Қызыл жебе. Бірінші кітап



Pdf көрінісі
бет3/8
Дата15.10.2023
өлшемі1,21 Mb.
#115184
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Қызыл жебе. 1 кітап Шерхан Мұртаза

«Патша! 
Біз, С.-Петербургтың жұмысшылары мен түрлі сословиедегі тұрғындары, біздің 
әйелдеріміз бен балаларымыз, көтерем халдегі кемпір-шалдарымыз – баршамыз жиылып, 
саған келдік, Патша! Шындық пен қорғаныш іздеп келдік. Біздің сіңіріміз шықты, бізді 
адам айтқысыз азапқа салып, қанап жатыр. Бізді құлақ кесті құлдай көріп, қорлап, 
зорлап, адам қатарына қоспайды. Біз шыдап бақтық, бірақ бізді жоқшылықтың түпсіз 
шыңырауына итермелеп, еркімізден айырып, қараңғылықтың құдығына тастап, 
қылқындырып барады. Енді шыдар хал жоқ, патша...». 
Александр Бронников Рысқұл мен Тұрарға петиция жайын түгел баяндап шықты. 
Ғапон деген поптың жәдігөйлігін әңгімеледі. Қарусыз халықты қойдай қырып салғанда, 
көшелерде аққан қанның сел болғанын айтты. Полиция мен солдаттар патша сарайының 
алдында бала-шаға, кемпір-шалды да аямай мылтықпен атып, қылышпен шапқанын 
айтқанда әкелі-балалы Рысқұл мен Тұрардың жандары түршікті. 
– Біз айттық алдында, – деді Бронников. – Патшаға бармаңдар. Бәрібір түк өнбейді. 
Патша жарылқамайды. Қайта сағың сынып, қырылып қаласыңдар. Қарусыз халықтан 
патша қорықпайды. Ал қорықпағанын сыйламайды, – дедік. Көнбеді. 
– Бізің кім сонда? – дейді Рысқұл. 
– Большевиктер. Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының мүшелері. 
Ресейде сондай партия бар. Кедейлерді, жұмысшыларды қолдайтын, солардың мүддесін 
жоқтайтын партия. 
– Ол не, ол сонда әскер ме? – деп төне түсті түсінбеген Рысқұл. – Әскер болса, мен де 
қосылар едім. 
Бронников зілсіз күліп қойды. 
– Жоқ, Рысқұл, әскер емес. Сен, мына мен сияқты адамдар. Теңдікті аңсайтын, біреу 
бай, біреу кедей болғанын қаламайтын, біреуді біреудің қанауын қаламайтын, жазықсыз 
қан төгуді жек көретін, кісі баласын сен орыссың, сен қазақсың, сен татарсың деп 
бөлмейтін әділетті қоғам құруға талпынған адамдар. 


Төніп тыңдап отырған Рысқұл: 
– Е, ертек сияқты неме десеңші, – деп қайтадан шалқая берді. 
– Әуелі тыңдасаңызшы, көке, – деп Тұрар әкесіне жалтақтай қарады. Баланың бұл 
ықыласына Бронников сүйсініп қалды. 
– Молодец, Тұрарка, сен бірдеңе сезіп отырсың ғой. Жүрегіңе тоқи бер, балам, алтын 
басым әшейін. Сен Приходько мырзаның барчук баласын күнде гимназияға күймемен 
алып барып, алып келіп жүрсің. Со гимназияда мен де оқыр ма едім деп армандайсың. Ал 
сол гимназия мұндай білім бермейді. Онда қоғамды қалай өзгертіп, жақсартуды 
оқытпайды, Тұрар. Рас, онда да көзі ашық, көкірегі саналы адамдар бар шығар. Өйткені 
мен естіген Михаил Фрунзе деген бір революционер осы гимназияны бітірген көрінеді. 
Демек, жасырын болса да жақсы жандар бар ол төңіректе. Ал, Рысқұл, – деп енді 
Бронников басын жағасына тығып алып қырын отырған жолдасына бұрылды. – Сен ертек 
дейсің. Менің айтқаным ертек-ақ болсын. Сонда сен өзің неге патша өкіметінің өкіліне оқ 
аттың? Осы сұраққа жауап берші. 
– Тергеушіге бергем ол жауапты. Дәл осы сұрақты онда да қойған. Сен де тергеуге 
алайын деп пе ең? Атқым келді – аттым. Арқардан да оңай аттым. Арқар жарықтық 
оңайлықпен аттырмайды. Ал ана дәйісті еріккенде ата салатын жаман қарақұс құсатып 
қалбаң еткіздім, атасына нәлет. 
– Неге? Себебі бар ғой. Құрдан құр ата салмайды ғой адамды, – деп енді Бронников 
төне түсті. 
– Негесі бар ма, қорлады, жала жапты, нақақтан күйдірді. Қанша еңбегім кетті – 
ақымды жеді. Аш-жалаңаш қалдық. Амал таусылды. Содан кейін... 
– Ә, солай ма екен? Сонда сенің ақыңды ешкім жемеске, саған ешкім қиянат 
жасамасқа, қорламасқа, аш-жалаңаш болмасқа не істеу керек? 
– Не істеу керек? Болыс атаулыны пытырлатып атып тастау керек, атасына нәлет. 
– Болыстарды ғана емес. Рысқұл, қоғамдағы бүтін үстем тапты құлату керек. Сен 
түсініп отырсың ба, Тұрар? Әлгі Қызыл Жебенің иесі кім еді? 
– Тұқымбай. 
– Ие, Тұқымбай сияқтылар, Таубай старшын, болыстар, ояздар, губернаторлар, 
министрлер, патша – барлығы құлауы керек. 
– Оған күшің жете ме, байғұс-ау ? – деп Рысқұл әңгіменің дәмін ала бастады. Өзі де бір 
кез солай қиялдайтын. Бірақ ол қиял, бұлдыр сағым сияқты ұшығын ұстатпай, бұлаңдай 
беретін. 


– Жетеді, Рысқұл, жетеді. Үстем тап – азшылық, ал халық – көпшілік. Көп көтерілсе, 
халық көтерілсе оған шыдайтын күш жоқ. Әне, сол халықты көтерудің амалын ойлап, 
пәрменді әл жиюшы, ұйымдастырушы, оларды бес саусақтай жұмылдырушы, күреске 
бастаушы – партия. Енді түсіндің бе? 
– Мейлі, партия, партия. Әлгі болыстардың сайлауында жақ-жақ болып таласатын 
қуларды партия деуші еді. Мынауың сол сияқты топ болды ғой. Онда Тұқымбай сорлы да 
партия болды ғой. 
– Сенің айтып отырғаның тұрпайы түрі, Рысқұл. Ал біздің партия жеке бір жіктің, аз 
ғана топтың мүддесін емес, бүкіл халықтың қамын ойлайды. 
– Ал, мұны да мейлі делік. Сонда партия: мен, сен, Тұрар. Енді біз үшеуімізді 
бастайтын біреу болу керек емес пе? Бар ма ондай адам? 
– Бар-бар, Рысқұл! Бар! Ол – Ленин. 
– Ленин, Ленин, – деп әлдекімді есіне түсіргісі келгендей Рысқұл мұртын ұстаған күйі 
тұқшиып отырып қалды. 
– Ленин, – Тұрар да әлгі есімді қайталап. Неге екенін өзі де білмейді, бірақ Ленин ең 
жақын адам сияқты елестеді. Тегі Ахат атасындай да көрінеді. Басынан сипап, 
маңдайынан иіскеп, шыр етерін осының аузына тосып, құрбандық болып кетуге дайын 
тұрушы еді сол қарт. 
Сонда Тұрар, әрине, енді он бес жылдан кейін Ленинмен жүзбе-жүз кездесіп, оның 
алдында отырып, үнін есітіп, дидарын көретінін, әрине, сезген де жоқ, білген де жоқ. Ал 
арада он бес жыл өткен соң, мың да тоғыз жүз жиырмасыншы жылдың жазғы тұрымында 
Лениннің қабылдауында отырып, Ленин деген есімді тұңғыш рет тас түрмеде, Александр 
Бронниковтен естігенін есіне алар. 
* * * 
Ертеңіне камераға сұңғақ бойлы, қара-сұр қазақ жігіт келді. Тас іннің ала-көбеңінде 
бөтен адамды жіті тани алмай қалған Рысқұл оның бетіне үңіліп: 
– Әй, сен әлгі тілмаш бала емессің бе? – деді. 
– Иә, сізбен тергеуде кездесіп жүрміз ғой. Немене, өз тілмашыңызды танымай 
қалдыңыз ба? – деп жігіт ықпай сөйледі. Отырар жер таппай, жан-жағына қарады. Есікті 
тарсылдатып, надзирательді шақырып, кішкентай орындық алдырды. 
– Менің аты-жөнім – Боташ Шоқұлы. Округтік сотта тілмашпын. Мені сізге адвокат 
етіп бекітті. Сізде тергеу аяқталып қалды. Енді жақында сот болады. Ал сотталатын адам 
адвокат жалдауы керек. Сіздің адвокат жалдайтын қаржыңыз жоқ. Солай емес пе? Әлде 
жасырып жүрген ақшаңыз бар ма? 


– Ақша деген ақымаққа құдай құлқымды салмаған. Менен ақша дәмететін әдбекет 
болсаң – әйда, жолың ашық: маған әдбекеттің керегі жоқ. Қылмысы бар адамды құдай да 
қорғай алмайды. Сен мені қорғап жарылқамай-ақ қой. 
– Адвокатсыз болмайды. Заң солай. Онсыз соттың үкімін жоғары жақ бекітпейді. 
Білдіңіз бе? 
– Ал сонда сен мені қайтіп қорғайсың? Саймасайды атып өлтіргені дұрыс болды 
дейсің бе? 
– Ол басқа әңгіме. Әуелі келісіп алайық. Мен сіздің тергеуде берген жауабыңыздың 
бәрін білем, бәрін өзім аударып отырғам. Барлық жағдай маған бес саусақтай белгілі. 
– Енді не керек? 
– Керегі тек бірер түсініксіз түйін бар. Соны шешіп алсақ, іске көмегі тиюі мүмкін. Ең 
алдымен, сіз мені жатырқағанды қойыңыз. Әйтеуір әкімдердің бірі деп жауыға қарамаңыз. 
Екеуміз бір-бірімізге сенбесек – бәрі бекер. 
– Бұл кісі дұрыс айтып отыр. Сен тым тұйықтала берме, Рысқұл, – деп қалды 
бағанадан бері қалыс қалып отырған Бронников. – Айтпақшы әңгімелеріңізге мен бөгет 
болмаймын ба? Бөгет болған күнде де шығып кетер амалым жоқ.
– Жо-жоқ, сіз кесір емессіз, – деді Шоқұлы – Мен сізді де ептеп білемін: сіз Санкт-
Петербургтенсіз, жаңылмасам? Парадокс, әрине. РСДРП-нің саналы мүшесі империяның 
бір түкпірінде қылмыскер азиатпен бір камерада отырамын деп үш ұйықтасаңыз, түсіңізге 
кірмеген болар. 
– Неге, адвокат мырза, біз бір майданның адамдарымыз. Екеуміздің бір камерада 
отыруымыз кездейсоқ жағдай емес. 
– Жә, кешіріңіз, сізбен әңгімелесуге, шынын айтсам, маған рұқсат жоқ. Келген 
шаруамды бітірейін. Иә, Рысқұл ақсақал, сізді ғой былтыр сотталғаныңызда Софийск 
станицасында тұратын Софрон деген переселеннің атын ұрлады деп соттады. Рас қой? 
Рас. Ал сол Софронның аты кейін базарда сығандар сатып тұрған жерінен табылды. 
Дұрыс. Ал сонда сіздің үйдің артынан, жалбыздың арасынан табылған ет – неғылған ет? 
Осыған жауап беріңізші. 
Рысқұл Шоқұлына алая бір қарап, сазарып қалды. «Мынау тегін емес. Тергеуші 
қоймаған сұрақты қоюын қарашы. Түптеп тартуын, бәлемнің. Менің дертімнің тамырын 
тап басып отыр». 
– Айтыңыз, Рысеке, кейін өзіңізге жеңіл болады. 
Рысқұл үндемеді. Тек көкірегінен жалын ата бір күрсінді. 


