Міне, жаңа оқу жылы да басталды. Биыл жалпы білім беретін мектептердің оқу үрдісінде жаңалық көп. Оның бастысы – былтыр басталған жаңартылған білім жүйесіне көшудің жалғасатындығы. Биыл 2, 5, 7-сыныптар жаңа мазмұнға өтеді.
Жаңартылған мазмұн сапаны жақсартады Елімізде реформаға жиі ұшырайтын екі сала болса, соның бірі – білім. Әйтеуір, осы салада өзгерістер болады да жатады. Былтыр жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасы жаңа мазмұнға көше бастағанда қоғамның пікірі екіге жарылды. Көп ата-ананың көкейінде «бұрыннан қалыптасқан классикалық жүйемен оқыта берсе қайтеді, бәріміз де сонымен оқып-ақ адам болдық қой» деген ой тұрды. Алайда білім саласындағы мамандардың өз уәжі бар. Олардың пікірінше, білім саласы да бір орнында тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы керек. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы оқыту әдістемелеріне де түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Осыған сәйкес білім берудің бас-ты құралы – оқулықтар да заман талабына сай өзгеруі тиіс. Біздің сауалдарымызға жауап берген Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Кәрімованың айтуынша, оқулықтар оқушылардың бойына рухани құндылықтарды сіңіріп, ғылыми дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, заманға сай жаңаша көзқарас қалыптастырып, өздігінен іздену, оқу қабілетін шыңдай алуы қажет. Осыған байланысты мектеп оқулықтарында теориялық материалдар мен мәтіндердің көлемі азайтылып, оқып жаттауға лайықталған тапсырмалардың орнына баланы өздігінен ойлануға және ізденуге жетелейтін шығармашылық тапсырмалар, тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған оқу материалдары көбейтілген. Мысалы, бұрынғы «Қазақ тілі» пәні оқулығында ережелер, ұғым-түсініктер көп болса, қазіргі оқулықта әртүрлі тақырыптағы мәтін көп, яғни оқушының жеке дара шығармашылығын дамытатын жаттығуларға көбірек орын берілген.
Жаңартылған білім берудің басты ерекшелігі – оқытудың шиыршық жүйесімен жүргізілуі. Бұл дегеніңіз мектепте өткен тақырыптар 11 жыл бойы қайталанып, бала сыныпқа көшкен сайын күрделеніп отырады. «Жаңартылған білім жүйесі – сапаға бағытталған бағдарлама. Оқушыға сапалы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу, тәжірибе жасау, жеке, жұппен және топпен жұмыс істей білу қарымын дамытуға көмектеседі, Мысалы, бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламалары оқушыларды шынайы проблемаларды анықтап зерттеуге үйретеді», дейді Б.Кәрімова.
Жаңартылған мазмұн Үкімет қабылдаған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және Білім және ғылым министрлігі бе- кіткен типтік оқу бағдарламаларына сүйене отырып жасалған. Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2016-2019 оқу жылдарында білім мазмұны толық жаңартылады. Жаңа стандарт бойынша, білім беру оқушыларымыздың жан-жақты сауаттылығын дамытуға бағытталуы керек. Басқаша айтқанда, бұрын жеткіншектердің мектеп қабырғасынан қандай білім алып шыққаны маңызды болса, қазір сол білімді өмірде қалай жүзеге асыра алатыны бірінші кезекте қарастырылады.