап берді. Ышқынған қаншық түн
тыныштығын үркіте гүрілдеп, ас-
панға тік шапшыды. Жабысып
алған пәледен құтылмақ болып
жерге жата қалып аунады. Кү-
12
зен қадалған бойы айрылар емес.
Басқалары да жығылған жауға
жармаса кетіп шайнай бастады.
Қаншық ақтық күшін жинап қай-
та секірді. Бұл жолы омақаса құлап
тұра алмады...
Қозы зар қағып күңгірт даламен
жүгіріп келеді, Әбілқайыр зорға
дегенде ұстап алды. Қарап көрсе
еш жерінде жарақат жоқ. «Қасқыр
аузына түсіп те қозы аман құтыла-
ды екен-ау! Бәлкім, сарықұлақты
қасқыр арқалап кетпеген болар...
Бұл қалай болды екен?..»
«Пионер» журналы, №3,
1959 жыл.
Қабдыраш аңшы
Жеті жасар Қабдыраш қара күші-
гін жетектеп, ауылдан шықты. Күн
бүгін жылы. Жіпсік қар аяққа бат-
пақша жабысады да, жүрісті ауы-
рлатады. Қабдыраштың иығында
асып алған ойыншық мылтығы бар.
Ол өзінің осы кейпін аңшы Сұраған
атайға ұқсатып, іштей мәз болып
келе жатыр. Жалбыр жүн қара күшік
салпылдаған құлақтарын елең-елең
еткізіп олай- былай із кесіп жүгір-
гендей болады. Бұлар біраздан соң
тоғайға келіп кірді. Қара күшіктің
бұдан әрмен барғысы келмейтін
тәрізді. Жұлқа тартып, үйге қашпақ
болады. Бірақ Қабдыраш оны жі-
бермейді, әкесінің дауысына салып,
ұрсып қояды:
- Өзіңді сабап алса, обал емес, -
дейді.
Қара күшік тегін күшік емес,
Сұраған аңшының қара тазысы-
ның баласы. Құйрығының үші ақ,
төсінде де ағы бар, ұрты салбы-
раңқы, енесінен аумайды. Ал Қаб-
дыраш болса, Сұраған аңшыдан ау-
майды. Бірақ Сұрағанның құндағы
жарылған қара мылтығындай емес,
бұнікі заводтан жаңа шыққан, әлі
су жаңа, қағаз оталғышты салып,
басып қалса, тырс етіп атылады.
Қабдыраш біртін-біртін орман
ішіне сұғына түскен сайын күн
кешкіріп бара жатқандай, төңірек
қарауыта берді. Батырың енді елең-
деп, қорқайын да деді. Бірақ аң-
шының құр қол қайтуы ұят емес
пе? Жіп сүйреткендей жіңішке
ирек-ирек тышқан іздері бұлардың
алдын жиі кесіп өтеді. Үлкенірек
бір аңның ізін, Қабдыраш түлкінін
ізі болар деп ойлады.
- Жолдаяқ ал ізде! - деді күші-
гіне. Бірақ күшігі оның не айтқа-
нын түсінбеді, тайралаңдап, жата
қалып, еркеледі. Қабдыраш мыл-
тығын оңтайлап ұстап, қаспақты
мұрнын тартып-тартып қойды.
Дөңгелектеу сары жүзі тершіп, қы-
зара түскен.
Міне Қабдыраштың алдынан
баппен аяңдап өткен аңның, шай
кеседей ерекше ірі ізі кездесті.
«Оһо, мынау қасқырдың ізі болар»
деп, ойлады Қабдыраш. Тырнақта-
ры қарға батып-батып кетіпті. Қара
күшік, ізді иіскеп-иіскеп қойды да,
бір қорқынышты сезгендей қың-
сылап, Қабдырашқа тақала түсті.
Іштей өзі де сескене тұрып, Қабды-
раш итіне жұбату айтты:
- Ой, ақымақ, мына мылтық
тұрғанда қасқырдан қорқа ма екен,
атып аламыз.
Қабдыраш әлгі арада бөгеліп бі-
раз тұрып қалды, бозарыңқы көз-
13
дері айналаға жалтақ-жалтақ қа-
райды. Орманға едәуір ұзап кіріп
кеткенін енді байқады, алды-ар-
тының бәрі сидаң ұзын ағаштар. Ке-
нет оның көзі бір түп тобылғының
ар жағында қалқиған екі құлаққа
түсті. Тесіліп қарай қалды,- қоян.
Иә, қоянның тап өзі. Бүлкең-бүл-
кең етіп, әрмен қарай жүгіріп бар-
ды да, тоқтай қалды. Түсі қардан
аумайтын середей ақ қоян екен.
-Айт! Айтақ! - деп, Қабдыраш
күшігін жұмсамақ болып еді. Бірақ
тамағы тығындалып қалғандай
даусы шықпады, Ұштары қара,
едірейген екі құлақ тікірейіп, міз
бақпайды.
Қабдыраштың бойын кенет өжет
бір сезім билегендей, мылтығын
тез «оқтап», қоянды көздеді. Басты
шүріппені! Орманның іші гүрс ете
қалды. Қабдыраш та, қара күшік те
селк етті. Үлкен қоян орнында ты-
пырлап жатыр...
Не болып қалғанына түсіне ал-
май Қабдыраш сілейіп тұр. Сол
кезде ар жақтан тымақ киген біреу
жүгіре шықты. Тыпырлап жатқан
қоянды жерден салбырата кө-
теріп алып бауыздай бастады. Бұл
Сұраған аңшы екенін Қабдыраш
енді таныды. Қуанғаннан:
- Ата! Ата! - деп, айқайлап жі-
берді.
Сұраған аңшы Қабдыраштан
мұнда қалай келгенін, неғып жүр-
генін сұрады.
Біз қара күшік екеуміз аң аулап
шықтық, - деді Қабдыраш.
- Аң аулап шықсаң, ақжолтай
болдың. Мә, мына қоянды ше-
шеңе апар. Аңшылық өнеріңнің
тырнақалдысы осы болсын, - деді
Сұраған.
- Ата, бұны атып жыққан кім,
мен бе? - деп сұрады Қабдыраш.
- Әрине, сен.
Қабдыраш сенерін де, сенбесін
де білмеді.
Суретін салған Н. Казанцев
«Балдырған» журналы, №2,
1960 жыл.
14
Достарыңызбен бөлісу: |