Жылқының сұлтаны – Рысқұлдың ғашығы еді. Мынау адвокат соны еске салып, ескі 
жараның аузын қанатып отыр. 
– Так, – деді Шоқұлы шыдамы кетіңкіреп – жарамады. Сотта прокурорға қарсы шығар 
қаруды сіз жасырып отырсыз, жарамады. Ал прокурор сізге ең кемі жиырма бес жыл 
каторганы салмақтап отыр. 
– Ай-яй, Рысқұл қиын адамсың, өте қиын адамсың, – деп Бронников әңгімеге қайта 
араласты. – Адвокат мырза, бұл кісі ол еттің «жұмбағын» бізге, мына Тұрар екеумізге 
жырдай қылып айтып берген. Ол Қызыл Жебенің еті. 
– Так, так, – деп адвокат ентелей түсті. Жұмбақ түйіннің бір ұшығына қолы іліккендей 
болды. 
– Қызыл Жебені естуіңіз бар шығар? – деп Бронников Шоқұлына қарады. 
– А как же, ол деген аңызға айналған атақты жүйрік болатын. 
– Иесінің аты кім еді, Рысқұл? Өте қиын ат, – деді Бронников. 
– Тұқымбай, – деді. 
Одан арғы жайды Бронников баяндай берді, ақыры әңгімеге Рысқұлдың өзі араласты. 
Ара-тұра Тұрар да Қызыл Жебені Қаракемерде көргенін айтып қалып отырды. 
Тілмаш-адвокат Шоқұлы риза болған пішінмен қолын рахаттана уқалап: 
– Міне, бұл тылсым түкпірге де сәуле түсті. Енді прокурор Кудрин мырзамен айқасуға 
болады. Әңгімелеріңізге рақмет. Ал енді округтік соттың мәжілісі көп ұзамас. Қайбір 
қосымша сұрақтар туса, тағы да хабарласармын. Сау болып тұрыңыздар, – деп орнынан 
көтеріле берді. Рысқұлмен, Бронниковпен қол алысып болып, Тұрардың басынан сипап: 
– Сен ақылды жігіт екенсің. Әттең оқытар ма еді өзіңді, – деді. 
– Оқуы жаман емес, – деп күлді Бронников. 
– А, солай ма, оқытушысы РСДРП-нің белсенді мүшесі болса, жаман болмас, – деді 
Шоқұлы. 
Қандай көңілден шыққан сөз екені белгісіздеу. 
* * * 
Тұрар күндегі тәртіп бойынша, таң азаннан тұрып атқора тазалауға кетті. Бүгін 
әдеттегіден гөрі көбірек кібіртіктеп, әкесіне қарайлай берді. Кешке қайтып келгенше 
көкесін басқа бір жаққа алып кететіндей көрінеді. Кеше кешке адвокат Боташ Шоқұлы 
келіп: 


– Ертең сот болады. Сотта қырсықпай, дұрыс жауап беруге тырысыңыз. Болған істің 
бәрін болғандай баяндасаңыз – жетіп жатыр. Ештеңені жасырып қалудың қажеті жоқ, – 
деген. 
Соттың қалай болатынын Тұрар білмейді. Ал тергеуден қайтқан күні әкесінің 
зығырданы қайнап, тісін қайрап отыратынын талай көрген. Сотта да бопсалап, қорқытып, 
неше түрлі сұрқия сұрақтарға жауап беруді талап етіп, ұрып, соға ма екен? Өйтетін болса, 
әкесі қарысып қалады. Қайта сотты балағаттап, бәле жамап алуы мүмкін. 
Үкім қалай шыққан күнде де, әкесінен айырылысар күн таяп келе жатқанын бала 
үрейлене сезеді. Сонда мұның күні не болмақ? Әкенің жан дүниесін, оның жақсы-
жаманың, ақ-қарасын баладан артық білетін бұл түрмеде де, сотта да ешкім жоқ. 
Рысқұлдың ішінің қыртыс-қыртысын түгел білдім деп ойлаған Шоқұлының өзі де 
Тұрардан артық білмейді оны. Әттең дүние, осыдан Тұрар Боташ Шоқұлындай оқыған, 
ержеткен азамат болса, сотта әкесін өзі қорғар еді. Оның титтей де жазығы жоқ екенін, 
қайта айыптылар кім екенін бұлтартпай айтып берер еді. Он жастағы бала дәрменсіз. 
Небары он жаста. Қанаты қатпаған, бұғанасы бекімеген. Әттең... 
– Көке, – деді табалдырықтан аттай беріп. Ар жақта надзиратель тақақтап күтіп тұр. 
– Ау, қарағым? 
Тұрар не айтарын білмей, тамағына бір түйін тұрып қалды. Бірақ оның ойын түсінген 
Рысқұл баланы жұбатып: 
– Алаңдама, Тұрар. Мен қайтып келемін ғой. Сот үкімін шығарар. Айдап жіберген 
күннің өзінде сені ала кетемін, айналайын. Бара ғой жұмысыңа, бара ғой Тұрар. 
Надзирательдің көзінше Рысқұлмен қырын қабақ бола қалатын Бронников қазір 
үндеместен Тұрарға болар-болмас ишарат білдіріп, басын сәл изегендей болды. Ол: 
«Қорықпа, Тұрар», – дегені. Есік сақыр-сұқыр жабылды. Баланы конвой сыртқа алып 
кетті. 
– Аман болсын, балаң ерекше зерек, – деді Бронников Рысқұлмен шала-пұла түсінісіп. 
– Айдауға баланы бірге ала кетпесем, ана иттер оны өлтіріп қояды. Егер Тұрарға қауіп 
төнбесе, мен атылу жазасынан да қорықпас едім. – Рысқұл теңселіп отырып, уайымының 
ен үлкенін айтты. – Зерек дейсің. Жұрттың мұндай баласы көжесін жыламай ішпейді. Ал 
бұл не көрмеді? Атаңа нәлет Саймасайдың салдақылары менен гөрі қаһарын осы Тұрарға 
тікті. Иттер сезеді оның зеректігін. Түптің-түбінде түбімізге жетеді деп қорқады, 
залымдар. Мен сотталудан қорықпаймын, баладан айырылып қаламын ба деп ұйқым 
шала. Егер мені итжеккенге айдайтын болса, қатын-баламды бірте ала кетемін деп 
ұлықтарға арыздануға бола ма, Ескендір? Сенің көзің ашық қой. 


– Көзің ашық дейсін-ау. Көзі ашықтардың көзін томағалап қойған заман емес пе? Егер 
жер аударылғандарға отбасын бірге алып жүруге мүмкін болса, бала-шағамды мен де 
алдырар едім-ау. Бірақ ондай атты күн қайда? 
– Атасына нәлет, мен көнбеймін, оязға, одан болмаса Тәубенің өзіне, одан болмаса, 
тура патшаның өзіне арыз жазамын. Сен жазып бересің. Сай-сүйегін сырқыратып жаз, 
атасына нәлет. 
* * * 
Осы кезде әзірейілінің асай-мүсейіндей сақырлап есік ашылды да, надзиратель 
әдеттегіден гөрі көтеріңкі дауыспен: 
– Жылқайдаров! Шық! – деді. Надзирательдің ар жағында найзалы мылтықтарын серт 
ұстап екі айдауыл тұр екен. 
Рысқұл орнынан ыңырана тұрып, иығына шекпенін ілді, ескі киіз қалпағын қолына 
алды. Бұрылып Бронников қарап еді, ол Рысқұлдың кетіп бара жатқанына қыбы қанғандай 
сыңай танытып, зәрлі мысқылмен мырс етіп қала берді. Надзиратель бұл кейпін аңғармай 
қалған жоқ. «Ә, бәлемдер, ырылдасып жатырсыңдар ғой»,– деді ішінен. 
Рысқұлдың аяғына табалдырықтан шыға бере кісен салды. Бір тұтам ғана ұзындығы 
бар кісеннен адымы жазылмай, Рысқұл кібіртіктеп барып сүрініп кетті де, қайта көтеріліп, 
еңсесін көтеріп, бойын тік ұстап жан-жағына тәкаппарлана қарап, қыбыр-қыбыр адыммен 
кете барды. Айдауылдың біреуі алдына, екіншісі артына түсіп келе жатты. 
Үш қабат есіктен өтіп, аулаға шыға келгенде Рысқұл көзін қолымен көлегейлеп қалды. 
Күн жарқырап тұр екен, көзі қарықты. Жарыққа бірте-бірте үйренген соң, аула түбіндегі 
атқора жаққа қарап еді, Тұрар жалғыз дөңгелекті зембілмен жас тезекті сыртқа алып 
шығып келе жатыр екен. Ауладағы ірің көз надзиратель оның алдын кес-кестеп тұра 
қалды. 
Тұтқынды қақпадан айдап шығар кезде, аулада артық жүріс болмасқа керек. 
Әкесі сыртқы қақпаға жақындаған кезде Тұрар шыдай алмай: 
– Көке! – деп айқайлап жіберді. 
Рысқұлдың тұла бойы дір-р ете қалды, бірақ қайырылған жоқ, кісенін салдыратқан 
күйі қақпадан шыға берді. 
Қақпаның сыртында трашпенке тұр екен. Тұтқын мен екі айдауыл көлікке отырған 
соң, жарау қос ат көшені қоңыраулатып, ілезде Старокладбищенская көшесіне түсіп, 
округтік соттың үйіне қарай зымырай жөнелді. 
Көшедегі адамдар қоңыраулы трашпеңкені әуелі салтанатпен әкім келе жатыр екен деп 
қалады да, кісендеулі аяғы салбырап отырған киіз қалпақты қазақты, алды-артына мылтық 


ұстаған айдауылдарды көріп, бірі таңырқап, бірі үрке қарап, бірі тез-тез шоқынып қала 
береді. Әлдекімдер басынан мыжырайған кепкесін алып, бас игендей болды. Әлде әкім 
дей ме, әлде тұтқынға оң сапар тілей ме – белгісіз. 
* * * 
Сот үйінің алдына келіп тоқтағанда, секіріп-секіріп жерге түскен қос айдауыл 
Рысқұлды демеп жібермекші еді, тұтқын олардың қолын жасқап, өзі қарғыды. Теңселіп 
барып, бойын жиып алды. Үйдің алды жапырағы алақандай емен, сырғасы салбыраған 
қайың екен. Рысқұл соларға сұқтана қарап біраз тұрды. 
– Оу, арысым, Рысқұлым! – деген жарықшақ үнге жалт қараса өзіне қос қолын жайып, 
көзінен жасы домалап, Ахат атасы келеді екен. 
– Бармысың, бауырым, сені де көретін күн болады екен-ау, – деп құшағын жайып 
құлай беріп еді алдын айдауыл кес-кестеді. Қаусаған кәрі көкірегіне мылтық тіреліп 
тұрып, Ахат уақыттың аздығын сезді, енді қайтып Рысқұлдың кескінін көре алмайтындай 
асыға сөйледі. 
– Түрмеге талай бардым. Жолықтырмады, Рысқұл, кешір, айналайын. Тұрарды да 
сағындым. Елің тозды. Омар бастаған екі-үш ағайының елге көшті. Қорған, Шыныбек, 
Үсіп бауырларың сәлем айтты. Оларды болыс ауылы босатпай, құлдыққа салып қойды. 
Өзіңнен рұқсат болса, қаңғыған басымыз жолда бір жерде қалмаса, елге қарай жылжысақ 
дейміз. Ізбайша мен Түйметайды ала кетерміз. Молдабекті де ұстап қалмақшы еді, ол 
қашып кетті. Қайда кеткенін білмейміз. 
Айдауылдар тұтқынды асықтырды. Сот басталатын мезгіл таянды. 
– Рақмет, Аха! Екі дүниеде ризамын. Мені итжеккенге айдайтын түрі бар. Алай-бұлай 
заман болса, Тұрарға көзіңнің қырын сал. Ізбайша мен Түйметайға сәлем айт. Ағайынға 
дұғай сәлем. Мені кешіре көрсін. Құдай тірі көрісуге жазсын. Тірі болсам, босануға 
тырысармын. Көп уайымдап, ұнжырғаң түспесін, түге! Аңырай берме, ағайын! 
Айдауыл тұтқынды арқасынан итермеледі. Сот үйіне кірер жерде тас баспалдақ бар 
еді. Бір тұтам кісеннен адымы ашылмаған адам шыға алар емес. Рысқұл ерегіскенде 
бірінші тепкішекке қосаяқтап секіріп шығып артына бұрылды. 
– Бұрылма, жүр! – деп зекіген айдауылға Рысқұл қанжардай көзбен жарқ еткізіп қарап: 
– Миың бар ма басында, мынамен қайтіп жүрем, тегіс жер емес! – деп ақырып жіберді. 
Жүйелі сөзге айдауыл да амалы құрып ештеңе дей алмай қалды. Соны пайдаланып, 
Рысқұл Ахат ағасына: 
– Менен тым күдеріңді үзбе, туысқан. Мен әлі су түбіне кеткен жоқпын. Елге бір 
жетсең, ата-бабаның басына барып құран оқы. Ақсу-Жабағылының бір тал адыраспанын 


түтет. Қорлықта өлген Бердіқұлдың бейітіне шырағдан жақ. Інің Рысқұл өмір бойы сенің 
кегіңді жоқтап кетті де! Тірі жүрсем, Дауылбай Саймасайдың артынан кетер. 
Бұл кезде бір айдауыл Рысқұлға мылтық кезеніп, бір айдауыл аяғындағы кісеннің 
құлпын ашып жатты. 
– Осыдан елге тірі оралсам, Дауылбай болыстың ажалы менен, аға. Ал, хош... 
Айдауыл Рысқұлдың жағасынан тартып қалғанда, түрме кигізген ала бешпеттің бір 
түймесі бырт үзіліп, баспалдаққа түсіп дөңгелеп барып, Ахаттың кебісті аяғының астына 
сүрініп тоқтады. Ахат еңкейіп, түймені алып, тәберіктеп көзін сүртті. Ақ орамалға түйіп, 
қойнына тығып жіберді. 
XII 
– Тұрыңдар! Сот келеді! – деп біреу саңқ ете қалды. Залда жамырап көтерілетін 
қарақұрым халық жоқ. Сол жақта отырған прокурор, оң жақта отырған әрі адвокат, әрі 
тілмаш Боташ Шоқұлы. Қоршау ағаштың ішінде Рысқұл, оның екі жағында екі қарауыл. 
Залда куәлер – Саймасай Нүкетайды албаннан алып келе жатқанда жанына ерген нөкерлер 
– ауыл қазақтары. 
Бәрі де бас киімдерін алды. Рысқұл ескі киіз қалпағын басынан алмады. Қасындағы 
қарауыл киіз қалпақты жұлып тастап еді, Рысқұл шап беріп, қайтадан баса киіп алды. Киіз 
қалпақтан айырылса, киесінен, туған жердің кіндігінен айырылатындай. 
Тор-столға пенснелі қасқабас, семіз судья және оның жолдастары келіп отырды. Жұрт 
орнына отырғанда, судья тұрып, пенснесін мұрнының үстіне қадай түсіп, бір парақ 
қағазды оқыды. 
– Азаматтар, бүгін біз Шығыс-Талғар болысының управителі Үшкемпіров Саймасайды 
атып өлтірді деген айып тағылған киргиз Жылқайдаров Рысқұлдың ісін қараймыз... 
Сонымен сот басталды. Саймасайдың нөкер-куәлері көрген-білгендерін айтты. 
– Мүмкін, қаскүнем жасырынып жатып атқан шығар? Рысқұл ма, басқа ма? Қайдан 
білесіңдер? – судья. 
– Ойбай-ау, жардың басында түрегеп тұрып атты ғой. Жап-жақын жер, Рысқұлды 
танимыз ғой. 
– Әуелі «Мен Рысқұлмын», – деп өзі дауыстады ғой. 
Содан соң, судья Рысқұлға сұрақ берді. Жанындағы қарауылдар оны иығынан түртіп 
отырып тұрғызды. Тілмаш Шоқұлы да орнынан көтерілді. 
– Сотталушы Жылқайдаров, управитель Саймасайды атып өлтіргеніңді мойындайсың 
ба? 


– Жұрттың бәрін сұраққа алып, несіне әуре боласың, мырза. Атқан мен, – деді Рысқұл 
айылын жимай. 
– Управитель Саймасай өкімет өкілі екенін білесің. Біле тұрып неге аттың? 
– Атпасқа болмады, мырза. Адам түгіл итті де бүйтіп қорламас. Отымен кіріп, күлімен 
шықтым. Талай бейнетін көрдім. Еңбегім, табан ақы, маңдай терім қайтпады. Ақымды 
жеді болыс. Ақыры мені жазықсыздан жазықсыз түрмеге жаптырды. Кеудемді кек 
кернеді, көкірегіме запыран толды. Бүйтіп тірі жүргеннен өлген артық еді, мырза. Бірақ 
жастығымды ала жатайын дедім. Өкімет өкілі дейсің. Қолында билік, маңдайында 
мансабы бар адам әділ болар, халықты қанаған, жаудан жаман тонаған, үрерге итімізді, 
сығарға битімізді қалдырмай, сан-сапалақ салық салып, жоқ-жұтаңымызды сыпырып 
алған болыс сонда кім үшін болыс? Аттым, атасына нәлет. 
– Жоғары мәртебелі судья, менің сұрағым бар, – деп дауысы шәңкілдектеу, шашы 
тікірейген прокурор қолын көтерді. Судьяның рұқсатынан соң қарама-қарсы жақтағы 
Рысқұлға бетін бұрып: 
– Айыпталушы, айтыңызшы, сізге Саймасайды өлтіру жөнінде ешкім кеңес берген жоқ 
па? Әлдекім жұмсаған жоқ па? 
– Жоқ! – Рысқұл шорт кесіп. 
Сөз кезегі прокурорға тигенде, шағын бойлы, шақша бас, тікенек шашты, шәушиген 
беті бір уыс адам көзілдірігін киіп алып, шіңкілдек дауыспен ұзақ сөйлеп кетті. Қазіргі 
кезде бүлікшілдердің бас көтере бастағаны, соның әсері киргиздарға да ықпал еткені, 
патша қызметіндегі адамдарға деген қастандықтың өте зиянды екені, қырық бір болыс қол 
қойған арызды ескерусіз қалдыруға болмайтындығы, тағысын тағылар... Ақыры прокурор 
дауысын мейлінше қаһарлырақ шығарып: 
– Рысқұл Жылқайдаров әскери сотпен сотталса, өлім жазасына лайық қылмыскер. Ал 
біздің рақымы мол, дархан императордың Жетісу болысына әскери сот енгізбегені – Ұлы 
мәртебелі патшаның елін, халқын сүйгендігінің белгісі. Бірақ бұл кісі өлтіруге, жай кісі 
емес, ақ патшаның адал қызметкері, аса сыйлы адамды өлтіруге жол берілсін деген сөз 
емес. Менің айтарым: Рысқұл Жылқайдаров жиырма бес жыл каторгаға айдалып, барлық 
мал-мүлкінен айырылсын. 
Бұл талапты естігенде Рысқұл мырс етті. Бетінің терін орамалмен сүртіп тұрған 
прокурор Рысқұлдың мұнысын байқап: 
– Неменеге күлесіз? – деп шақшиды. 
– Мал-мүлкінен айырылсын дегенің не, прокорер. Менде мал-мүлік бар ма еді? 
– Сөйлесуге рұқсат жоқ! – деп судья кішкентай балғамен қоңырауды қағып қалды. 


Прокурор өкініп отыр. Талай кылмыскерді айыптап, жаза салмағының әр түрін беріп 
еді. Талайы жалынып-жалпайып, кешірім сұрап еді. Мынау күледі. «Өзіне өмірлік каторга 
жазасын сұрамаған екенмін», – деп пұшәйман жеп отыр. 
Ал Рысқұл болса, әлгіде далада қаусап қалған Ахат ағасын ойлады. «Тұрарды соған 
ілестіріп неге жібермедім. Жиырма бес жыл дейді. Оған қалған өмір жетер ме? Сонда 
қалай? Қайтып туған елді көрмеу керек пе? Дауылбай болыс жиырма бес жылға дейін тірі 
жүре бере ме? Жиырма бес жыл дейді, ә! Біз Түлкібастан кеткелі бері де жиырма бес жыл 
болды-ау, осы. Күні кеше сияқты. Ойлап тұрсаң, жиырма бес жыл дегенің де тез өте 
шығатын қас-қағым уақыт қой. Елден мен кеткенде жиырма жаста едім-ау. Қазір қырық 
бес. Каторгадан қайтқанша жетпіске келеді екенмін. Ахаттың жасы ғой. Ал мен келгенше 
Ахаттың сүйегі де қурап кетер. Бірақ кім біледі, кәрі өле ме, жас өле ме – бір Алланың ісі. 
Тұрар отыз беске шығады ол кезде. Отыз бесінде оны не күтіп тұр екен? Кім болар екен? 
Оқу оқып жетіліп кетсе, мені мерзімінен бұрын құтқарып та алар. Түйметай отызға толады 
екен. Үйлі-жайлы болып кететін шығар. Ізбайша... Иә, Ізбайша кетеді ғой. Ол басқа 
біреудікі. Шолақ Шабдар мен Ізбайша басқа біреудікі. Тірі болса, Тұрар мен Түйметай ғой 
мені тосатын. Әттең, сәл есің кіргенше, өз қолдары өз ауыздарына жеткенше қасында бола 
алмады. Он жасар ойын баласы, бес жасар жортпаш қыз. Е, жасаған өзің төзім бере гөр. 
Оу, осы соларды өзіммен бірге ала кетсем ше? Әкімдердің бір ақылдысы, әділі ұшыраса 
менің бағыма, мүмкін рақымы түсер. Ала кетемін деймін, атасына нәлет. Алатауы не, 
Итжеккені не? Алатаудың бауыры каторгадан несі кем? Бір күнімізді көрерміз. Ала 
кетемін. Әттең, Тұрар өсіп, оқыса, Метрейді тауып алар ма еді? Ай, Метрей, Метрей! 
Қазір осында болар ма едің... Мына қасқабас білер еді сонда менің кім екенімді. Ана 
шегірткенің айғырындай шіңкілдеген піркорердің аузына құм құйылар еді. Қайтейін, 
бағым жанбаған бір жан болдым ғой. Атасына нәлет, ойла не, ойлама не. Күніне тоқсан 
түрлі бәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан». 


