Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы


-дәріс АДЪЕКТИВАЦИЯ ПРОЦЕСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАБИҒАТЫ



бет9/14
Дата29.09.2023
өлшемі0,63 Mb.
#111708
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Байланысты:
b212

9-дәріс


АДЪЕКТИВАЦИЯ ПРОЦЕСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАБИҒАТЫ

Адъективация – басқа сөз таптарының сын есімге ауысуын білдіретін лингвистикалық процесс. Бұл процестің нәтижесінде тілдегі сын есім категориясы өзге сөз таптарынан ауысып келген сөздермен толығып, өз ауқымын кеңейтіп отырады. Сондықтан да адъективация тіл білімінде сын есімдердің қорлану, даму көздерінің бірі ретінде танылады.


Адъективация жайында сөз болғанда, біздіңше, екі нәрсенің басын ашып, анықтап алу қажет. Оның бірі – бұл тілдің морфологиялық құрылымында ғана ұшырайтын тілдік құбылыс па, әлде онда тұрақты түрде өтіп жататын процесс пе деген мәселе де, екіншісі, оның сын есімнің сөзжасам жүйесіне қатыстылығы туралы. Егер адьективация сын есім тудырудың бір тәсілі болса, онда ол сын есім жасаудың өзге тәсілдерінен қандай өзгешеліктерімен ерекшеленеді? Біздің ойымызша, адьективацияны әрі лингвистикалық процесс, әрі сын есім тудырудың өнімді тәсілдерінің бір жолы ретінде қарастыру дұрыс болмақ. Адьективацияның процесс болатын себебі, сын есімдер де тілдің бір бөлшегі санатында жалпы тілдік құрылымға тән дамудан тыс тұра алмайды. Тілдік даму барысында олар тілдегі өзге лексика-грамматикалық категориялармен сан қилы байланысқа түсіп, бірде сөз беріп, бірде олардан өз кезегінде өзі де сөз қабылдап, үнемі үздіксіз қозғалыста болады. Адъективация процесін мойындамау, екінші сөзбен айтқанда, тілдің дамуын танымау деген сөз. Екіншіден, адьективация сын есімдер тудырудың ең өнімді тәсілі болып саналады. Керек десеңіз сын есімдердің о баста өз алдына бөлек, жеке сөз табы болып қалыптасуы осы адъективация тәсілімен тығыз байланысты. Себебі, қазіргі тіліміздегі сын есімдердің өзегі болып табылатын «негізгі» немесе «байырғы» сын есімдердің барлығы әуел баста есім не етістік тобынан ауысып атрибутивтік мәнде орныққаны мәлім. Мысалы: көк, ақ, жас, бай, өзге, басқа, байтақ және т.б. сөздердің о баста сындық мағынада емес, заттық ұғымда қолданылып, кейіннен сын есімдер тобына ауысқандығы белгілі. Сол секілді қызыл, сары, жасыл, ауру, кебу, жүдеу, бедеу, сасық, жасық, қайнар (бұлақ), жанар (тау), қашаған, сүзеген, тебеген, өңкиген, дүңкиген, ұшқалақ, жаңғалак тәрізді түрлі қатыстық мағыналарды білдіретін сын сөздердің де бір кезде етістіктің формалық тұлғалары болғандығы бұлардың да соңынан адьективацияланып, атрибутив сөздер болып орныққандығы анық. Егер осы айтылғандарға шала жансар, әпербақан, жел өкпе, жел аяқ, көрсе қызар, ұр да жық, тіс қаққан, тас бауыр, без бүйрек секілді адьективацияланған күрделі сөздер мен фразалық тіркестерді қосатын болсақ, онда адьективацияның сын есім категориясын қалыптастырудағы рөлі тіптен ұлғая түседі. Сонымен, бұл фактілер адьективацияны ескіден келе жатқан процесс әрі сын есім тудырудың көне тәсілі деуге мүмкіндік береді.
Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда басқа сөз таптарының сын есімге айналу процесі тілдің кемеліне келген, сөздердің қолданылу позициясы әбден айқындалған қазіргі дәуірде емес, сөздердің грамматикалық кластарға жіктеле бастаған көне кезеңінде басталған. Шынында да, тарихи тұрғыдан қарағанда тілдегі лексика-грамматикалық категория – сөз таптарының барлығы бірдей бір уақытта, бір кезеңде пайда болмаған. Тілдегі сөз таптарының қалыптасуы өте ұзақ уақытқа созылған. Тілдің тарихи дамуы барысында олардың біреуі ерте пайда болса, енді біреуі әлдеқайда кеш және «тыңнан» емес, тілде бұрыннан бар сөз таптарының негізінде қалыптасқан. Бұл пікірдің шындығы сын есімдердің даму тарихы арқылы да дәлелдене алады. Жалпы тіл білімінде, түркологияда да о баста алғашқы сын есім сөздердің зат есімдер тобынан ауысып келген сөздердің негізінде қалыптасқандығы, одан кейін олардың етістік негізді сөздермен толыққандығы айтылады. Бұдан сын есімдердің әуел баста адьективация процесіне ұшыраған зат есімдер мен етістік сөздердің негізінде дербес грамматикалық категория болып орныққандығын көреміз. Мысалы, осы орайда, орыстың үлкен ғалымы А.А. Потебняның сын есімдердің калыптасуы жайында айтқан мына бір пікірін келтіре кеткен жөн сықылды: «... и в истории языков, различающих название вещи и признака (а не все это делают) прилагательное как выделенное из связи признаков, как более отвлеченное чем существительное, позднее существительного и образовалось из него» (Потебня. 1-60).
Зат есімдердің адьективациялануы, яғни олардың сын есімге айнала бастауы көне дәуірде болған процесс. Көне дәуірдегі зат есімдер өз бойларына заттық ұғыммен бірге сын, сапа туралы мәндерді де жинаған грамматикалық топ болды. Тағы да А.А.Потебняға жүгінсек: «Различие между существительным и прилагательным в языке, доступном наблюдению в историче­ское время уменьшается по направлению к прошедшему. С одной стороны в существительном в том же направлении от нас увеличивается атрибутивность» (Потебня. 1-37). Адам баласы санасының бірте-бірте өсуі, дүниетанымының да кеңеюі, соған орай тілдің де лексикалық, грамматикалық жақтан жетілуі о бастағы зат есімдердің морфологиялық жақтан жіктеліске түсуіне алып келді. Соның нәтижесінде адам баласының тіліндегі алғашқы зат есімдер енді зат пен құбылыстың және сын-сапа мен белгінің атын білдіретін сөздер болып бөліне бастады. Зат пен сын-сапа туралы ұғымдарды өз бойларына жинаған бастапқы зат есімдердің сын есімге айналуы олардың атрибутивтік қолданысы арқылы жүрді.
Сөйтіп, о бастағы зат есімдердің атрибутивті колданылуы тілде анықтауыш деп аталатын синтаксистік категорияның қалыптасуына алып келді. Ал, анықтауыш қызметінде зат есімдердің қолданылуы, сөйтіп, анықтауыш категориясының қалыптасуы, бір затты екінші зат арқылы тануға негізделеді. Басқа сөзбен айтқанда, анықтауыш категориясының қалыптасуы, «заттардың өзара салыстыру жолымен, бір-бірінен айырым белгілері мен салыстырма артық-кемдігін байқау арқылы жүреді» (Томанов 2-177). Анықтауыш категориясының қалыптасуы өз кезегінде тілдің морфологиялық құрылымында сын есімдердің дербес грамматикалык тіл ретінде орнығуына негіз калады. Сөйтіп, зат есімдердің атрибутивтік функцияда колданылуының нәтижесінде алғашқы сын есім сөздер пайда болды. Ондай «алғашқы сын есімдердің атрибутивтік мағынасы басқа бір зат есімдермен салыстырғанда айрықша аңғарылатын дәрежеге жетті. Мысалы, қатты нәрсені, затты таспен салыстырудың арқасында «тас» деген сөздің сындық мағынасы, сондай-ақ, жұмсақ, сусыма жерді құммен теңестіріп қараудың нәтижесінде «құм» деген сөздің атрибутивтік функциялары дамыды. Осындай анықтауыштық қызметте тұрақты әрі ұдайы қолданыстың нәтижесінде о бастағы зат есім сөздердің бірсыпырасы лексикалық және грамматикалық жақтан шектеліске түсіп, бірте-бірте сын есім мәнін беретін сөздер болып қалыптасады. Қазіргі қазақ тіліндегі ақ, қара, көк, бай, кедей, жас, жарық, тең деген сын есімдердің атрибутивтік мәнде орнығуы дәл осы синтаксистік қолданыстың нәтижесі екені анық. Бұлар түркі тілдерінде, соның ішінде, қазақ тілінде де әрі сындық мәнде жұмсалумен қатар заттық мағынада да қолданылатын сөздер болып саналады. Аталған сөздердің әрі зат есім, әрі сын есім мәнінде жұмсалуын түркологияда әркім әрқалай түсіндіреді. Э.В. Севортян бұларды, мысалы түркі тілдерінің көне дәуірінде болған синкретизмнің қалдығы деп санаса, В.М. Жирмунский ертедегі есім сөздердің есім грамматикалық жіктелісінің тілдегі көрінісі деп бағалайды (3-117, 4-146). Ал, Ф.А. Ганиев болса, бұлардың сын есім мәнінде калыптасуын адьективация процесінің нәтижесі деп карайды (5-27). Біздің ойымызша да, аталған сөздерді түркі тілдерінің көне дәуірінде болған дифференциялануының көрінісі деп санау жеткіліксіз. Сондықтан да бұл сөздер адьективацияланған зат есімдер ретінде танылуы тиіс. Ал, бұлардың зат есім мәнінде қолданылуы, біздіңше, субстантивтену процесі арқылы жүзеге асады. Жалпы, зат есімдер мен сын есімдер шығу тегі жағынан алғанда да, лексика-грамматикатық ерекшеліктері тұрғысынан қарағанда да, «бір-бірінен әлі де болса толық енші алып болмаған сөз таптарының қатарына жатады» (6-112). Бұл олардың қолданылу ыңғайына қарағанда, бірде адьектив, бірде субстантив мәнінде жұмсала берулерінен де көрінеді. Сын есімдердің зат есім мәнінде жиі қолданылуын А.А. Потебня былайша сипаттайды: «В течение долгого времени совмещение существительности и атрибутивности может быть обычном со­стоянием мысли, настолько господствующим, что при нем 1 образовавшиеся уже прилагательные и будучи атрибутивными вновь превращаются в существительные» (1-65).
Зат есімдердің сын есім тобына ауысуының тағы бір себебі - түркі тілдерінің морфологиялық жүйесінің өзіндік ерекшелігіне байланысты. Түркі тілдеріне тән үлкен ерекшелік сол, онда сын-сапа категориясын білдіретін арнаулы морфологиялық тұлғалар жүйесі болмаған, тілдің даму барысында да ондай жүйе қалыптасқан жоқ. Түркі тілдері ондай сын-сапаны білдіретін грамматикалық категорияны басқаша жолмен қалыптастырады. Есім, етістік тұлғалар тілдік қолданыстың барысында адьективацияланып, сын есімдер тобына ауысты да, оның негізін құрайтын элементтер болып орнықты. Мысалы, байырғы сын есімдер санатына жататын ақ, қара, көк, бай, кедей, т.б. адьективтенген зат есім тұлғалары болса, қызыл, жасыл, сары, ұзын, жүдеу, үлкен, кіші, т.б. сөздер сын есімдер тобына ауысқан бір кездегі етістік тұлғалары болып саналады. Бұлар сөйлемде анықтауыштық функцияда жиі жұмсалудың нәтижесінде адьективтеніп, сын есімдер тобына тұрақталып қалған. Адьективацияланған кейбір етістік тұлғалары тілдің даму барысында сын есім жасайтын косымшалар болып қайта ұғынылуы «Олардың кейбірі (мысалы, -л: қызыл, жасыл) тек сол сөздер құрамында ғана қалса,– дейді белгілі ғалым М. Томанов,– кейбірі сын есім жасаудың актив тәсілі болып қалыптасты» (2-178). Сонымен, сын есімдердің жеке лексика-грамматикалық категория болып қалыптасуы лексикалық және синтаксистік қолданыс барысында болды. Лексикалық және синтаксистік қолданыстың барысында о бастағы есім, етістік сөздер адьективацияланып, сын есім болып қалыптасты. Сан есімдердің сөз табы болып қалыптасуы, ең алдымен, зат есімдердің адьективацияланып, атрибутивтер тобына ауысуынан басталады. О бастағы адьективтенген зат есімдер тобы кейін осы топқа ауысып келген етістік тұлғаларымен толықты. Сын есімдердің етістік түлғаларымен толығуы оның өзіне тән аф­фиксация жүйесіне ие болуына мүмкіндік берді. Мұның өзі адъективация процесі, болмаса адъективация тәсілі арқылы сөз жасау есімнің сөзжасам жүйесінде ежелден келе жаткан көне тәсіл екенін дәлелдейді. Адьективация тәсілі арқылы сөз жаcay сын есімдердің басқа сөз таптарынан ауысып келген сөздер арқылы толығуы тек сын есімнің сөзжасам жүйесінде аффиксация тәсілі пайда болғаннан кейін ғана бәсеңдегенге ғана ұқсайды. Бірақ, біздің бұл айтқанымыздан адьективация пpoцeci сын есімнің сөзжасам жүйесінде мүлдем біржола тоқтады деген қорытынды тумаса керек. Адьективация (3. 26). Ал үнем заңының, әлбетте, сөз таптарының бір-біріне ауысуға қолайлы жағдай жасайтыны, түрткі болатыны белгілі.
Есімдіктердің тарихы жайлы түркологиялық әдебиеттерде (П.Г. Мелиоранский, Г. Рамстедт, А.Н. Кононов, Н.А. Баскаков, А. Щербак, Ф. Исхаков, Д. Киекбаев), қазақ тіл біліміндегі бірсыпыра зерттеулерде (Ғ. Мұсабаев, А. Ыскақов, М. Томанов, А. Ибатов) оның сөз табы болып қалыптасуында басқа сөз таптарынан ауысып, есімдік мәнін алған сөздердің (прономинализация) зор роль атқарғаны айтылады. Шынында да, қазіргі қазақ тіліндегі сөздерді тарихи тұрғыдан қарастырғанда көне дәуірден бері келе жатқан (байырғы) есімдіктер, Ғ. Мұсабаевтың сөзімен айтқанда, "бір шөкім" (3-4) сөзден аспайды. Өзгелер сан есімнен, сын есімнен, тағы басқалардан бас құрған" (4.77). Расында да, тілдің көне дәуірінде есімдіктер қазіргі тілдегідей сан есім жағынан мол, тұлғалық жағынан әр қилы болмаған. Қазіргі қазақ тіліндегі есімдіктердің мағыналық топтарының ішінде ең көнелері - сілтеу және жіктеу есімдіктері. Бұл екеуінің қайсысы бұрын қалыптасса да, олар мағыналық жақтан да, құрылымдық жақтан да бір-бірімен астасып жатады. Бұған жіктеу және сілтеу есімдіктерін өзара салыстыру арқылы көз жеткізуге болады: мен-менікі-мынау, сен-сенікі-сонау, ол-онікі-анау. Жіктеу, сілтеу есімдіктерінің тұлғалық, мағыналық жақтан астасып, ұштасып жатуының басты себебі, біздіңше, о баста олардың есім сөз болғандығынан. Оған олардың септелуі басты айғақ. Прономиналдану процесінің нәтижесі, әсіресе, есімдіктердің басқа топтарында жиі көрінеді. Кейбір басқа тілдерден енген кірме есімдіктерді қоспағанда сұрау, белгісіздік, жалпылау, өздік есімдіктері түгелге дерлік прономиналданған басқа сөз таптары болып келеді. Мысалдарға жүгінейік.
Өздік есімдігі деп аталып жүрген топта бір ғана "өз" сөзі екені белгілі. Ғалымдардың барлығы да "өз" сөзі о баста "сущность", целость, яғни, "бүтін, түгел, бәрі, негіз" дейтін есім мәнінде қолданылғанын айтады". Бұл сөздің қалыптасуы жайында А. Ибатов бұдан басқаша, өзіндік ой түйеді. "Өз" есімдігінің зат есім мәнінде "өpe" сөзімен (мысалы, өресім жетпейді) ұялас екенін айта келіп, ол сөз құрамында р мен з дыбыстарының алмасуы, "сондай-ақ, сөздің соңындағы дауысты дыбыстарының түсіп қалып отыруы түркі тілдерінің қайсысына болса да жат құбылыс емес" екенін атап өтеді (5.51). Ал "өре" сөзінің синонимі "бой" екені белгілі. Олай болса, "өресі жетпеді" деген тұрақты сөз тіркесіндегі "өре" сөзі заттық ұғым береді. "Өз" сөзінің көне түркі ескерткіштерінде, сондай-ақ, орта ғасырлык жазба мұралардың тілінде тәуелдік жалғауынсыз заттық мағынада қолданылуы да оның о баста зат есім мәнді сөз болғанын дәлелдейді. Өз ынча коргек болмыш - "өмір өзінше бітті" (Күлтегін ескерткіші Ү-ҮШ ғ.) Бу бізніңөз кіші - ол - бу бізнің я кишимиз. Тэгма кіші өз болмас. Сөз болып отырған есімдіктердің о бастағы зат есім процесі тілдің дамуымен бірге дамып, одан әрі де жалғаса берері даусыз. Тек қана бұл жерде біздің айтпағымыз, оның сын есім жасаудың өзге тәсілдеріне қарағанда қазіргі кезде актив еместігі. Егер аффиксация немесе синтаксистік амал-тәсілдер арқылы белгілі бір үлгілерінде сан алуан тез арада жасатып, коғамдық-әлеуметтік өмірдің жаңа сөздерге деген сұранысы дер кезінде қанағаттандырылып отыратын болса, адьективация тәсілі арқылы бұлай жасау мүмкін емес. Себебі, адьективация тәсілі арқылы сөз жасау басқа сөз таптарының сын есімге ауысуына сүйенеді. Ал, басқа сөз таптарының сын есімге ауысуы, сөйтіп сын есім мәнінде қалыптасуы өте ұзаққа созылатын процесс. Адьективацияланған сөз, ең алдымен, лек­сикалық жақтан, содан кейін морфология-синтаксистік жақтан әбден сын есім болып игеріліп, бүтіндей өзгеріске түсуі қажет, оның үстіне басқа сөз табынан сын есім тобына ауысқан сөзді сол тілде сөйлейтін ұжым мүшелері (не халык) атрибутив сөз ретінде қабылдауы тиіс. Бұл үшін, әлбетте, ұзақ уақыт қажет. Адьективация тәсілі арқылы сөз жасаудың күрделілігі мен қиындығы міне, осында.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. А. А. Потебня. Из записок по русской грамматике. Москва, 1968.
2. М. Томанов. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Алматы, 1988.
3. Э. В. Севортян. «Из истории имен прилагательных в тюркских языках. «Тюркологические исследования». Москва–Ленинград
4. В. М. Жирмунский. Происхождение категории прилагательных в индо­европейских языках в сравнительно-грамматическое исвощение ИАН СССР, том V, вып. 3, Москва, 1946.
5. Ф. А. Ганиев. Конверсия в татарском языке. Казань, 1986.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет