Көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған әдіскер ғалымдар: Ә. Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т. Ақшолақов, т.б. Көрнекті әдіскер, ғалым Төлеутай Ақшолақов көркем шығарманы талдау мәселесіне таза әдеби — эстетикалық жолмен қарауды ұсынды ». Біз шәкірттерді сөз сырына бойлатуымыз керек. Бүкіл кілт — осында. Өйткені, көркем әдебиетте сөз -мазмұн да, форма да. Шәкірттерді сөздің алуан сырына үңіле білуге үйрету — әдебиет шығармасын танытудың басты жолы. Ақын шығарма құрылымында сөздерді қандай кәдесіне жарата білген, сөз кірпіштерін қаншалықты қиыстыра қалай білген, шығарманың бүкіл бітімін қалай сомдаған, қандай жаңа поэтикалық жаңалықтар әкелген, қандай сом образдар жасаған, мұғалім осыған үнемі, сабақ үстінде, сабақтан тыс уақытта шығармашылық тапсырмалар беру арқылы үйретіп, баулып отырса, шәкірттер өнер туындысының қадыр қасиетін танумен, астарлы сырына үңіле білумен қатар, жазушы стилін, шығарма стилін аңғарар еді.
Тегінде, баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен білім алуға үйрету -ең ұтымды жол» (1,92бет).
Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады (2,127бет).
Көркем мәтінді талдаудың жолдары мен бағыттары Рәбиға Сыздықова мен Бердібай Шалабай еңбектерінде жан-жақты сараланады. Ғалымдар көркем мәтінді талдаудың жолы мен жүйесін айқындайды.
Көркем мәтіннің негізгі белгілеріне байласым, тұтастық және эмотивтілік жатады. Байласым- лингвистикалық ұғым, ал тұтастық-психолингвистикалық ұғым. Байласым көмегімен мәтін құрылысының феномендері талданады, ал тұтастық ұғымы арқылы мәтіннің терең қабатындағы орналасқан әрекеттері түсіндіріледі (3, 8 бет).
Достарыңызбен бөлісу: |