Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы



бет1/14
Дата29.09.2023
өлшемі0,63 Mb.
#111708
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
b212


Ж.Т. Сарбалаев
КОНВЕРСИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Дәрістер топтамасы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Филология, журналистика және өнер факультеті




Ж.Т. Сарбалаев


КОНВЕРСИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Дәрістер топтамасы


Павлодар - 2010
ӘОЖ 81’373(07)
ББК 81.2-2я7
С 22

Баспаға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми Кеңесі басуға ұсынған.


Пікір жазғандар: Б.Қ. Момынова - Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы


Г.Т. Кәріпжанова - филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Жауапты редактор – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Е.Ө. Жұматаева

Ж.Т. Сарбалаев. Конверсия мәселелері. Дәрістер топтамасы.


- Павлодар: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. – 107 б.
С 22
Конверсия тәсілі арқылы сөз тудыру мәселесі – қазақ тіл білімінде енді-енді ғана зерттеле бастаған тың тақырыптардың бірі болып саналады. Автор еңбекте сөзжасам мәселесінің тіл білімінде жеке сала болып қалыптасуын, конверсиялық тәсіл арқылы сөз тудырудың ерекшеліктері мен түрлерін жан-жақты қарастырады.
ББК 81.2-2я7

1-дәріс



СӨЗЖАСАМНЫҢ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ЖЕКЕ САЛАСЫ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

Сөзжасам, тек қазақ тіл білімінде ғана емес, әлемдік лингвистика мен орыс тіл білімінде де тілдің өзге қабаттарына қарағанда анағұрлым кеш қалыптасқан, лексика мен грамматикадан бөлініп, өз алдына отау тіккен дербес, жеке сала болып танылады. Тіл тарихында, жалпы, туынды сөздердің пайда болуы, жасалу тәсілдері, тілдің байлығы болып саналатын сөздік құрамды қалыптастырудағы алатын орны, жаңадан пайда болған мағынаның бұрынғы мағынамен байланысы және т.б. сықылды сөзжасамның өзекті мәселелері ерте кезден сөз болып келе жатқанымен, олардың бәрін топтап, басын бір жерге қосып, грамматика мен лексикадан бөлек, жеке сала ретінде қарастыру проблемасы күн тәртібіне тек қана өткен ғасырдың орта тұсында қойыла бастады. Мысалы, белгілі дат ғалымы О.Есперсен лингвистикада алғашқылардың бірі болып, өзінің «Философия грамматики» деп аталатын еңбегінде сөзжасамды тілдің жаңа саласы ретінде қарастырып, оны грамматиканың морфология және синтаксис салаларымен бір қатарға қойды: «Предмет грамматики делится... на три основные части: 1.Морфология или словоизменение, 2.Словообразование, 3.Синтаксис» [1,41]. О.Есперсеннен басқа Европа тіл білімінде В.Дресслер, Х.Брекле, Д.Кастовский, Л.Липке, Т.Репер, Э.Уильямс, В.Мотш, М.Халле, Скализе тәрізді зерттеушілер сөзжасам проблемаларын жан-жақты қарастырып, оның тілдің жеке, дербес саласы орнығуына көп күш салды. Соның нәтижесінде қазір үндіевропа тіл білімінде сөзжасам өзіндік ерекшеліктері анықталған, құрылымдық-семантикалық өзгешеліктері нақтыланған, зерттеу объектісі айқындалған тіл білімінің жеке саласы болып саналады.


Өзге жекелеген тіл білімдеріне қарағанда, тамыры терең, дамыған тіл білімі санатындағы орыс тіл білімінде де сөзжасамның дербес сала болып қалыптасу тарихы Европа тіл біліміне ұқсас. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орыс тіл білімінде И.А.Бодуэн де Куртенэ, Ф.Ф.Фортунантов, Н.В.Крушевский, А.А.Потебня, А.А.Шахматов, А.М.Пешковский және т.б. ғалымдар тарапынан сөз тудыру процесі, түрлері, олардың сөз таптарын қалыптастырудағы рөлі туралы өзекті тұжырымдар, бағалы ой-пікірлер айтылғанымен, сөзжасам лингвистиканың жеке саласы деңгейіне көтеріле алмады. Мұның, әрине, толып жатқан объективті себептері болды. Десек те, біздіңше, мұның басты себебін сол дәуірдегі тіл білімінің деңгейінен онда орныққан тілдік бағыттардан іздеген дұрыс. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы тіл білімінің жай-күйі, қол жеткен биігі қандай деңгейде еді? Аталған кезеңде тіл білімінде қандай философиялық-тілдік ағымдар үстемдік құрды? Зерттеу тәжірибесінде қандай тілдік мәселелерге басымдық берілді? Міне, осындай сұрақтарға нақты жауап берілгенде ғана сөзжасам мәселелерінің көп уақытқа дейін зерттелмей, ғалымдар тарапынан назарға ілінбей «жылы жатуының» себептерін анық түсінуге болады. Біз де өзімізше осы сауалдардың жауабын іздеп көрейік.
Басқа қоғамдық ғылым салаларына қарағанда, мысалы, әдебиеттану, тарих, археология, этнография, психология және т.б. тіл білімінің жеке ғылым саласы болып кеш қалыптасқаны ғылым тарихынан жақсы мәлім. Алғашқы лингвистикалық ой-пікірлердің біздің дәуірімізге дейінгі көне замандарда, ежелгі Қытайда, Үндістанда, Грецияда айтылғанымен, оның дербес ғылым саласы ретінде орнығу процесі тым ұзаққа, ХІХ ғасырдың басына дейін созылып кеткені белгілі. Оның өзі де ғылымда бұрынғы таным-түсініктерді жаңаша, өзгеру, даму күйінде қарастыратын жаңа әдіс - тарихи-салыстырмалы методтың өмірге келуімен, теорияда, практикада, зерттеу ісінде кеңінен қолданылуымен тығыз байланысты. «Толық мағынасында ғылым ретінде тіл білімінің өзі тілдерді тарихи және салыстыру тұрғысынан зерттеудің негізінде, дәлірек айтқанда, тілдерді зерттеуде салыстырмалы-тарихи методты қолданудың нәтижесінде, салыстырмалы-тарихи грамматиканың негізінде ХІХ ғасырдың басында жасалды» [2,5]. Бұдан, әрине, бұған дейін тіл білімі болмаған деген ұғым тумаса керек, оған дейін де тіл білімі болған. Бірақ ХІХ ғасырға дейінгі тіл біліміндегі зерттеулердің мазмұны, негізінен, бір бағытта, синхрондық сипатта болды. Синхрондық зерттеулердің басты мақсаты - тілдің грамматикалық құрылымындағы, қалыптасқан жүйесіндегі тарихи өзгерістерді есепке алмай, тек олардың өмір сүріп тұрған дәуіріндегі жай-күйіне, қалпына талдау жасау, ғылыми тұрғыдан баяндау. Алайда тілдің әбден кемеліне келіп орныққан жүйесін, құрылымын, ондағы сан алуан тілдік құбылыстардың сырларын үнемі синхрондық зерттеулер аясында түсіндіру әрдайым мүмкін бола бермейді. Өйткені белгілі бір тілдік құбылысты синхронды талап тұрғысынан талдау үстінде кей-кейде олардың тарихына да, жүріп өткен даму жолына да үңілу қажеттілігі туындайды. Бұл қажеттілік ақыр соңында тіл білімінде диахрондық (тарихи) тіл білімінің қалыптасуына алып келді.
ХІХ ғасырда өмір сүрген Ф.Бопп, Расмус Раск, Якоб Гримм, А.Х.Востоков, Ф.Диц, В.Томсэн, Фердинанд де Д.Соссюр сықылды тіл білімінің жампоздары өз зерттеулерін тіл тарихын зерттеуге, тілдің даму заңдылықтарын ашуға, түрлі тілдердің фактілерін молынан жинап, оларды өзара салыстыра отырып, тілдер туыстығын айқындауға арнады. Бұл дәуірде, анығын айтқанда, синхрондық зерттеулерге қарағанда, диахрондық зерттеулерге аса қатты назар аударылды. Туыстас тілдердің арғы тегі болып табылатын «ата тіл» (праязык) дегенді табу ең басты орында тұрды. Тіл мен қоғамның байланысы, тілдің ғылымдар жүйесінде алатын орны, оның өзге қоғамдық құбылыстармен ара-қатынасы және т.б. проблемалар лингвистердің негізгі зерттеу объектілеріне айналды. Осындай диахрондық зерттеулермен қатар нақтылы тілдердің белгілі бір кезеңдегі қалпын, жай-күйін зерттеп, талдау жасау қажеттілігі туды. Аталған дәуірде өмір сүрген тіл білімінің зерттеушілері, тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпына сипаттама жасаудың теориялық қағидаларын жасап, синхрондық грамматиканың басты-басты принциптерін жасады. Осылармен бірге ХІХ ғасырда тілдік құбылыстарды диахрондық және синхрондық тіл білімі тұрғысынан қарастыратын тіл білімінің жаңа саласы-сипаттама (описательное) тіл білімі пайда болды. Осы жайттардың барлығы, айналып келгенде, сөзжасам мәселелерінің жеке, дербес сала ретінде қарастыруға қол байлау болды. Сөзжасамның тілдің жеке саласы болып қалыптасуына «қол байлау» болған мұндай кедергілер, объективті себептер сол дәуірдегі барлық жекелеген тіл білімдеріне ортақ құбылыс болды.
Орыс тіл білімінде сөзжасам мәселелері шын мәнінде ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап қарқынды түрде зерттеліне бастады. Сөзжасамның көптеген өзекті проблемалары ондаған кандидаттық, докторлық диссертациялардың, іргелі зерттеулердің, түрлі монографиялардың басты тақырыбына айналды. Академик Л.В.Щерба алғашқылардың бірі болып сөзжасам мәселелерінің грамматика аясында жеке сала болып зерттелуге тиіс екенін атап көрсетті: «Одним из основных отделов грамматики являются правила словообразования, т.е. вопрос о том, как можно делить новые слова» [3, 31]. Бұдан басқа В.В.Виноградовтың [4], М.М.Покровскийдің [5], Г.О.Винокурдың [6], А.И.Смирницкийдің [7], Н.М.Шанскийдің [8], К.А.Левковскаяның [9], М.Д.Степанованың [10], Е.А.Земскаяның [11] т.б. ғалымдардың зерттеулерінде сөзжасамның көптеген теориялық мәселелері дұрыс шешімін тапты. Аталған ғалымдардың зерттеулерінде сөзжасамның теориялық негізі қаланды, сөзжасамға тиесілі ұғым-түсініктер қалыптасты, сөзжасамдық үлгілердің түрлері, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тип, сөзжасамдық терминология орнығып, бір жүйеге түсті. Соның нәтижесінде орыс тіл білімінде сөзжасам тіл білімінің дербес, жеке саласы болып орнықты. Сөзжасам мәселесі орыс тілінің 1970 [12], 1980 [13], 1983 [14] жылдары жарық көрген академиялық грамматикаларында да жеке сала ретінде көрініс тапты. 1989 жылы В.А.Белошапковтың басшылығымен шыққан «Современный русский язык» атты кітапта бұл мәселеге біржола, соңғы нүкте қойылды десе де болады: «Наука о словообразований, выделившись из морфологии и лексикологии стала самостоятельной лингвистической дисциплиной, имеющий свой объект исследования, свою методику анализа и систему понятий...» [15,237]. 1980-2000 жылдары орыс тіл білімінде сөзжасам проблемаларын теориялық тұрғыдан одан әрі байытқан бірсыпыра маңызды еңбектер жарыққа шықты. Олардың қатарына, мысалы, сөзжасам мәселелерін синтаксис проблемаларымен байланысты қарастырған Е.Л.Гинзбургтің [16], сөзжасамдық ұя мен одан өрбіп дамып шығатын сөзжасамдық тізбектер туралы байсалды зерттеулер жүргізген А.Н.Тихоновтың [17], П.А.Собелевтің [18], сөзжасамдық процестің нәтижесінде пайда болатын туынды тұлғалардың семантикасы және оның өзінің тууына түрткі болған бастапқы түбірлермен ара-қатынасы жайында тың тұжырымдар жасаған Е.С.Кубрякованың [19], И.С.Урухановтың [20], В.В.Лопатиннің [21], сөзжасамдық номинация жөнінде соны тұжырымдар айтқан И.Г.Милославскийдің [22] және өзге де зерттеуші ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады. Бұл ғалымдардың еңбектері, сөз жоқ, жалпы тіл білімінде сөзжасам туралы орныққан ғылыми тұжырымдарды теориялық тұрғыдан одан әрі байытып тереңдете түскені даусыз.
Күні кешеге дейін орыс тіл білімінің ықпалында болып келген түркология ғылымында да сөзжасам проблемалары тілдің фонетика, лексикология және грамматика салалары тәрізді жеке, дербес сала ретінде қарастыру жайы 1960-1970 жылдары айтыла басталды. Бұл орайда, әрине, сөзжасам мәселесіне байланысты әлемдік және орыс лингвистикасында көптеп жарияланған зерттеулердің әсер еткені сөзсіз.
Жалпы, түркологияда сөзжасам проблемасы, сөзжасамның жеке сала болып қалыптасу тарихы жайында әңгіме болғанда, біздіңше, оны екі кезеңге бөліп қарастырған лазым. Бірінші кезең орта түркілік дәуірден, яғни ХІ ғасырдың ұлы филологы Махмұт Қашғари заманынан бастау алып, ХХ ғасырдың орта шеніне дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде сөзжасам мәселелері, негізінен, тілдің грамматика және лексикология салаларының аясында ғана, онда да сөзжасамдық тәсілдердің тұрғысынан қарастырылды. Зерттеушілер сөзжасамды сөз таптарының пайда болу, жасалу жолы деп санап, оны грамматиканың негізгі мәселелерінің бірі деп таныды. Сөзжасамның сөз тудыру тәсілдері ішінен, әсіресе, синтетикалық (морфологиялық) және аналитикалық (синтаксистік) тәсілдеріне ерекше назар аударды. Ал сөзжасамның тілдік табиғатына, оның тілдік құбылыстар жүйесінде алатын орнына, қоғамдық-әлеуметтік мәніне, теориялық және практикалық жағына айрықша көңіл бөле бермеді. Осының салдарынан сөзжасам түркологияда көп уақытқа дейін тілдің жеке саласы деңгейіне жете алмай, «жабулы қазан жабулы» күйінде қала берді.
Түркологияда сөзжасамның тілдің жеке саласы болып қалыптасуының екінші кезеңі 1960-1970 жылдардан бергі уақыттарға тиесілі. Бұл уақытта әлемдік лингвистикада болсын, орыс тілінде болсын сөзжасам проблемаларының тілдің жеке саласы ретіндегі статусы әбден мойындалған болатын. Жалпы тіл білімінде сөзжасамға байланысты жарық көрген көптеген зерттеу еңбектерінің әсерімен түрколог ғалымдар да түркі тілдерінде сөзжасам мәселелерін тіл білімінің жеке саласы ретінде қарастыра бастады. Оларда сөзжасамның зерттеу объектісі, оған не нәрселердің жататын-жатпайтындығы, оның тілдік құбылыстар жүйесіндегі алатын орны, тілдің өзге қабаттарымен байланысы, қоғамдық-әлеуметтік мәні сияқты күрделі мәселелердің басы ашылып анықталды. Түркі тіл білімінде де сөзжасамның тілдің өз алдына бөлек, жеке саласы болып орнығуына теориялық негіз жасалды.
Енді осы аталған кезеңдерге қысқаша тоқталып өтейік.
Жалпы, түркітануда сөзжасамның зерттелу тарихы тереңнен бастау алады. ХІ ғасырда өмір кешкен атақты филолог-ғалым Махмут Қашғаридың «Диуани лұғат ит-турк» атты еңбегінде түркі тілдеріндегі сөзжасамдық тәсілдер туралы, тілдегі жаңа сөздердің қалай пайда болатындығы, оған сөзжасамның қандай амал-тәсілдерінің қатысатындығы жайында алғашқы ой-тұжырымдар айтылады. Автор түркі тілдерінде жаңа сөздердің негізінен сөз тудырудың морфологиялық және синтаксистік тәсілдің бір түрі - қосарлану жолы арқылы қалыптасатындығын айта келіп, дәлел ретінде сол замандағы әртүрлі түркі тайпаларының тілдерінен мол мысалдар келтіреді. Ғалым мысалы, -лығ қосымшасының үш түрлі өзіндік мағынада: а) иелік (саманлығ ер - сабаны бар адам сияқты); ә) істелген іс (сарығлығ ер - сары ауруына ұшыраған адам); б) мекен (тарығлығ ер - егіндік) жұмсалатынын айта келіп, осы қосымша арқылы жасалған туынды сөздердің 5 түрлі сипатта ұшырайтынын атап өтеді: 1. Нәрсенің өскен, өнген жері мағынасында: сөкутлук - тал өсетін жер; 2. Айтылған нәрсені істеуге арналған нәрсенің аты орнына қолданылады: төшәклік барчын - төсектік баршын; 3. Кісінің құлқын, табиғатын білдіретін масдар мағынасында қолданылады: кувәзлік-тәкаппарлық, йігітлік-жігіттік; 4. Айтылған нәрсенің иесі мағынасында келеді: біләклік ер-білекті, күшті адам; 5. Істелген, орындалған істі білдіреді: білік кіші ара улуклук ол-білімді адамдар арасында ерекше ол [23, 105-106]. Махмут Қашғари, сондай-ақ, етістіктерге жалғанып, есімдер тудыратын бірсыпыра аффикстердің де тізімін береді. Мысалы, -інді қосымшасы етістікке жалғанып, одан есім сөз жасайтынын айта келіп, оған көмінді (көмілген деген мағынада) сөзін айғақ ретінде келтіреді [23, 105]. Ал, сөз тудырудың қосарлану тәсілі жайында былай дейді: «Қосарланып қолданылған етістіктер мен есімдердің біреуі негізгі сөз болады да, екіншісі көмек сөз болып келеді. Мысалы, бір нәрсе бір нәрсеге араласып кетсе, түріктер қатты-қарды-араласып кетті (аралас-құралас сияқты). Бұл жерде қатты сөзі негізгі сөз болады да, қарды сөзі көмекші сөз болып саналады. Осы сияқты түріктер жақсы мағынасын аңлату үшін әзгу-йавлак деген қос сөзді қолданады» [23, 105].
Зерттеуші түркі тілдеріндегі сөз құрамындағы дыбыстық алмасулардың сөз тудыру жүйесінде де үлкен мәні бар екенін сөз ете келіп, кейде түбір мен қосымшаның арасына сыналап кіріп, қосылып айтылатын кейбір дыбыстардың бір сөз табынан екінші сөз табын жасайтындығын, сөйтіп тілде есімнен кейде етістік сөздің, керісінше, етістіктен есім сөздердің туып отыратындығын айтады. «Мысалы, дейді,-Махмут Қашғари, -сувна суысты-суды сүзді дегендегі суысты сөзінің түбірімен өткен шақ қосымшасының арасына н әрпін қосса, сузунды болып есім сөзге айналады» [23, 106]. Махмұт Қашғари, сондай-ақ, түркі тілдеріндегі грамматикалық категориялардың мағынасы мен тілдегі атқаратын қызметін анықтай отырып, түркологияда алғаш рет түркі сөздерін тұлғасына қарай түбір сөз және туынды сөз деп екі топқа бөліп қарастырды. Түбір сөздердің өзін дыбыстық құрамына қарай екі әріпті (ал, іл), үш әріпті (тап, йуқ), төрт әріпті (оғра, теве), бес әріпті деп ажыратып, оларды мәні жағынан бұйрық мағыналы болып келеді деп түсіндіреді. Ғалымның бұл пікірінен оның нөлдік тұлғадағы тұрған сөздерді түбір сөз деп қабылдайтындығын байқауға болады. Ол, сонымен қатар, түбір сөздерден түрлі қосымшалар жалғану арқылы өрбіп шыққан туынды сөздердің типтерін де көрсетеді.
Сөз болып отырған еңбектің ең басты құндылығы сонда, автор Махмут Қашғари түркологияда тұңғыш рет түркі сөздерінің лексикалық-грамматикалық, дыбыстық табиғатын дәл танытып қана қоймай, сөзжасам мәселелеріне де ең бірінші болып «түрен салуында». Түркі сөздерінің басым көпшілігінің негізінен екі түрлі тәсілімен, атап айтқанда, морфологиялық және синтаксистік жолымен жасалады деуінде.
Түркі тілдерін кең ауқымда зерттеу ісі, әлбетте, ХІХ ғасырда ерекше қарқын алғаны белгілі. Оған, әрине, Ресей империясының Шығыс пен Орта Азияны мекендеген түркі тілдес халықтарды жаулап алып, отарлау саясатын ашық та белсенді жүргізуі себеп болды. Патша үкіметі отарлық бұғауға түскен елдердің халқын құлдықта ұстап тұру мақсатында әрі империялық саясатты терең жүргізу үшін басып алынған жерлердегі халықтың тілін, әдебиеті мен мәдениетін, психологиясын, әдет-ғұрпын, жалпы ұлттық менталитетін зерттеу жұмысына айрықша мән берді. Осыған байланысты ХІХ ғасырда жекелеген түркі тілдерінің грамматикасы туралы орыстың миссионер ғалымдары жазған еңбектер көбейді. Ол еңбектерде түркі тілдерінің дыбыстық және грамматикалық құрылысына қатысты елеулі ой-пікірлер айтылып қана қоймай, сөзжасам мәселесіне байланысты да дәстүрлі грамматика үлгісінде азды-көпті тұжырымдар беріліп отырды. Мысалы, И.Гиганов «Грамматика татарского языка» [24] атты еңбегінде
-шы, -лы, -лық, -аш, -шық т.б. қосымшалардың сөз тудырушылық қасиеттерін атап өтсе, М.Казембектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» [25] атты кітабында есім сөздердің бес түрлі сөзжасамдық тұлғасы аталады. Сондай-ақ, 1859 жылы Қазанда басылып шыққан авторы белгісіз «Грамматика алтайского языка» деген басылымда есімдер тобындағы сөз тудыратын аффикстер ретінде
-лу, -ду, -ту, -гу, -гіл, -сыман, -су тәрізді қосымшалар беріледі [26, 19]. Түркі тілдерінің тілдік жүйесі мен тілдік заңдылықтарын жете білмегендіктен әрі славян тілдері грамматикасының құрылымын басшылыққа ала отырып, сол ізбен зерттегендіктен аталған ғалымдар еңбектерінде жаңсақ тұстар өте көп. Авторлар, көбінесе, сөзжасамдық тұлғалар мен форма жасайтын қосымшалардың ара-жігін толық ажырата алмай, оларды бір-бірімен араластырып қарастыра береді. Осыған байланысты кейде олардың қайсысы сөзжасамдық тұлға, қайсысы форма жасайтын тұлға екенін ажырату қиынға соғады.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. О.Есперсен. Философия грамматики. М., 1957


2. К.Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А., 1975
3. Л.Щерба. Что такое словообразование? ВЯ., 1962, №2
4. В.В.Виноградов. Словообразование в его отношении к грамматики и лексикологии. Избр. труды. М., 1975
5. М.М.Покровский. Избр. работы по языкознанию. М., 1959
6. Г.О.Винокур. Заметки по русскому словообразованию, в его кн. Избр. работы по русс. языку. М., 1959
7. А.И.Смирницкий. Лексикология английского языка. 1956




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет