Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы


-дәріс СӨЗ ТАПТАРЫНЫҢ БІР-БІРІНЕ АУЫСУЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ ХАҚЫНДА



бет6/14
Дата29.09.2023
өлшемі0,63 Mb.
#111708
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
b212

6-дәріс


СӨЗ ТАПТАРЫНЫҢ БІР-БІРІНЕ АУЫСУЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ ХАҚЫНДА

Тілдің тарихи даму барысында ондағы барлық құрылым, жүйе, құбылыс атаулы өзгеріске ұшырап дамып отырады. Бұл процестен, әрине, тілдегі лексика-грамматикалық категория ретінде танылатын сөз таптары да шет кала алмайды. Сөз таптарының дамуы, ең алдымен, олардың жаңа сөздермен толығуынан, жаңа грамматикалық категориялар мен грамматикалық формаларға ие болуынан аңғарылады.


Сөз таптарының соңы сөздермен толығып, молайып отыруының, біздіңше, екі жолы бар: а) сөзжасамның жалпыға белгілі сөз тудыру тәсілдері арқылы (мысалы лексика, морфологиялық, синтаксистік және т.б.); ә) басқа сөз таптарынан ауысып келген сөздердің негізінде. Соңғы тәсіл жалпы тіл білімінде сөзжасамның бір амал-тәсілі ретінде танылады да, ол конверсиялық тәсіл деп аталады.
Конверсиялық тәсіл арқылы, яғни сөз таптарының бір-біріне ауысуы негізінде жаңа сөз тудыру дүние жүзіндегі көптеген тілдерде, атап айтқанда, ағылшын, неміс, француз, молдован жоне т.б. тілдерде кең тараған құбылыс. Аталған тәсіл бойынша сөз тудыру амалы казақ тілі білімінде енді-енді ғана зерттеліп, ол жайында ғылыми-ой тұжырымдар бірте-бірте орнығып келеді. Конверсия проблемасын, әлбетте, бір мақаланың аясында талдап-таразылап, шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан біз бұл еңбегімізде сөздердің бір категориядан екінші бір категорияға ауысуына түрткі болатын факторларға, олардың түрлеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.
Сөздер бір сөз табынан екінші бір сөз табына қалай болса солай ауыса салмайды. Олар белгілі бір заңдылыққа бағынады. Басқа сөз табыман ауысып келген сөздің категориалды мағынасы мен түрлену жүйесі (парадигмасы), синтаксистік функциясы өзгереді. Осыған байланысты лингвистикада, сөз таптарының бір-біріне ауысуы сөз болғаң соң осы өзгерістерге әсер еткен, олардың әрқайсысы сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына өтуіне қолайлы жағдай жасалған факторлар ретінде жеке-жеке қарастырылады. Сонымен, сөз таптарының бір-біріне ауысуына себеп болатын үш түрлі тілдік фактор бар. Олар: а)лексика-семантикалық фактор; ә) морфологиялық фактор; б) синтаксистік фактор.
Лексика-семантикалык, фактор. Бұл фактор сөздің семантикалық жақтан дамуынша, оның мағыналық кұрамының тарамдары, таралу дамуына ықпал етумен шектеліп қалмай, оның категориалды мағынасына да әсер етіп, терең өзгерістер туғызады. Соның арқасында жалпы категориалды мағына да өзгеріп басқа сөз табының категориалды мағынасына ауысады. Кейбір ғалымдар басқа факторларға карағанда семантикалық факторды басты фактор деп есептеп, бірінші орынға қояды. Е.В.Ковалевская бұл жайында: "...что при анализе переходных явлении среди части речи семантический фактор является важнейшим",-десе [1-62], А.Н.Каламова: сөз таптарының бір-біріне сөз алмасуында басқа да факторлардың маңызды рөлі бар екендігін айта келіп, "...а главное семантическое возможности создают условия для перехода части речи. Этот процесс перехода части речи в другую происходит путем постепенного и длительного накопления элементов нового качества и постепенного отмирания старого качества",–дейді [2-10].
