Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы


-дәріс АДЪЕКТИВАЦИЯ МӘСЕЛЕСІНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ҚОЙЫЛЫСЫ



бет10/14
Дата30.09.2023
өлшемі0,63 Mb.
#111921
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
10-дәріс


АДЪЕКТИВАЦИЯ МӘСЕЛЕСІНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ҚОЙЫЛЫСЫ

Адам баласының сөйлеу тілі, әдетте, қозғалыс, даму күйіндегі құбылыс болып табылады. Тілдің ғасырлар бойындағы тарихи даму барысында оның лексикалық құрамы мен грамматикалық құрылысы өзгеріссіз қала алмайды. Сөздердің лексикалық табиғатында да, грам-матикалық құрылысында да үнемі алуан түрлі өзгерістер болып жатады. Олар атқаратын қызметіне қарай, қолданылу ыңғайына қарай сараланады, белгілі бір лексикалық-грамматикалық категорияларға топтасады. Тілдің бүкіл құрылымдық жүйесінде үздіксіз болып оты-ратын мұндай өзгерістердің сырын ашып, ғылыми тұрғыдан түсіндіріп беру - тіл ғылымының басты міндеті. Тілдегі осындай "түрлі өзгерулер мен жаңаруларды" зерттеу барысында тіл ғылымының өзі де жетіліп, мазмұнын әрдайым кеңейтіп отырады.


Қозғалыс, даму күйіндегі тілді танып білу, зерттеу ісі, әсте, тоқталмақ емес. Себебі, үрдіс дамып бара жатқан ғылымның қол жеткен табыстары мен шыққан биігі тіпті әлі де болса зерттелмей, соны жатқан проблемаларды былай қойғанда, ғылымда әбден пысықталып, аксемаға айналып кеткен тұжырымдар мен қағидалардың өзін әлсін-әлсін қайта бір қарауға, тағы бір ой елегінен өткізуге жетелейді. Сондықтан да тілдік құбылыстар өзінің проблемалық қалпын сақтап отырады. Бұған, әрине, алдымен тілдің табиғи жаратылысы, одан кейін оның даму заңдылығы себеп болады.
Сол себепті тілдік құбылыстарды, әр кезде сол тұстағы тіл білімі ғылымының дамымайтыны, лингвистикалық 1958 жылы Т.Ерғалиевтің авторлығымен "Қазақ тіліндегі есімше категориясы" деген атпен басылып шығыпты. Міне, содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, есімше категориясы әр жылдарда баспа бетін көрген кейбір оқулықтар да, базбір зерттеу еңбектерде жол-жөнекей, атүсті сөз болғаны болмаса, (онда да бұрыннан мәлім пікірлерді қайталаудан аспайды), ол қайтадан зерттеу нысанасы болмапты. Әрине, мұндай жағдайда біздің есімше категориясы жөніндегі таным-түсінігіміздің, өреміздің өспейтіндігі айдан анық. Өкінішке орай, қазақ тіл білімінде мұндай "бір қайнауы ішінде жатқан" мәселелер бір емес, ондап саналады. Сондай актуальды, өзекті мәселелердің бірі - басқа сөз таптарының адъективациялануы яғни өзге лексика-грамматикалық категорияларға тән сөздердің сын есімдер тобына ауысуы. Бұл проблема қазақ тіл білімінде еш уақытта арнайы зерттеу объектісі болған жоқ, тың жатқан, қол тимеген тақырып. Рас, қазақ тіл білімінде өз алдына жеке сөз табы болып табылатын сын есім және оның өзіне тән лексикалық-грамматикалық ерекшеліктері жайында, оған тән бірден-бір грамматикалық категория - шырайлар туралы бірсыпыра зерттеулер бар. Мысалы, 1951 жылы шыққан Ғ.Мұсабаевтың "Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары" атты еңбегінде сын есімнің ең басты белгілерінің бірі - шырай категориясына жан-жақты талдау жасалған. До­цент Ж.Шакеновтің "Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы" (1961 ж.) деген монографиясында да сын есім мәселесі лексикалық-грамматикалық, синтаксистік, сөзжасамдық тұрғыдан ғана сөз болады. Ә.Төлеуовтің "Қазақ тіліндегі сын есім мен сан есім категориясы" деп аталатын кітапшасында да (1975 ж.) сын есім және оның грамматикалық ерекшеліктері хақында мол мәліметтер беріледі. Бұл еңбектерде негізінен сын есімнің сөйлем құрамында субстантивтеніп, зат есімнің мәні мен қызметін атқаратындығы туралы ғылыми мәні бар мәліметтер берілгенмен, басқа сез таптарының адъективацияланып, сын есімдер қатарына ауысатындығы туралы ештеңе айтылмайды. Мұны, әрине, жөн деуге болмайды. Өйткені сын есімдердің сөз табы болып қалыптасуында аса зор роль атқарған адъективация процесінсіз сын есім мәселесі толық шешімін таба алмайды. Басқа сөз таптарының сын есімге ауысуына яғни адъективация процесіне жөнді көңіл бөлінбеуінің себебі, біздіңше, сын есімнің тарихына қатысты күні бүгінге дейін сүбелі еңбектердің болмауы. Қазақ тіл білімінде сын есім мәселесі көбінесе тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан (синхрондық) қарастырылады да, ал тарихи тұрғыдан (диахрондық) сөз бола бермейді. Бұл орайда, қазақ тілі мамандары адъективация процесі жайынан мүлде хабарсыз деуден аулақпыз. Кейбір қазақ тілі оқулықтарында, монографияларда сөз таптары мәселесі сөз болғанда адъекти­вация процесі тиіп қашты сөз болады. Бірақ соның өзінде ұшқары айтылған жаңсақ пікірлер кездесіп қалады. Соның бірі - профессор А.Ысқақовтың адъективация процесі жайындағы пікірі. Ғалым "Қазіргі қазақ тілі" (морфология) атты жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулығында (1964 жылғы басылымнан қараңыз) өзге сөз таптарының сын есімдерге ауысуы жайында, дәлірек айтқанда зат есімдердің сын есіге айналуы туралы былай деп жазады: "Сын есімнің белгілі жағдайда субстантивтенуі табиғи құбылыс сияқтанып көрінсе, керісінше, зат есімнің: тіпті, ерекше бір жағдайда болмаса, (?), арнаулы жұрнақ жалғанбайынша, (?), адъективтенуі заңға сыймайтындай, табиғи құбылыс емес сияқты көрінеді. Екінші сөзбен айтқанда, сын есім субстантивтенуге қанша бейім тұрса, зат есім адъективтену процесіне, тек бірен-сарандаған сөздердің аясында ғана болмаса, (?), кең шалқып өріс аларлықтай құбылыс болуға лайықты да, мүмкіншілігі де аз болған". (Ысқақов. 1-264). Қадірлі ғалымның адъективация процесі туралы бұл пікірлерімен, әрине, келісу қиын. Біріншіден, сын есімдердің о баста зат есімдерден бөлініп, өз алдына жеке лексика-грамматикалық категория болып қалыптасқандығы ғылымда дәлелденген жайт. Көне түркілік ата тілде сын есімдердің жеке грамматикалық топ болып орныққандығы туралы түрколог ғалымдар әрқилы пікірде. Мысалы, көрнекті түрколог А.М.Щербактың бұл мәселе жайындағы пікірі мынадай: "В тюркских праязыке прилагательные не имели особых морфологических показателей и само существование их как самостоятельного лексико-грамматического разряда имен вы­зывает большое сомнение" (Щербак. 1-108). Орыстың үлкен ғалымдары А.А.Потебня, В.М.Жирмунский, И.И.Мещанинов, А.Я.Марр, Л.П.Якубинский және т.б. сын есімдердің о баста зат есімдердің анықтауыштық функцияда жиі қолданыстарынан бөлініп шығып, жеке сөз табы болып қалыптасқандығын тек қана орыс тілінің фактілерінің негізінде емес, дүние жүзіндегі көптеген тілдердің материалдарын арқау ете отырып дәлелдейді. Ал, зат есімдердің қазірде де анықтауыштық позицияда жиі жұмсалатындығы белгілі. Сөз таптарының синтаксистік функциясының өзгеруі олардың басқа сөз таптарына ауысу­ына қолайлы жағдай жасайды. Профессор Н.К.Дмитриев зат есімдердің сын есімге, керісінше, сын есімдердің зат есімге ауысуы жөнінде бы­лай дейді: "Хотя переход существительных в прилагательные и об­ратно есть явление, обычное для языков, но в тюркских языках эти переходы совершаются особенно легко" (Дмитриев. 1-80). Қазіргі қазақ тіліндегі лексика-грамматикалық омонимдер ретінде қарастырылатын жарық, тең, батыр, кедей, көк, қара, ой, тоң т.б. сөздердің әрі сын есім, әрі зат есім мәнінде колданыла беруі сөзіміздің дәлелі. Олардың сын есімдік мәні мен қызметі кейіннен тілдің даму барысында қалыптасқан. Олар синтаксистік қолданыстьщ барысында адъ­ективация процесінің нәтижесінде өздеріне атрибутивтік мән мен қызметті қосып алған. Олардың әуел баста зат есім сөздер екендігі қазірде де зат есімнің мағынасы мен функциясында еркін жұмсала беруінен анық көрінеді. Сөз тудыру жүйесіне байланысты көптеген еңбектер жариялаған белгілі ғалым А.Ф.Ганиев мұндай адъективтенген зат есімдердің қатарына тіпті алтын сағат, күміс жүзік, ағаш есік, тac қора, шойын қазан т.б. сықылды сөз тіркестерінің құрамындағы алтын, күміс, ағаш, тac, шойын сөздерін де қосады. (А.Ф.Га­ниев. 1-42). Бұл жерде біз адъективация процесінің өте көне екендігін, оның о баста зат есімдердің сын есімдерге жіктелу дәуірінен бастау алатынын байқаймыз. Бүдан біз адъективация процесіне зат есімдердің "самарқау, селсоқ" тұрмайтынын, қайта оның адъективация процесіне бейім екендігін көреміз. Екіншіден, зат есімдерге аффикстер жалғанса (сын есім тудыратын), ол ешқашан адъективацияланбайды. Сөз тудыратын жұрнақтар жалғану арқылы жасалған сын есімдер тіл білімінде морфологиялық тәсіл немесе синтетикалық амал бойынша пайда болған сөздер деп аталады. Ал, адъективация тәсілі бойынша атрибут сөздер сөз тудырудың жалпыға белгілі морфологиялық тәсілі бойынша емес, ол әлбетте сөзжасамның лексика-грамматикалық тәсілі негізінде яғни сөз таптарының бір-біріне ауысуы арқылы жасалады. Сөздер бір сөз табынан екінші сөз табына өздерінің сыртқы фонетикалық жамылғышын сақтай отырып, бірақ мәні мен қызметін өзгерте отырып ауысады. Басқа бір сөз табына екінші бір сөз табынан ауысқан сөз өзі енген лексика-грамматикалық категорияның ерекшеліктерін қабылдайды. Соның арқасында тілде лексикалық-грамматикалық омонимдер жасалады, олардың әрқайсысы жеке-жеке сөз ретінде сөздік құрамға енеді. Үшіншіден, қазіргі қазақ тілінің сын есімдер тобында басқа сөз таптарынан ауысып сын есімге айналған сөздердің саны, профессор А.Ысқақов айтқандай, "бірен-саран" емес, олар ондап-жүздеп саналады. Әсіресе, сын есімдер тобында зат есімдер мен етістіктерден, есімше формаларынан ауысып келген сөздердің шоғыры өте мол.
Қазақ тіл білімінде, жалпы түркологияда сын есімдердің жеке сөз болып қалыптасу процесінде адъективацияның аса зор шешуші рөл атқарғандығын, ең бастысы, оның басты фактор болғандығын айтып алғаш пікір білдірген ғалым - профессор Мархабат Томанов. Ғалымның тарихи морфологияға байланысты жарияланған еңбектерінде адъективация процесі, оның табиғаты, сыр-сипаты туралы көп-көп қызықты, құнды ойлар айтылады. (Томанов. 1-180, То­манов. 2-73). Ғалымның пікірінше, сын есімдердің сөз табы болып қалыптасуында басқа да тілдік факторлармен бірге адъективация процесі де тарихи маңызды роль атқарған. Қазіргі қазақ тіліндегі "негізгі сын есімдер" санатындағы көп сөздердің адъективация процесінің нәтижесінде қалыптасқандығын, олардың о баста өзге сез таптары­нан ауысып келгендігін мол тілдік деректердің негізінде байыпты ойлар айта отырып, сенімді дәлелдейді. Мысалы қазіргі тіліміздегі "байырғы" деп қарастырылып жүрген қызыл, сары, жасыл, ұзын, ұзақ, қыңыр тәрізді сын есім сөздердің о баста етістік сөздер екендігін, олардың түбір мен қосымшадан құралғандығын, кейіннен тілдің та­рихи даму барысында түбірдің не қосымшаның, кейде екеуінің де көнеленіп, қолданыстың барысында адъективацияға ұшырағандығын, сөйтіп сын есімге айналғандығын айтады.
Сонымен адъективация процесі тілдің даму барысында басқа сөз таптарының сын есімге ауысуын білдіретін лингвистикалық құбылыс болып табылады. Тілдегі сын есімдер тобы өз дамуында сөзжасамның әбден орныққая лексика-семантикалық, синтетикалық, синтаксистік тәсілдерімен ғана толығып қоймайды, ол, сонымен бірге, басқа сөз таптарынан сөз қабылдап алу арқылы да көбейіп, өрісін үнемі кеңейтіп отырады.
Қазіргі қазақ тілінің сын есімдер тобында арғы тегі өзге сөз табы болып келетін, бүгінде әбден адъективацияланып, "байырғы" сын есімдер болып кеткен сездер мен сөз тұлғалары мол ұшырайды. Мысалы: жатаған, сүзеген, күлдіргі, жинақы, ауру, ақсақ, бұзык, жамау, кебу, ұшқыр, жаңғалақ, ұшқалақ т.б. Бұлардың өзге сез таптарынан ауысып, адъективтенгендігі олардың сыртқы формаларынан көрініп түр, олардың құрамындағы қосымшалар тарихи тұрғыдан қарағанда сын есім тудыратын жұрнақтар емес, етістіктің қимыл есім мәнін берген формалар. Егер бұлардың қатарына қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сын есімдер деп қаралатын жарымжан, тасбауыр, желөкпе, қанішер, көрсе қызар, ұр да жық, бос белбеу сықылды адъективацияланған күрделі сөздер мен сөз тіркестерін қосатын болсақ, онда адъективациялану ауқымы тіпті ұлғая түседі. Адъективация процесіне ұшырап, сын есім мәнін иеленген мұндай сөздердің молдығы аталған процестің қазақ тілінің грамматикалық құрылысында, әсіресе сын есімнің сөзжасам жүйесінде кең қанат жайғандығын көрсетеді. Басқа сөз таптарының сын есімге айналу процесі казірде де тоқталмаған процесс. 'Тілдің негізгі сөздік қоры мен грамматикалық құрылысының қарым-қатынасына және олардың ішкі даму заңдылығына лайық сөздердің ішінара бір категориядан екінші категорияға ауысып отырулары тек өткен, қазіргі заманның ғана жемісі емес, ілгері уақыттарда да болатын құбылыстар екені даусыз" (Ысқақов. 1-273). Сонымен, адъективация процесі тілдегі басқа да құбылыстар секілді сын есімнің де үнемі даму күйінде бола­тын тілдік құбылыс екенін дәлелдейтін фактор болып табылады. Адъ­ективация процесін мойындамау, бұл ең алдымен, тілдің қозғалыста, дамуда болатынын мойындамау деген сөз.
Адъективация процесінің нәтижесінде, біріншіден, сын есімнің сөзжасам жүйесі өз шеңберін кеңейтеді. Екіншіден, бір мағынасында сын есім, басқа бір мағынасында өзге сөз табы мәнінде көрінетін лексика-грамматикалық омонимдерді сөз таптарына дұрыс топтастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, сын есім мен басқа сөз таптарының арасындағы сан алуан грамматикалық қатынастарды, әр түрлі семантикалық байланыстарды танып білуге көмектеседі. Төртіншіден, сын есім туралы теорияның мазмұнын арттырады. Бесіншіден, кейбір сын есімдер құрамында "морфологиялық дериват" деп танылып жүрген кейбір қосымшалардың табиғатын қайта танып, қайта саралауға мұрындық болады.
Қысқасы, қазіргі қазақ тіл білімінде адъективация процесі туралы айтылған ой-пікірлердің жалпы сыр-сипаты осындай. Адъективация процесінің лексикалық-грамматикалық тұрғыдан терең зерттеу, оның өзіне тән болмыс-бітімін анықтау ауқымды да іргелі зерттеудің объектісі.

ӘДЕБИЕТТЕР


1.А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы, 1964
2. А.М.Щербак. Сравнительная морфология тюркских языков. Имен. Ленинград, 1977
3. Н.К.Дмитриев. Грамматика башкирского языка. Москва-Ленин­град, 1948
4. А.Ф.Ганиев. Конверсия в татарском языке. Казань, 1987
5.Т.Қордабаев, М.Томанов. Тарихи грамматика мәселелері. Ал-
маты, 1976
6.М.Томанов. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Алматы, 1988



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет