153-бап. Кәмелетке толмағандарға қатысты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу
1. Жұмыс берушiнiң немесе лауазымды адамның Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын он сегiз жасқа толмаған жұмыскерлердiң еңбегiн қолдануға тыйым салынған жұмыстарға кәмелетке толмағандарды тарту бөлігінде бұзуы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бiрнеше рет;
3) екi немесе одан да көп адамға қатысты;
4) алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен;
5) кiнәлi адамға психикасының бұзылуынан зардап шегетiнi немесе дәрменсiз күйде екенi көрiнеу белгiлi кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 153-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
154-бап. Жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметіне кедергі жасау
Жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметіне лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып кедергі жасауы, сол сияқты олардың заңды қызметіне лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соққан араласуы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 154-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.