жайы бар. Нүкетай сұлу басынан қара шәлі сыпырылмай, іргеде жоқтау айтып әлі отыр.
Оның бірден-бір әмеңгері Анарбай екенінде құдайдың да, құранның да, адамның да дауы
жоқ. Бірақ ағасының жылын бермей, азан айтып ас шақырып, ат шаптырмай, Нүкетай
жеңгесінің қойнына қол сала алмас. Нүкетаймен неке қияр күнді ойласа, Анарбай бауыры
балқып, өзегі өртеніп, жүрегі тулар.
Сол ынтызар күнді жақындату мұратымен Анарбай ағасының асын жыл толмай-ақ осы
күзде атқарып жібермекші болып, жан-жаққа жариялатып та қойды. Саймасайдың қайтуы
өткен қыстың қақ ортасы еді. Қысты күні қалың қонақ қабылдап, ас беру рәсім емес. Оған
күз лайық. Таяп қалған қыркүйектің ішінде ағасының
ақтық қызметін атқарып, асудай
арман-тілегіне де жетер.
Рысқұл шынжырмен шырмалып, түрмеге түскелі бері, қос өкпеден қадалған шөңге
суырылғандай, тыныс та кеңейген сияқты. Оның ағайын-туыстары да бір-бірлеп қашып-
пысып, көзден таса, көңілден ғайып болды. Осы күні
кеше Қорған мен Шыныбек
дегендері кетті. Бір қырсығы, Рысқұлдың әйелі Ізбайшаны да ала кетіпті. Бұған Таубай
старшыннан өзге ешкім өкіне де қойған жоқ. Ауылнай Таубай шашын жұлып, жер
сабалап, Тау-Шілмембеттің жұртында қалған Ахат шалды сақалынан сүйреп: «Қайда,
қайда?» – деп қысқанмен түк өнбеді.
Анарбай болыс Таубайға: «Құрысын, кетсе кете берсін. Артынан топырақ
лақтырыңдар», – деп бұған онша мән берген жоқ. Сөйтсе, онысы бекер екен. Ояздан
келген бұйрық ақ орданы жай түскендей етті.
– Айттым ғой, ойбай, айттым ғой! – деп Таубайдың түкірігі шашырады.
– Айтсаң, неге әзір болмадың! – деп Анарбай ақырды. – «Бүлінгеннен бүлдіргі
алманы» ұмытып, Рысқұл
иттің көзі жойылмай жатып, Ізбайшаны Тау-Шілмембеттен
тартып алмақ болып қоқаңдадың-ай келіп. Сенен қорқып қашып кетті енді. Қайдан тапсаң
одан тап!
Таубайдың тілінен ірің тама жаздап барып, лаж жоқ, тістенді де қалды. Әйтпесе:
«Бүлінгеннің бүлдіргісін алып жатқан өзің емес пе, болыс мырза? Саймасай бүлінбегенде
– не болды? Тағында отырсың. Жесірін жемтік күткен күшігендей күн санап күтіп
отырсың. Рысқұлдың Шолақ Шабдарына дейін өз табыныңа қостырдың», – демекші еді,
айтпады. Ішіне без байланды да қалды.
Ақыры болыс писаріне оязға арнап хат жаздырды. Кешірім сұрап, құлдық ұрып, рақым
тілеп хабарлағаны: «Рысқұлдың қатыны
Ізбайша қазір Шымкент оязы, Майлыкент
болысы, Түлкібас деген жерде болуы керек. Шығыс-Талғар болысының жерінде Ізбайша
жоқ».
Рысқұл тұқымының бәлесінен қорыққан Анарбай Таубай старшынға тапсырма берді.
– Әлгі Ахат деген өлмелі шалы өз ажалынан өлгенше, тиіспей, қонаштамай қоя
тұрыңдар. Ол қай бір жұртын қимай отыр дейсің. Туыстарына ілесе алмай, амалсыз шөгіп
қалған ғой. Арам қатып жүрмесін, қарайласыңдар, – деді.
Ояз Сорокин үшін бұл жайсыз хабар болды. Опырылып ор құлаған жоқ, бірақ мінезі
шәлкес фон Таубеден сескенеді. Кейде бір
болмашы нәрседен ілік іздеп, ізіне түсіп
алатын, реті келгенде сол ұсақ-түйекті бетіңе салық қылып салатын шатағы бар
губернатордың ылғи да ық жағында жүретін ояз қазір насырдың алдын алып, дереу
Шымкент уезінің бастығына телеграмма дайындатты.
Бір жағынан қорланды: су құрлы сұрауы жоқ бір киргиздің қатынына бола биік
мәртебелі ояздар арасында іздеу салған ресми қатынас болмақ. «Таз ашуын тырнаудан
алдының» керімен енді ояз Шығыс-Талғар болысының управителі Анарбай Үшкемпіров
пен сондағы приставты мықтап мытып алмаққа бекініп қойды.
Шымкентке жедел телеграмма жөнелтілді:
Шымкенттің оязы қайдағы бір Ізбайша дегеннің кім екенін, қайдан іздерін біле алмай,
бұған
аса мән бермей, көп жұмыстың арасында ұмытып та кеткендей еді, екінші
телеграмма тағы сарт ете қалды. Бұл жолы қол қойған Жетісу губернаторының
орынбасары Осташкин еді.
Достарыңызбен бөлісу: