Лекция 2
Тіл білімі және оның салалары Кез келген тіл үш түрлі құрылымнан, қалыптасқан жүйелер жиынтығынан құралады. Тілдің дыбыстық жүйесін – фонетика, тілдің сөз байлығын – лексикология, тілдің грамматикалық құрылысын – грамматика болып ірі үш тарауға бөлінеді. Аталған салалар өз ішінен бірнеше салаларға, тармақ, тармақшаларға бөлінеді. Бұлардың бәрі тілді жан-жақты зерттеу негізінде, тілдік фактылардың әр қырынан күллі сырын ашып, айқындап зерттеп, оларды ғылыми және практикалық тұрғыдан түсіндіреді.
Тіл және оның әр түрлі салалары тілдің ішкі даму заңдары бойынша дамып, жетіліп отырады, әрі даму сипаты мен қарқыны түрліше болуы мүмкін. Осы тұрғыдан, тілді белгілі бір дәуірде өмір сүріп тұрған қалпын қарастырып, сипаттама беретін тіл білімі сипаттамалы немесе синхрониялық тіл білімі деп, ал тілдің шығу тарихы мен дамуы тұрғысынан зерттейтін тіл білімі салыстырмал- тарихи немесе диахрониялық тіл білімі деп аталады.
Салыстырмалы-тарихи әдіс тіл фактылары мен материалдарын зерттеу нәтижесінде ХІХ ғасырдың бас кезінде қаланды. Бұл әдістің негізін қалаушылар – неміс лингвисті Франц Бопп, Дания ғалымы Расмус Раск, неміс ғалымы Яков Гримм. Аталмыш әдістің қалыптасуына себепкер жайт – санскрит тілінің зерттелуі еді. Санскрит – ертедегі Үнділердің әдеби тілі. Зерттеу негізінде санскрит тілінің ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қарым-қатынас құралы болып отырған көптеген тірі тілдермен ұқсастығы бары анықталды. Азияның бірсыпыра территориясын мекендеушілер тілінен бастап, бүкіл Еуропа, Америка тұрғындары тілдерінің бәрі дерлік бір атаумен – үндіеуропа тілдері деп аталатын болды. Мысалы: сан есімдердің еуропа тілдеріндегі сәйкестігі орысша – два, три; латынша – дуо, трэс; санскритше – двау, трауас және т.б.
Нақты бір тілдің жүйесін құрылымын, ерекшеліктерін, даму заңдылықтарын зерттейтін жеке тіл білімі (қазақ тіл білімі, орыс тіл білімі, ағылшын тіл білімі, француз тіл білімі) бар да, ғылым ретінде тіл білімінің теориялық, әдіснамалық негізі болып саналатын жалпы тіл білімі бар. Мысалы: Қазақ тіл білімі дербес ғылым ретінде Ұлы Қазан революциясынан бергі дәуірде қалыптасты. Қазақ тіл білімі қазақ тілінің жүйесін, құрылымын, ерекшелігін, барлық байлығын зерттейді, қазақ тілінің қарым-қатынас, пікір алысу, өзара түсінісу, ойды жеткізу құралы ретіндегі қызметін (функциясын), басқа тілдермен қатынасын, баю, толығу, даму жолдарын т.б. тексереді. Жеке тіл біліміне жеке тілдермен қатар туыстас тілдердің (қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, түрік, алтай, чуваш т.б. туыстас тілдерді зерттейтін – түркология/түркітану, орыс, украин, белорус, чех, поляк, болгар т.б. тілдерді салыстыра, салғастыра зерттейтін – славистика/славянтану, ағылшын, неміс, дат, швед, голланд т.б. тілдерді зерттейтін – германистика, испан, португал, итальян, румын, молдаван т.б. тілдерді – романистика/романтану және т.б.) заңдылықтарын, ортақ жайттарын, шығу, даму ерекшеліктерін жатқызамыз. Ал жалпы тіл білімі деген терминнің ұғымы тіпті кең. Бұл ғылым жеке, нақты тілдерді, туыстас тілдер тобы мен семьяларын егжей-тегжейлі зерттеу, солардың ортақ заңдылықтарын ашу, айқындау негізінде жасалынған. Жалпы тіл білімі жеке тіл білімдерінің жетістіктері мен қол жеткен табыстарын басшылыққа алады, айқындалып-анықталған ортақ жайттардан теориялық қорытынды шығарады.
Лингвистика теориясы ретінде жалпы тіл білімі тіл туралы ғылымның ең негізгі, өзекті деген мәселелеріне көңіл бөліп, солар туралы мағлұмат береді, тілге қатысты ірі-ірі мәселелерді қарастырады. Ол мәселелердің басты-бастылары мыналар:
Осыған орай, жеке тілдер мен топтар, семьялар тілдері неғұрлым жете, жан-жақты зерттелініп, қыр-сыры толығырақ ашылса, жалпы тіл білімі де соғұрлым тілдік бай материалдар мен фактыларға ие бола алады; тіл атаулыға тән ортақ белгілер жөнінде дұрыс қорытындылар – тұжырымдар шығара алады. Яғни, лингвистика дербес ғылым ретінде осы екі бөлімнің негізінде құралады екен.