Рысқұл селт етіп, басын көтеріп алды. Тілмаш бала сөйлеп тұр екен. Орысша ағып тұр. 
Сөздерінің бірін ұғып, бірін ұқпайды. Тұспалдайды: мұны жақтап айтатын сияқты. 
Алғашқы күндегідей емес, кеше кеште камерада екеуі шешіліп сөйлескен. Алдында 
Бронников айтты: ол жігітке сенуге болады, түйілме, – деді. Екеуі есікке қарап-қарап 
қойып, орысшалап көп сөйлесті. Тілмаш бала Бронниковке қойнынан суырып бір бүктеулі 
қағаз да берді. Бронников оны ышқырына тығып жіберді. Тілмаш шығып кеткен соң 
Бронников айтты: бұл өзіміздің адам. Дымың ішінде болсын деді. 
Міне, сол Боташ Шоқұлы сөйлеп тұр. Камераның қаракөлеңкесінде байқамаған екен: 
шашы көмірдей қара, қысқа қырқылған, маңдайы келісті, көзінің шоғы бар, қыр мұрынды, 
ат жақты, бидай өнді бозым жігіт екен. Қияқ мұрты шыққалы да көп болмаған, сірә. Оның 
сөзіне қасқабас судьяның өзі де ұйып қалған сияқты. Ал прокурор шықылықтаған 
шымшықтай шыжбаңдап, бұлт-бұлт етіп қозғала берді. 
Қияқ мұртты адвокаттың аузынан Рысқұл «Қызыл Жебе» деген сөзді естіп селк ете 
қалды. «Мынау бүлдірер ме екен? Қызыл Жебенің аруағын неге қозғады? Иә, Қамбар ата, 
иә, қылқұйрық біткеннің төресі, кеш мені! Сенің қаның менің мойнымда емес. Кеш, 
жануар! Мен алданған адаммын. Мен де залымдықтың құрбанымын. Кеш, қанатты 
жаралған қайран дүлдүл!». 
Боташ Шоқұлының сөзін прокурор қайта-қайта бөле берді. Орнынан шошаң-шошаң 
тұра берді. Судья оны тәртіпке шақырып, кішкентай балғамен қонырауды қайта-қайта 
қаңғырлатты. 
Бұл қиян-кескі үздіксіз шайқастың бір көрінісі еді. 
Ақыры судья өзінің жолдастарымен бірге басқа бөлмеге шығып кетті. Көпке дейін 
оралмады. 
Уақыт осындайда өзінің құдіретін танытады. Түрмедегі әр күні Рысқұлға бір жылдай 
көрінсе, қазір әр минут бір күндей созылып, сірә өтпей қойды. Бұрын қанша сабыр сақтаса 
да, тағдыры бір тал қылға ілініп тұрған мына шақта, батырдан да дегбір кетті. «Иә, тірі 
жетімдердің көз жасы, қолдай гөр», – деген. Тұрар мен Түйметайы дүниенің бәрін 
көлегейлеп, көз алдында тұрып алды. 
Судья жолдастарымен бірге залға қайта оралған кезде құлаққа ұрған танадай 
тыныштықтан шыбынның ызыңы ғана естіліп тұрды. Тіпті шыбындаған ешкінің 
құйрығындай тыныш таппай отырған прокурордың өзі де қалшиып қалды. Судья жұрт 
отырар-отырмастан үкімді жариялады. 
– Он жыл каторга! 
Прокурор бүйі тигендей ұшып тұрды. 
Қуанғаннан адвокат та атып тұрды. 


– Қалайша, – деп шар етті прокурор. 
– Прокурор мырза, соттың үкімі жарияланып қойды. Енді оны өзгерту тек Түркістан 
генерал-губернаторының құдіретінде ғана. Сотталушы Рысқұл Жылқайдаровқа соңғы сөз: 
қандай тілек арызы бар? 
Рысқұл сөз бастамас бұрын қос иығын қомдап алды. Қасқабас судьяға ғана қарап 
тұрып: 
– Ей, сот! Мен қатырғыға қатын, бала-шағамды бірге ала кетемін. Оған қалай 
қарайсың? – деді. 
Судья жақтырмай қалды. Рысқұлдан рақмет күтіп тұр еді, бірақ айыпталушы илікпеді. 
Қайта талап қойып тұр. 
– Ол соттың ісі емес. Бірақ тілегіңді губернатордың назарына салайық. Ал Жоғары 
мәртебелінің атына арыздануыңа болады, – деді сот самарқау ғана. Өзінше істі бір әділ 
шештім бе деген сенімде еді, бірақ Рысқұлдан ықылас танымай, іші жиырылып қалды. 
* * * 
Түрмеге апарарда айдауылдар, сырттағы баспалдақтан түсе бере Рысқұлдың аяғын 
қайта кісендеді. Талыстай еменде бүкшиіп отырған шоң мұрын Ахат ағасы: 
– Не болды, Рысқұл-ау? Не болды? – деп қалтаңдап тұра берді. 
– Он жыл, Ахат! Он жыл, атасына нәлет! Қатырғыға айдайды. Сен әлі кетпеп пе едің? 
Не бар отыра беріп? Қайт ауылға. 
– Бізде ауыл бар ма, қарағым-ау ауыл қайда, топалаң тиіп, топырағы суырылды ғой 
ауылыңның. Сені әкеткенше осы қаланы айналақтап, жүре тұрамын, қарағым. 
– Анадағы Петербор орысына тағы хат жаздыр. Кім біледі, жандалбаса ғой. Мүмкін, 
бір себебі тиюі. Досың Рысқұл он жылға сотталды, Сібір айдалатын болды де. 
– Қайдам, қарағым, ана жолғы хаттан хабар болмады ма? Әлгі ноғай алдады ма, кім 
біледі. Тағы барып көрейін. Тұрарды бір көрсем деймін. 
– Тұрарды көргің келсе, үлкен шіркеудің алдынан тос. Сондағы мектепке түрме 
бастықтың баласын күймемен алып барады. Сонда жолығарсың. 
– Мә, қарағым, мынау менің тапқаным. Тұрарға апарып бер, – деп Ахат Рысқұлға бір 
түйіншек ұсына беріп еді, айдауыл жұлып алып, түйіншекті шешіп қарады: ішінде бір 
қалта талқан, бір уыс құрт, қағазға оралған қораз кәмпит бар екен. Қауіпті зат таппаған 
айдауыл түйіншекті Рысқұлға ұсына берді. Екі айдауыл, бір тұтқын бағанағы трашпенкеге 
отырып, түрмеге беттеді. Трашпенке келесі көшеге түсіп, көрінбей кеткенше, Ахат 
арттарынан үздіге қарап көп тұрды. 


* * * 
Губернатор фон Таубе округтік соттың шешіміне қанағаттанбай қалды. Адъютанты 
арқылы судьяны шақыртты. Қасқабас судья хабар алысымен бір минут кідірмей, «Рысқұл 
ісін» құшақтап губернатордың алдына жеткен. 
– Құрметті Алексей Иванович, управительді өлтіруші бұзыққа бүйрегіңіз сонша 
бұрғаны қалай? – деп фон Таубе бірден алқымға қол салды. – Қай уақыттан бері империя 
жаулары сіздің рақымыңызға ие болатын болған? 
– Ғафу етіңіз, Жоғары мәртебелім, – деп Кузьмин әңгімені аяңмен бастады. – Біздің 
сот, яғни ұлы патшаның соты, әділет принципін ұстанады. Гуманизм деген бар. Одан 
аттап кете алмайсың. Киргиз Рысқұлды кісі өлтіргені үшін маңдайынан ешкім сипамайды. 
Бірақ барлық аргумент Саймасайға қарсы. Егер управительдер халыққа жазықсыз жәбір 
көрсете берсе, халықтың наразылығы күшейеді. Одан сайып келгенде, империяға зиян 
шаш етектен, Жоғары мәртебелім. Өртті өршітіп алып өшіріп әлек болғаннан гөрі, оны 
тұтатпау әлдеқайда тиімді. Ал Саймасай жатқан жыланның құйрығын өзі басқан. Іспен 
танысқан боларсыз, басқа қиянаттарын былай қойғанда, «Қызыл Жебе» дейтін бәйге 
атының өліміндегі сойқанды ғана еске алыңызшы. Сұмдық қой. Тағылық қой барып 
тұрған... 
Губернатордың бір қызығы ат болушы еді. Жақсы ат ұстап, саяхатқа шығуды 
ұнататын. Ерегіске бола ерен жүйрікті бауыздатып жіберген управительдің қылығына 
оның да ызасы келді. Ал болыстың адамға жасаған қиянаты көп деген уәж оның құлағына 
кірген жоқ. 
– Тағылық дегенді тауып айттыңыз. Управительдердін арызын ғана еске алыңызшы. 
Енді олар не дейді? Олар өлім жазасын талап етіп еді, ал сіз небары он жыл бердіңіз. 
Мұны қалай түсіндіреміз оларға? 
Қасқабас судьяның көзі императордың суретіне түсті. Оның үкімін император да 
құптамай тұрғандай суық қарайды. 
– Он жыл каторга жабайы киргиз үшін оңай жаза емес, Жоғары мәртебелім. Енді ол 
қайтып Жетісуға оралмайды, бұған сеніңіз. 
– Қателесесіз, Алексей Иванович. Ой-ой, қалай қателесесіз, көгершінім. Сіз айтып 
отырған «жабайы киргиздардың» әйелдерінің өзі ат үстінде толғатып, түйе үстінде туа 
береді. Бұлар итжанды, өте шыдамды. Он жыл Сібір Рысқұлдың жұмырына жұқ та 
болмайды. Тек сізге деген өзімнің ыстық ықыласым ғана сіздің шешіміңізді бұзып, істі 
қайта бастаудан мені бас тартқызады. Басқа біреу болса, илікпес едім. Сіздің шешіміңізді 
бұзып, беделіңізге нұқсан келтіргім жоқ. Тәңірі жарылқасын. 
Губернатор өзінің орынбасары Осташкинді шақыртып, тәртіп берді. 


– Он жыл каторгаға кесілген Рысқұлдың түс белгілерін хаттап, өзін суретке түсіріп, 
жолға дайындау жөнінде полицмейстерге нұсқау беріңіз. Ұзаққа созбаңыз. Не де болса, 
біздің қарамағымыздан қарасы үзілсін. Сол дұрыс болар. 
Вице-губернатор өз кабинетіне келісімен, басқа шаруаны былай қойып, гербілі қағаз 
алып жаза бастады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет