Астения- өте қатты шаршап-шалдығу, жүдеу, көңіл-күйдің тұрақсыздығының ақырғы шегі, ұйқының бұзылуы кезінде байқалатын жүйкелік-психологиялық әлсіздік.
Аутизм – ойлау логикасының дұрыс дамымауынан немесе психотроптық құралдар әсерінен адамның ойлауының қалыпты жағдайының бұзылуы, адамның сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл-күйі.
Аутогендік жаттығу -емделушіні бұлшық еттік релаксацияға, өзін-өзі иландыруға, адам зейінін әлдебір көріністерге шоғырландыруға және әлдебір көріністерді көз алдына елестету бейімділігіне баулуға, субъект үшін маңызды іс-әрекеттің тиімділігін арттыру мақсатымен еріктен тыс жүзеге асатын ақыл-ой белсенділігін бақылай білуді оқытып-үйрететін психотерапевтік әсер ету әдістемесі.
Ауызша сөйлеу - естіп қабылданатын тілдік құралдар арқылы вербальдық (сөздік) тілдесу. Ауызша сөйлеуге тән сипат - сөйленген хабарламалардың жекелеген құрамдастары бірінен соң бірі туындайды және қабылданады.
Ауытқыған мінез-құлық - әлеуметтік нормалар мен ережелерді қайталап бұзудағы, тұрақты сипаттағы мінез-құлық; белгілі бір қоғамда қалыптасқан дерек, балалар мен жасөспірімдердің әкімшілік жазалау шараларын қолдануға апарып соғатын құқық бұзушылықтарды үнемі жасау, қылмыс белгілері бар, қоғамға қауіпті әрекеттердің орындалуы.
Афазия (сөйлеудің бұзылуы) - жүйке жүйесінің кейбір бөліктерінің зақымдануынан адамның сөйлеу қабілетін жартылай немесе толық жоғалтуы.
Аффект - адамның көңіл-күйінің кенеттен өзгеріп, зор қарқынмен бұрқан-тарқан болып сыртқа тебуі (долдану, ызалану, торығу, т.б.).
Афференттеу - сыртқы (экстерорецепция), сондай-ақ ішкі (интерорецепция) тітіркендіргіштерден қабылданған ақпараттың сезім органдарынан орталық жүйкеге келіп түсетін жүйкелік импульстарының тұрақты тасқыны.
Афференттік синтез - функциялық жүйе теориясында шешім қабылдау мақсатымен қоршаған орта және іске қосылатын стимул жөніндегі есте сақталған материалды, мотивацияны, ақпараттарды жинақтау.
Әдептілік - белгілі бір моральдық нормалар мен принциптерді бұлжытпай орындау. Әдептілік өте қажет қасиет, сезім мөлшерінің негізгі белгісі.
Әдет - жеке адамның өмірінде тұрақтанып қалыптасқан, бойына дарып үйреншікті болып кеткен қылық, адамның санасына тәуелсіз түрде қажеттілігіне айналып, қалыптасып кеткен тұрақты дағды.
Әділдік - моральдық сана ұғымы. Әділет қоғам өміріндегі жекелеген адамдардың атқаратын ролі мен олардың әлеуметтік орны арасындағы, қылмыс пен жаза, адамдардың абыройы мен оның сыйақысы, құқықтар мен міндеттер арасындағы арақатынасты бағалайды.