Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің таңдау курстарының үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы
Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің таңдау курстарының үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығы.
Қазақстан Республикасы
Оқу - ағарту министрлігінің
2022 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 399 бұйрығына
34-қосымша
Бастауыш білім беру деңгейінің 1-4-сыныптарына арналған "Дене шынықтыру" оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы 1-тарау. Жалпы ережелер 1. "Дене шынықтыру" оқу пәнінің оқу бағдарламасы (бұдан әрі – бағдарлама) "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес әзірленген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген).
2. "Дене шынықтыру" оқу пәнін оқытудың мақсаты денені салауатты шынықтыруға, спорттық-спецификалық қозғалу дағдылары мен дене (физикалық) қабілеттерін игеруге бағытталған дене шынықтырудың негіздерін қалыптастыру болып табылады.
3. "Дене шынықтыру" оқу пәнін оқытудың міндеттері:
1) дене шынықтыру және спорт саласындағы теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын дамыту;
2) өзінің дене және психикалық денсаулығын нығайту үшін ұмтылуға ынталандыру;
3) білім алушылардың төзімділікке, ширақтыққа, күштілікке, ептілікке және икемділікке ықпал ететін қозғалыс дағдыларын дамыту;
4) Отанға деген патриоттық сезімін, құрметтеуге, жауапкершілік пен өзара түсіністікке тәрбиелеу;
5) білім алушылардың өз өмірлерінде салауатты өмір салтын ұстануға және үйренген дене-қимыл дағдыларын алдағы уақытта қолдануға ынталандыру;
6) жалпы адамзат мәдениетінің бөлігі ретінде дене шынықтыру туралы түсініктерін қалыптастыру.
4. "Дене шынықтыру" оқу пәнін оқыту білім алушыларға:
1) пән туралы білімдерін, біліктері мен дағдыларын күнделікті өмірлерінде қолдануға;
2) қимыл-қозғалыс дағдыларын жақсарту және білім алушылардың дене дамуын жетілдіру қажеттіліктерін бағалауға;
3) адамгершілік қасиетін дамытудың маңыздылығын түсінуге және әділ бәсекелестік пен өздерін үздіксіз дамытудың қажеттілігін түсінуге;
4) жеке гигиена ережелерін сақтау қажеттілігін түсінуге;
5) дене қимыл-қозғалыс жаттығулары адамның дене және энергетикалық жүйелеріне әсерін білуге;
6) өзінің және басқалардың дене жағдайын бағалауға;
7) сыни тұрғыдан ойлау және шығармашылық ойлау, мәселелерді шешу және коммуникативтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
5. Кең ауқымды дағдылармен бірлесе жеке қасиеттердің дамуы "қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік", "құрмет", "ынтымақтастық", "еңбек пен шығармашылық", "ашықтық", "өмір бойы білім алу" сияқты білім берудің басты құндылықтарды білім алушыларға дарыту негізі болып табылады. Бұл құндылықтар білім алушының тәртібі мен күнделікті іс-әрекеттерін ынталандыратын тұрақты тұлғалық бағдары болады.