Морфологиялық фактор. Сөз таптарының бір-біріне ауысуында тілдегі сөз өзгерту, сөз түрлендіру жүйесі, грамматикалық септелу мен грамматикалық жіктелудің маңызы айрықша (тіл білімінде, әдетте, сөз өзгерту, сөз түрлендіру жүйесі "парадигма" деп аталады). Сөз таптарының конверсиялану барысында парадигма да үлкен рөл атқарады. Сондықтан да жекеленген ғалымдар нарадигманы ең басты фактор деп есептейді. А.Н.Смирницкий: "...конверсия есть такой вид словообразования (словопроизводство) при котором словообразовательным средством служит только сама парадигма слова",–дейді [3-17]. О.С.Ахманованың белгілі сөздігінде Де конверсиясы процесі парадигмамен байланыстырылған: "Образование нового слова путем перевода данной основы в другую парадигму словоизменению" [4-18].
Сөз таптарының бір-біріне ауысуында парадигманы басты әрі жалғыз ғана фактор деп қараған, әрі оны морфологиялық, сөз тудырудың бір жолы деп таныған А.И.Смирницкийдің тұжырымдарын бір жақты деп сынаған Ю.А.Жлуктенко морфологиялық фактордан баска да факторлардың кем рөл атқармайтындығын айтады. Ол былай деп жазады: "В предложенном А.И.Смирницким определении конверсии не учитываются различные другие факторы (кроме парадигматичности), действующие при конверсии. Прежде всего роль тех различии в грамматической сочетаемости, которые неизбежно обнаруживается при образовании нового слова, не отрицается, а просто игнорируется" [5-56]. Академик В.В.Виноградов болса: "...резко отделить морфологического словообразования от синтаксического черезвычайно трудно" деп көрсетеді [6-4].
3.Синтаксистік факторлар. Синтаксистік факторлар екі түрлі болады. Оның бірі сөз тіркесінде көрінсе, екіншісі сөздердің синтаксистік қолданысымен ұштасып жатады. Сөздердің конверсиялануы кезінде сөздердің басқа сөздермен қарым- қатынасқа түсуінің, яғни тіркесуінің маңызы өте үлкен. Ю.А.Жлукзенко бұл жайында: "Что акт образования нового слова путем конверсии представляет собой использование основы исходного слова для оформления ее в другие слова в условиях иной грамматической сочетаемости, типичной для другой часта речи... При конверсии новое слово образуется не в изолированном виде, а в его сочетании с другими словами",-дейді [5-64]. Сөздердің бір-бірімен тіркесуінің нәтижесінде жаңа мағыналы, жаңа сападағы сөз жасалатындығын, мысалы, жалғаусыз тіркескен зат есімдерден көруге болады. Кейде атрибуттық қызметте қолданылып тұрған көптеген зат есімдердің мағыналары сапалық сын есімдердің мағынасымен ұштасып, ұласып, сындық мағына иеленеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына мысалға алынған сөйлемдердегі жалғаусыз тіркескен зат есімдердің алдыңғы компоненттерінің мағыналарына назар аударайық: құс тұмсық, құмырсқа бел, қалам қас Т.Жароков); Лизаның күміс күлкісі естілді (С. Ерубаев); Тұр Алтай ұйқысынан оянып, ұстап жібек бұлт шатырын (Т.Жароков).
Сөйлемде асты сызылған зат есімдер өздерінің о бастағы мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Керісінше, өз мағыналарын ауыстырып, сындық мағынаны иеленген. Қазақ тілінде жалғаусыз тіркескен зат есімдердің алдыңғы компоненттерінің барлығы бірдей сындық мағына қабылдай бермейді. Мұндай қасиетке тек сапалық ұғымды іштей оңай дамыта алатын алтын, күміс, қыран, балдырған, жібек, кесек және т.б. тәрізді сөздер ғана ие. Сонымен бірге олар метафоралық қолданысқа бейім. І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаев бұл құбылыс жайында былай деп жазады: "Мұндай зат есімдер сөйлемде сын есімнің орнына жай ғана қалай болса солай ауыса бермейді, керісінше белгілі мақсатпен айрықша образды-мәнерлегіштік сипатта жұмсалады" [7-115]. Казақ тіліндегі сөздердің метафоралық қолданылуын арнайы зерттеген Б.Хасанов болса: "При синтаксической связи двух имен существительных в именительной основе возможны примыкающие метафорические сочетания. Они, в основном, выражают качественную характеристику" - деген пікір айтады [8-13]. К.Бейсенбаева осы айтылған пікірлерді былайша дамыта түседі: "Бейнелік мағынада сын есімнің орнына ауысып қолданылатын жалғаусыз зат есімдер тілімізде жиі кездеседі. Сондықтан көбісі тек нақтылы зат есімдермен тіркесуді қалыптастырып, тұрақтандырып та алған. Мысалы: қой мінез, жылқы мінез, жел өкпе, коян жүрек, алма мойын, ай қабақ және т.б." [9-26].
Зат есімдер сапалық сын есімдердің қатарына ауысқанда, олардың барлығы дерлік сын есімге тән категориалды мағынаны, шырай формалары мен синтаксистік кызметін кабылдайды.
Казақ тіл білімінде сөз болып отырған мәселеге байланысты әлі де болса, ұқыпты ден қойып, үңіле зер салып, талдауды керек ететін мәселелер баршылық. Ол-атау тұлғада тұрып-ақ қатыстық мағынаны білдіретін зат есімдердің казіргі тілдегі жайы. Тілімізде қатысты мағынаны ешбір арнаулы қосымшалардың көмегінсіз, түбір немесе негіз күйінде тікелей көрсететін қатыстық сын есімдер аса мол емес. Әлбетте, бір заттың екінші затқа қатысын, жалғаусыз тіркескен зат есімдердің алдыңғы компоненттері білдіре алады. Мұндай жағдайда зат есімдер арқылы танылатын қатыстық мағына заттардың тегіне, неден жасалатындығына байланысты анықталады. Мысалы: болат пышак, алтын сағат, қасқыр ішік, жібек шапан, күміс қоңырау т.б.
Түркологияда, соның ішінде, қазақ тіл білімінде де мұндай тіркестердің бағыныңкы компоненттері сын есімнің сұрағына (қандай?, қай?) жауап бергенімен, бұлар заттың сынын, жай-күйін емес, тегін, неден жасалғандығын білдіретіндіктен зат есімдер болып танылады деген пікір басым. Дегенмен жалпы тіл білімінде, түркологияда соңғы жылдары айтылған біраз ой-пікірлер бұл жайтқа кайта бір оралуды, тіл білімінің соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, кайта бір зер салып қарастыруды қажет етеді. Мысалы, татар ғалымы Ф.Г.Ганиев: "алтын сағат, күміс алқа, тас қабырға "тәрізді жалғаусыз тіркескен ағылшын тіліндегі сөз тіркестерінен ешқандай өзгешелігі жоқ деп санап, оларды конверсия аясында қарауды ұсынады. Ағылшын тілінде мұндай тіркестердің алдыңғы компоненттері сөздердің синтаксистік позициясына карай, тіркесу орнына карай бірде зат есім, бірде сын есім болып табылады. Ағылшын тілінің әр түрлі сипаттағы лингвистикалық сөздіктерінде де мұндай сөздер осындай түрде, яғни екі сөз табына қатысты мағыналар, бірде зат есім, бірде сын есім түрінде беріледі. Ф.А.Ганиев болса, түркі тілдеріндегі осындай сөздерді конверсия процесіне жатқыза келіп: "Таким образом, в тюркских языках употребление существительных в качестве прилагательных можно рассматривать как явление конверсии. Ибо оно в тюркских языках принципиально ничем ни отличается от конверсии слов в германских и в романских языках. Рассмотрение изучаемого явления в тюркских языках как конверсии, по нашему мнению, ближе к истине, чем другие точки зрения",–деп тұжырым жасайды [10-112].
Зат есімдердің сөйлемде сын есімдерге тән анықтауыштық қызмет атқаруын, сын есімдердің орнына ауысып қолданылуын профессор В.М.Жирмунский зат есімдер мен сын есімдердің дифференциаланбауының көрінісі, олардың әуел бастағы тегінің бірлігіне байланысты түсіндіреді. Оның айтуынша: "Основная группа таких именных определении относится к названиям материала, из которого сделан определенный предмет. Все такие названия являются двойственными, в зависимости от синтаксического употребление-существительными или прилагательными",–дей келіп, ғалым бұдан әрі бұл ойын былай түсіндіреді: "...подобно индоевропейским языкам, но в еще большем числе, тюркские языки сохранили группу имен двойственных с грамматическими значениями существительного или прилагательного в зависимости от синтаксического употребления" [10-118].
Профессор Г.Г.Санжеевтің көзқарасы да В.В.Жирмунскийдің пікірімен орайлас: "В монгольских и тюркских языках наряду с той группы имен которые иногда условно называются "существительными и прилагательными", мы находим и такие, которые действительно являются либо существительными, либо прилагательными, грамматический вполне оформленными и отчетливо выделяемыми в особые части речи" [11-89]. Ал Т.И.Грунин болса: "А так в определительных словосочетаниях аналитического типа определение выражает только качественный признак, то любое слово, выступающие как определение в таких словосочетаниях, (ескерту: әңгіме бұл арада алтын сағат, күміс білезік сияқты сөз тіркестері жайында болып отыр-Ж.С.) вне зависимости от его морфологической структуры и лексических особенностей, должно рассматриваться как имя прилагательное качественное",-деп, мәселені келтесінен бір-ақ тұжырады [12-61].
Синтаксистік фактордың екінші түрі синтаксистік қолданыстардың, яғни сөздердің синтаксистік функциясымен ұштасып жатады. Сөздердің синтаксистік қолданысына, әдетте, ғалымдар үлкен мән береді. Сондай-ақ, тіл білімінде сөз таптарының қалыптасып, пайда болуын синтаксистік қолданыстармен байланыстыра қарайтындығы мәлім. Сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуында да синтаксистік қолданыстар маңызды рел атқарады. Түркологияда, әсіресе, сөз таптарының конверсиялануында, соның нәтижесінде жаңа сапаның пайла болуында, синтаксистік қолданыстар, яғни сөздердің функциялық кызметі басты фактор болып табылады деген көзқарас басқа факторларға қарағанда кеңінен тараған. Мысалы, профессор Н.К.Дмитриев түркі тілдеріндегі конверсиялық процесті сөздердің функионалдық қызметімен байланысты болып отыратын тұрақгы құбылыс деп қарайды [13-15]. А.А.Юлдашев Н.К.Дмитриевтің жоғарыда айтылған пікірін қолдай отырып, оны былайша толықтырады: "Употребляясь в своем новом значении регулярно, слово отрывается от своих прежних функции и значении сохранившихся в нем, от своих прежних функции и значении, связи с другими словами и постепенно приобретает новые конструктивные связи не совместимые с прежними и характеризующие по нормам данного языка" [14-73].
Сонымен, сөздердің бір сөз табынан екінші соз табына ауысуы, ең алдымен, функционалдық құбылыс болып табылады. Олар әуелі синтаксистік тұрғыдан игеріле отырып, күнделікті сөз қолданыска ену дәрежесіне қарай өзі енген баска сөз табының ерекшеліктерін, болмыс-бітімін кабылдайды. Мұның өзі, бір сөздің басқа сөз табына ауысуын, алдымен синтаксистік игерілуден басталып, лексика-морфологиялық игерілумен аяқталатын процесс екенін көрсетеді.
Синтаксистік қолданыстар өзара түр-түрге бөлінеді. Мысалы, метафоралык қолданыс, метонимиялык қолданыс, синекдохалық қолданыс және т.б. Бұл қолданыстар субстантивация, адъективация, вербализация тәрізді конверсияның әр түрлі формаларында маңызды рөл аткарады. Сөз таптарының бір-біріне ауысуына ықпал ететін бұдан өзге де факторлар бар. Оған, мысалы, сөздердің орын тәртібін, сөз құрамындағы әр қилы дыбыстардың ассоциациясын, сөйлем мүшелерінің инверсиялануын және т.б. толып жатқан тілдік құбылыстарды жатқызуға болады. Бірақ бұлар конверсиялық процестерде негізгі, басты факторлар болып табылмайды, олар тек қана қостаушы, дәрежелі сөздердің бір категориядан екінші категорияға өтуіне әсері, себі бар факторлар болып саналады. Өйткені тіл дегеніміз – caн алуан құбылыстар мен процестердің өзара бірлігінен тұратын бірегей, біртұтас организм.
Енді конверсиялық процестердің түрлері туралы. Конверсияның түрлері, әдетте, оның сөйлем кұрамындағы нәтижесімен анықталады. Өйткені сөздердің бір категориядан басқа бір категорияға ауысуы - уақыт жағынан өте ұзаққа созылатын процесс. Оны екі кезеңге бөліп қарауға болатын тәрізді: а) сөздердің бір категориадан екінші бір категорияға ауысуының бастапқы кезеңі; ә) сөздердің бір категориядан басқа бір категорияға ауысуының соңғы кезеңі. Бұлайша, қос кезеңге бөліп карастыруымыздың себебі, әуел баста синтаксистік қолданыстан бастайтын бұл процесте сөздер бір сөз табынан екінші сөз табына бірден, біржола түпкілікті ауысып кетпейді. Олар әуелі екі сөз табының арасындагы "аралық" немесе "дүбара" категорияда өмір сүреді де, екі түрлі лексика-грамматикалық сипат ұстайды. Олардың бойында әрі өздерінің бастапқы категориясыиың моні мен қызметі сақталады әрі өздері ене бастаған сөз табының категориалды мәні мен грамматикалық ерекшеліктері болады. Сөз таптарының бір-біріне ауысуының бастапқы, алғашқы кезеңінде, "кейде әр сөз табынан шығып, өздерінің сол төркіндерінен қол үзе бөлініп, я оларға, я басқа категорияларға жатпайтын аралық, я "дүбара" категориялар да туып отырады. Бірақ мұндай құбылыстар бірден және тез туа салмайды, тым ұзаққа созылатын тілдік процестердің нәтижесінде қалыптасады" [8-43]. Мұндай "аралық" болмаса, "дүбара" деп аталатын категорияда өмір сүретін сөздер онда мәңгі-бақи қалып қалмайды. Уақыт ете келе олар белгілі бір синтаксистік позицияда жиі әрі тұрақты қолданылудың нәтижесінде семантикалық жақтан дамып, басқа бір категорияның құрамына өтеді. Өзге сөз табынан ауысып келген сөз мезгіл өте келе, сол өзі енген сөз табында әбден түракталып, соның категориалды мәні мен грамматикалық ерекшеліктерін қабылдап, соңынан "байырғы" сөздердей болып кетеді. Конверсия тәсілі бойынша басқа сөз табынан ауысып келген ондай сөздердің "байырғыланып", сіңісіп кететіндігі сонша, кейде олардың әуел баста қай сөз табынан ауысып келгендігін, тілдің даму барысында кандай күйге ұшырағандығын тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан (синхрондық) дәлелдеу мүмкін бола бермейді. Мұндай жағдайда, олардың о баста қай сөз табы болғандығын, қандай өзгеріске түскендігін айқындау үшін, тілдің тарихына, ондағы көне материалдарға, ескі әдеби мұралардың тіліне жүгінуге тура келеді. Осыған орай, сөздердің бір категориядан екінші бір категорияға көшуі мерзім жағынан тым ұзақ уақытқа созылатын процесс екендігін, бұл процестің мезгіл жағынан белгілі бір кезеңдерден тұратынын және әрбір кезеңнің өзіне лайық ерекшеліктері болатынын ескере келіп, оны екі түрге бөліп қарауға болады: а) бір категориядан басқа бір категорияға уақытша немесе жарым-жартылай ауысқан сөздер; ә) бір сөз табынан екінші бір сөз табына толық немесе түпкілікті, біржола ауысқан сөздер.
Әр түрлі сөз таптарының арасында болатын мұндай конверсиялық тәсілдердің дамуын екі кезеңге, соған орай, оларды екі түрге бөліп қараушылық жалпы тіл білімінде, түркологияда орныққан, дағдылы құбылыс екенін атап өту қажет. Мысалы, әзірбайжан ғалымы С. Беглярова, осы орайда, былай деп жазады: "Что почва для перехода одной части речи в другую в результате семантического развития подготавливается случаями регулярного употребления одной лексико-грамматической единицы в функционально-семантической позиций другой можно говорить о двух ступениях конверсии" [15-17]. Орыс тіл білімінде де конверсиялық процестерді мезгіл жағынан дәл осылайша екі кезеңге бөліп және әрбір кезеңнің өзіндік өзгешеліктерінің болуына орай түпкіліксіз ауысу және түпкілікті ауысу (не окончательный переход, окончательный переход) деп жіктеп қараушылық– әлдеқашан орныққан басы ашық мәселелерінің бірі. 1967 жылы жарық көрген академиялық "Қазақ тілінің грамматикасында" да ана тіліміздегі сөз таптарының арасында бір-біріне сөз ауысуы болып түратындығы, оның "уақытша ауысу, түпкіліксіз ауысу" деп аталатын түрлерінің болатындығы айтылады.

ӘДЕБИЕТ
Ковалевская Е. Г. Субстантированные прилагательные их функционирование в текстах художественных произведений // Семантика переходности. Л., 1977.


Каламова НА. К вопросу о переходности одних частей речи в другие // Русский язык в школе. 1965. N5.
Смирницкий О. С. По поводу конверсии в английском языке // Иностранный язык в школе. 1954. N3.
Ахманова А.С. Словарь лингвистических терминов. IVI., 1966.
Жлуктенко Ю.А. Конверсия в современном английском языке как морфолого-синтаксический способ словообразования // Вопросы языкознания. 1958. N5.
Виноградов В.В. Вопросы современного русского словообразования // Русский язык в школе. 1952. N2.
Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика. Алматы, 1975.
Хасанов Б. Метафорические употребления слов в казахском языке. Алма-Ата, 1964.
Бейсенбаева К. Қазіргі қазақ тіліндегі зат есімдердің жалғаусыз тіркестерінің кейбір түрлері. Алматы, 1974.
Жирмунский В.М. Развитие категории частей речи в тюркских языках по сравнению с индоевропейским языком // Известия АН СССР. ОЛЯ. 1945. Т. IV. Вын. 3-4.
Санжеев Г.Г. К проблеме частей речи в алтайских языках // Вопросы языкознания. 1952. N6.
Грунин Т.И. Имя прилагательное в тюркских языках // Вопросы языкознания. 1955. N4.
Дмитриев Н.К. Об указательных местоимениях в башкирском языке // Труды института востоковедения. М., 1947. N4.
Юлдашев А. А. Конверсия в тюркских языках и ее отражение в словарях // Советская тюркология. 1970. N1.
Беглярова С. Адвербиализация в современном азербайджанском языке: АКД. Баку, 1979.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет