Дене қызметiн дамытудағы 3-4 жастағы балалардың құзiреттiлiгi олардың өмiрлiк маңызды қозғалыс түрлерiн (жүру, жүгiру, өрмелеу), қарапайым гигиеналық және өз-өзiне қызмет көрсету дағдыларын меңгеруiмен анықталады.
Эмоционалдылығы. Балада үлкендермен эмоционалдық қарым-қатынас жасау қажеттiлiгi жоғары болады. Өзiнiң түрлi көңiл күйi мен сезiмiн (қуаныш, ренiш, қорқыныш, таңқалу, рақаттану, т.б.) ашық көрсетедi.
Бастамашылық баланың тiршiлiк әрекетiнiң барлық салаларында: қарым-қатынаста (үлкендерге бастамашылық қарым-қатынас: сұрақтар қою, өтiнiш жасау, т.б.), заттық-тәжiрибелiк әрекет (заттар мен материалдар: бояу, қағаз, ермексаз, конструкторлармен эксперимент жасау арқылы байқап көру), өз бетiнше құрастырған сюжеттi-бейнелеу ойындарында көрiнедi. Осы әрекеттер арқылы баланың шығармашылық қабiлетi дамиды.
Дербестiк — 3-4 жастағы балалардың маңызды ерекшелiгi («Мен өзiм», «Қолымнан келедi»). Олар барлық iс-әрекет түрлерiнде үлкендерге елiктеп, оларды қайталайды (өзi тамақтанады, киiнедi), мақсатты бiр iс-әрекетке қызығушылықпен кiрiседi (ыдыс жуады, кiр жуады, дүкеннен сатып алады және т.б.).
Үлкендер баланың белсендiлiгiн қолдап, ынталандырып отырумен қатар, әр кезде қауiпсiздiк ережелерiн сақтауы керек. Өйткенi бала айтылған ескертулердi ескере бермейдi, сондықтан үлкендер қауiптi жағдайлардың алдын алу шараларын ұмытпағаны жөн (зақым келтiретiн, жаралайтын, сынатын немесе кесетiн заттарды алып қою, шкафтардың есiктерiн жабу және т.с.с.).
Достарыңызбен бөлісу: |