2. Антикалық философиясындағы әлеуметтік ой. «Антика философиясы» деген термин мың жылдан аса тарихы бар грек-рим философиясын білдіреді. «Антик» сөзінің латын тілінен аударғанда «көне» деген мағынаны білдіретінін ескерсек, бұл жалпы философиялық ой дамуының бастапқы кезеңін аңғартар еді. Алайда, қалыптасқан дәстүр бойынша антик дәуірі тек батыстың көне заманын білдіріп, осы грек-рим әлеміне қатысты айтылады. Ал, хронологиялық шеңберіне келер болсақ, антик философиясы өзінің бастауын б.з.д. 7-6 ғасырдан алып, ал оның аяқталуы б.з. 529 жылы император Юстинианның барлық христиандық емес философиялық мектептерді ресми түрде жаптырған датасымен байланыстырылады. А.С. Богомоловтың айтуынша оның ішіндегі үш ірі кезеңді айқындауға болады: антик философиясының қалыптасуы немесе Сократпен аяқталатын ерте классика (б.з.д. 7-5 ғ.); классикалық грек философиясы (б.з.д. 4 ғ.); эллиндік-римдік философия (б.з.д. 3 ғ. – б.з. 5 ғ.). Ал Дж.Реале мен Д.Антисери антик философиясы дамуының төмендегідей жетілдірілген жүйесін ұсынады:
Б.з.д. 6 және 5 ғасырлар аралығын қамтитын физис және космос мәселелерімен айналысқан натуралистік кезең. Мұның өкілдері қатарына иониялықтар, пифагоршылдар, элеаттар, физик-плюралистер және физик-эклектиктер жатады.
Адам болмысының мәнін айқындаумен тұңғыш айналысқан гуманистік кезең. Бұл кезеңнің басты өкілдері – софистер және Сократ.
Сезімнен тыс әлемнің ашылуы және негізгі философиялық мәселелерді органикалық түрде қарастырған Платон мен Аристотельдің үлкен синтезі кезеңі.
А. Македонский жорықтары дәуіріндегі эллиндік мектептер мен пұтқа табынушылық заманы соңына дейін – кинизм, эпикурейзм, стоицизм, скептизизм, эклектицизм бағыттары кезеңі.
Антиктік пұтқа табынушылық дүниетаным ойының діни дәуірі – неоплатонизм және оның модификацияларының жандану кезеңі.
Христиандық ойдың қалыптасуы және грек философиясының категориялары тұрғысында жаңа дін догмаларын рационалды қалыптастыру кезеңі.
Ежелгі Грекия дүниетанымының жаңа формасы – философияны қалыптастырған негізгі үш мәдени орталықтың бірі болып табылады. Оның қалыптасуы да Ерте Үнді және Ежелгі Қытай жерлерінде байқалған заңдылықтарға сай жүзеге асты. Бірақ эллиндік ақыл-ойдың дүниеге келтірген жемісінің шығыстық философиямен салыстырғанда өзіндік түбірлі ерекшеліктері болды. Философияның қалыптасуына алғышарт болған грек өмірі формалары қатарына, тағы да басқа халықтардағы сияқты мифология, дін, ғылыми білімнің бастапқы түрлері, әдеттік сана және тіршілік даналығы жатады.
Философия тарихы адам баласының, бүкіл адамзат тарихының өзіндік санасы. Антикалық философия өзінің көптеген мектептерімен, бағыттарымен ерекшеленеді. Грек даналығы адамның дүние танымында ерекше орын алады. Дүниенің «алғашқы бастамасын» іздеу жолындағы танымдық іс-әрекетте көптеген философиялық «алғыр ойлар» қалыптасты. Олар: дүниенің бірлігі /біртұтастық/, материалдылығы, дүниенің шетсіз-шексіздігі, атомизм т.б. Бұл идеялардың эвристикалық маңызы бүгінгі философияда және ғылымда өте зор. Антикалық философияның космоцентрлік сипаты табиғат пен адам бірлігінің айғағы және дүниенің біртұтастығында.
Көне грек философиясы халықтың тарихи- әлеуметтік, экономикалық өмірмен тығыз байланысты бола отырып, демократиялық құлдық қоғамның дамуын сипаттайды. Бұл қоғам сол кездегі философияның әдебиет пен мәдениеттің кеңінен өркендеуіне жол ашты. Ғылымның алғашқы көздері пайда бола бастады. Грек философиясындағы жаратылыстану /фюзис/ саласы натурфилософияның /табиғат философиясы/ ерекшелігін айқындайды. Табиғаттың заттары мен құбылыстарына таңданудан, оны танудан шыққан философиялық ойлар антикалық дәуірдің ұлы тұлғасы Аристотельдің жүйелеулік әрекетінің негізінде біртұтас философиялық тарихи кезең болып қалыптасты.