Бастауыш білім берудің деңгейінің 2–4-сыныптары үшін
«Әдебиеттік оқу» пәнінен типтік оқу бағдарламасы
(оқыту қазақ тілінде)
1. Түсінік хат
1. Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080
қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру)
мемлекеттік жалпыға міндетті
сәйкес әзірленген.
стандартына
2. «Әдебиеттік оқу» пәні – бастауыш сынып оқушыларының ауызша және жазбаша тілін дамытуды,
яғни сөздік қорын байытуды, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйретуді,
сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұлттық тәрбие, рухани-мәдени құндылықтар, ана тілі
және қазақ халқының салт-дәстүрі негізінде сусындаған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге, тілі мен қиялын
дамытуға мүмкіндік береді.
3. Пәнінің мақсаты – дұрыс, мәнерлеп және шапшаң оқуды меңгерту, оқушыны шығарма авторының
көзқарасын түсінуге жетелеу және мәтінді қабылдаушы оқырман ретінде тәрбиелеу,
көркем-шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту, сөз өнеріне деген қызығушылығы мен
эстетикалық талғамын қалыптастыру, сөйлеу әрекетінің барлық түрін жетілдіру, ұлттық және
жалпыадамзаттық құндылық пен рухани-адамгершілік тәрбие беру.
4. Пәнінің міндеттері:
1) оқу сапасын (дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп) жетілдіру;
2) ауыз әдебиетінің жанрларымен, отандық және әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерімен
таныстыру;
3) ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармаларының басты тақырыбын, басты
кейіпкерлерін және негізгі мазмұнын айқындау;
4) талданып отырған мәтіннің жанрлық сипатын анықтау;
5) әдеби-теориялық білім негіздерін қалыптастыру;
6) адамгершілік және эстетикалық құндылықтар жүйесі негіздерін қалыптастыру;
7) оқылған шығарма сюжеті ізімен немесе еркін тақырыпта әртүрлі әдеби шығармашылық жұмыс
түрлерін (өлең, әңгіме құрастыру, мәтінді сахналау, мәтін бойынша сурет салу, мақала жазу, шағын
үзіндіге сценарий жазу т.б.) орындауға машықтандыру;
8) әдеби функционалдық сауаттылыққа баулу және әдеби тілде еркін сөйлеуді меңгерту;
9) тұлғалық оқырмандық мәдениетін қалыптастыруда ана тілінде ауызша және жазбаша дұрыс
сөйлеу, өз ойын анық (тіл байлығын арттыра отырып), нақты баяндау білігі мен дағдысын
қалыптастыру;
10) кітап және анықтамалықтармен, библиографиялық әдебиеттер және сөздіктермен жұмыс істей
білуге дағдыландыру.
5. Пән бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
1) 2–4-сыныптар барлығы 136 сағатты құрайды (аптасына 4 сағаттан).
6. Әдебиеттік оқу пәнінің басқа пәндермен пәнаралық байланысы оқушылардың ауызша және
жазбаша сөйлеу тілін, көркем-шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамыту, сөз өнеріне деген
қызығушылығын, эстетикалық талғамын арттыру, ұлттық сананы қалыптастыру, сөйлеу әрекетінің
барлық түрін жетілдіру, рухани-мәдени, ұлттық-әлемдік құндылықтарды барынша бағалап, құрметпен
қарауға үйрету мақсатында жүзеге асырылады. «Әдебиеттік оқу» пәнінің сөздік қорын басқа пән
терминдері арқылы байытылып, кеңейтіледі және ол пәндердің мазмұнын толық ұғынуға ықпалын
тигізеді.
7. Қазақ тілі:
1) жазба жұмыс түрлерін (мазмұндама, шығарма) орындау;
2) сөздік қорын байыту, байланыстыра және грамматикалық тұрғыдан жүйелі сөйлеуге үйрету,
сөйлеу мәдениетін қалыптастыру;
3) өз ойынан, үлгі бойынша, көргені немесе оқығаны бойынша мәтін (сипаттау, пайымдау,
баяндау) құрастыру, мәтінді талдау, жоспар құру, мәтінге атау беру;
4) жазба жұмыс түрлерін (мазмұндама, шығарма) орындау;
5) жазба жұмыстарын сауатты жазу (қатесіз жазу);
6) жазба жұмыстарын жазу барысында грамматикалық ережелерді қолдану, орфографиялық және
орфоэпиялық нормаларды сақтау.
8. Математика:
1) сандарды ойын кезінде, ауыз әдебиет шығармаларында қолдану;
2) тілді математикалық терминдермен байыту;
9. Дүниетану:
1) қоршаған дүниенің біртұтастығы, олардың арасындағы байланыс туралы білімдерін қолдану;
2) топсеруен кезінде, табиғат туралы алған білімдерін жазба жұмыстарда қолдану.
10. Музыка:
1) қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа халықтардың музыка саласына еңбек
сіңірген қайраткерлердің музыкалық шығармаларын тыңдау;
2) музыка тіліне салынған ақындардың өлеңдерін жаттау;
3) ақын өлеңдерінің ырғағын анықтай алу;
4) өлеңдерге сай әуендер ойлап табу;
5) мәтіндердегі автордың көңіл-күйін байқау;
6) ана тіліміздің сазды, әуенді, әуезді сарынын, үнін тыңдау;
7) көркем шығармалардағы сипаттау, теңеулердің музыка тіліндегі үндестігін ұғыну.
11. Бейнелеу өнері:
1) суретшілердің шығармалары арқылы оқушылардың сөз байлығын арттыру, тілін дамыту;
2) сурет бойынша өз сезімдерін, ой-пікірлерін білдіру;
3) суретке қарап мәтіндегі оқиғаны әңгімелеуге, мәтіндегі оқиғаға сай сурет салғызуға
жаттықтыру;
4) сипаттау, салыстыра сипаттау мәтіндерін құрастыруда, мазмұндама және шығарма жазуда
халық шеберлерінің туындыларын пайдалану;
5) эстетикалық тәрбие беру.
12. Еңбекке баулу:
1) еңбек тақырыбына байланысты шығармалар оқу барысында оқушыларды еңбексүйгіштікке баулу,
адамдардың еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу;
2) еңбекке баулу сабағында берілетін қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа
халықтардың ұлттық киім үлгілері, қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдары мен ою-өрнектерінің тарихы
т.б. туралы мәліметтерді шығармалар оқу кезінде еске түсіру, байланыс орнату;
3) қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін оқушылардың ауызекі және жазба тілдерін дамыту,
сөздік қорларын байыту арқылы жүзеге асырылады.
2. Оқу пәнінің 2-сыныптағы базалық білім мазмұны
13. Оқу материалдары төмендегі тараулар бойынша топтастырылады:
1) білім керек бәріне (17 сағ.);
2) атадан қалған асыл мұра (19 сағ.);
3) неткен сұлу, неткен көркем, осы менің туған өлкем (12 сағ.);
4) қыста талай қызық бар (16 сағ.);
5) қадірлі әкелерім, мейірімді аналарым (18 сағ.);
6) адам болам десеңіз (19 сағ.);
7) бабалар өмірі-ұрпаққа өнеге (19 сағ.);
8) туған өлке табиғатын қастерлейік (16 сағ.).
14. Әр тоқсан бойынша екі үлкен тараудан топтастырылған материалдарды оқыту көзделген. Әр
бөлімге бөлінген сағаттар санында ауызша және жазбаша тіл дамыту, қайталау сабақтары қоса
есептеледі.
15. Ауыз әдебиеті үлгілері:
1) балаларға арналған тақпақтар, ойын өлеңдер, төрт түлік жырлары, бесік жыры, өтірік
өлеңдер (үзінділер), мақал-мәтелдер (әртүрлі тақырыптағы), жұмбақ-жаңылтпаштар (әртүрлі
тақырыптағы);
2) ертегілер: хайуанаттар жайындағы, қиял-ғажайып оқиғалы, шыншыл ертегілер;
3) бата, айтыс үлгілері, аңыз-әңгімелер, мысалдар, күлдіргі әңгімелер, шешендік сөздер.
16. Жазба балалар әдебиеті үлгілері:
1) қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері (А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, Ж.Жабаев,
М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, А.Тоқмағамбетов, Қ.Аманжолов, М.Мақатаев,
Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Қ.Мырза Әлі, Б.Ысқақов, Қ.Баянбай, С.Қалиев, Ж.Смақов, Т.Молдағалиев,
С.Мәуленов, Ә.Дүйсенбиев, Ф.Оңғарсынова, Ө.Ақыпбеков, Ғ.Қайырбеков, О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлы,
Е.Өтетілеу, Е.Елубаев, Н.Айтов және т.б.), қазақ жазушылары (Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы,
Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Көбеев, С.Сарғасқаев, С.Мұқанов, Ш.Мұртаза, С.Бегалин, Б.Соқпақбаев
және т.б.), орыс және әлем классиктері (Л.Толстой, И.Крылов және т.б.) мен орыс педагогі
К.Д.Ушинскийдің шығармалары;
2) жазушылар өмірбаяны мен шығармашылығы туралы қысқаша мәліметтер;
3) ғылыми-танымдық шығармалардан: мақала, естелік, өмірбаян, күнделік (аспан әлемі, су
асты тіршілігі, табиғат құбылыстары, жаратылыс құпиялары, халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүр
туралы шығармалар).
17. Әдеби-теориялық білім:
1) халық ауыз әдебиеті жанрлары жөнінде (ертегі, өтірік өлең, жыр, жұмбақ, мақал-мәтелдер,
жаңылтпаштар, аңыз-әңгіме және т.б.) өлеңнің ұйқасқа құрылатыны, ақынның көңіл-күйі туралы
түсінік (өлең түрлері: табиғат лирикасы, арнау өлеңдер, мысал өлеңдер, сықақ өлеңдер және т.б.),
мәтіндегі көркем сөз жөнінде практикалық түрде түсінік, мәтін түрлері, мәтіндегі негізгі ой
туралы қарапайым мағлұмат;
2) диалог туралы балалардың түсінігіне сай анықтама.
18. Мәтінмен жұмыс:
1) мәтіндегі негізгі ойды, оның басталуын, жалғасуын, шарықтау шегін, аяқталуын анықтау,
мәтінді әңгімелеу, мәтін кейіпкерлерін атау;
2) мәтін соңындағы сұрақтарға жауап беру және сұрақ қоя білу;
3) мәтінге берілген суреттермен жұмыс жасау, мәтін мазмұны бойынша сурет салу;
4) сөздік жұмысын жүргізуге қатысу, түсіндірілетін сөздермен жұмыс;
5) жазбаша шығармашылық жұмыстар жүргізу: шығарма, хат, құттықтаулар жазу және т.б.
19. Шығарма атауын, оның шығарма мазмұны және шығарманың басты идеясымен байланысын
түсіну. Атау нұсқауларын ойластыру, неғұрлым сәйкес атауды таңдау. Тақырып атауы, иллюстрация
және түйін сөздер негізінде мәтін мазмұнын болжау. Мәтіннен түйін сөздерді, айтылған ойды
дәлелдейтін сөйлемді, сөз тіркестерін табу. Мәтін кейіпкерін ауызша сипаттау. Мәтінді бөлімдерге
бөлу, өздігінен бөлімдерге атау беру. Мәтіннің (мәтін бөлімдері бойынша) негізгі ойын анықтау,
мәтіндегі негізгі ойды мәтін атауымен сәйкестендіру.
20. Оқу дағдысы. 2-сыныпта оқушылардың мәтіндерді дұрыс, түсініп оқуына баса көңіл
бөлінеді. Шапшаң, мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастырып, жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Оқу
түрі: дауыстап оқу, іштей оқу.
3. Оқу пәнінің 3-сыныптағы базалық білім мазмұны
21. Оқу материалдары төмендегі тараулар бойынша топтастырылады:
1) талаптан да, білім мен өнер үйрен (16 сағ.);
2) маужырап барқыт қоңыр күз (10 сағ.);
3) туған елім, туған жерім (15 сағ.);
4) ата-бабам тарихы – менің тарихым (15 сағ.);
5) туған жерге қыс келді (10 сағ.);
6) жақсыдан үйрен (15 сағ.);
7) масатыдай құлпырар жердің жүзі (10 сағ.);
8) табиғат – менің өз үйім (15 сағ.);
9) жаздыгүн шілде болғанда (12 сағ.);
10) сарқылмас қазына (18 сағ.).
22. Әр бөлімге бөлінген сағаттар санында ауызша және жазбаша тіл дамыту, қайталау
сабақтары қоса есептеледі.
23. Ауыз әдебиеті үлгілері:
1) бесік жыры, төрт түлік туралы жырлар, жұмбақтар және жаңылтпаштар, түрлі тақырыптағы
мақал-мәтелдер (өнер, білім, тәрбие, еңбек, ынтымақ, бірлік, батырлық, ерлік, жақсылық және
жамандық, достық және т.б.);
2) қазақ және басқа да халықтар ертегілері;
3) аңыз әңгімелер, мысалдар, күлдіргі әңгімелер;
4) шешендік сөздер, нақыл сөздер;
5) батырлар жыры;
6) айтыс түрлері.
24. Жазба балалар әдебиеті үлгілері:
1) қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері (А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, Ж.Жабаев,
М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов, Қ.Аманжолов,
М.Мақатаев, Ж.Смақов, Т.Айбергенов, Қ.Мырза Әлі, С.Мәуленов, Ө.Тұрманжанов, Н.Айтов,
Ә.Дүйсенбиев, Ф.Оңғарсынова, Б.Ысқақов, Ө.Ақыпбеков, Ғ.Қайырбеков, О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлы және
т.б.), қазақ жазушылары (Ы.Алтынсарин, С.Көбеев, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, Б.Майлин,
М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Мұртаза, С.Бегалин, М.Иманжанов, Б.Соқпақбаев, М.Төрежанов,
С.Шаймерденов және т.б.), орыс және әлем классиктерінің (Л.Толстой, Ш.Айтматов, А.Гайдар және
т.б.) шығармалары;
2) жазушылар өмірбаяны мен шығармашылығы туралы қысқаша мәліметтер;
3) ғылыми-танымдық шығармалардан: мақала, естелік, өмірбаян, күнделік (аспан әлемі, су
асты тіршілігі, табиғат құбылыстары, жаратылыс құпиялары, адамзат сырлары, техника жетістіктері,
халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүр туралы шығармалар).
25. Әдеби-теориялық білім:
1) 4-сыныпта әдебиет теориясы элементтерінен алдыңғы сыныптарда өткен ертегі, жұмбақ,
мақал-мәтелдер, өлең т.б. жөнінде білетін білімдерін одан әрі арттыра түседі;
2) халық ауыз әдебиетінің негізгі жанрлары (ертегі, аңыз, наным–сенім өлеңдері,
тұрмыс–салт жырлары, жаңылтпаш, жұмбақ, мақал–мәтелдер, батырлар жыры, айтыс, шешендік сөздер)
туралы ұғымдар дамытылып, олардың басты белгілері, мысал, әңгіме туралы ұғым, шығарманың
тақырыбы, идеясы, сюжеті туралы қарапайым түсініктер, теңеу, эпитет, кейіптеу, метафора
қолданысы, олардың анықтамалары, кейіпкерге мінездеме, портрет, диалог, монолог туралы
балалардың түсініктеріне сай анықтамалар.
26. Мәтінмен жұмыс:
1) мәтіннен немесе мәтін бөлімдерінен түйін сөздерді көрсету, түйін сөздер мен негізгі ой
арасындағы байланысты орнату;
2) өздігінен мәтінді бөлімдерге бөлу және атау; әр бөлімнің және тұтас шығарманың
(мұғалімнің көмегімен және өздігінен) басты ойын бөлу;
3) қарапайым жоспар құрастыру (қарапайым жоспар нұсқасы: жоспардың пункттері – хабарлы
сөйлемдер; сұрақтардан тұратын, мәтіндегі сөйлемдер арқылы құрастырылған жоспар);
4) мұғалім немесе оқушылардың құрастырған жоспарын мәтін құрылымымен сәйкестендіру;
5) өздігінен кейіпкер туралы жоспар құрастыру;
6) мәтін бойынша алдын-ала құрастырылған сұрақтарға, оқыған мәтін мазмұны бойынша
мұғалімнің сұрақтарына жауап беру;
7) өздігінен мәтінге сұрақтар құрастыру, оқу барысында мазмұнды болжау;
8) тақырып атауы, иллюстрация және түйін сөздер негізінде мәтін мазмұнын болжау; өздігінен
тақырып атауын ойластыру;
9) қандай да бір ойды дәлелдеу үшін және нақты тапсырма бойынша таңдап оқуды қолдану;
10) мәтінді сахналау;
11) авторлар жөнінде қосымша деректер жинау;
12) сөздіктермен жұмыс жасау;
13) шығармашылық жұмыстар: өлең, мәтін құрастыру және т.б.
27. Оқу дағдысы. Іштей және дауыстап сөздерді тұтас мәнерлеп, дұрыс, саналы, жылдам оқу.
Сөйлем құрылымына сәйкес келетін, дауыс ырғағын, қарқын, үнін, екпінін таңдап оқу.
4. Оқу пәнінің 4-сыныптағы базалық білім мазмұны
28. Білім мазмұнын құруда жанрлық–хронологиялық ұстанымы басшылыққа алынып, қазақ балалар
әдебиетінің тұтас бітімінің қысқа нұсқасы ұсынылады.
29. Оқу материалдары төмендегі тараулар бойынша топтастырылады:
1) кәусар бұлақ (24 сағ.);
2) асыл арналар (12 сағ.);
3) жарық жұлдыздар (20 сағ.);
4) мәуелі бақ (70 сағ.);
5) әлем әдебиеті үлгілері (10 сағ.).
30. Халық ауыз әдебиеті үлгілері:
1) батырлар жырынан үзінділер («Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Тайбурылдың шабысы», «Алпамыс
батыр», «Батыр бала Бөген мен Шұбар ат» және т.б.);
2) аңыз әңгімелер мен қиял-ғажайып оқиғалар;
3) халық арасында шешендігімен елге танылған билер мен батырлардың даналық шешендік
сөздері;
4) ақындар айтысы. Жұмбақ айтыс;
5) ертегілер;
6) мысалдар.
31. Жазба балалар әдебиеті үлгілері. Қазақ ақын-жазушыларының шығармалары (әл-Фараби
даналық ойлары, М.Қашғари, Ж.Баласұғын нақыл сөздері, М.Өтемісұлы, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев,
С.Көбеев, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, С.Дөнентаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов,
М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов,
А.Тоқмағамбетов, Ж.Жабаев, М.Мақатаев, Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, И.Байзақов, М.Иманжанов,
Ғ.Мүсірепов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, Т.Айбергенов, Б.Бұлқышев, Ө.Тұрманжанов Т.Молдағалиев,
Ә.Тәжібаев, С.Жүнісов, С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза, М.Мағауин, А.Сейдімбек, Қ.Жұмағалиев,
С.Жиенбаев, Б.Момышұлы, М.Шаханов, О.Сүлейменов, Ғ.Қайырбеков, О.Бөкей, А.Асылбеков,
Ж.Әбдірашев, Ф.Оңғарсынова т.б.), әлем әдебиеті классиктері (Ш.Айтматов, Н.Хикмет, Э.Корр,
Э.Хемингуэй, Г.Х.Андерсен, Л.Толстой, И.Крылов, т.б.) мен педагог В.Сухомлинскийдің балаларға
арналған шығармалары. Жазушылар өмірбаяны мен шығармашылығы туралы қысқаша мәліметтер.
Ғылыми-танымдық шығармалардан: мақала, очерк, естелік, өмірбаян, күнделік.
32. Әдеби-теориялық білім:
1) көркем мәтіндердегі пейзаждың, портрет, мінездеудің, диалог, монологтың орны туралы
қарапайым түсінік, жазушы қолданған көркем сөздерді (теңеу, кейіптеу, эпитет) табу, шығарманың
тақырыбы мен идеясы, композициясы, сюжеті туралы практикалық тұрғыда түсіндіру;
2) эпикалық жырлар, аңыз, теңеу, айтыс, әдеби ертегі, мысал, диалог, монолог, сатира,
кейіптеу, фантастикалық шығарма, портрет, лирика, мінездеме, қайталау, логикалық екпін, сюжет,
естелік және т.б. туралы ұғымдар.
33. Мәтінмен жұмыс:
1) мәтін бойынша автордың көзқарасына өз пікірін білдіру;
2) мәтінді эстетикалық-сезімдік тұрғыда қабылдау, шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекетіне
баға беру (сөйлеген сөздеріне, іс-әрекетіне, автордың көзқарасына сүйеніп және бүгінгі күн
талабына сай өз көзқарасын білдіре отырып);
3) мәтіндегі оқиғаның ретін, себебін, уақытпен, тарихи кезеңмен себеп-салдар байланысын
көрсете алу;
4) өлеңдерге сай ырғақты таңдай білу, сөздіктерге сүйене отырып сөздердің мағынасын
түсіндіру, жазушы тіліне назар аудару, көркем сөздерді қолдану;
5) өздігінен шығарманың атауын түсіну;
6) мәтінді оқу үдерісінде (кезеңдері: мәтінді оқу барысында өздігінен сұрақтар құрастыру,
мүмкін болатын жауаптарды болжау, өзін-өзі бақылау);
7) «автормен диалог» жүргізу;
8) оқыған шығарманың басты ойын өздігінен тұжырымдау, мәтін бөлімдері арасында мағыналық
байланысты орнату;
9) өздігінен әртүрлі нұсқада қарапайым жоспар құрастыру, мұғалімнің көмегімен және
өздігінен күрделі жоспар құрастыру;
10) нақты тақырыпқа әңгіме құрастыру үшін мәтіннен қажетті мәліметтерді табу;
11) өздігінен мәтіннен түйін сөздерді айырып көрсету;
12) негізгі ойды тұжырымдау, оны мәтін атауымен сәйкестендіру, жоспар бойынша мәтінді
мазмұндау;
13) шығарма кейіпкерлерінің образын сезіне отырып рөлге бөліп оқу;
14) оқу мәдениеті. Ауызша және жазбаша сөйлеу.
34. Оқу дағдысы. Ауызша сөйлеу мәнерлілігі тәсілін қолдана отырып, қажетті нормаларды
сақтай жылдам, саналы, дұрыс, мәнерлі оқу. Өздігінен мәнерлеп оқуға дайындалу. Көлемі мен жанры
әртүрлі кез-келген мәтінді іштей саналы оқу.
5. 2-сынып оқушысының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
35. Пәндік нәтиже бойынша 2-сыныптың соңында оқушылар білуі қажет:
1) мәтінді саналы оқуды;
2) шығармаларды өздігінен дауыстап, іштей оқуды;
3) мәтінді рөлдерге бөліп, мәнерлеп оқуды;
4) мәтіндегі негізгі ойдың басталуын, жалғасуы мен аяқталуын табуды;
5) көлемі 150–200 сөзден тұратын мәтін мазмұнын толық, қысқаша және жоспар бойынша таңдау
мен әңгімелеуді;
6) мәтіннің азат жолдарынан басталатын бөліктеріндегі ойды анықтау және оған атауы қоюды;
7) мәтіннің мамұнына қатысты тірек сөздерді табуды;
8) тыңдаған мәтіндері бойынша сұрақтарға жауап беруді;
9) ертегілерді түрлеріне қарай топтауды;
10) халық ауыз әдебиетінің шағын жанрларын (жұмбақ, жаңылтпаш, қаламақ, сұрамақ, санамақ)
ажыратуды;
11) өлеңнің басты ерекшеліктерін (ұйқасқа құралады, шумақтан тұрады және т.б.);
12) өлеңді мысалдан, әңгімеден ажыратуды;
13) оқулықпен жұмыс атқаруды (мәтін, сұрақ–тапсырмалар берілген беттерді көрсету және
т.б.);
14) шығарманың авторы мен тақырыбын атауды.
36. 2-сыныптың соңында оқушылар меңгеруі қажет:
1) сурет бойынша диалог құруды;
2) тыңдаған ән-күйлерінің мәтінмен байланысын анықтауды;
3) ғылыми-танымдық мәтіндерден өзіне қажетті мәліметті табуды және оны берілген үлгіге
(кестеге, сызбаға, т.б.) сай өңдеу мен жүйелеуді;
4) сызба бойынша өлең құрастыруды;
5) өзі байқаған және көрген іс-әрекеттер мен оқиғалар бойынша шығарма–суреттемелер жазуды;
6) мәтін кейіпкерлеріне, туысқандары мен достарына хатпен құттықтау жазуды;
7) халық ауыз әдебиет үлгілерін және 2-3 өтірік өлеңді, 10-15 мақал-мәтел мен жұмбақ,
жаңылтпашты жатқа айтуды;
8) 2-3 өлеңді жатқа айтуды;
9) мазмұндама мен шығарма жазуды (25-30 сөзден тұратын);
10) 2-сыныптың бірінші жарты жылдығында минутына сөздер мен тыныс белгілерін қоса
есептегенде 40-45 сөз оқуды; екінші жарты жылдықта – 50-55 сөз оқуды.
6. 3-сынып оқушысының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
37. Пәндік нәтиже бойынша 3-сыныптың соңында оқушылар білуі қажет:
1) шығармаларды өздігінен дауыстап, іштей, шапшаң, мәнерлеп және сөз екпінін дұрыс қойып
оқуды;
2) нұсқауға сәйкес мәтінді теріп оқуды;
3) мысалдағы үгіт–насихат, өсиет сөз айтылған жолдарды тауып оқуды;
4) көлемі қысқа мәтіндердегі оқиға мен іс-әрекетке өз көзқарасын білдіре әңгімелеуді;
5) көлемі 200–250 сөзден тұратын мәтін мазмұнын толық, қысқаша және жоспар бойынша таңдау
және әңгімелеуді;
6) мәтінге түрліше жоспар құруды;
7) мәтін мазмұнын өз сөзімен, толық әңгімелеуді;
8) мәтінді бөліктерге бөліп, ат қоюды және оны дәлелдеуді;
9) оқиға желісін ажыратуды, оқиғаға өзінің көзқарасы мен пікірін білдіруді;
10) шығармадағы негізгі ойды табуды;
11) шығарма кейіпкерлеріне сипаттама, олардың іс-әрекеттеріне баға беруді;
12) мәтін авторын немесе авторы арқылы шығарманы атауды.
38. Оқушылар меңгеруі қажет:
1) ауыз әдебиеті үлгілерін жазба әдебиеттен ажырата алуды;
2) сызба бойынша өлең құрастыруды;
3) өзі байқаған, көрген іс-әрекет, оқиғалар бойынша шығарма – суреттемелер жазуды;
4) мәтін кейіпкерлеріне, туысқандарына, достарына хат, құттықтау жазуды;
5) халық ауыз әдебиет үлгілерін және 3-4 өтірік өлеңді, 4–5 өлеңді жатқа айтуды; 15-20
мақал-мәтел мен жұмбақ, жаңылтпашты жатқа айтуды;
6) мазмұндама мен шығарма жазуды (30-35 сөзден тұратын);
7) 3-сыныптың бірінші жарты жылдығында минутына сөздер мен тыныс белгілерін қоса
есептегенде 55-60 сөз оқуды; екінші жарты жылдықта – 60-65 сөз оқуды меңгеруі қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |