Байланысты: ЖАҢА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИМИТАЦИЯЛЫҚ ОЙЫНДАР ТЕХНОЛОГИЯСЫ
Іскерлік оқу ойындары Іскерлік оқу ойындарында студенттер қандай да бір сценарий ауқымында рөлдерді өзара бөлісіп, зерттеу жұмыстарын жүргізу және деректерді талдау арқылы нақты практикалық мәселелерді бірлесе отырып шешеді. Оқу ойындарының сценарийлері тақырып ауқымында болып, күрделі мәселелерді ойын тұрғысынан, ойнап шешуге бағытталады.
Оқу ойындарының екі түрін ажыратуға болады:
Сабақ тақырыбы бойынша жазылған сценарийлер бойынша (оқытушылар мен студенттердің өздері жазған) қысқа ситуацияларды ойнау.
Компьютерді қолданатын ойындар:
мультимедиалық ойындар,
Интернетте ақпарат табу әрекеттеріне негізделген іздеу ойындары.
Компьютерлік ойындарда студенттер бірнеше топқа (командаларға) бөлініп, бөлек аудиторияларда отырып, бір-бірімен Интернет арқылы байланысуына болады. Оқу ойындары сценарийлерінің негізінде қандай да болмасын мәлімет (оқулықта немесе басқа да ақпарат көздерінде берілген құжат, оқиға, мәтін, деректер) жатады. Мәлімет сценарийде өзінің деректік формасынан айрылып, студенттердің рөлдерге бөлініп, ойнауына мүмкіншілік туғызатын қызықты оқиғаға айналуы керек. Оқу ойындарында бірінші кезекте студенттердің қиял мен фантазиясына жол ашу керек. Бұл әсіресе саяхат ойындарында сәтті түрде жүзеге асырылады.
Студенттер саяхат ойындарында көркем шығармалар мен кітаптар, тарихи оқиғалар, аңыздар, карталар, құжаттар бойынша тарихи, географиялық, өлкетанушылық, ғылыми экспедицияларды ұйымдастырып, өз қиялдарынан туындаған оқиғалар мен ситуацияларды құрастырады. Мәселен, Отырар, 1219 жыл, Түркістанға саяхат, Кенесары әскерінің ізімен, Майкрософт фирмасына экскурсия, Нюрнберг процесінде, Желтоқсан, 1986 жыл, т.б. тақырыптар бойынша экспедиция ұйымдастыруға болады. Студенттер мұндай саяхат кезінде өзара бөліп алған ойын рөлдеріне сәйкес әрекеттер атқарып, шығармашылықтарына кеңінен жол береді. Мұндай рөлдер қатарына тарихи тұлғаларды, ғылыми немесе кәсіби мамандарды (тарихшы, мұражай қызметкері, палеонтолог, археолог, геолог, экономист, ғарышкер, ұшқыш, топограф, т.б.) жатқызуға болады. Саяхат ойындары барысында студенттер күнделік жазып, оқиға болған жерлерден репортаждар беріп, өз жұмысы немесе ашқан жаңалықтары бойынша есеп дайындап, достары мен туыстарына хат жазып, әртүрлі мағлұмат жинау ісімен айналысуы мүмкін. Әрине мұндай құжаттардың қиял мен фантазия негізінде жазылатындығы сөзсіз.
Өндірістік ойындар Оқу/үйрену процесінде қолдануға тиімді ойындардың тағы да бір түрі - өндірістік ойындар. Бұл әдіс ойынға қатысушылардың сан қилы (кейде тіпті бір-біріне қарама-қарсы) мүдделерін тоғыстырып, ойын аяқталғаннан кейін қатысушылардың барлығын қанағаттандыратын шешім қабылдауды қажет етеді. Өндірістік ойындар әлеуметтік немесе экономикалық сипаттағы нақты бір жағдайды (ситуацияны) шешуде үйренушілердің өзара әрекеттесуін қалыптастырады (имитациялайды, модельдейді). Егер рөлдік ойындарда қатысушылар әдетте әртүрлі әлеуметтік мүдделері бар қоғамдық топтар (немесе субъектілер) рөлдерін орындаса (өкімет, оппозиция, орта бизнес, зейнеткерлер, студенттер, т.б.), өндірістік ойындарда олар бір әлеуметтік топ немесе бір мүдде аумағында қалып отырады. Қатысушылардың мұндағы басты мақсаты – қойылған кәсіби мәселені (проблеманы) шешу, сол себепті де олар тиімді әрі нәтижелі шешім келтіру тұрғысынан бәсекеге түседі, жарысады. Демек, өндірістік ойын дегеніміз сабақ аумағындағы кәсіпқойлардың (кәсіпкерлердің) жарысы. Өндірістік ойындарда әлеуметтік және экономикалық маңызы бар келесідей күрделі проблемаларды шешуге болады:
Өкіметтің студенттерге несие беру саясатын өздері оқитын жоғарғы оқу орнында қалайша жүзеге асыруға болатындығын жоспарлау.
Экономикалық дағдарыста ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу туралы өз ұсыныстарын келтіру.
Экономикалық дағдарыс жағдайында кәсіпорында жаңаша жалақы жүйесін жасау.
Кәсіпорында (мекемеде) жұмыскерлерді ынталандыру жүйесін құру.
Несие берудің жаңа шарттарын талқылап, оларға өзгертулер енгізу.
Кәсіпорын (мекеме) жұмысында немесе оның қызметкерлері арасында туындаған проблемаларды шешу: жанжал, ортақ мәмілеге келу, келіссөз жүргізу, проблеманы бірлесе шешу.
Іскерлік топтардың мақсаты - теориялық білімдердің қандай деңгейде игерілгендігін және оларды қолдана білуді көрсету, проблемаларды жеке және бірлесе отырып шешу дағдыларын қалыптастыру.
Өндірістік ойындар көп тұрғыдан кейс-стади әдісіне ұқсас: олар да кейс-стади секілді практикалық проблемаларды өмірлік ситуацияларға жақындастырып шешуге, кәсіби тұрғыдан нақты әрекеттерді орындау дағдыларын қалыптастыруға бағытталады.
Өндірістік ойындар әдетте студенттік топтың өзара келісімге келіп, бірлескен ізденіс әрекеттері (ой-толғаныс, талқылау, пікірлесу, идея жинау арқылы) түрінде өтеді. Ал мұндай әрекет топ мүшелерінің барлығын да жұмысқа, қарым-қатынас процесіне жұмылдырады. Бұл әдіс коммуникацияның ерекше түріне жатады. Өндірістік ойындар келесідей нәтижелерге жеткізеді:
студенттер кәсіби (қоғам өмірінде орын алған) проблемаларды өздігінше қарастырып, оларды шешуде теориялық білімдері мен кәсіби тәжірибелерін қолданады;
студенттер өздеріне керекті ақпарат жинақтап, оны талдауды үйренеді;
студенттер кәсіби проблема шешудің әртүрлі балама ұсыныстарын келтіріп, ішінен ең тиімдісін таңдай біледі, оларды жекелей және бірлесе отырып өзіндік тұрғыдан шешеді;
студенттер кәсіпкерлер командасында бірлесе жұмыс жасау дағдыларына үйренеді;
студенттер бірлесе отырып проблема шешу – жұмыс жасаудың ең тиімді әрекет екендігін аңғарады.
Өндірістік ойындарды келесідей құрастыруға болады:
1. Қатысушыларды проблемамен таныстыру. Мұнда студенттер ойынның шарттары және ережелерімен танысып, ойында қажетті материалдарды иеленеді (заңдар, нормативтік құжаттар мен ережелер, нұсқаулықтар мен өкімдер).
2. Командаларды (топтарды) құрамдау. Топтарға бөліну кез келген тәсіл бойынша жасалуы мүмкін.
3. Командалық жұмыс. Әр команда мәселе шешуде өз идеялары мен әдістерін ұсыну үшін бірлесе отырып, 5-8 минуттық ауызша баяндама дайындап, оны басқаларға қалайша жеткізетіндігін талқылайды.
4. Жариялау және талқылау. Командалар баяндамаларын кезекпен жариялайды, мұнда да олар өз рөлдеріне тиеселі әрекеттер атқарады. Баяндамалар жарияланғаннан соң олардың мазмұны салыстырылып, талқылау мен пікірталастар ұйымдастырылады, сұрақтар қойылады, сын пікірлері келтіріледі, ұсыныстар жасалады.
5. Қорытынды.Оқытушы ойынның өту барысына талдау жасап, командалардың және жеке студенттердің әрекеттерін сараптайды. Әдетте ол ойынның жағымды нәтижелеріне тоқталып, студенттерден өз әсерлері мен пікірлерін білдіріп, көңіл-күйлерін келтіруді сұрайды. Студенттер бұл сауалға алдымен ауызша, содан кейін жазбаша жауап береді. Егер ойын жарыс түрінде ұйымдастырылса, қазылар алқасы өз үкімін шығарып, орындарды бөліске салады. Өндірістік ойындар басқаша да ұйымдастырылуы мүмкін. Төменде берілген өндірістік ойындарды өткізудің сценарийлерінде басқа тәртіптерді көруге болады.