2-тарау. "Дене шынықтыру" оқу пәнінің мазмұнын ұйымдастыру 1-параграф. "Дене шынықтыру" оқу пәнінің мазмұны 6. "Дене шынықтыру" оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
6) 5-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 108 сағатты;
7) 6-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 108 сағатты;
8) 7- сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 108 сағатты;
9) 8-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 108 сағатты;
10) 9-сыныпта – аптасына 3 сағатты, оқу жылында 108 сағатты құрайды.
Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі "Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына тәуелді (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 тіркелген).
7. "Дене шынықтыру" оқу пәнінің оқу бағдарламасының мазмұны оқытудың бөлімдері арқылы ұйымдастырылған. Бөлімдер сыныптар бойынша күтілетін нәтиже түрінде берілген оқу мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады.
8. Әр бөлімшеде көрсетілген оқу мақсаттары мұғалімге оқушыларды дамыту бойынша жұмысты жүйелі жоспарлауға, сонымен қатар олардың жетістіктерін бағалауға, оқытудың келесі кезеңдері туралы ақпарат беруге мүмкіндік береді.
9. Оқу пәнінің мазмұны 3 бөлімнен тұрады:
1) қимыл-қозғалыс іс-әрекеттері;
2) шығармашылық қабілеттер және қимыл-қозғалыс дағдылары арқылы сыни көзқарасты қалыптастыру;
3) денсаулық және салауатты өмір салты.
10. "Қимыл-қозғалыс іс-әрекеттері" бөлімі келесі бөлімшелерді қамтиды:
1) түрлі арнайы спорттық қимыл-қозғалыс әрекеттерін орындау кезіндегі дәлдікті, бақылауды және үйлесімділікті дамыту;
2) түрлі қимыл-қозғалыс комбинацияларын құру және оларды дене жаттығуларын орындауда қолдану реттілігі;
3) арнайы спорттық техникаларды орындау кезінде қимыл-қозғалыс дағдыларын және олардың орындалу ретін түрлендіру;
4) қимыл-қозғалыс әрекеттерін орындауды жақсарту үшін өзінің және өзгелердің біліктіліктерін бағалау;
5) бірқатар дене жаттығуларының тактикаларын, стратегиялары мен құрылымдық идеяларын қолдану және бағалау;
6) қиындықты жеңе білу және қимыл-қозғалыс белсенділігімен байланысты қауіп-қатерлерге жауап қайтара білу.
11. "Шығармашылық қабілеттер және қимыл-қозғалыс дағдылары арқылы сыни көзқарасты қалыптастыру" бөлімі келесі бөлімшелерді қамтиды:
1) қимыл-қозғалыс әрекеттері арқылы өзгермелі жағдайға жауап қайтара білуге бейімделу;
2) көшбасшылық, сондай-ақ команда құрамында жұмыс істей білу дағдыларын дамыту және қолдану;
3) қолайлы оқу-үйрену ортасын қалыптастыруға қажет бірқатар тиімді дағдыларды көрсету;
4) дене жаттығулары аясындағы іс-әрекеттерді оңтайландыру және балама түрлерін құруға қажет ережелер мен құрылымдық тәсілдерді бағалау;
5) өзінің және өзгелердің шығармашылық қабілеттерін сыни тұрғыдан бағалау және оны шешудің балама жолдарын ұсыну;
6) жарыс іс-әрекеттерін және төрелік ету ережелерін білу;
7) жарыс кезінде таза ойнау, патриотизм және ынтымақтастыққа жататын мінез-құлық көрсету;
8) түрлі қимыл-қозғалыстармен шарттастырылған рөлдерді орындау және олардың айырмашылықтарын сезіне білу.
12. "Денсаулық және салауатты өмір салты" бөлімі келесі бөлімшелерді қамтиды:
1) жекебас денсаулығы және салауатты өмір салты туралы білімді қалыптастыру;
2) қыздырыну және қалпына келтіру жаттығуларын құру мен орындау;
3) түрлі дене жаттығуларын іс жүзінде орындау, олардың ағзаға тигізетін әсері мен энергетикалық жүйемен байланысын зерттеу;
4) денсаулықты нығайтуға бағытталған бірқатар дене жүктемелері кезінде туындауы мүмкін қауіп-қатерді басқара білу стратегиясын құру және қолдану;
5) басқалардың дене жаттығулары тәжірибесін байыту мақсатында білім, біліктілік және дағдыларды қолдану.
13. Бұл бағдарламада мектепте дененің шынығуы мен адамгершілікке тәрбиелеудің кешенді жүйесін құрайтын дене шынықтырудың барлық негізгі нысандарының мазмұны қамтылған және бұл міндеттерді барлық оқу жылында біртіндеп шешуге мүмкіндік береді. Бағдарламаның үшінші сағаты оқушылардың белсенділігін арттыруға (спорт және қозғалмалы ойындар санын кеңейту арқылы) және сауықтыру процесіне бағытталған.
14. 5-сыныпқа арналған "Дене шынықтыру" оқу пәнінің базалық мазмұны:
1) "Жүгіру, секіру және лақтыру дағдыларын оқыту": Қауіпсіздік ережесі. Қысқа қашықтыққа жүгіру техникасын үйрету. Орта және алыс қашықтық техникасын үйрету. Жүгіріп келіп және бір орында ұзындыққа секіру техникасы. Әртүрлі снарядтарды нысанаға, қашықтыққа лақтыру техникасы. Топтық эстафеталық жұмыс;
2) "Өзгертілген командалық ойын": Ойынның қабылдау техникасын үйрету. Негізгі қабылдау тактикасын үйрету. Ойын кезінде көшбасшылық дағдыны қалыптастыру;
3) "Гимнастика арқылы денсаулықты нығайту": Қауіпсіздік ережесі. Кешенді жалпы дамыту жаттығуларының негізін құру. Акробатикалық жаттығулар орындау. Снарядтарда гимнастикалық жаттығудың техникасын үйрету. Гимнастикалық жиынтықтың негізін құру;
4) "Қазақтың ұлттық және зияткерлік ойындары": Қазақтың ұлттық ойындары. Ұлттық ойындар аясындағы тактикалар мен стратегияларды оқып үйрену;
5) "Шаңғы/кросс/коньки дайындығы": Қауіпсіздік ережелері. Ағзаны қалпына келтіру техникасының түрлеріне шолу жасау. Қозғалыс техникасының элементтерін үйрету. Қашықтықты өту тактикасының негіздері;
6) "Бірлескен іс-әрекеттегі ойын-сауық ойындар": Ойындағы бірлескен іс-әрекет және көшбасшылық. Ойын арқылы қиындықты шешу жолдарын оқыту. Ойын құруға арналған шығармашылық қабілет. Ойын-сауық ойындарын құру;
7) "Ойын кезіндегі басып кіру дағдыларын түсіну және үйрету": Қауіпсіздік ережелері. Ойын кезінде допты иелену. Ойын кеңістігінде бағдарлау дағдыларына үйрету. Жеке және командалық ойын әрекеттері. Ойын стратегиясын құрудағы дағдыны дамыту;
8) "Жеңіл атлетика дағдысын дамыту және шолу": Ойын арқылы жеңіл атлетика дағдысын дамыту. Денені қыздыру және тыныс алу жүйесін қалпына келтіру. Қозғалыс белсенділігі арқылы денсаулықты нығайту.
15. 6-сыныпқа арналған "Дене шынықтыру" оқу пәнінің базалық мазмұны:
1) "Жүгіру, секіру және лақтыру дағдыларын дамыту": Қауіпсіздік ережелері. Әртүрлі физикалық жүктеме кезіндегі ағзадағы өзгеріс. Жүгіру секіру реттілігі. Әр снарядтарды лақтыру. Эстафеталық ойындар;
2) "Командалық спорттық ойындар": Ойын техникасының дағдысын дамыту. Спорттық ойындарда тактикалық әрекеттерді қолдану. Командалық жұмыста көшбасшылық дағдысын дамыту;
3) "Құрал жабдықтар арқылы гимнастика дағдыларын арттыру": Қауіпсіздік ережелері. Саптық жаттығулардың элементтері. Акробатикалық жаттығулар комбинациясын орындау. Снарядтағы жаттығулар кезіндегі өзін-өзі реттеу. Топтық композициялық жиынтық;
4) "Қазақтың ұлттық және зияткерлік ойындары": Қазақтың ұлттық ойындары. Ұлттық ойындар аясындағы тактикалар мен стратегияларды оқып үйрену;
5) "Шаңғы/кросс/коньки дайындығы": Қауіпсіздік ережелері. Арнайы қозғалыс дағдыларын дамыту. Күш пен шыдамдылықты дамыту жаттығулары. Қашықтықты жүріп өтуге шығармашылық тапсырмалар;
6) "Шытырман оқиғалы ойындар": Ынтымақтастық дағдыларын дамыту. Ойындар арқылы мәселелерді шешу. Шытырман оқиғалы ойындар арқылы сыни тұрғысынан ойлауды дамыту. "Әділ ойын" және ынтымақтастық;
7) "Ойындар арқылы дағдыларды жақсарту": Қауіпсіздік ережелері. Допқа ие болу әдісінің негізгі элементтерін дамыту. Ойын кезінде алаңда бағдарлау дағдыларын оқып үйрену. Тактикалық іс-әрекеттердің негіздері. Өз ойындарын қайта қарау және көрсету;
8) "Жүгіру, секіру және лақтыру дағдыларын жақсарту": Ағзаның бейімделу қабілеттерін дамыту. Қозғалысты дене қыздыру элементтері. Қозғалыс белсенділігі арқылы денсаулықты нығайту.
16. 7-сыныпқа арналған "Дене шынықтыру" оқу пәнінің базалық мазмұны:
1) "Жүгіру, секіру және лақтыру дағдыларын дамыту және жақсарту": Қауіпсіздік ережелері. Қысқа қашықтыққа жүгіру. Орта және алыс қашықтықтарға жүгіру. Секіру және оның түрлері. Түрлі құралдарды лақтыру. Эстафеталық жүгірісті түрлендіру;
2) "Спорт ойындары арқылы командалық бірлесу әрекеттері": Ойын әдісін жақсарту. Спорт ойындарындағы тактика және тактикалық іс-әрекет. Командадағы көшбасшылық дағдыларын дамыту;
3) "Гимнастика арқылы когнитивті және денені басқару дағдылары": Қауіпсіздік ережелері. Саптық жаттығуларды оқып үйрену. Акробатикалық элементтер кешені. Гимнастикалық қондырғылардағы жаттығулар түрлері. Орындауды құрастыру процесі және топта бағалау;
4) "Қазақтың ұлттық және зияткерлік ойындары": Қазақтың ұлттық ойындары. Зияткерлік ойындар;
5) "Шаңғы/кросс/коньки дайындығы": Қауіпсіздік ережелері. Тиісті қызметті жүзеге асыру үшін денені қыздыру және қалпына келтіру әдістері. Күш және шыдамдылықты жақсартуға қозғалыс іс-әрекеттері. Кедергілерден өтуге арналған арнайы жаттығулар;
6) "Шытырман оқиғалы ойындар және команда құрушы ойындар": Ойындар кезіндегі көшбасшылық және командалық іс-әрекет. Ойындар арқылы мәселелерді шешу дағдыларын жетілдіру. Балама ойын жағдайларын құру. Топтарда шытырман оқиғалы ойындар құру;
7) "Басып кіру ойындарындағы түсінік пен дағдыларды оқып дамыту": Қауіпсіздік ережелері. Ойын жағдайларында допқа ие болу әдісі. Ойын кезінде алаңда бағдарлау және допты қайтару дағдылары. Тактикалық іс-әрекеттер: жеке, топтық және командалық. Өздерінің ойындарын құрастыру және өткізу;
8) "Жеңіл атлетика арқылы белсенді өмір салты": Сауықтыру жүгірісі. Белгілерге тез жауап қайтару ойындары. Денені қыздыру және қалыпқа келтіру құралдары. Арнайы спорттық әдістерді орындау барысындағы қозғалысты жетілдіру. Қозғалыс белсендігі арқылы денсаулықты нығайту.
17. 8-сыныпқа арналған "Дене шынықтыру" оқу пәнінің базалық мазмұны:
1) "Жеңіл атлетика арқылы денсаулық және фитнес": Қауіпсіздік ережелері. Төменгі сөре және сөрелік екпін. Орта қашықтыққа жүгіру дағдыларын дамыту. Секіруді дамытуға арналған іс –шаралар. Лақтыру кезінде күш және бұлшық ет төзімділігін дамыту;
2) "Ойындар арқылы мәселелерді шешу дағдылары": Ойын жағдайында қабылдауды іске асыру. Ойынның құрылымы. Жарыс ойынын ұйымдастыру;
3) "Гимнастика элементтері және оның түрлері": Қауіпсіздік ережелері. Орнында және қозғалыста орындау жаттығулары. Акробатикалық жаттығулар тізбегі: Тепе-теңдік және секіру. Снарядтарда гимнастикалық жаттығулар жиынтығы. Еркін ырғақты гимнастикалық жаттығулары;
4) "Қазақ халқының дәстүрлі ойындары": Қозғалмалы ойындар. Қазақтың ұлттық ойындары;
5) "Шаңғы/кросс/коньки дайындығы": Қауіпсіздік ережелері. Жаттығу және тыныс алу техникасы арқылы физикалық қасиеттерді дамыту. Арнаулы дамыту жаттығуларының техникасын бекіту. Әртүрлі кедергілерден жүгіру;
6) "Командалық ойын белсенді қозғалыстың іс-әрекеті": Командалық ойындардағы көшбасшылық. Ойын кезіндегі қозғалыс үйлесімділігін дамыту. Логикалық ойлау қабілетін дамыту ойындары. Сергектікті, тапқырлықты және ұқыптылықты дамыту ойындары;
7) "Командалық ойындардағы негізгі дағдылар": Қауіпсіздік ережелері. Ойын техникасы. Ойын тактикасы. Ойындағы шығармашылық белсенділік;
8) "Жеңіл атлетика дағдылары арқылы денсаулықты нығайту": Ойлы-қырлы жерлерден жүгіру. Төзімділікті дамыту бағытындағы іс-әрекеттер. Секіру фазаларын қолдану. Лақтырудағы фитнес құрамдастығы.
18. 9-сыныпқа арналған "Дене шынықтыру" оқу пәнінің базалық мазмұны:
1) "Жүгіру, секіру және лақтыру техникасын жетілдіру": Қауіпсіздік ережелері. Спринтерлік жүгіруді жетілдіру. Жүгіру төзімділік дағдысын жақсарту. Секірудің түрлендірілген түрлері. Лақтыруды жетілдіруге арналған жаттығулар құрастыру. Жүгіру эстафетасын өткізу жолдарын құрастыру;
2) "Спорт ойындары арқылы бірлескен жұмыс": Ойын техникасы. Ойын тактикасы және тактикалық әрекеттер. Командалық жұмыс және көшбасшылық дағдысы;
3) "Гимнастика арқылы денені басқару дағдылары": Қауіпсіздік ережелері. Топтық саптық жаттығулар. Акробатикалық элементтер жиынтығын құру. Гимнастикалық снарядта жүйелі жаттығулар құру. Топта гимнастика жаттығулар тізбегін құру және бағалау;
4) "Қазақстан халықтарының ойындары": Халықаралық ойындар. Зияткерлік ойындар;
5) "Шаңғы/кросс/коньки дайындығы": Қауіпсіздік ережелері. Денені қыздыру және қалпына келтіру әдістерінің кешенін құрастыру. Күшті, төзімділікті жақсарту жаттығулар жиынтығы;
6) "Кедергілерден өтудегі арнайы спецификалық жаттығуларды жетілдіру": Команда құру ойындары. Ойын кезіндегі көшбасшылық және командалық іс-шаралар. Ойын кезіндегі мәселені шешу дағдысын жетілдіру. Ойын комбинацияларын құру. Баламалы ойындар құрастыру;
7) "Әлеуметтік дағдылар және мәселелерді командалық іс-әрекеттерде шешу": Қауіпсіздік ережелері. Ойын жағдайында допты игеру техникасы. Ойын кеңістігінде бағыт-бағдар дағдысын жетілдіру. Жеке, топтық, командалық тактикалық әрекеттер. Топта ойын-сауық ойындарын құру;
8) "Қозғалыс белсенділігі арқылы денсаулық және фитнес": Әртүрлі бұлшық ет топтарын қалпына келтіру жаттығулар жиынтығын құрастыру. Стайерлік жүгіру дағдысын дамыту. Секіру, лақтыру дағдысын дамыту. Қозғалыс қабілеті арқылы денсаулықты нығайту.