Рафаэль Ниязбек
– ақындығы мен батырлығын дүйім түркі
әлемі мойындаған дара тұлға, өмірде көргені көп, көре-көре көсем болған
құрметті азамат.
Ақын:
Уа, халқым!
Тулап, бұлқынған
Өр мінез өжет ақынмын!
Туыс жоқ менде бір туған,
Өзіңе ғана жақынмын! –
деп толғайды. Өр мінез екені де, өжет екені де шын. Тұла бойында тулап,
бұлқынған қайрат бары да рас. Халқына жақын екендігі де анық. Сонымен
қатар өлең жолдарында көрініс тапқан осы шын, рас, анық деген
8
құбылыстардың өзегінде ақынның өзіне белгілі, өзгелерге беймәлім бір терең
ағысты сыр бар. Ол сырдың мәні ақынның лирикалық кейіпкерінің
шығармашылық ойлау кеңістігінде ашылады. Абай, жалғыздық көрер жері жоқ
бола тұра, өзін жалғыз сезінді. Абай сезінген жалғыздықты әлемнің ұлы
ақындарының бәрі де бастан өткерген. Мұқағали өмірде ақындардың бәрі
жалғыз екендігін айтты.
Ақынның сөзінің сазын саралау барысында: «Тура биде туған жоқ», -
деген халық даналығы еске түседі. Туғанға тартпай, тураны жақтау тура биге
тән қасиет болса, нағыз ақынның қасиеті де осындай. Нағыз ақын халықты
қолдайды, халық мүддесін, халықтың ұлттық құндылықтарын қорғайды. Бұл
деңгейдегі ақындардың сырласы, мұңдасы халық болды, олар өздерінің
халықпен бірге екендігін сезінуден қуат тапты. Рафаэль Ниязбектің ақындық
қуатының қайнар көзі – халық, халықпен жақындық.
Р.Ниязбек еліне, елінің өсер өркеніне ұсынып отырған шығармашылық
қазына - бір қаламгерге емес, бір ғасырға да емес, ғасырларға жүк болғандай
рухани асыл байлық. Ақын шығармаларының қадірі мен қасиеті
шынайылығында, өмірдің шындығын суреттеудегі поэтикалық қуатты
шындықтың халық тағдырындағы қалпынан таба білуінде. "Жердің көз жасы»
толғауында ақын Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қайтақұрулардың
қиыншылықтарын бейнелі бедерлей келіп, мынадай ой түйеді:
Алтын сатып,
Мыс сатып,
Мұнай сатып,
Бүркіт сатып,
Құс сатып,
Құмай сатып,
Күн көрген ел оңа ма
Ұрпақтары
Қарыз болған жат жұртқа тумай жатып.
Поэтикалық тілдің көркемдік-бейнелеу құралдары, бейнелі сөздер,
фигура, троп үлгілері жоқ. Өлең шумағы тура мағынадағы нақты да затты
тілдік бірліктерден тұрады. Әр сөз, әр сөз тіркесі өмірдің шындық оқиғаларын
нақты, боямасыз, шын қалпында көрсетеді. Халық ұғымында кісінің қарызға
батуы ерікті басқа өз еркімен ноқта салдырумен бірдей. Тіршіліктің түрлі
бұралаңдарында қарыздану ерте замандарда да болған. Бірақ ешкім, ешбір ер,
ешбір отағасы, ешбір ел өзінің мойнындағы қарызды баласының, немересінің
мойнына салып кетпеген, оған елдің естияр азаматтары да жол бермеген.
Ақынның айтып отырғаны мұндай қарыз емес, басқа, сордай тартатын, сұры
жаман, сұрапыл қарыз. Мұндай қарызға бату сорға батумен шектеседі.
Сондықтан да ақын ұрпақтарының тумай жатып жат жұртқа қарыз болуын
төбе шашы тік тұрғандай, құйқасы шымырлағандай күйде қабылдайды. Ес
жиып, етек жапқан азаматтардың өз қарызын өзі өтей алмайтын күйін көріп,
9
олардың өз қарызын өзі өтей алмай, ұрпақтарының мойнына салып кету қаупін
сезгенде, шарасыздан шарқ ұрып, көңіл толқындарымен шың-жартасты
соққандай күркіреп барып басылады.
Ақын өмірдің шындық құбылыстары туралы сыр толғай отырып, өз
жайын, өз шындығын да жасырмайды:
Жалғыз тамшы көз жаспын,
Тұрып қалған
Дүниенің ілініп кірпігінде, -
деген жолдарда адамзат баласына ортақ шындық көрініс тапқан. Ақынның
өмір жолын, ақынның елі мен жерінің көргендері мен басынан өткергендерін
көздің алдынан өткізгенде, өлең жолдарындағы осы сурет ақынның өз
өмірінің, елі мен жерінің шындығы, өзінің, елі мен жерінің көңіл күйі ретінде
қабылданады.
Ақын:
Қара дауыл сіліксе, қауіптенем
Жерге тамып бір күні кетем бе деп, -
сияқты ой айтса да, автордың өз басындағы, елі мен жерінің басындағы
шындықтың шырылы естілгендей сезіледі, өлең жолдарындағы әр сөздің
өзегінде телегей-теңіз тарих бардай көрінеді. Өлеңді бірбүтін алып қарағанда,
жалғыз тамшы көз жасының суреті, образы елестейді. Оның шынайы
мазмұнын табу, тура мағынасын тану қиын. Алайда бір нәрсе анық: дүниенің
кірпігінде ілініп тұрған жас өмірдің өзі іспетті. Оның жерге тамып кетуі ақын
ғана емес, қалған қалың жұрт үшін де ақырғы сәттей қауіпті.
Ақын жасаған көк бөрі бейнесінде тұңғиық сыр, үлкен мән бар. Оның
тереңіне бойлау оңай емес. Көк бөрі – ақынның көркемдік қиялынан туған
сурет. Боданда өткен заманның аңшылары көздеп атқанда, қара саннан
жараланған көк бөрі. Ақын көк бөрінің осы қалпын оның өз сөзімен жеткізеді:
Қара санға оқ тиіп,
Қан сауылдап,
Жортып келе жатырмын қар үстінде.
Ақын жасаған көк бөрінің образы оқырманның ойында мәтіннен тыс
жатқан жұмбақ мағына, жасырын мән желілерімен тоғысып, кемел көркемдік
құбылысқа айналады. Осы кемел көркемдік құбылыстың мазмұнын әркім өз
шама-шарқына, өз танымының байлығына, деңгейіне қарай түсінеді. Бұл
жерде де айдай анық бір нәрсе бар: қара санына оқ тиіп, қаны сауылдап, қар
үстінде жортып келе жатқан көк бөрі бейнесі.
Қара санына оқ тиіп, қаны сауылдап, қар үстінде жортып келе жатқан көк
бөрі - ақындық санадағы бейне. Бұл сурет қазақ халқының ақындық
10
санасынан, азаматтық ойынан еш уақытта өшпейді. Өйткені қара санына оқ
тиіп, қаны сауылдап, қар үстінде жортып келе жатқан көк бөрінің тән жарасы
мен жан жарасының азабы және атылған атом жарылыстары мен шашылған у
қалдықтарынан қабырғасына түскен қырық жараның, омыртқасына түскен
отыз жараның зардабынан күні бүгінге дейін күйзеліп жатқан қазақ жерінің
шемен болып қатқан шері өзара шектес, тектес. Осы тұрғыдан келгенде,
Рафаэль Ниязбектің қара санына оқ тиіп, қаны сауылдап, қар үстінде жортып
келе жатқан көк бөрісі – астарлы мағынасы бар, оған қоса жасырынулы
мағынасы бай метафоралық бейне.
Өмірдің көкіректі күйдірген, өзекті жандырған шындығын астарлы
мағынада, перделі мәнде бейнелеу – ақынның поэтикалық ойлауы мен
көркемдік жинақтауының кемел деңгейін көрсететін мәнерлі машық, сара
стиль үлгісі. Қара санына оқ тиіп, қаны сауылдап, қар үстінде жортып келе
жатқан көк бөрі – тәуелсіздік жылдар жырындағы жаңа поэтикалық образ,
мағыналық қыры көп ерекше және елеулі жетістік.
2019 жылы ақынның жаңа кітабы жарық көрді: Ниязбек Р. Арғымақтар
даласы. Өлеңдер мен поэмалар / Рафаэль Ниязбек. - Алматы: ЖШС РПБК
«Дәуір», 2019. - 384 б. Кітап «Бүкіл әлем өмір сүрсе саналы» өлеңінен
басталады.
Армысың, ару дүние,
Болашақтың тізгініне кім ие?
Қорғап, жебеп жүретін
Еліме керек бір кие.
Көп тілінген сауыры,
Қай қазақтың бүтін дейсің бауыры.
Арқасына ер батқан
Арғымақтың жазыла ма жауыры... (5-бет).
Өлең дүние келбеті, арғымақтар даласы туралы. Дүние келбетінен,
арғымақтар даласынан ақынның жаһан желінің өтіндегі өзінің көркемдік әлемі
көрінеді, ел мен жердің болашағы туралы толғанғанысты ойларының таудай
толқындарының үні естіледі. Ақынның көркемдік әлемінің басты тұлғасының
арқасына ер батқан, жауыр, сауыры тілінген, бауыры да бүтін емес. Егерде
ақынның өлеңмен өрнектеген осы суретін болмыстағы ақиқат, нақты
шындықтың көрінісі түрінде қабылдап, оны болмыстағы қалыбын қайта
салмақ болсақ, онда бекер әуре болар едік. Өйткені ақын өлеңінде өрнектелген
суреттің қалыбы біздің көз алдымыздағы болмыста жоқ. Ақын өлеңінде
өрнектелген сурет ақынның шығармашылық ойлау әлемінде жасалған
құбылыстың суреті. Әйтсе де ақынның шығармашылық ойлау әлемінде
жасалған суретте болмыстағы шындықтың елесі немесе сәулесі көрініс
табатынын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл елес пен сәуленің көрінісінен
туатын мағына бейнелі, астарлы, тұспалды. Мағынаның бейнелі, астарлы,
11
тұспалды болуы оның қырының көптігін білдіреді. Бір қырынан көрінген
мағына басқа да қырларынан көрінеді, әр қырынан басқаша сыр танытады.
Мағына байлығы мазмұн байлығына негіз болады. Сол байлықтың өзегінен
ақынның елі мен жеріне, Отанына деген құрметі мен сүйіспеншілігі нұр төгеді.
Онда жанашырлық, аяушылық сезімі алдынан күткен жарқын үмітінің
жарығымен жанданып тұрады.
Өлең мына үлгіде түйінделеді:
Адалдықтың тұрса есіп самалы,
Бейбіт күннің бұзыла ма қамалы.
Ару дүние, саған де ешбір қатер төнбейді,
Бүкіл әлем қарусыз, өмір сүрсе саналы (6-бет).
Адалдық, әділеттілік - жаратылысына сай ұдайы жаңарып, тазарып,
арылып айналатын жер-анаға тән қасиет. Жер-ана күн әлемін ұдайы жаңарып,
тазарып, арылып айналғанда, жер басып жүргендердің табиғаты да жаңарып,
тазарып, арылар деген үмітте болатын көрінеді. Атам заманынан осылай екен.
Өкінішке қарай, адамзат Атам заманынан бері жаңара алмай, тазара алмай,
арыла алмай келе жатқанға ұқсайды. Оның себебі санада көрінеді. Ақынның:
«Бүкіл әлем... өмір сүрсе саналы», - деп арман қылуының сыры осы арнада
ашылғандай болады. Бүкіл әлемде адалдықтың самалы есіп тұрса, бүкіл әлем
күш көрсетпей, қару қолданбай, ақылға жүгініп, ақылдың айтуымен саналы
өмір сүрсе...
Жер бетін арамдық, зорлық-зомбылық басқанда, ақындық қуат осындай
асыл арманға бой ұрады. Мұндай арман-мұратқа қол созатын, соған
ұмтылатын, соған жетуден үміттенетін абзал жандар аз емес. Осындай асыл
арман-мұраттың болуы, ел-жұртты осындай арман-мұрат сазымен әлдилейтін
ақынның болуы – біздің заманымыздың басты құндылығы
.
Адамзаттың
осындай арман-мұраты болмаса, сол арман-мұратына жетемін деген үміті
болмаса, ел-жұртты осындай арман-мұраттың, осындай үміттің сазымен
әлдилейтін ақыны болмаса, мына дүниеде қандай қадір қалар еді.
«Тәуелсіз қазақ елі» толғауын ақын мынадай шумақпен жинақтайды:
Ғасырлардың шөкпеген салмағынан,
Қазақ неге көз жазсын арманынан.
Қатер бар ма төнетін
Асқар таулар
Түгел қоршап тұрғанда жан-жағынан (7-бет).
Алдыңғы өлеңмен үндес. Арман – асқақ, алда. Қауіп-қатерден сақтаушы
асқар таулар. Образ, образдылық жүйесінде мін жоқ. Өлең шумағындағы осы
образ бен образдылықтың астарынан бой көтеретін мағынаның өрісі
кеңбайтақ. Тәуелсіз елдің стратегиялық ресурстары, адами капиталы,
зияткерлік әлеуеті т.б. – осылардың әрқайсысы әр бағыттан қорғап-қоршап
12
тұрған асқар тау сияқты.
Енді бір өлеңін ақын былай бастайды:
Сағым қуып, адасып құмда қалып,
Жанарымда көрмеді мұң қамалып.
Болашаққа жол тартқан біздің елде,
Болашақтың іргесі тұр қаланып (7-бет).
Ақынның лирикалық қаһарманы сағым қуып, құмда қалмаған, жанарында
мұң да қамалмаған, болашаққа жол тартқан елінде болашақтың іргесі
қаланған. Өлең шумағының қарапайым мазмұны осындай. Қарапайым
дегенмен, онда үлкен мән бар. Тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген берік
сенім бар. Елдің болашағына деген сенім – қасиетті сенім. Ақынның
шығармашылық санасы осындай қасиетті сеніммен нұрланып, жарық
шашады.
Рафаэль Ниязбек өзінің өзегін жандырған шындықты айтып, өзгелердің
өмірін өзгерткен, ойын ойсыратып, санасын сансыратқан жалпыадамзаттық
мәні бар тақырыпты көтереді, елдік пен ерлікті мадақтайды, ынтымақ пен
бірлікті ардақтайды, тәуелсіздік толғауын толғайды. Бір тамшы жастан бүкіл
бір ғұмырдың суретін көрсетеді. Болмыстың ағып өткен сәтінің өтпелі
елесінен өнегелі өнер үлгісін жасайды. Мұның бәрі - дара таланттың қызыл
қанын қыздырып, қара терін ағызып атқарған ерен еңбегінің нәтижесі.
Қазақ поэзиясының Тәуелсіздік кезеңіндегі сырлы әлемінде Рафаэль
Ниязбектің шығармашылығы ішкі мәні мен сыртқы сәні жағынан әдемі
өрілген, заманның көкейін кескен, өзегін тескен өзекті тақырыбымен, іргелі
идеясымен ерекшеленеді. Р.Ниязбек – көкірек-көзінде шамшырақтай
жарқыраған асыл мақсат-мұраты, биік эстетикалық нысанасы бар, көңілінің ой
жайлауы көкорай шалған бәйшешек болып жайнап, шығармашылығымен
айналасына жарық шашып, сәуле төгіп келген сәулетті суреткер.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясының
тұтас бір жүйесі сара сарынымен ерекшеленеді.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Тәуелсіз Қазақстанның тұлпар тұрпатты, сұңқар
сипатты айбынды әрі арынды ақыны
Достарыңызбен бөлісу: |