«ЖАҢа инновациялық имитациялық ойындар технологиясы»



бет3/10
Дата27.10.2022
өлшемі1,66 Mb.
#45637
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

1.2 Ойын әдістері


Білім беру ойындары - бұл релаксопедиялық тәсілдердің синтезі (кедергілерді алып тастау, психологиялық босату) және проблемалық жағдайлардың тізбегі, соның ішінде қақтығыстар, қатысушылары өздерінің әлеуметтік рөлдерін өз мақсаттарына сәйкес орындайды. Оқыту ойындары кеңінен қолданылады, бірақ іздеу сипатындағы ойындар да жиі қолданылады, олардың нәтижесі нақтызерттеулер мен қарама-қайшылықты тәсілдер туралы қорытындылар болуы керек. Жағдайға тікелей эмоционалды қатысу, ең жақсы шешімдерді іздеуде бәсекеге қабілеттілік пен топтық жұмыс, жағдайлардың кең түрленуі, іскерлік қарым-қатынас процесінде жаңа әдіс-тәсілдерді игеру, түйсік пен қиялды үйрету, импровизация мүмкіндіктерін дамыту және өзгеріп отырған жағдайларға тез әрекет ету қабілеті білім беру ойындарының өте танымал әдісін жасады. Алайда уақыттың аздығына байланысты жеке ойын жағдайлары немесе фрагменттер жиі қолданылады. Жоғары мектептің оқу процесінде қолдануға тиімді ойындардың ішінен келесідей түрлерін қарастырып кетуді ұйғардық:



Рөлдік ойындар
Рөлдік ойындар - тиімді интербелсенді әдістердің бірі. Педагогика саласында зерттеу жүргізетін ғалымдардың басым көпшілігі оқу/оқытудың ойын әдістерін кәсіби дамуды қамтамасыздандырудағы ең тиімді әрі болашағы зор тәсілдер деп есептейді. Өйткені іс-әрекет арқылы үйрену/үйрету – танымның ең тиімді тәсілі екендігі баршаға аян: адам жадында бірінші мезетте өзінің жасағаны мен бастан кешкен әсерлері қалады. Ал рөлдік ойындар студенттердің өздерін басқа адамдардың орнына қойып, мәселе немесе проблеманы солардың тұрғысынан қарастырып, шешімді өз қолдарымен жасауды меңзейді. Ойын сөзі сабақта инсценировканың орын алып, әрекеттердің спектакль түрінде көрсетілетіндігін меңзейді. Ал рөлдік сөзі әр қатысушының белгілі бір рөл орындайтынын және де бұл рөлдің басқа рөлдердің қатарында болып, олармен тығыз қарым-қатынаста болатындығын білдіреді. Бұл қарым-қатынас өмірде орын алған қарым-қатынастарды қайталайды, сол себепті де рөлдік ойындар қоғамда кең етек алған проблемалар мен оларды шешудегі тиімді әрекеттерді меңгеруді мақсат тұтады. Мұнда студенттер пікірталастағыдай өз түсініктері мен көзқарастарынан туындаған позицияларды ұстанбай, өздерін басқалардың орнына қояды. Бұл әдіс студенттерде жинақталған теориялық білім, практикалық тәжірибе, өмірде ұстанатын құндылықтарды еркін түрде меңгеру және қолдану дағдыларын қалыптастырады. Рөлдік ойындарда студент өзінің теориялық білімдерін өмірде (практикада) кездесетін ситуациялар мен жағдаяттарда қолданады. Ол мұндай ойындарда проблемалардың мазмұны мен мән-жайын дұрыс түсінетіндігін көрсетеді, олардың шешу жолдарын қарастыру арқылы өзінің шығармашылық (креативтік) деңгейін дамытады. Рөлдік ойындарды жүргізу алдында оқытушының әдістемелік тұрғыдан жан-жақты дайындалуы шарт, ол әсіресе келесі мәселелерді алдын-ала мұқият талдап алуы керек:

  • ойынды өткізудің әдістемесі (ойын шарттары мен ережелері, мақсаттары, кезеңдері, қатысушылар, т.б.);

  • ойынның мүмкін нәтижелерін болжау;

  • ойынның нәтижелерін қорытындылау.

Рөлдік ойындардың екі түрін ажыратуға болады:

  1. Әрбір студент рөл ойнайды.

  2. Студенттердің шағын топтары рөл ойнайды.

Рөлдік ойынның бірінші түрі студенттердің қандай да бір берілген тапсырмаларды орындау барысында топ ішінде рөлдерге бөлініп, сол рөлдердің ерекшеліктеріне сәйкес әрекеттер атқаруды меңзейді.
Мұндай ойындарда келесідей рөлдерді қолдануға болады:

  1. Автор - өз көзқарасы мен пікірін келтіруші, ұсынушы.

  2. Түрлендіруші - автордың ұсынысын толық қабылдамай, өз түсінігін құрастыратын, содан туындаған ойларымен басқалармен бөліседі.

  3. Сыншы (немесе пессимист) - талқылау барысында қабылданған шешімдерге күмән келтіріп, өзгеше ұсыныс жасап, басқа шешімдер мен көзқарастар келтіреді.

  4. Ұйымдастырушы (немесе капитан) - жасалған жұмыстың барлығын да үйлестіріп, қатысушылардың жеке пікірлерін жинақтауға, біріктіруге ұмтылып, оларды автордың көзқарасын дамытуға бағыттайды.

  5. Қуаттаушы (немесе оптимист) - қандай да болмасын келтірілген ұсыныс пен әрекетті демеп, қолпаштап отырады. Оның жұмысы сыншы рөліне қарама-қарсы. Ол өз жұмысында мақтау мен мадақтауды, арқадан қағу мен қол шапалақтауды қолданады да, солар арқылы топ ішінде көтеріңкі көңіл-күй орнатуға бар күшін салады.

  6. Суретші - топ жұмысының нәтижелерін плакатқа маркермен түсіруші.

Бұлардан басқа да рөлдерді қолдануға тұрарлық, оларды қолдану (ойнау) ойынның мақсаттары мен жоспарланған нәтижелеріне байланысты болады:

  • идея келтіруші (идеялар генераторы) - үнемі өз ойларын келтіріп, топтың әрекеттерін соларды жүзеге асыруға бағыттаушы;

  • ақын - бірлескен жұмысты жандандыру мақсатында топ жұмысына немесе мүшелеріне арнап өлең мен ұйқастар шығарушы;

  • күмәнданушы (немесе скептик) - сыншы секілді әр идея, ой мен әрекетті күмәнданып қабылдаушы, қарсы пікір айтушы;

  • барлаушы - басқа топтарда жұмыстың қалайша жүріп жатқандығын анықтаушы;

  • жылнамашы - топ жұмысының барысы мен қатысушылардың әрекеттерін қағазға түсіруші;

  • бақылаушы – ойын ережелері мен рөлдерді орындау үшін қабылданған тәртіптерді, қатысушылар әрекеттерінің аяққы нәтижеге бағытталуын қадағалаушы.

Мұндай рөлдік ойындарда келесідей ережелер қабылдаған орынды:

  • Рөлдер ерікті түрде таңдалады.

  • Әр қатысушы рөлдерге тиеселі міндеттер мен қызметтерді (функцияларды) барынша орындап, қадағалауы керек.

  • Ойын барысында қатысушылардың рөлдермен алмасуына болады.

  • Ойын барысында қатысушылар басқа да рөлдерді ойлап тауып, оларды орындауларына болады.

  • Ойын аяғында әр қатысушы өзінің әрекеттері мен топ жұмысына жазбаша түрде есеп беруі керек.

Оқытушы рөлдік ойынның берілген тақырыпты (проблеманы) қандай деңгейде ашқандығы, бұл жұмыстағы студенттердің кәсіби деңгейі туралы ой қозғап, өзінің де позициясын келтіреді. Студенттер өз ұстанымдары мен рөлдері жайлы, ойынның қандай деңгейде өткендігі туралы пікірлерін алдымен ауызша келтіріп, соңынан жазбаша есеп береді. Егерде олар өзінің қателерін анықтап, оларды түзету үшін қандай білім мен дағды керектігін түсінсе немесе өз әрекеттерінің дұрыстығына көздерін жеткізсе, бұл жәйттер ойынның өз мақсатына жеткендігін меңзейді. Қорытындылауда басты назарды практика үшін маңызды әрі қолайлы ойын нәтижелерін талдауға аударған дұрыс. Сонымен бірге қорытындылауда бүкіл ойын барысын талдап, оны ой елегінен өткізгенде, келесі әрекеттерді талқылаған орынды:

  • жеке, топтық, топ аралық ойлау әрекеттерінің өзгерістері;

  • тұлға аралық қатынастардың өзгеруі нәтижесінде туындаған ұжымдық пікірлердің қалыптасуы;

  • студенттердің пікірлері мен рөлдерінің өзгеруі, олардың қарым-қатынас динамикасы.

Рөлдік ойындар үйренушілерде келесідей біліктерді қалыптастыруға септігін тигізеді:

  • қарым-қатынастық (коммуникативтік) дағдылар;

  • шағын топтарда жұмыс жасау дағдылары;

  • толеранттылық (басқаның пікірі мен көзқарасын қабылдау, оларды сыйлау, олармен санасу, төзімділік пен шыдамдылық);

  • өзіндік тұрғыдан ойлау, пікір және көзқарас қалыптастыру, позиция (сенім, құндылықтар) таңдау, т.б.

  • үйренгенді (білім, білік, дағды, түсініктер, т.б.) практикалық тұрғыдан қолдану;

  • өздерінің үйрену деңгейін анықтап, оны әрі қарай дамыту.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет