Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы


-дәріс СУБСТАНТИВАЦИЯ ТУРАЛЫ



бет8/14
Дата05.05.2023
өлшемі0,63 Mb.
#90657
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14
Байланысты:
b212 2

8-дәріс


СУБСТАНТИВАЦИЯ ТУРАЛЫ

Бұл - өзге сөз таптарының зат есімдер тобына ауысуын білдіретін конверсиялық процесс. Қазіргі қазақ тілінде басқа сөз таптарының зат есімдер қатарына ауысуы, сөйтіп, зат есім мәнінде қолданылуы кең тараған құбылыс. Сөз таптарының ішінде субстантивация проце­сіне ұшырамайтыны кемде-кем. Бұл орайда, әсіресе, сын есім, сан есім, етістіктің қимыл есімі, есімше категорияларының жиі субстантивтенетіні ерекше көзге түседі. Мысалы, көтерме, түстік, ауру, науқас, сырқат, ыстық, шала, туысқан, жасаған, жанар, қайнар, Төле­ген (кісі есімі), көсеу, буаз, шалғы, қырат, дөңес және т.б.


Бұл фактілер зат есімдердің аталған сөз таптарымен лексикалық жақтан да, грамматикалық тұрғыдан да тығыз байланыста екенін көрсетеді. Сондықтан болу керек, басқа сөз таптарының субстантивтену мәселесі қазақ тілі зерттеушілерінің назарынан тыс қалмай, әр кезде жарық көрген түрлі окулықтарда, ғылыми-зерттеу еңбектерде азды-көпті сөз болып келеді. Бұл бағытта, сондай-ак, соңғы жылдарда күнделікті ғылыми басылымдарда бірқатар мақалалардың жарияланғандығын да атап өту лазым.
Өзге сөз таптарының жиі субстантивтеніп, соның нәтижесінде зат есімдер тобына ауысуының өзіндік себептерінің барлығы анық. Бұл, ең алдымен, зат есімдердің лексикалық құрамының молдығына, атқаратын синтаксистік функциясының ауқымдылығына байланысты. Өйткені, зат есімдердің сөйлемде тәуелсіз мүше-бастауыш қызметінде жұмсалуы оның басқа сөз таптарымен емін-еркін граммати­калық әрқилы байланыстарға, қарым-қатынастарға түсуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде өзге сөз таптары бір жағынан субстантивацияланып, зат есімдер құрамына ауысып жатса, екінші жағынан, олар да өз кезегінде зат есім категориясынан сөздер қабылдай, өз өрістерін кеңейтіп жатады. Осы арада айта кететін бір жайт, ол-сөз таптарының барлығы бірдей бір-бірімен грамматикалық қарым-қаты­насқа түсе алмайтындығы. Бір-бірімен грамматикалық байланыстарға түспеген сөз таптарының арасында, әрине, сөз ауысу болмайтындығы өзінен-өзі түсінікті. Мұндай жағдайда яғни сөз таптарының бір-біріне ауыспауына себеп, бөгет болатын нәрсе, біздіңше, олардың сөйлемдегі функциясының шектелуі болуы. Мысалы, зат есімдер өзінің атқаратын функциясының жан-жақтылығының, кеңдігінің арқасында адъективтеніп, прономиналданып, адвербиалданып және т.б. сөз таптарының қатарына өтіп жататын болса, ал, үстеулер жайлы бұлай деп айта алмаймыз. Себебі, үстеулердің синтаксистік функциясы анағұрлым шектеулі болуы үстеулердің басқа сөз табына ауысуын шектейді. Үстеулер сөйлем құрамында пысықтауыштан басқа да синтак­систік қызмет атқаруы мүмкін. Бірақ ондай қызмет үстеулер үшін үйреншікті де негізгі қызмет бола алмайды. Үстеулер пысықтауыш мүше ретінде қимылдың, іс-әрекеттің сынын, мөлшерін, мезгілін, мекенін білдіреді де, осыған орай, етістіктермен тіркесіп, сөйлемде оның алдында тұрады. Сөйтіп, үстеулер заттың белгісінің белгісін білдіреді де, зат есімдермен тікелей, тура байланысқа түсе алмайды. Сондық­тан да басқа сөз таптарына қарағанда, үстеулер субстантивация процесіне самарқау тұрады. Қазіргі қазақ тіліндегі субстантивтер тобынан арғы негізгі үстеулер болып келетін сөздердің жоққа дерлік бо­лып келетіндігінің себебі, біздіңше, осында сияқты.
Басқа сөз таптарының субстантивтенуі екі түрлі болады. Оның біріншісі-уақытша субстантивтену деп аталады. Басқа сөз таптары­ның уақытша субстантивтенуі, негізінен, стильге, контекске тән бо­лып келеді. Синтаксистік қолданыс ыңғайына қарай өзге сөз таптары сөйлемде уақытша заттық мағына иеленеді. Уақытша субстантивтенген сөздер өздерінің бастапқы мағынасынан мүлдем қол үзіп кете ал­майды, онда белгілі бір дәрежеде бұрынғы мағынасы сақталады. Мысалы: Жуанды койып жуасты. /Абай/. «Жақсыға біткен ағайын». /Бұхар жырау/. Жаман жақсы болмас /мақал/. Білегі жуан бірді жығады /мақал/.
Синтаксистік қолданысқа байланысты қалыптасқан мұндай «уакытша субстантивтенген» лексикалар реестр сөз дәрежесіне жетпейді. Сол себепті олар лингвистикалық сөздіктерде дербес жеке ре­естр сөз ретінде берілмейді. Сөйлем құрамында ондай кезеңдік заттың мағына алған субстантивтерді «контекстік немесе стильдік субстан­тивтер» деп атайды / «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» 1-27/.
Өзге сөз таптарының субстантивтенуінің екінші түрі-толық /не кемел/ субстантивтену болып табылады. Толық субстантивтенудің барысында басқа категорияларға тән сөздер өздерінің сөз табынан

біржола қол үзіп, зат есімдер қатарына түпкілікті ауысады да оның құрамын жана лексемалармен толықтырады. Толық субстантивтенген сөздер сол тілде сөйлейтін халық үшін зат есім болып танылады да, жалпы халықтық сипат алады. Ондай субстантивтер, әдетте, ре­естр сөз дәрежесіне жеткен деп саналады, әрі олар түрлі лингвистикалык сөздіктерде зат есім сөз деп көрсетіледі. Мысалы, қазіргі ана тіліміздегі туысқан, жасаған, жаратқан, ата, бата, бай, кедей, көсеу, безеу, ауру, шалғы, шапқы, дөңес, қырат, антұрған сықылды толып жатқан арғы негізі есімше, қимыл есім, сын есім болып келетін сөздер, осы толық субстантивтенудің айқын дәлелі бола алады. Бұлар қазіргі кезде өздерінің бұрынғы категорияларынан мүлдем қол үзіп, зат есімдер тобына біржола ауысқан.


Субстантивация процесінің нәтижесінде зат есімдер категориясына ауысқан сөздерді құрамы жағынан да екі топқа бөліп қарауға болады: жалаң субстантивтер және күрделі субстантивтер. Жалаң субстантивтерге, негізінен, бір ғана сөзден тұратын «басқа текті» сөздер жатады: надан, қу, пысық, жақсы, жаман, күрделі субстантив­терге кем дегенде сол сөздердің тіркесіп келуі арқылы жасалған болмаса екі түбірдің бірігуінен пайда болған, синтаксистік қолданыстың барысында зат есімдерге айналған күрделі сөз тұлғалары жатады: ақсақал, бойжеткен, атшабар, бозқасқа, қубас, т.б. Мұндай күрделі субстантивтерді құрамындағы сөздердің қай сөз табынан құралғандығына қарай есім мен есімнен құралған күрделі субстантив /ақса­қал/, есім мен етістіктен жасалған субстантив /бойжеткен/, етістік пен есімнен пайда болған күрделі субстантив /атшабар/ және т.б. деген топтарға ажыратуға болады.
Басқа сөз таптарының субстантивтену жолдарына келсек, оның, жалпы, екі жолы бар. Оның алғашқысы-«егер зат есім емес сөз не септеуге келсе, не тәуелдеуге жараса, не көптік жалғауларын қабылдай алса, онда бұл оның субстантивтенуге жарамдылығын көрсетеді». /«Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» 1-27/. Бұл тәсіл басқа сөз таптарын субстантивтендірудің ең өнімді жолы. Өзге сөз таптары өздерінің парадигмасынан шығып, зат есімге тән парадигма жүйесіне енсе болды; зат есім мәнін иеленіп шыға келеді. Мысалы: Білгенге маржан, білмегенге арзан /мақал/. Ол жаңалық басы еді, мен ескінің арты едім /Абай/. Басқа сөз таптарының заттанған сөздер өздерінің бастапқы мағынасынан мүлдем қол үзіп кете алмайды, онда белгілі бір дәрежеде бұрынғы мағынасы сақталады.
Синтаксистік қолданысқа байланысты қалыптасқан «уақытша субстантивтенген» лексикалар реестр сөз дәрежесіне жетпейді. Сол себепті, олар лингвистикалық сөздіктерде дербес жас реестр сөз ретінде берілмейді. Сөйлем құрамында ондай кезеңдік заттың мағына алған субстантивтерді «контекстік немесе стильдік субстантивтер» деп атайды.
Басқа сөз таптарының субстантивтенуінің екінші жолы-ол сөйлем құрамында кейде үнем заңына орай анықталушы сөздің түсіріліп айтылуымен байланысты. Мұндай жағдайда анықтауыш қызметінде қолданылған өзге сөз таптары анықталушы сөздің мағынасын өз бойына қабылдап, субстантивтенеді. Белгілі ғалым А.М. Пешковский бұл құбылыстың сырын былайша түсіндіреді: «Вообще прилагательный признак ведь изображен не сам по себе, а как заложенный в пред­мете, и потому в нем заключено и смутное указание на самый пред­мет, и в котором заложен данный признак. Можно сказать, что в при­лагательном есть на предмет настолько известен, но говорящим и не хочет сделать его известным, а хочет только намекнуть на него-существительное опускается». /Пешковский 2-134/. Субстантивацияның бұл жолына мысал ретінде Абай өлеңдерінен дәлелдер келтірейік. «Оқыған білер әр сөзді», «Надан қуанар, арсаңдар өйтіп асқан жығылар. Жасық, жаман болмассың». Мысалға келтірілген сөйлемдерде субстантивтенген есімше, сын есім формалары өздігінен кейін анық­талушы қызметінде тұруға тиісті. «Адам» сөзінің мағынасын өз бойларына тартып, субстантивтенгені айқын.
Қазіргі қазақ тіліндегі басқа сөз таптарының субстантивтивациялану процесінің жайы, қысқаша айтқанда осындай.
Әдебиеттер тізімі:
1. Қазіргі казақ тілінің сөзжасам жүйесі. А.; 1979.
2. А.М. Пешковский. Русский синтаксис в научном контесте. М. 1957.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет