116-бап. Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою
1. Трансплантациялау не өзгедей пайдалану үшiн тірі адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою, сол сияқты тірі адамның ағзалары мен тiндерiне қатысты заңсыз мәмiлелер жасасу –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрiнеу белгілі адамға қатысты;
2) көрiнеу кәмелетке толмаған адамға қатысты;
3) екi және одан да көп адамға қатысты;
4) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
5) бiрнеше рет;
6) қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып;
7) кiнәлi адамға жүктiлiк жағдайда екенi көрiнеу белгiлi әйелге қатысты;
8) алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен;
9) адам өзiнің қызмет бабын пайдалана отырып;
10) жәбiрленушінің материалдық немесе өзгедей тәуелділігін пайдаланып жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, алты жылдан он жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда жәбiрленушiнің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, сегіз жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 116-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
117-бап. Соз ауруын жұқтыру
1. Өзiнде соз ауруы бар екендiгiн бiлген адамның осы ауруды басқа адамға жұқтыруы –
бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет, сол сияқты екі және одан да көп адамға не көрінеу кәмелетке толмаған адамға жұқтыру –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 117-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.