Сыйлықтарға толы қорап Жаңа жылға мынадай кішігірім әзіл ұйымдастыруға болады. Жаңа жылды тойлайтын бөлменің бұрышына үстіңгі беті бар, түбі жоқ қорап қойып қойыңыз. Оны әдемі лентамен байлап, «Мерекеңізбен» деп жазып қойсаңыз да болады. Ал ішіне кәмпитті толтырып салыңыз. Ең бастысы, қорапты жоғары бір жерге қойыңыз, шкафтың үстіне болса тіпті жақсы. Алдайтын адамыңыз бөлмеге кіргенде, оған арналған сыйлық шкафтың үстінде екенін айтыңыз. Әрине, ол бірден барып, қорапты ала бергенде, үстіне кәмпит төгіледі.
«Шыршаны безендір» сайысы Ойын үшін бірнеше лента, жылтырақ пен ойыншықтар (ойыншы санына қарай) қажет. Шырша ретінде әйелдер ойнайды. Олар бір қолына лентаның бір ұшын ұстап тұрады. Ал ер адамдар қолдарын тигізбей, еріндерімен басқа шетін қысып, өз ханымын безендіреді. Қай жұптың «шыршасы» әдемірек болса немесе қайсысы бірінші бітірсе, сол жұп жеңеді.
«Түйреуіш» Бұл жаңажылдық әзіл үшін бірнеше жұп керек, ерлі-зайыптылар болса жақсы. Барлығының көздерін байлап қойып, олардың киімдеріне бес-бестен түйреуіш тағасыз. Бір-бірінің үстіндегі барлық түйреуішті бірінші болып жинаған жұп жеңеді. Мұның бәрі баяу әдемі әннің әуенімен өтуі тиіс. Алайда, ойында бір сыр болады: қыздың киіміне 5 түйреуіш тағылса, жігіттің үстіне төрт түйреуіштен ілінеді. Демек, жеңіске бұл сырды бірінші болып түсінген жұп жетеді. Ал оған дейін екінші жартысының үстінен соңғы түйреуішті ұзақ іздегенін сыртынан тамашалау - өте қызық көрініс.
«Қолғап пен түйме» Бірнеше жұп ортаға шақырылады. Ер адамдарға қалың қысқы қолғаптар беріледі. Ал қыздардың киімінің үстінен көйлек немесе халат кигізіледі. Ер адамдар серіктес әйелінің үстіндегі түймелерді қолғаппен тез тағып шығуы тиіс.
Жаңажылдық тілектер сайысы 5 қатысушыны ортаға шақырамыз. Олардың әрбіреуі кезекпен бір жаңажылдық тілек айтуы тиіс. Бес секундтан артық ойланған ойыншы ойыннан шығарылады. Соңына дейін жеткен адам жеңеді.
«Күлдіргіш» Әрбір ойыншы бір есімнен алады, мысалы, мұз, ойыншық, қар, шырша т.б. Жүргізуші барлығын айналып жүріп, түрлі сұрақтар қояды: «- Сен кімсің? - Шырша. - Бүгін қандай мейрам? - Мұз. - Мынауың не? (мұрнын көрсетіп) – Ойыншық. Әрбір ойыншы барлық сұраққа өзіне берілген «есіммен» жауап беруі тиіс, және де ол сөзді қажетінше септеуіне болады. Оған қоса, жауап бергенде, күлуге тыйым салынады. Кім күліп жіберсе, ойыннан шығады. Жеңілгендерге түрлі жаза тағайындалады: өнер көрсетеді, бір нәрсе алып келеді, жасап береді т.с.с.